Пациент пен медициналық ұйым арасында жасалатын, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек ұсыну жөніндегі үлгілік шартты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 418 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 1 шілдеде № 11520 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 22 қазандағы № 86 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 22.10.2024 № 86 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 7-бабының 1-тармағының 104) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Пациент пен медициналық ұйым арасында жасалатын, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек ұсыну жөніндегі үлгілік шарт (бұдан әрі – Үлгілік шарт) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін оны күнтізбелік он күннің ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйеде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі А.В. Цойға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Денсаулық сақтау және


әлеуметтік даму министрі

Т. Дүйсенова


  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрінің
2015 жылғы 29 мамырдағы
№ 418 Бұйрығына
қосымша

Пациент пен медициналық ұйым арасында жасалатын тегін
медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде
медициналық көмек ұсыну жөніндегі үлгілік шарт

      __________ қаласы. № _____ 20___ж. "___" _____________

      ____________________________________________________________________,

      (Тегі, аты, әкесінің аты (егер болса), туған күні, жеке басын куәландыратын құжат (жеке бас куәлігі, паспорт) берілген күні, кім берді)

      мына мекенжай бойынша тұрып жатқан:

      _______________________________, одан әрі "Пациент" деп аталып бір тараптан және "____________________________________________________",

      (денсаулық сақтау субьектісінің атауы)

      медициналық қызметті жүзеге асыру құқығына берілген лицензиясы ________________________ атынан ____________________________________,

      (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған кезде)

      Жарғының (Ереженің) негізінде қызмет ететін, одан әрі "Денсаулық сақтау субъектісі" деп аталып екінші тараптан, төмендегілер туралы осы Шартты (бұдан әрі – Шарт) жасасты:

1. Шарттың мәні

      1. Денсаулық сақтау субъектісі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде:

      - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Пацентке медициналық көмек (дәрігерге дейінгі медициналық көмек, білікті медициналық көмек, мамандандырылған медициналық көмек, жоғары мамандандырылған медициналық көмек, медициналық-әлеуметтік көмек, оның ішінде тәулік бойы медициналық бақылау жасалатын мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек, стационарды алмастыратын, оңалту және паллиативтік көмек) көрсетеді;

      - дәрі-дәрмектік терапияны уақтылы тағайындауды және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 4 қарашадағы № 786 бұйрығымен (бұдан әрі – № 786 бұйрық) бекітілген Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесіне сәйкес пациентке дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды амбулаториялық деңгейде алуына рецептер жазып беруді қамтамасыз етеді.

      2. Пациент дәрігер белгілеген режимді сақтау бойынша, оның ішінде сапалы медициналық қызмет ұсынуды қамтамасыз ететін жазылып берілген дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды қабылдауға байланысты Денсаулық сақтау субъектісі маманының ұсынымдарын орындайды.

      3. Денсаулық сақтау субьектісі мен Пациенттің арасындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының (бұдан әрі - ҚР) заңнамалық нормаларымен және осы шартпен реттеледі.

      4. Пациент өзінің дербес деректерін (тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған кезде), ұлты, жынысы, туған күні, жеке сәйкестендіру номері, заңды мекен-жайы, тұрғылықты жері, байланыс құралының абоненттік нөмірі) және медициналық жазбаларын Пациентті зерттеп-қарау және емдеу процесінің қатысушыларымен осы ақпаратпен алмасу мақсатында Денсаулық сақтау субьектісі мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің (бұдан әрі - ҚР ДСӘДМ) ақпараттық жүйелеріне енгізуге және пайдалануға келіседі.

2. Қызмет көрсету шарттары мен тәртібі

      6. Денсаулық сақтау субъектісі осы шарт бойынша __________________ мекенжайы бойынша, сондай-ақ Денсаулық сақтау субъектісімен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі - ТМККК) шеңберінде медициналық қызметтер көрсетуге арналған қосалқы мердігерліктің тиісті шарттары бар медициналық ұйымдарда да қызмет көрсетеді.

      7. Денсаулық сақтау субъектісі осы шарт бойынша Денсаулық сақтау субъектісінің әкімшісі белгілеген және Пациентке мәлімделген жұмыс күні мен уақытында қызметтер көрсетеді.

      8. Денсаулық сақтау субъекті Пациентке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ТМККК шеңберінде медициналық қызметтер (дәрігерге дейінгі медициналық көмек, білікті медициналық көмек, мамандандырылған медициналық көмек, жоғары мамандандырылған медициналық көмек, медициналық-әлеуметтік көмек, оның ішінде тәулік бойы медициналық бақылау жасалатын мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек, стационарды алмастыратын, оңалту және паллиативтік көмек) көрсетеді.

      9. Пациентті стационарға жоспарлы емдеуге жатқызу кезде, кезінде түскен сәттен бастап 30 минуттан кешіктірмей қабылдау бөлімшесінде қабылдау бөлімшесінің дәрігері тексеріп-қарау жүргізеді.

      10. Науқас стационарға шұғыл келіп түскен кезде қабылдау бөлімшесінің дәрігері дереу тексеріп-қарау жүргізеді.

      11. Баланы емдеуге жатқызу кезінде оның заңды өкілімен шарт жасалады.

      12. Денсаулық сақтау субъектісі стационарда демалыс және мереке күндерін қоса алғанда, тәулік бойы бақылауды, барлық қажетті зерттеп-қарауды және емдеуді қамтамасыз етеді.

      13. Денсаулық сақтау субъектісі Пациенттің тегін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды алу құқығын іске асыруды, сондай-ақ тегін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды алу процесінде лайықты ілтипат жасауды, Пациенттің мәдени және жеке басының құндылықтарына құрмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

3. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      14. Денсаулық сақтау субъектісі:

      1) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі 184-бабымен көзделген Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексінің сақталуын қамтамасыз етеді;

      2) ұйымның бар лицензиясын, сертификаттарын және Қазақстан Республикасында қолданыстағы денсаулық сақтау туралы заңнамаға сәйкес Пациентке медициналық көмекті ұсына отырып, осы шарт бойынша қызметті уақтылы және сапалы көрсетеді;

      3) заңмен белгіленген тәртіпте қолданылуына рұқсат етілген профилактикалау, диагностикалау, емдеу әдістерін, медициналық технологияларды, дәрілік заттарды, иммунобиологиялық препараттарды және дезинфекция құралдарын пайдаланады;

      4) Пациент қолайлы, түсінікті тілдегі және белгіленген тәртіпте мыналар кіретін ақпаратпен қамтамасыз етеді:

      - қызмет көрсету орны, ұйымда көрсетілуі мүмкін профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық қызмет көрсетулер туралы, мамандардың біліктіліктері және сертификаттары туралы мәліметтер;

      - жұмыс режимі мен тәртібі туралы мәліметтер, дәрігерлердің қабылдау кестесі (кабинеттің нөмірі, дәрігердің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), қабылдау уақыты көрсетілген) (алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдар үшін);

      - дәрігерді үйге шақырту ережелері туралы ақпарат (алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдар үшін);

      - стационар жұмысының ішкі тәртібі мен ережелері туралы мәліметтер (медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдар үшін);

      - қолданылатын емнің түрлері мен әдістері туралы, дәрілік заттардың мөлшері, дүркінділігі, ұзақтығы және қабылдау тәртібі туралы және препараттардың мүмкін болатын салдары мен жанама әсерлері туралы, үй жағдайында дәрілік заттарды сақтаудың ерекшеліктері туралы қысқаша ақпарат;

      - оған медициналық қызмет көрсететін денсаулық сақтау саласындағы мамандардың аттары, біліктіліктері және сертификатталуы туралы ақпарат;

      5) медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдарын тіркеу орнының ұтымды жұмысын ұйымдастыру арқылы пациенттер ағымының қарқындылығын реттеуді қамтамасыз етеді:

      - халықты жұмыс режимі туралы уақтылы ақпараттандыру;

      - кедергісіз және кідіріссіз алдын ала қабылдауға жазылу, оның ішінде автоматтандырылған режимде;

      - дәрігердің қабылдауына, дәрігерге дейінгі көмек кабинетіне, медициналық профилактика кабинетіне жазылу (емханаға тікелей келген кезде де, телефон бойынша да);

      - пациенттердің тұрғылықты жері бойынша дәрігерлерді үйге шақыруларды уақытылы қабылдау;

      6) үйге шақыртуларды уақтылы қамтамасыз етеді (шақыртқан күні);

      7) көрсетілімдерінің (жоғары температура, артериялық гипертензия немесе басқа да ауыр жағдайлар) болуына байланысты Пациент жүгінген кезде қажет болған жағдайда медициналық жедел жәрдем бригадасын шақыртып, шұғыл медициналық көмек көрсетеді;

      8) Пациенттерге тиісті жағдайлар жасайды (үй-жайды тақтайшалармен, сілтемелермен, мүмкіндігінше ішкі навигация жүйесімен, ауыз сумен жабдықтау, тазарту бөлмелерін барлық қажетті гигиеналық жаблдықтармен жабдықтау);

      9) стационарда Пациенттер үшін тиісті жағдайлар жасайды (лайықты күтім жасау және тамақтандыру, ауыз сумен, төсек-орын жабдықтарымен және ыдыс-аяқтармен қамтамасыз ету, тазарту бөлмелерін барлық қажетті гигиеналық жаблдықтармен жабдықтау, үй-жайды тақтайшалармен, сілтемелермен, мүмкіндігінше – ішкі навигация жүйесімен жабдықтау);

      10) плакаттар, стендтер түрінде пациенттің құқықтары туралы, сондай-ақ ұйымда көрсетіліуі мүмкін диагностикалық және емдік медициналық қызмет көрсетулер туралы ақпараттық материалдар ұсынады;

      11) Пациентке дәрі-дәрмектік терапияны уақтылы тағайындауды және № 786 бұйрыққа сәйкес дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды алуға рецептер жазып беруді қамтамасыз етеді;

      12) пациентке алдында берілген дәрілік заттар біткенге дейін бірнеше күн бұрын уақтылы тегін дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар алуға алдын ала рецептер береді;

      13) пациентті аурулардың профилактикасы және қауіп факторлары жөніндегі ақпараттық-білім беру материалдарымен қамтамасыз етеді;

      14) қажет болған жағдайда Пациентті диспансерлік есепке қояды және оның денсаулығы жағдайына динамикалық бақылау жүргізеді;

      15) Пациентті бейінді денсаулық мектептерінде және саламатты өмір салты кабинеттерінде оқытады;

      16) емдеуге жатқызуға көрсетілімдері болған кезде жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін көрсетіп стационарға емдеуге жатқызуға қолданысы мерзімі күнтізбелік 10 күннен аспауы тиіс немесе айғақтары бойынша шұғыл жолдама рәсімдейді;

      17) басқа денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара іс-қимылды және өз қызметіндегі сабақтастықты қамтамасыз етеді;

      18) Пациентке зерттеудің нәтижелерін, анықтаманы, еңбекке жарамсыздық парағын, ҚР заңнамасымен көзделген жағдайлар мен тәртіпте науқастың амбулаториялық (стационарлық) картасынан үзінді көшірме береді;

      19) өзінің мамандарының және (немесе) Денсаулық сақтау субьектісімен шарттық қарым-қатынастағы медициналық ұйымыдар қызметкерлерінің күшімен медициналық қызмет көрсету бойынша өзі қабылдаған міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етеді.

      15. Денсаулық сақтау субъектісі:

      1) Пациенттің денсаулығы жағдайына сәйкес емдеудің ұзақтығын, дәрілік заттар мен медиицналық мақсаттағы бұйымдарды қабылдау режимін айқындайды;

      2) Пациенттің барлық тағайындалған диагностикалық рәсімдер мен сауықтыру іс-шараларынан өтуіне, сондай-ақ Пациенттің тағайындалған дәрілік препараттарды қабылдау режимін сақтауына мониторинг және бақылау жүргізеді;

      3) дәрігердің кеңесін, ұсынымдарын және тағайындауларын өрескел бұзған жағдайда науқасты ауруханадан шығарады (ұйғарылған режимді сақтамау, стационардан өз бетімен кету, алкогольден, есірткіден, уытты заттардан мас болу, медицина қызметкерлерімен және бөлмелес көршілермен жанжалдасу және төзуге болмайтын қылықтар көрсету және басқа);

      4) көрсетілімдері бойынша пациентті басқа медициналық ұйымға ауыстыруды (жіберуді) жүзеге асырады;

      5) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен бөлек Пациенттің қаражаты, ұйымның, ерікті сақтандыру жүйесінің және басқа да тыйым салынбаған көздердің қаражаты есебінен қосымша медициналық қызмет көрсетеді.

      16. Пациент:

      1) дәрігерді немесе медициналық ұйымды таңдауға, ауыстыруға құқылы;

      2) емханаға келген сәттен бастап сапалы білікті консультациялық-диагностикалық көмекпен және стационарға түскен сәттен бастап білікті, мамандандырылған, жоғары мамандандырылған медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі;

      3) мыналар туралы ол үшін қолжетімді нысанда қолайлы қолда бар ақпаратты алады:

      - зерттеп-қарау нәтижелері туралы мәліметтерді қоса алғанда, өз денсаулығының жағдайы;

      - аурудың болуы, оның диагнозы және болжамы;

      - емдеу тәсілі, оған байланысты қаіптер;

      - медициналық араласулардың мүмкін болатын нұсқалары, олардың салдары;

      - жүргізілген емдеу нәтижелері;

      4) медициналық қызметтердің инвазивтік әдістеріне ақпараттандырылған жазбаша ерікті келісім береді;

      5) өзінің құқықтары мен міндеттері, көрсетілетін қызметтер, ақылы қызметтердің бағасы туралы, және де оларды ұсыну тәртібі туралы ақпарат алады;

      6) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс өз қаражатының, ұйымның, ерікті сақтандыру жүйесінің және басқа да тыйым салынбаған көздердің қаражаты есебінен қосымша медициналық қызметтер алады;

      7) диагностикалау, емдеу және күту, амбулаториялық (стационарлық) деңгейде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету процесінде өзінің мәдени және жеке құндылықтарына лайықты ілтипат пен құрметті пайдаланады;

      8) тағайындалған дәрілік зат туралы толық ақпарат алады;

      9) медициналық технологиялардың қолданыстағы деңгейінің мүмкіндігіне қарай бейнетін жеңілдетуге, консилиум өткізілуіне құқығы бар;

      10) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес медицина қызметкерлерінің дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы дұрыс тағайындамауына және қолданбауына байланысты денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы;

      11) қандай да болмасын кемсіту факторларының ықпалынсыз, тек қана медициналық критерийлердің негізінде анықталатын кезектілікпен медициналық көмек алады;

      12) медициналық қызмет көрсетушілердің тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған кезде) және кәсіби мәртебесі туралы мәліметтер алады;

      13) жұмысқа шығарудың, басқа медициналық ұйымға ауыстырудың және басқа да бас тартқан жағдайлардың себебі түсіндіріледі;

      14) белгіленген тәртіпте жазбаша ресімдей отырып және медициналық құжаттамаға енгізіп, медициналық көмек алудан бас тарта алады;

      15) ауыруы кезеңінде еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін растайтын құжаттарды алады (еңбекке уақытша жарамсыздық парағы немесе еңбекке уақытша жарамсыздық туралы анықтама);

      16) Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар халықты тегін қамтамасыз ету үшін дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесінің шеңберінде амбулаториялық деңгейде тегін емделуге дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тегін рецептер бойынша алады;

      17) медициналық қызмет және (немесе) дәрілік қамтамасыз ету сапасыз көрсетілген жағдайда:

      - медициналық ұйымның Ішкі бақылау қызметіне (пациентке қолдау көрсету) жүгінеді;

      - көрсетілген медициналық қызметтерге тәуелсіз сараптама жүргізу үшін тәуелсіз (бейінді) сарапшыларды немесе тәуелсіз сараптама жүргізетін қоғамдық бірлестіктерді тартады;

      - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жүгінеді;

      - Денсаулық сақтау субъектісінде, жоғары тұрған органға және (немесе) заңды түрде медицина және фармацевтика қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдана алады.

      18) мыналарды қоса алғанда өз денсаулығын сақтау және нығайту шараларын қабылдайды:

      - профилактикалық медициналық тексеріп-қараудан уақтылы және толық (скринингтік зерттеулерден) өту;

      - саламатты өмір салтын ұстану және ауыр салдарға (асқынуларға) әкеп соғатын ауруларды тудыратын немесе созылмалы ауруларды асқындыратын қауіпті факторлар болып табылатын зиянды әдеттерден бас тарту – артық дене салмағы, шылым, есірткі шегу, ішімдікті шектен тыс пайдалану, дене белсенділігінің төмендігі;

      - дәрігер ұсынған диетаны, дене жүктемесінің, күн және демалыс режимін, және қаралу кезділігін сақтау;

      - дәрілік заттарды қабылдау режимі мен оңалту іс-шаралары бойынша дәрігердің барлық қажетті талаптары мен ұғымдарын, оның ішінде қабылдау режимі мен уақытын мүлтіксіз орындау, емдеудің тиімділігін қамтамасыз ететін басқа да талаптар мен ұйғарымдарды орындау;

      19) медициналық қызмет көрсеткенге дейін дәрігерге диагноз қоюға және ауруды емдеуге қажет болатын басынан өткерген сырқаттары, өзіне мәлім аллергиялық реакциялар, бұрын жүргізілген емдеулер мен оның нәтижелері туралы ақпарат береді;

      20) медицина қызметкерінің тағайындауы бойынша аурудың профилактикасы бойынша бейінді денсаулық мектептерінде, саламатты өмір салты кабинеттерінде оқудан өтеді;

      21) медицина қызметкерлері туралы уақтылы ақпарат береді:

      - диагностикалау және емдеу үрдісінде өз денсаулығы жағдайының өзгеруі;

      - айналасындағыларға қауіп төндретін аурулардың туындауы, не болмаса олардың болуына күдіктенген жағдайларда;

      - қандай да бір дәрілік затқа төзбеушілік немесе аллергиялық реакцияларының болуы, ішімдікті шектен тыс пайдалану және/немесе есірткі препараттарына құмарлық, шылым шегу және өзге де мәліметтер туралы;

      - басқа дәрілік заттарды қабылдайтындығы туралы;

      - дәрілік заттардың үй жағдайында сақталатындығы және қабылдап жүрген дәрілердің жарамдылық мерзімі туралы уақтылы ақпарат береді;

      22) осы шарттың талаптарын бұлжытпай орындайды, Денсаулық сақтау субъектісі мамандарының тағайындаулары мен ұсынымдарын нақты орындайды және Пациенттің осы шартты орындауына кедергі келтіретін кез келген жағдайлар туралы Денсаулық сақтау субъектісіне уақтылы ақпарат береді;

      23) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын іс-қимыл жасамайды;

      24) медицина қызметкерлерімен қарым-қатынаста болғанда құрмет пен әдептілік көрсетеді;

      25) ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтайды және медициналық ұйымның мүлкіне ұқыптылықпен қарайды, медициналық көмек алған кезде медицина персоналымен ынтымақтастықта болады;

      26) медициналық ұйымға келіп түскен/жүгінген кезде өзінің жеке басының куәлігін немесе оның заңды өкілінің жеке басын куәландыратын құжатты көрсетеді.

4. Құпиялылық

      17. Денсаулық сақтау субъектісі Пациенттің медициналық көмекке жүгіну фактісі туралы ақпаратты, оның денсаулығы жағдайы, ауруының диагнозы және оны зерттеп-қарау және емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтерді құпия (дәрігерлік құпия) сақтайды.

      18. Пациенттің немесе оның өкілінің жазбаша келісімімен дәрігерлік құпиядан тұратын мәліметтерді басқа адамдарға, оның ішінде Пациентті зерттеп-қарауға және емдеуге мүдделі лауазымдық адамдарға беруге рұқсат етіледі.

      19. Денсаулық сақтау субъектісі Пациенттің дербес деректерін жинау мен өңдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құпиялылық қағидалары сақтала отырып жүзеге асырылатындығына кепілдік береді.

      20. Пациентті зерттеп-қарау және емдеу мақсатында жағдайына байланысты өзінің еркін білдіре алмайтын және Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да жағдайларда Пациенттің немесе оның өкілінің келісімінсіз дәрігерлік құпия болып табылатын мәліметтерді беруге рұқсат етіледі.

5. Дауларды қарау

      20. Осы шарт бойынша даулар мен келіспеушіліктер тараптардың оларды сотқа дейін наразылық тәртібінде реттеу жөніндегі шаралар қабылдауы арқылы шешіледі. Екінші тарап жазбаша наразылыққа оны алғаннан кейін он жұмыс күнінің ішінде шешеді.

      21. Келісімге келе алмаған жағдайда тараптар арасындағы даулар Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіпте қаралатын болады.

6. Шарттың әрекет ету мерзімі мен оны тоқтату тәртібі

      22. Осы шарт:

      - Денсаулық сақтау субъектісі таратылған жағдайда;

      - Пациент қайтыс болған жағдайда;

      - тараптардың жазбаша нысандағы келісім бойынша (есептен/тізімнен шығару);

      - Денсаулық сақтау субьектісі медициналық қызметті жүзеге асыру құқығын жоғалтқан жағдайда бұзылды деп есептеледі.

7. Өзге де талаптар

      23. Осы шартта көзделмеген мәселелер бойынша тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.

      24. Осы шарт бірдей заң күші бар екі данада жасалды. Бір данасы Пациентте, екіншісі – Денсаулық сақтау субъектісінде болады.

      25. Тараптар мекенжайлары мен реквизиттері өзгергендігі туралы бір-бірін тездетіп хабарлауды міндеттенеді.

      Денсаулық сақтау субъектісі Пациент

      ________________________ ____________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады