"Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Мемлекеттік кірістер департаменттері кедендерінің, аудандар, қалалар, қалалардағы аудандар бойынша, арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы мемлекеттік кірістер басқармаларының ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының 2014 жылғы 7 қарашадағы № 26 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының 2015 жылғы 12 мамырдағы № 239 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 18 маусымда № 11385 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының 2016 жылғы 7 қыркүйектегі № 523 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының 07.09.2016 № 523 бұйрығымен.
      "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы" республикалық мемлекеттік мекемесін құрудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі № 318 қаулысына және "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы Министрінің 2014 жылғы 26 қыркүйектегі № 417 бұйрығына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Мемлекеттік кірістер департаменттері кедендерінің, аудандар, қалалар, қалалардағы аудандар бойынша, арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы мемлекеттік кірістер басқармаларының ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Төрағасының 2014 жылғы 7 қарашадағы № 26 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізімінде № 9868 тіркелген) мынадай толықтырулар енгізілсін:
      1-тармақ мынадай мазмұндағы 207-1) тармақшамен толықтырылсын:
      "207-1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік кірістер комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қаратау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы туралы ережесі осы бұйрықтың 207-1-қосымшасына сәйкес;";
      осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес 207-1-қосымшамен толықтырылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Заң басқармасы (Ә.М.Жетібаева) заңнамамен белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеленгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны ресми жариялауға мерзімдік баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесіне жолдауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурстарында жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы (А.Д. Үмбетәлиев) осы бұйрықты іске асыру үшін заңнамамен белгіленген тәртіппен қажетті шараларды қабылдасын.
      4. Осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
 

Қазақстан Республикасы
 


Қаржы министрлігі
 


Мемлекеттік кірістер
 


комитетінің Төрағасы
 

Д. Ерғожин
 



Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік кірістер комитеті
төрағасының
2015 жылғы 12 мамырдағы
№ 239 бұйрығына
қосымша


Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік кірістер комитеті
төрағасының
2014 жылғы 7 қарашадағы
№ 26 бұйрығына
207-1-қосымша

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік
кірістер комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша
Мемлекеттік кірістер департаментінің Қаратау ауданы бойынша
мемлекеттік кірістер басқармасы туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік кірістер комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы (бұдан әрі - Басқарма) салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң толық және уақтылы түсуiн, міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеуді, ұстауды, аударуды, әлеуметтік аударымдарды есептеуді және төлеуді қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де функцияларды орындауға уәкілеттік берілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (бұдан әрі – Комитет) аумақтық органы болып табылады.
      2. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентiнің, Үкiметiнiң актілерiне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Басқарма мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлғасы болып табылады, қазақ тiлінде өз атауымен мөрi және мөртаңбасы, белгiленген үлгiдегі бланкілерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң қазынашылық органдарында шоттары бар.
      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      5. Басқарма, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болып шығады.
      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте Басқарма басшысының бұйрықтарымен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      7. Штат санынының құрылымы мен лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.
      8. Басқарманың заңды мекенжайы: пошта индексі 160031, Қазақстан Республикасы, Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, № 225 квартал, № 418 құрылыс.
      9. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттік кірістер комитеті Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қаратау ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы" республикалық мемлекеттік мекемесi.
      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      11. Басқарманың қызметiн қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
      12. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектiлермен Басқарманың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiне шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен табыс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осы қызметтен алынған табыс республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
 

2. Басқарманың міндеттері, функциялары, құқықтары мен
міндеттері

      13. Басқарманың міндеттері:
      1) өкілеттіктері шегінде мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін, кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің, қоғамның және мемлекеттің заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету;
      2) салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ету;
      3) өз құзыреті шегінде халықаралық актілердің, Қазақстан Республикасының салық және өзге де заңнамасының сақталуын және орындалуын қамтамасыз ету;
      4) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстау мен аударудың, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды есептеудің және төлеудің толықтығы мен уақтылығын қамтамасыз ету;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындау.
      14. Басқарманың функциялары:
      1) салықтардың, бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, толық және уақтылы түсуін көздейтін заңнаманың сақталуын бақылау;
      2) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінде (Салық кодексі) және тиісті халықаралық шарттарда белгіленген тәртіпте халықаралық шарттардың ережелерін қолдану;
      3) Басқарма құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету;
      4) Қазақстан Республикасының салық және өзге де заңнамасының сақталуына бақылауды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл;
      5) Басқарма құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың қызметіне бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
      6) салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру;
      7) Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтық бақылауды жүзеге асыру;
      8) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына сәйкес ақпараттық жүйелерді қолдана отырып, электрондық қызметтер көрсету;
      9) мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету;
      10) тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте ақпараттық жүйелер арқылы мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;
      12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кірістер органдарының құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты Интернет-ресурсқа орналастыру;
      13) хаттамалар жасау және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген басқа да шараларды қолдану;
      14) есеп жүргізу тәртібі бұзылған жағдайда жанама әдістер (активтерді, міндеттемелерді, айналымды, шығындарды, шығыстарды) негізінде салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді айқындау;
      15) салық міндеттемесінің туындауына, орындалуына және тоқтатылуына байланысты мәселелер бойынша түсіндірулерді жүзеге асыру және түсініктер беру;
      16) мемлекеттік кірістер органының қарамағына жатқызылған мәселелер бойынша халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттердің тиісті органдарымен ынтымақтастық жасау;
      17) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
      15. Басқарманың құқықтары мен міндеттері:
      1) мемлекеттік органдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату, алу және беру;
      2) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қолданыстағы заңнаманы пайдалану бойынша түсіндірулер мен түсініктемелер беру;
      3) сараптамалар, тексерулер мен консультациялар жүргізу үшін тиісті мемлекеттік органдардың мамандарын, Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалары арасынан консультанттар мен тәуелсіз сарапшыларды тарту;
      4) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарау, олар бойынша хаттамалар жасау және Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен әкімшілік жазалар қолдану;
      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында сотқа жүгіну, талап арыздар беру;
      6) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін, мәлімдемелері мен шағымдарын қарау;
      7) заңнамада айқындалған жағдайларда жеке және заңды тұлғалардан, қажетті құжаттарды, белгіленген нысандар бойынша есептіліктерді ұсынуды талап ету;
      8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған тәртіппен, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың келісімі бойынша олардың бірлескен актілері негізінде басқа мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен, сыртқы экономикалық және өзге де қызметке қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау;
      9) тиісті уәкілетті органның сұрау салуы бойынша өзінің ақпараттық жүйелерінен мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен беру;
      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.
 

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      16. Басқарманың басшылығын Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
      17. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
      18. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      19. Басқарманың басшысы мынадай өкілеттікті жүзеге асырады:
      1) өз орынбасарларының, Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының, қызметкерлерінің мiндеттерi мен өкiлеттiктерiн айқындайды;
      2) Басқарманың штат санының лимиті шегінде Басқарманың штат кестесін бекітеді;
      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте тәртіптік жауаптылық шараларын қолданады;
      5) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      6) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпте Басқарма басшыларының орынбасарларын, Басқарманың қызметкерлерін іссапарға жіберу, еңбек демалысын беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даялау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақы төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
      7) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер бойынша дербес жауаптылықта болады;
      8) Департаментке берілетін ақпараттардың дұрыстығына дербес жауаптылықта болады;
      9) өз құзыреті шегінде Басқарманың актілеріне қол қояды;
      10) барлық мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарма атынан шығады;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарманың басшысы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
 

4. Басқарманың мүлкi

      20. Басқарманың Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болады.
      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      21. Басқармаға бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.
 

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады