"Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2015 жылғы 24 ақпандағы № 122 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 6 мамырда № 10952 тіркелді.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 159-бабының 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған "Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Ұлттық экономика министрінің


міндетін атқарушы

М. Құсайынов

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау және

      әлеуметтік даму министрі

      _____________ Т. Дүйсенова

      2015 жылғы 6 сәуір



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
міндетін атқарушының
2015 жылғы 24 ақпандағы
№ 122 бұйрығымен бекітілген

"Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды
жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар"
санитариялық қағидалары

      1. Осы "Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидалары (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексінің 159-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді.

      2. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды түтінмен ластанған ауаның жапсарлас үй-жайларға немесе ашық алаңдарға (террасаларға) енуіне кедергі келтіретін есікпен немесе осыған ұқсас құрылғымен жабдықталған жеке үй-жайларда орналастырады.

      Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындар кабиналар түрінде орналастырылуы мүмкін.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 03.09.2018 № ҚР ДСМ-9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындардың сыртқы жағында "Темекі бұйымдарын тұтынуға арналған орын" деген жазба немесе белгі орналастырылады.

      4. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарда сусындар және тамақ ішуге жол берілмейді.

      5. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындар:

      1) ластанған ауаның жапсарлас үй-жайларға енуіне кедергі келтіретін, темекі түтінін оқшаулап шығаруды қамтамасыз ететін, желдетудің жалпы сыртқа тарату жүйесінен бөлек, механикалық іске қосылатын ішке сору-сыртқа тарату желдеткіш жүйесімен жабық үй-жайларда;

      2) күлсалғыштармен және (немесе) тұқылдарды жинауға арналған арнайы урналармен жабдықталады. Тұқылдар мен сіріңкелерді сөндіруді қамтамасыз ету мақсатында урналарды құммен және басқа да жанбайтын сіңіргіш материалдармен толтыруға жол беріледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 03.09.2018 № ҚР ДСМ-9 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарда жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күнделікті ылғалды жинау жүргізіледі. Урналар мен күлсалғыштар күн сайын және толуына қарай тұқылдардан және қоқыстан босатылады, жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып күнделікті жуылады.

      7. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындар темекі шекпейтін адамдардың темекі түтінімен байланысын болдырмау мақсатында санитариялық-тұрмыстық үй-жайлардан оқшауланады.

      8. Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарда көрінетін жерлерде жазбалар және (немесе) пиктограммалар түрінде темекі бұйымдарын тұтынудың зияны туралы, сусындар мен тамақ ішуге тыйым салынатыны туралы ақпарат орналастырылады, темекі бұйымдарын тұтынудың зияны туралы ақпараттық материал ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады