Жоғары білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 11 маусымдағы № 327 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 9 шілдеде № 11617 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 35 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қорғаныс министрінің 22.01.2016 № 35 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін  күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 39-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Жоғары білімнің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Білім және ғылым департаментінің бастығы заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми жариялауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қорғаныс министрі                          И. Тасмағамбетов

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым министрі
                  А. Сәрінжіпов
      2015 жылғы «__»________

Қазақстан Республикасы  
Қорғаныс министрінің   
2015 жылғы 11 маусымдағы 
№ 327 бұйрығымен бекітілген

Жоғары білімнің кәсіби оқу бағдарламаларын іске асыратын
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу
орындарына қабылдау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы жоғары білімнің кәсіби оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі, «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» 2005 жылғы 7 қаңтардағы, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді және жоғары білімнің кәсіби оқу бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына (бұдан әрі – әскери оқу орындары) қабылдау тәртібін айқындайды.
      2. Әскери оқу орындарына мыналар түседі:
      1) әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан үлкен емес азаматтар;
      2) әскери қызмет өткерген азаматтар және мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілер оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толғанға дейін;
      3) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жатқан әскери қызметшілер жиырма бес жасқа толғанға дейін.
      3. Оқуға түсушілер әскери оқу орындарының қабылдау комиссиясына мынадай құжаттардың түпнұсқаларын ұсынады:
      1) жеке куәлік;
      2) әскери билет (тек әскери қызметшілер);
      3) білімі туралы құжаттар;
      4) мынадай пәндер бойынша кемінде 50 балл тестілеу нәтижелерімен ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ) немесе талапкерлердің кешенді тестілеу (бұдан әрі – ТКТ) сертификаты: мемлекеттік немесе орыс тілі (оқыған тілі), Қазақстан тарихы, математика және таңдау бойынша пән (физика, жағрафия, дүниежүзі тарихы, химия, биология) соның ішінде бейіндік пән (математика) бойынша кемінде – 7 балл, ал қалған пәндер бойынша кемінде – 4 балл;
      5) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 8-бабының 12) тармақшасына сәйкес бекітілетін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына (бұдан әрі – ӘДС қағидалары) сәйкес әскери оқу орнына түсетін азаматтың медициналық куәландыру картасы;
      6) 3х4 өлшемді төрт фотосурет.
      Құжаттардың толық тізбесін ұсынбаған оқуға түсушілер қабылдауға жіберілмейді.
      4. Әскери оқу орындарына қабылдау конкурстық негізде 5 кезеңде жүзеге асырылады:
      1) I кезең – оқуға қабылдау жылын 20-30 шілдесін қоса алғандағы кезеңінде өткізілетін алдын ала кәсіби-психологиялық іріктеу;
      2) II кезең – «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі дене дайындығы жөніндегі нормативтерді бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2014 жылғы 5 мамырдағы № 195 бұйрығымен белгіленген (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеудің тізбесінде № 9518 тіркелген), оқуға қабылдау жылын 20-30 шілдесін қоса алғандағы кезеңінде өткізілетін дене дайындығын тексеру;
      3) III кезең – оқуға қабылдау жылының 1-10 тамызды қоса алғандағы кезеңінде өткізілетін ӘДС қағидаларына сәйкес қорытынды медициналық куәландыру;
      4) IV кезең – оқуға қабылдау жылының 11-19 тамызды қоса алғандағы кезеңінде жас жауынгер курсы кезеңінде өткізілетін түпкілікті кәсіби-психологиялық іріктеу;
      5) V кезең – оқуға қабылдау жылының 20-21 тамызды қоса алғандағы кезеңінде өткізілетін конкурстық іріктеу мен қабылдау.
      Қабылдаудың әрбір кезеңінен тек бір рет өтуге жол беріледі.
      5. Әскери оқу орындарында оқитындардың құрамына қабылдауға конкурс өткізу кезінде бірдей көрсеткіштер болған жағдайда мыналардың басым құқығы бар:
      әскери даярлық бойынша қосымша бағдарламалары бар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері (бұдан әрі – Мектеп бітірушілер);
      қызмет өткеру уақытында қаза болған, хабарсыз кеткен немесе әскери қызмет өткеру кезеңінде мүгедектік алған әскери қызметшілердің балалары.

2. Әскери оқу орындарына қабылдау тәртібі

      6. Әскери оқу орындарының бастықтары, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері түрлерінің бас қолбасшылары, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің, Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының бастықтары оқуға қабылдау жылының 1 маусымына дейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Білім және ғылым департаментіне (бұдан әрі – БҒД) оқуға қабылдау жылы 1 шілдеге дейін әзірленетін әрбір әскери оқу орны үшін қабылдау комиссиясының құрамын бекіту туралы Қорғаныс министрі бұйрығының жобасына қосу үшін өкілдер бойынша мәліметтер ұсынады.
      Қабылдау комиссиясының төрағасы әскери оқу орнының бастығы, төрағаның орынбасары – әскери оқу орны бастығының оқу және ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып табылады.
      Қабылдау комиссиясының құрамы мүшелердің тақ санынан тұрады. Шешімдер қабылдау комиссиясы мүшелерінің жалпы санынан көпшілік қарапайым дауыспен қабылданады.
      Дауыстар тең болған жағдайда қабылдау комиссиясы төрағасының даусы шешуші болып табылады.
      Қабылдау комиссиясының отырыстары қабылдау комиссиясының төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі, хаттамаларды ресімдеумен сүймелденеді.
      7. Бірінші курсты жасақтауға жауапты негізгі атқарушы орган әскери оқу орнының кадрлар органы болып табылады.
      8. Әскери оқу орнында кәсіби-психологиялық іріктеуді тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімі ұйымдастырады және жүргізеді.
      9. Оқуға түсушілердің дене дайындығын тексеруді әскери оқу орнының дене дайындығы және спорт кафедрасы ұйымдастырады және өткізеді.
      10. Бірыңғай талаптарды сақтауды қамтамасыз ету, даулы мәселелерді шешу мақсатында әскери оқу орны бастығының бұйрығымен қабылдау комиссиясының жұмысы кезеңінде әрекет ететін апелляциялық комиссия құрылады.
      Бағалау нәтижелерімен келіспейтін оқуға түсушілердің өтініштері нәтижелер жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 10-ға дейін қабылданады.
      Хаттамамен ресімделген апелляция мәнісі бойынша шешім өтініш келіп түскен күннен бастап 1 күнтізбелік күн ішінде шығарылады.
      11. Әскери оқу орнына түсу үшін әскери қызметшілер қатарынан оқуға түсуші әскери оқу орны мен мамандығының атауларын көрсетумен әскери бөлім командирінің атына оқуға түсу жылының 1 маусымына дейін оған оқуға түсетін жылдың 1 шілдесінен бастап оқу демалысын беруге баянат береді.
      Әскери бөлімнің командирі мемлекеттік құпияларға рұқсатнаманы ресімдеу және ӘДС қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
      Оқуға жарамдылығы туралы медициналық қорытынды алынған кезде оқуға түсушіге қызмет орнына жақын ҰБТ-ны қабылдау пунктіне ТКТ тапсыру үшін оқу демалысы беріледі.
      Кемінде 50 балл жинаған оқуға түсушілер оқуға түсу жылының 26 шілдесіне дейін әскери оқу орнына келеді.
      12. Мектеп бітірушілері қатарынан оқуға түсуші әскери оқу орнына түсу үшін оқуға түсу жылының 1 сәуіріне дейін әскери оқу орны мен мамандығының атауларын көрсетумен Мектеп бастығының атына өтініш жазады.
      Мектеп бастығы мыналар бойынша жұмысты ұйымдастырады:
      1) мемлекеттік құпияларға рұқсатнаманы ресімдеу;
      2) ӘДС қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өткізу;
      3) дене дайындығы бойынша нормативтерді тапсыру;
      4) кәсіби-психологиялық тестілеуді тапсыру;
      5) ҰБТ тапсыру.
      Мектептегі дене дайындығы және кәсіби-психологиялық тестілеу бойынша нормативтерді тапсыру нәтижелері қабылдаудың I және II кезеңдерінің нәтижелері болып табылады.
      Кемінде 50 балл жинаған оқуға түсушілер оқуға түсу жылының 30 шілдесіне дейін қабылдаудың III, IV және V кезеңдерінен өту үшін әскери оқу орнына келеді.
      13. Азаматтар қатарынан оқуға түсуші әскери оқу орнына түсу үшін оқуға түсу жылының 10 шілдесіне дейінгі мерзімде әскери оқу орны мен мамандық атауларын көрсетумен тұрғылықты жері бойынша қорғаныс істері жөніндегі бөлім (басқарма) бастығының атына өтініш береді.
      Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің (басқарманың) бастығы мемлекеттік құпияларға рұқсаттаманы ресімдеу және ӘДС қағидаларына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өту бойынша жұмысты ұйымдастырады.
      ҰБТ-дан кемінде 50 балл жинаған оқуға түсушілер оқуға түсу жылының 20-23 шілдесін қоса алғандағы кезеңінде әскери оқу орнына келеді және оқуға түсу жылының 1 тамызынан бастап тұрғын үймен және тамақпен қамтамасыз етіледі.
      ТКТ-дан кемінде 50 балл жинаған оқуға түсушілер оқуға түсу жылының 20-26 шілдесін қоса алғандағы кезеңінде әскери оқу орнына келеді және оқуға түсу жылының 1 тамызынан бастап тұрғын үймен және тамақпен қамтамасыз етіледі.
      14. Қабылдаудың алғашқы үш кезеңінен өткен оқуға түсушілер рейтингілік балға сәйкес төртінші кезеңге жіберіледі. БҒД рейтингілік балл есебінің кестесін оқуға қабылдау жылының 1 тамызына дейін әскери оқу орындарына жолдайды. Қабылдаудың төртінші кезеңі оқуға түсу жылының 11-19 тамызын қоса алғандағы кезеңінде лагерьлік жиындарда жас жауынгер курсы нысанында өткізіледі.
      15. Қабылдаудың төрт кезеңінен өткен және мемлекеттік құпияларға рұқсатнама алған оқуға түсушілер факультеттер бойынша конкурстық іріктеуге жіберіледі.
      16. Қабылдау комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін оқуға түсетін жылдың 20 тамызында оқуға қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешім қабылданады және сол күні оқуға түсушілерге жарияланады.
      17. Әскери оқу орнына қабылдау оқуға қабылдау жылының 21 тамызында әскери оқу орны бастығының бұйрығымен жүзеге асырылады.
      18. Оқуға қабылданған күні 18 жасқа толмаған әскери оқу орнына оқуға қабылданған оқуға түсуші және оның ата-анасы (оларды ауыстыратын адамдар) әскери оқу орнының бастығымен білім беру қызметтерін көрсетуге шарт жасасады.
      19. Оқуға қабылданған күні 18 жасқа толған әскери оқу орнына оқуға қабылданған оқуға түсуші әскери оқу орнының бастығымен әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасады.
      20. Оқуға түсушілердің сауалнамалық деректерін көрсете отырып, қабылдау комиссиясының оқуға қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешімі оқуға түсетін жылдың 25 тамызына дейін БҒД-ға ұсынылады.
      21. Әскери оқу орнының кадрлар органы 10 жұмыс күні ішінде қорғаныс істері жөніндегі департаменттерге және әскери бөлімдерге қабылдау туралы бұйрықтан үзінді-көшірмелерді жолдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады