Жолаушыларды, багаж бен жүктерді тасымалдау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 542 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 21 тамызда № 11930 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 29 қыркүйектегі Заңының 1-бабы 58-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының теңiз көлiгiмен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының теңiз көлiгiмен жүктерді тасымалдау қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік етін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі
Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрі

      ___________________ Е. Досаев

      2015 жылғы 10 шілде



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 30 сәуірдегі
№ 542 бұйрығына
1-қосымша

Қазақстан Республикасының теңiз көлiгiмен жолаушылар
мен багажды тасымалдау қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының теңiз көлiгiмен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы" Қазақстан Республикасы 2002 жылғы 17 қаңтардағы Заңының 4-бабы 3-тармағының 55-14) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Заң) әзiрлендi және Қазақстан Республикасының теңіз көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың қолданысы: теңiз кемелерiне - олардың Қазақстан Республикасының теңiз жолдарымен жүзуi кезiнде; iшкi суда жүзу кемелерiне, "өзен-теңiзде" жүзетiн кемелерге - олардың Қазақстан Республикасының теңiз жолдарымен, өзендерiмен, көлдерiмен, су қоймаларымен және басқа су жолдарымен теңiз портына кiре отырып, жолаушылар мен багажды тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде қолданылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) багаж – теңіз көлігімен жіберу үшін буып-түйілген және жолаушыдан жеке тасымалданатын жүк;

      2) каюталық багаж – жолаушының белгiленген мөлшер мен көлем шегiнде өзiмен бiрге алып жүретiн, жинақы буып-түйiлген және каютаға немесе жалпы орындардағы сөрелерге еркiн орналастырылатын заттары.

      4. Қазақстан Республикасы арқылы Қазақстан Республикасының теңіз көлігімен халықаралық транзиттік қатынаста жолаушылар мен багажды тасымалдау Заңға және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Қазақстан Республикасының теңiз көлiгiмен жолаушылар мен багаж тасымалы теңiз көлiгiмен тасымалдау шарты негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Жолаушылар мен багажды тасымалдау

      6. Жолаушыны теңiзбен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы портқа немесе межелі пунктке жолаушыны және жолаушы тапсырған жағдайда багажды тасымалдауға және багажды жолаушыға немесе алуға уәкiлеттi тұлғаға беруге мiндеттенедi, ал жолаушы жол жүргенi үшiн, ал багаж тапсырған кезде – багажды алып жүргені үшiн ақы төлеуге мiндеттенедi.

      7. Тасымалдау кестесінің өзгеруі туралы ақпаратты тасымалдаушы өзінің интернет-сайтында және (немесе) теңіз портындағы ақпараттық таблода орналастырады, билеттерді сатып алған жолаушыларды хабарлауды тасымалдаушы осы жолаушылардың ұялы байланыстың абоненттік нөмірлеріне хабарламалар жіберу арқылы жүзеге асырады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2023 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      8. Алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2023 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Билет кассаларының жұмыс уақыты мен тәртiбiн жергiлiктi жағдайлар мен кемелер қозғалысының кестесiн негiзге ала отырып, теңiз вокзалының бастығы белгiлейдi.

      10. Билеттердi алдын ала сату кеменiң жүзiп кетуiне дейiн қырық бес күнді қоса алғандағы бір тәулiкке дейiнгi мерзiмде жүзеге асырылады.

      11. Жолаушының жол жүргенi үшiн және "Көлік туралы" Қазақстан Республикасы 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Заңының 13-бабына сәйкес жолаушы тегiн алып жүретiн, 35 кг аспайтын каюталық жүкті қоспағанда, оның багажын тасымалдау үшiн төлемақы мөлшерін жолаушының жол жүруi және оның багажын алып жүру кезiнде теңiз көлiгiмен тасымалдау шарты белгiлейдi.

      12. Жолаушыларды теңiз көлiгiмен тасымалдау шарты жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы (төлқұжат, жеке куәлiк, он алты жасқа толмаған балалар үшiн туу туралы куәлiгi, бағыт бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өту көзделмеген жағдайда Қазақстан Республикасы азаматының уақытша куәлігі) ұсынылған кезде берiлетiн билетпен, ал багажды тапсырған кезде - багаж түбiртегiмен ресiмделедi.

      Билет пен багаж түбiртегiнiң нысаны осы Қағидаларға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес нысан бойынша белгiленедi.

      13. Жолаушы кемеге отырғызу кезiнде тиiсiнше ресiмделген билеттi және осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес жеке басын куәландыратын құжатты ұсынады.

      14. Жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттағы ұсынылған билетте көрсетiлген тегiне, атына, әкесінің атына (болған жағдайда) сәйкес келмеген кезде, не билеті немесе оның жеке басын куәландыратын құжаты болмаған немесе билетте тегі, аты, әкесінің аты түзетiлген кезде жолаушы кемеге отырғызуға жiберiлмейдi.

      15. Билетті билетте көрсетілмеген тұлға ұсынған жағдайда, билетті тасымалдаушы алады және оның құны ұсынушыға қайтарылмайды.

      Бұл жағдайда тасымалдаушы билеттің алыну себебін көрсете отырып, акт жасайды.

      16. Балаларға арналған және жеңілдетілген билеттер: он алты жасқа толмаған балалар үшiн туу туралы куәлiгi, азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдіктер беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеңілдікті билеттерді сатып алу үшін жеңілдіктерді көздейтін құжаттар болған жағдайда ресімделеді. Көрсетілген құжаттардың болмауы және (немесе) қате ресімделгені көзделген жеңілдіктерді ескере отырып, билетті беруден бас тарту үшін негіз бола алады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2023 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Мыналар:

      1) багаж бен каюталық багажда жарылу қаупі бар, уландырғыш, тұтану қаупі бар, көз ашытатын, радиоактивті, химиялық, уыттандыратын, озонды бұзатын нәрселер мен оларды қамтитын бұйымдар есірткі, психотроптық және сасық заттар;

      2) жылжымалы құрамды, жолаушылардың киімін, сақтау камералары мен ондағы заттарды ластайтын багаж тасымалдауға қабылданбайды.

      18. Тасымалдауға өз мөлшерi, орамы, ыдысы, торы және қасиеттерi бойынша кемеге қиындықсыз тиеуге және орналастыруға болатын нәрселер, заттар мен үй жануарлары қабылданады.

      19. Багажды тегін алып жүру нормасынан асып түсетін багажға багаждық тариф бойынша ақы төленеді.

      20. Багаждың әрбiр орны бейiмделген немесе оны тиеу, қайта тиеу және түсiру кезiнде тасымалдауға мүмкiндiк беретiн құрылғысы болады. Ыдысы немесе орамы барлық тасымалдау уақытында заттардың сақталуын қамтамасыз етуi тиiс.

      21. Алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2023 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      22. Алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2023 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Үй жануарларына багажды ресімдеу кезінде "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 1-бабының 10) тармақшасына сәйкес жануарға арналған ветеринарлық паспорт ұсыну қажет. Көру қабілетінен айрылған жолаушыны тасымалдауда ілесіп жетелеуші итті қоспағанда, үй жануарды алып жүруге болатын торға орналастырылады.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2023 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Багажды ақауы бар орамда, ыдыста, торда тасымалдауға ұсынған кезде тасымалдаушы оны тасымалдауға қабылдаудан бас тартады.

      25. Орамында багаждың жоғалу немесе бүлiну қаупін тудырмайтын кемшіліктері бар багаж тасымалдау құжаттарында осы кемшiлiктер туралы белгi соғылу арқылы тасымалдауға қабылданады.

      26. Багаж межелі портқа (пунктке) келген соң багаж түбiртегiн және жеке басын куәландыратын құжатты ұсынған жолаушыға (алушыға) берiледi.

      27. Жолаушы (алушы) беру туралы талап қойған багаж келмеген жағдайда, жеткiзу порті (пунктi) багаж түбiртегiнiң артқы жағына жеткiзу мерзiмi өткеннен кейiн "Багаж келмедi" деген белгі жасайды, жылы, айы және күнi белгiленген мөртаңба соғады және жолаушыға (алушыға) багаждың келгені туралы хабарлама жiберу үшiн оның мекенжайы көрсетiлген өтiнiшiн алады. Бұл жағдайда хабарлама үшiн ақы өндiрiп алынбайды. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 шілдедегі азаматтық кодексінің (ерекше бөлім) 705-бабына сәйкес Тасымалдаушы жүктiң немесе теңдеме жүктiң жоғалуынан, кем шығуынан немесе зақымдануынан (бүлiнуiнен) келтiрiлген зиянның орнын толтырады, жолаушыға (алушыға), жоғалған, кем шыққан, бүлiнген немесе зақымданған теңдеме жүктi тасымалдау үшiн алынған кiре ақысын қайтарады.

      28. Табылған багаждың межелі портқа (пунктке) келгендiгi туралы ол келген күнi жолаушыға (алушыға) хабарлама жiбередi.

      29. Егер межелі портқа (пунктке) табылған багаждың келгенi туралы жолаушыны хабардар етпесе, онда ол хабарлама жiберiлгенге дейiн багажды сақтаудағы мерзiмi өткен күндер үшiн ақы өндiрiп алынбайды.

      30. Багажды жеткiзу мерзiмi багаж жөнелтiлген кеменiң қозғалыс кестесiне сәйкес межелі портқа (пунктке) жүрiп келу уақытымен анықталады.

      31. Портқа (пунктке) жеткізілген күннен бастап алты ай iшiнде талап етілмеген багаж көрсетілген мерзім өткен соң Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 245-бабына сәйкес ресімделеді.

      32. Жолаушылардан тасымалдауды қамтамасыз ету мәселелерi бойынша түскен шағымдарды тасымалдаушы үш жұмыс күнi ішінде қарайды, ол өткеннен кейiн өтiнiш берушiге шағымды қарау нәтижелерi және қабылданған шаралар туралы жазбаша хабарлайды.

      33. Егер багаждың жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) өз кiнәсiнен болмағанын дәлелдей алмаса, жолаушы багажының жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) үшiн тасымалдаушы жауап бередi.

      34. Он бес жасқа толмаған және он бес жастағы балалар кәмелетке толған жолаушылармен бірге тасымалданады.

      35. Егер бірге жүрген жолаушының өтініші бойынша балаға жеке орын берілсе, онда мұндай бала жеңілдетілген тариф бойынша тасымалданады.

      36. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған жолаушы ата-аналарының, қорғаншыларының немесе қамқоршыларының қолдаухаты бойынша іс-әрекетке қабілетсіз жолаушының қауіпсіздігін және қоршаған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті кәмелетке толған адамның сүйемелдеуімен тасымалданады.

      37. Кресло-арбамен жүретін, өз бетімен жүре алмайтын жолаушыны немесе зәмбілдегі сырқат адамды тасымалдау осы жолаушыны тасымалдау уақытында оны күтіп-бағуды қамтамасыз ететін адамның сүйемелдеуімен жүргізіледі.

      38. Көру қабілетінен айрылған жолаушыларды тасымалдау жетектеуші иттің ілесіп жүруімен жүзеге асырылады.

      39. Егер де мұндай бөлмелер мен құралдар кеме конструкциясында көзделмеген болса, тасымалдаушы кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектігі бар адамдарды орналастыру және олардың кеме ішінде жүруі үшін (арнайы есіктер, алаңдар, отыратын жерлер, бекіту және тұрақтандыру құралдары, арнайы тұтқа және басқа құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар мен көліктік арбаларды сақтау үшін багаждық бөлім) қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.12.2022 № 761 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      40. Рейстің алдында (кеменiң жүк тиеу портынан шығу сәтiне) тасымалдаушы кеменiң жүзуге техникалық жарамдылығын қамтамасыз етедi, оны Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 92 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10405 болып тіркелген) бекітілген Теңіз кемелерін жабдықтау жөніндегі қағидалардың талаптарына сәйкес жарақтайды, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен 2011 жылғы 16 мамырдағы № 280 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7000 болып тіркелген) бекітілген Теңіз кемелерінің экипаждарын азық-түлікпен қамтамасыз ету қағидаларының талаптарына сәйкес экипажбен жасақтайды және барлық қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Теңiз порты капитанынан кеменiң теңiз портынан шығуына рұқсат алынғаннан кейiн кеме теңiз портынан жүзiп шығуы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2023 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Қазақстан Республикасының
теңiз көлiгiмен жолаушылар
мен багажды тасымалдау
қағидаларына 1-қосымша

      Нысан

Жолаушының билеті

Билет

Бақылау купоны (билетсіз жарамайды)

Кассир купоны

Серия №

Серия №

Серия №

Жолаушының Т.А.Ә.А

______________________

Жолаушының Т.А.Ә.А

______________________

Жолаушының Т.А.Ә.А

______________________

Жеке басын куәландыратын құжаттың №

Жеке басын куәландыратын құжаттың №

Жеке басын куәландыратын құжаттың №

Тасымалдаушы

Тасымалдаушы

Тасымалдаушы

СТН

СТН

СТН

Кеме атауы

Кеме атауы

Кеме атауы

Шығу порты

Шығу порты

Шығу порты

Шығу күні мен уақыты

Шығу күні мен уақыты

Шығу күні мен уақыты

Межелі порты (пункті)

Межелі порты (пункті)

Межелі порты (пункті)

Келу күні мен уақыты

Келу күні мен уақыты

Келу күні мен уақыты

Каюта №

Сынып (санат)

№ орны

Каюта №

Сынып (санат)

№ орны

Каюта №

Сынып (санат)

№ орны

Билет түрі (толық, балаларға арналған, жеңілдікті)

Билет түрі (толық, балаларға арналған, жеңілдікті)

Билет түрі (толық, балаларға арналған, жеңілдікті)

Бағасы

Бағасы

Бағасы

Қызметтік белгілері:

Сатылған күні мен уақыты

Сату пункті

Билет кассирі

Қызметтік белгілері:

Сатылған күні мен уақыты

Сату пункті

Билет кассирі

Қызметтік белгілері:

Сатылған күні мен уақыты

Сату пункті

Билет кассирі

  Қазақстан Республикасының
теңiз көлiгiмен жолаушылар
мен багажды тасымалдау
қағидаларына 2-қосымша

      Нысан

Багаж түбiртегi

Кеме

Кеме

Жөнелту порты

Жөнелту порты

Межелі (пункт) порт

Межелі (пункт) порт

Багажды тасымалдау ақысы

Багажды тасымалдау ақысы

Шығатын күнi

Шығатын күнi

Берілетін күні

Берілетін күні

Түбіртектің сериясы _____ №___________________

  Қазақстан Республикасы
  Инвестициялар және даму
  министрінің
  2015 жылғы 30 сәуірдегі
  № 542 бұйрығына
  2-қосымша

Қазақстан Республикасының теңiз көлiгiмен жүктерді тасымалдау қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 25.10.2018 № 731 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының теңiз көлiгiмен жүктерді тасымалдау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) "Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы" 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 55-14) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасының теңіз көлігімен жүк тасымалдау тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасы арқылы теңіз көлігімен халықаралық транзиттік қатынаста жүк тасымалдау Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жалпы авария – жалпы қауіпсіздік және жалпы теңіз кәсіпорнында мүлікті жалпы қауіптен сақтау мақсатында болған, осы Қағидаларға сәйкес жалпы теңіз кәсіпорны аяқталған күні мен орында кеменің, жүктің және фрахттың құнына мөлшерлес кеменің, жүктің және фрахттың арасында бөлінетін залалдар және (немесе) шығындар;

      2) коносамент – тасымалдаушы жөнелтушiге беретiн және жүктiң тасымалдауға қабылданғанын куәландыратын құжат;

      3) қауіпті жүк (бұдан әрі – ҚЖ) – өзiне тән қасиеттерiне қарай тасымалдау, тиеу-түсiру жұмыстарын жүргiзу және сақтау кезiнде техникалық құралдардың, қондырғылардың, ғимараттар мен құрылыстардың жарылысына, өртенуiне немесе зақымдануына, сондай-ақ адамдардың, жануарлардың мерт болуына, жарақаттануына немесе ауруына, қоршаған ортаға зиян келтiруге себеп болуы мүмкiн жүк;

      4) теңiз жүкқұжаты – жүктердi теңiз көлiгiмен тасымалдау кезiнде ресiмделетiн тасымал құжаты;

      5) тиеу ордерi – жүк туралы қажеттi мәлiметтердi қамтитын жүк жөнелтушi қол қойған құжат;

      6) чартер – теңiз арқылы жолаушыларды, багаж бен жүктi тасымалдау шартының бiр түрi, бұл жағдайда жөнелтушiге бүкiл кеме, оның бiр бөлiгi немесе кеменiң белгiлi бiр жайы берiледi;

      7) экспорттық тапсырма – экспортқа жөнелтiлетiн жүк туралы қажеттi мәлiметтердi қамтитын жүк жөнелтушi қол қойған құжат.

2-тарау. Теңіз көлігімен жүктерді тасымалдау тәртібі

      4. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушымен өзіне жүк жөнелтушi сенiп тапсырған жүктi межелі портқа жеткiзіледі және жүктi алуға уәкілетті адамға (алушыға) беріледі, ал жүк жөнелтушi немесе қабылдаушы жүктi тасымалдау шартына немесе тарифке сәйкес төлемақыны төлейді және жүктi алуды қамтамасыз етеді.

      5. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты жүктi теңiз арқылы тасымалдау үшiн бүкiл кеменi, оның бiр бөлiгiн немесе кемедегi белгiлi бiр үй-жайларды (чартер) беру шартымен, сондай-ақ мұндай шартсыз жасалады.

      6. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты осы Қағидаларға 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша коносаментпен, осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша чартермен немесе осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша теңіз жүкқұжатымен (жүк жөнелтушiнiң және жүк тасымалдаушының қалауы бойынша) ресiмделедi.

      7. Жүктi тасымалдау үшiн қабылдағаннан кейiн тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң талабы бойынша жөнелтушiге коносамент береді.

      Коносаменттi жүк жөнелтушi ұсынатын тиеу ордерi немесе экспорттық тапсырма негiзiнде тасымалдаушы жасайды және қол қояды.

      Жүк жөнелтушi тасымалдаушыға коносаментке енгiзу үшiн табыс етiлген деректердiң дұрыстығына кепiлдiк бередi және мұндай деректердiң дұрыс еместiгi салдарынан тасымалдаушыға келтiрiлген залал үшiн жауапты болады.

      8. Жүк жөнелтушiнiң қалауы бойынша коносаменттiң бiрнеше данасы (түпнұсқалары) берiледi, әрi олардың әрқайсысында қолда бар коносамент түпнұсқаларының саны көрсетiледi. Ұсынылған коносамент түпнұсқаларының бiрiншiсiнiң негiзiнде жүк берiлгеннен кейiн оның қалған түпнұсқалары күшiн жоғалтады.

      9. Теңiз жүкқұжатын жүк жөнелтушi ұсынатын тиеу ордерi негiзiнде тасымалдаушы жасайды және қол қояды. Теңiз жүкқұжаты кемiнде екi данада ресiмделедi, оның бiреуi жүкпен бірге жүредi, ал екiншiсi жүк жөнелтушiге берiледi.

      10. Кеменi жалға алу шарты чартермен ресiмделедi.

      11. Тиеу ордерi немесе экспорттық тапсырманы жүк жөнелтушi жасайды және қол қояды, тасымалдаушыға жүктi ұсынумен бiр уақытта беріледі, жүктiң барлық жүру жолында онымен бірге жүредi және жеткiзу портына (пунктiне) жүкпен бiрге жүк алушыға берiледi.

      12. Тасымалдаушының талабы бойынша каботажда жүктер жүк жөнелтушi пломбалаған кеменiң үй-жайында тасымалданады.

      13. Жүктердің тұрпаты мен қасиеттерiне байланысты олар коносаментте салмағы мен орын санын (ыдысты және даналаған жүктер) не тек орны (брутто) және басқа да қажеттi деректерiн көрсету арқылы тасымалданады.

      14. Жүктiң салмағы тапсырылатын жүктiң жалпы салмағын, олардың жүк орындарында көрсетiлген салмағын немесе жүк орнының стандартты салмағын негiзге ала отырып, өлшеумен немесе есептеумен анықталады. Жекелеген жүктердiң салмағы өлшеу бойынша есептеу жолымен немесе шартты түрде анықталуы мүмкiн. Қауiптi, көлемi iрi емес, ауыр салмақты және басқа да арнайы жүктердiң салмағы жүк жөнелтушi жариялаған белгiленген салмақ бойынша анықталады.

      15. Жүктiң салмағын есептеу жолымен, өлшеу бойынша немесе шартты түрде анықтауды барлық жағдайларда жүк жөнелтушi жүргiзедi. Салмақ анықтаудың мұндай тәсiлi туралы жүк жөнелтушi тиеу ордерiнде немесе экспорттық тапсырмада ескертпе жасайды.

      16. Порт өз айлақтарында және өз жұмыс күшiмен қайта өлшеудi талап ететiн жүктердi тиеген кезде салмақты анықтау порттың таразысында жүргiзiледi.

      17. Салмағы буып-түю кезiнде анықталатын немесе әрбiр жүк орнында көрсетiлетiн ыдысты немесе даналаған жүктер (орамсыз), сондай-ақ мөлшері мен салмағы стандартты жүк орындары тасымалдауға қабылдау және алушыларға беру кезiнде өлшенбейдi. Мұндай жөнелтiмнiң жалпы салмағын жүк жөнелтушi стандартты салмақты немесе жүк орындарында көрсетiлген салмақты негiзге ала отырып анықтайды және тиеу ордерiнде немесе жүкқұжатында көрсетедi.

      18. Тасымалдау кезiнде жүктiң толық сақталуын қамтамасыз ету үшiн ыдысқа салуды және орауды қажет ететiн жүктер тасымалдау үшiн жарамды ыдысқа салынып және оралып берiледi. Ыдыс және орам техникалық регламенттерде белгiленген қауiпсiздiктiң мiндеттi талаптарына сәйкес болуы тиіс.

      Жүк жөнелтушi жүктi тиiсiнше таңбалап, тасымалдаушыға ол туралы қажеттi мәлiметтердi береді. Жүк айрықша назар аударуды қажет ететiн жағдайда жүк жөнелтушi жүктiң қасиеттерi мен оны күтіп-ұстаудың тәртiбiн тасымалдаушыға хабарлайды.

      19. Тиеу үшiн тасымалдаушыға берiлетiн кемелер теңiзде жүзетiн жағдайда болады: жүктердi тасымалдауға арналған трюмдер және басқа да жүк үй-жайлары бұрын тасымалданған жүктердiң қалдығынан тазартылады және жүктердi тасымалдау мен сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайға келтiрiледі.

      20. Рейстің алдында (кеменiң жүк тиеу портынан шығу сәтiне) тасымалдаушы кеменiң жүзуге техникалық жарамдылығын қамтамасыз етедi, оны Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 92 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10405 болып тіркелген) бекітілген Теңіз кемелерін жабдықтау жөніндегі қағидалардың талаптарына сәйкес жарақтайды, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының бұйрығымен 2011 жылғы 16 мамырдағы № 280 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7000 болып тіркелген) бекітілген Теңіз кемелерінің экипаждарын азық-түлікпен қамтамасыз ету қағидаларының талаптарына сәйкес экипажбен жасақтайды және барлық қажетті заттармен қамтамасыз етеді. Теңiз порты капитанынан кеменiң теңiз портынан шығуына рұқсат алынғаннан кейiн кеме теңiз портынан жүзiп шығуы жүзеге асырылады.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2023 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Кемеге жүк тиеу кеме капитаны бекiткен жүк жоспары бойынша жүргiзiледi. Кемеде жүктердi дұрыс орналастыруды, бекiтуді және бөлуді бақылауды кеме әкiмшiлiгi жүзеге асырады. Жүк жоспарының жобасын кемеге жүк тиеудi жүргiзетiн ұйым жасайды. Кеме әкiмшiлiгiнiң жүктi тиеу, орналастыру, бекiту, бөлу және түсiру бөлiгiндегi нұсқауы жүк жұмыстарын жүргiзетiн ұйымдар мен тұлғалар үшiн мiндеттi.

      22. Жоспар тиеу және түсіру құралдарының өнімділігін, қоректендіргіш (конвейерлер) санын назарға ала отырып, тиеу және түсіру реттілігін, қажетті саны мен уақытын қамтиды.

      23. Корпустағы шектен тыс кернеуді болғызбау үшін кеме, кемедегі жүк операцияларына жауапты командалық құрам меңгеретін мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалған буклетпен, сондай-ақ оның ағылшын тіліндегі аудармасымен қамтамасыз етіледі.

      Буклет:

      1) енгізілген түзетулермен, 1974 жылғы Теңізде адам өмірін қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның II-1/5-1-қағидасының талаптарына сәйкес орнықтылығы туралы мәлеметтерді;

      2) екінші түптің бетінің төсеніш бірлігіне барынша рұқсат етілген жүктемені;

      3) трюмдегі барынша рұқсат етілген жүктемені;

      4) кеме корпусы құрылымының беріктігіне қатысты тиеу және түсіру, қоса алғанда тиеу, түсіру және рейс уақытында пайдаланудың ең төмен жағдайы бойынша кез келген шектеулерді қоса алғанда, жалпы сипаттағы нұсқаулықтарды;

      5) танылған шетелдік жіктеуші қоғамы жазып берген, пайдаланудың ең төменгі жағдайы бойынша мұндай шектеулер ретінде кез келген арнайы шектеулерді;

      6) беріктілікке арналған есептеулер – тиеу, түсіру және рейс кезінде кеменің корпусына әсерін тигізетін барынша рұқсат етілген күштер және сәттерді қамтиды.

      24. Капитан кеме қызметкерлерінің жүк операцияларын тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді. Тиеу немесе түсіру кезінде өңделген жүктің санын көрсетілген терминалдың растауы мақсатында кеменің шөгуі өлшенеді.

      25. Әрбір шөгуді өлшеу және жүк саны жүк журналына енгізіледі. Келісілген жоспардан айтарлықтай ауытқуы анықталған кезде жүк операциялары ауытқуды түзету мақсатында түзетіледі.

      26. Жүк кемеде кеме капитанының қалауы бойынша орналастырылады, кеме палубасында жүкті орналастыру жүк жөнелтушiнiң жазбаша келiсiмi бойынша жүзеге асырылады.

      Жөнелтушiнiң жүктi кеме палубасында тасымалдау туралы белгiсi бар коносаменттi қабылдауы жүктi палубада тасымалдауға жүк жөнелтушiнiң келiскенiн растау болып табылады.

      27. Жүк орындары дөңгелек техниканы және контейнерлерді қос алғанда, бүкіл рейстер бойы Халықаралық теңіз ұйымының Теңіздегі қауіпсіздік жөніндегі комитетінің отырысында қабылданған "Жүкті бекіту жөніндегі ережені дайындау бойынша қайта қаралған нұсқаулықтың" талаптарына сәйкес дайындалған және танылған жіктеуші қоғамдары мақұлдаған Жүкті бекіту жөніндегі ережеге сәйкес тиеледі, орналастырылады және бекітіледі.

      28. Тиеу және түсіру көлденең тәсілімен жүктік бөлмелі кемелерде Жүктерді бекіту бойынша нұсқаулыққа сәйкес барлық жүктік орындарды бекіту кеме айлақтан кеткенге дейін аяқталады.

      29. Тасымалдаушы жүктерді теңіз тасымалдау шартында белгiленген мерзiмде жүкті жеткiзедi.

      30. Жүкті алушы өзінің мекенжайына келген жүктi теңiз портына қабылдайды және одан әкетедi. Жүк алушыға жүктi беру коносаментiнiң түпнұсқасын ұсыну бойынша жүргiзiледi.

      31. Егер коносаментте алушының мекенжайы және жүктiң келгенi туралы хабарламаны жiберу тәсiлi көрсетiлген болса, тасымалдаушы оны жүк келген күнi хабардар етеді.

      32. Жүктiң келгенi туралы хабарлама белгiленген мерзiмде тасымалдаушының кiнәсінен жiберiлмеген жағдайда, тасымалдаушы өзі кешiктiрген күндер iшiнде жүктi сақтағаны үшiн төлемдi өндiрiп алу құқығынан айырылады. Егер қандай да себептермен тасымалдаушы жүкті алушыны хабардар ету туралы тапсырманы орындай алмаса, онда ол бұл туралы жөнелту порты арқылы жүк жөнелтушiге хабарлайды.

      33. Жүк алушыға жүк соңғысы тасымалдаушыға тиесiлi барлық төлемдердi төлегеннен кейiн берiледi. Жүк алушы тасымалдаушыға тиесiлi барлық төлемдi төлемеген кезде жүктi ұстап қалған тасымалдаушының талабы жүктiң сатылған кездегi құны есебiнен қанағаттандырылады.

      34. Жүк жөнелтушiнiң талабы бойынша тасымалдаушы межелі пунктке жеткiзiлген жүктiң салмағын және ыдыстың жай-күйiн тексередi.

      35. Межелі портта (пунктте) жүктiң салмағын анықтау жөнелту пунктiнде салмақ анықталған тәсiлмен жүргiзiледi.

      36. Межелі портта (пунктте) вагондар немесе автомобиль таразылары болмаған кезде ақтарылмалы және құйылмалы жүктер жүкті тексерусiз берiледi. Жүк ыдыс ақаусыз кезде жүк алушыға салмағы тексерiлмей орын саны бойынша берiледi.

      37. Қабылдауы мен тапсырылуы рейдтiк жағдайда жүргiзiлетiн жүктер орын есептеумен немесе жүк жөнелтушi жариялаған салмақ бойынша, ал құйылмалы жүктер кеменi өлшеу бойынша тасымалдауға қабылданады және жүк алушыға тапсырылады. Рейдтiк жағдайда беру кезiнде бүлiнген ыдыстағы немесе iшiндегiсiнiң жетiспеу немесе бүлiну белгiлерiмен жүк орындарын ашу кеме бортында жүргiзiледi.

      38. Егер жүктi межелі портта (пункте) тексеру кезiнде жүктiң жоғалуы, бүлiнуi немесе салмағындағы айырмашылық анықталған болса, тасымалдаушы осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша коммерциялық акт жасайды.

      39. Контейнерлердегi жүк тасымалдауға жүк жөнелтушiнiң бергендегi салмағымен және пломбасымен қабылданады. Ақаусыз контейнерлерде ақаусыз пломбаларымен келген жүктер жүк алушыға салмағын және контейнердiң iшiндегiсiне тексеру жүргiзбей беріледi.

      40. Ақаулы контейнерлерде, сондай-ақ пломбасыз немесе ақаулы пломбамен келген жүктер жүк алушыларға жүкпен контейнерде iлесiп жүретiн құжаттағы деректермен жүктiң салмағы, саны және жай-күйiнiң сәйкестiгiн тексеру арқылы берiледi.

      41. Пакеттегi жүктердi тасымалдау кезiнде жүктердi тасымалдаушы жүк жөнелтушiлерден пакеттер саны бойынша әрбiр пакеттегi жүк бiрлiгi орамының санын және жай-күйiн тексермей қабылдайды және алушыға осындай ретпен бередi.

      42. Бiр коносамент бойынша:

      1) тез бүлiнетін жүктердi осылайша бүлiнбейтін жүктермен бiрге;

      2) тасымалдауы ерекше жағдайларды талап ететiн жүктердi;

      3) өзiнiң физика-химиялық қасиеттерiне қарай бiрге орналастыруға болмайтын жүктердi;

      4) тасымалдауы кедендiк, әкiмшiлiк және басқа да рәсiмдермен сүйемелденетін жүктерді және тасымалдауы осы рәсiмдердi талап етпейтiн жүктердi;

      5) әртүрлi сақтау мерзiмдерi бар жүктердi жөнелтуге рұқсат етiлмейдi.

      43. Бiр жүк жөнелтушiнiң бiр алушыға және бiр кемеде жекелеген коносаментпен бiртектi орамдағы атауы бiр жүктердiң ұсақ лектерін жөнелтуге рұқсат етiлмейдi. Жүктiң мұндай лектері бiрiктiрiлуi және бiр коносамент бойынша жөнелтiлуi тиiс.

      44. Кеменің жалпы авариясынан шыққан шығындар кеме иесi мен жүк жөнелтушiнiң арасында кеменiң, жүктiң және бiр күнгi кiрепұлдың құнына тең және жалпы авария болған жерде бөлiнедi.

      45. Жүк туралы ұсынылатын ақпарат:

      1) жүк жөнелтуші кеме капитанын немесе оның өкілін, жүктің тиісті орналастырылуы мен тасымалдау қауіпсіздігі үшін қажетті сақтық шараларын қамтамасыз ету мүмкіндігін беру үшін тиеуге дейін 3 тәулікке дейін жүк туралы тиісті ақпаратпен қамтамасыз етіледі. Осындай ақпарат жүкті кемеге тиегенге дейін жазбаша түрде және тиісті жүкті тиеу құжаттарымен расталуы тиіс;

      2) жүк туралы ақпаратта:

      негізгі жүкті және жүк орындары түрінде тасымалданатын жүк жағдайында, жүктің жалпы сипаты, жүктің немесе жүк орындарының брутто салмағы және жүктің әрбір тиісті ерекше қасиеті қамтылуға, сондай-ақ Халықаралық Теңіз Ұйымының жүкті орналастыру мен бекітудің қауіпсіз тәжірибесі жөніндегі талаптарына сәйкес ақпарат ұсынылуы тиіс;

      тиелетін жүк жағдайында – жүктің үлестік тиеу көлемі, штивка бойынша операциялар, қолдануы мүмкін болса, сусымалы жүктердің табиғи енісінің бұрышын қоса алғанда, орын алмастыруға бейімділігі және жүктің әрбір басқа тиісті ерекше қасиеті туралы ақпарат;

      концентраттар мен сұйылуы мүмкін басқа жүктер болған жағдайда, тасымалдау үшін жүктің дымқылдығы мен дымқылдық шектері жөніндегі куәліктер түрінде қосымша ақпарат;

      химиялық қасиеттері бар зиян келтіруі мүмкін тиілетін жүктер жағдайында, алдағы тармақшаларда талап етілетін ақпаратқа қосымша ретінде оның химиялық қасиеттері туралы ақпарат қамтылуы тиіс;

      3) кемеге жүк орындарын тиегенге дейін, жүк жөнелтуші осындай жүк орындарының брутто салмағының тиеу құжаттарда көрсетілген брутто салмағына сәйкестігін қамтамасыз етеді.

      46. Улы немесе тұтанғыш газдар бөлетін немесе жүк үй-жайында оттегінің жарылуына себеп болатын ақтарылмалы жүкті тасымалдау кезінде газ концентрациясын немесе ауадағы оттегіні өлшеуге арналған аспап, оны пайдалану бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулық болуы қажет.

      47. Жүк кемесімен дәнді тасымалдау кезінде Халықаралық теңіз ұйымының Теңіздегі қауіпсіздік жөніндегі комитетінің MSC.23(59) бұрыштамасымен қабылданған түзетулермен, Халықаралық дән кодексінің талаптарын басшылыққа алады, сондай-ақ танылған шетелдік жіктеуші қоғамдары берген дәнді тасымалдау рұқсаты туралы құжаттың болуы керек.

3-тарау. Теңіз көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдау тәртібі

      48. ҚЖ тасымалдау үшін шетелдің жіктеуші қоғамы берген ҚЖ тасымалдауға кеменің сәйкестігі туралы құжаттың болуы тиіс.

      ҚЖ тасымалдауға кеменің сәйкестігі туралы құжат болмаған жағдайда, теңіз көлігімен ҚЖ тасымалдауға жол берілмейді.

      49. ҚЖ тасымалдау, буып-түйілген түрдегі ҚЖ тасымалдауға қатысты көліктік ақпарат, сондай-ақ контейнерді/көлік құралдарын тиеу туралы куәлік Халықаралық теңіз ұйымының Теңіздегі қауіпсіздік жөніндегі комитетінің MSC.122(75) бұрыштамасымен қабылданған, түзетулермен Қауіпті жүктерді теңізбен тасымалдаудың халықаралық кодексіне (бұдан әрі – ҚЖТТХК) сәйкес болулары керек.

      50. Буып-түйілген түрдегі ҚЖ тасымалдайтын кемеде ҚЖТТХК қолданылатын ережелерге сәйкес кеме бортында орналасқан ҚЖ және оның орналасқан жерін көрсете отырып, арнайы тізілім немесе жүк жоспары болуы қажет. Кеменің шығуы алдында осы құжаттардың бір данасы порттың басшысы тағайындаған жауапты тұлғаға ұсынылады.

      51. Арнайы тізілімде немесе жүк жоспарында кеменің атауы, жүкті тиеу порты, коносаменттердің нөмірі, әр коносаменті бойынша жүктің атауы, массасы, көлемі және саны, жүкті жөнелтушілердің және жүк алушылардың атауы, жүкті таңбалауы көрсетіледі.

      52. Осы Қағидалардың 49, 55, 56, 58, 59, 60, 61, 62, 64 және 65-тармақтарының талаптарына сәйкес, тиісті түрде таңбаланған, қауіптілік белгілерімен және көбейтілген қауіптілік белгілерімен жабдықталған, көліктік құжатта сипатталған және куәландырылуы тиіс және барлық өзге де қатынастарда тасымалдауға дайындалған кезде ҚЖ тасымалдауға ұсынылады.

      Ескерту. 52-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2023 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      53. Осы Қағидалардың 49 және 55-тармақтарының ережелеріне сәйкес тасымалдаушы ҚЖ, егер оған көлік құжатының данасы немесе басқа да ақпарат ұсынылмаса тасымалдауға қабылдамайды.

      Ескерту. 53-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 30.01.2023 № 59 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      54. ҚЖ-дағы барлық ақпарат соңғы белгіленген межелі орынға дейін онымен бірге болады. Бұл ақпарат ҚЖ көлік құжатында қамтылады және оны жеткізу кезінде жүк алушыға беріледі.

      55. Егер ҚЖ сәйкес ақпарат тасымалдаушыға электрондық түрде берілсе, ол соңғы межелі орынға дейін тасымалдаудың барлық кезеңінде тасымалдаушыға қол жетімді болуы қажет және қажет болған кезінде қағаз нысанында кідіріссіз жаңғыртуы қажет.

      56. Екі немесе одан да көп ҚЖ бір сыртқы ыдысқа орналасса, жүк бірлігі әрбір зат үшін қажет етілетін қауіптік белгілерімен және таңбалау жазуларымен қамтылады.

      57. Тасымалдау кезеңінде ыдыс массалық жүктерге арналған орташа жүк көтергіш контейнерлерді (бұдан әрі – МЖОЖК) және ірі габаритті ыдысты қоса алғанда, жүк көлігінің бірлігіне көлденең және бойлап жылжыту немесе соққыны болдырмайтындай және тиісті сыртқы қолдауды қамтамасыз ету үшін нық бекітіледі немесе орналастырылады.

      58. ҚЖ ҚЖТТХК-ның талаптарына сәйкес келетін және тасымалдау уақытында туындайтын әсерлерді және жүктемелерді ұстап тұруға қабілетті, соның ішінде, жүктік көлігінің бірліктері арасында немесе жүк көлігінің бірліктері мен қоймалары арасында қайта тиеу, сондай-ақ кез келген түпқоймадан орнын ауыстыру кезінде немесе кейіннен қолмен немесе механикалық өңдеу мақсатында пакетінен алу кезінде сапалы МЖОЖК және ірі габаритті ыдысты қоса алғанда буып-түйіледі.

      59. Ыдысты тасымалдауға дайындаған кезде дірілдеу, температураның, ылғалдың немесе қысымның өзгеруі нәтижесінде тасымалдау кезінде төгілуіне жол бермейтіндей конструкциялайды және жабады.

      60. Ыдысты дайындаушы ұсынған ақпаратқа сәйкес жабады. Жүк бірліктерін, МЖОЖК және ірі габаридті ыдыты тасымалдау кезінде қауіпті заттардың қалдығы сыртқы бетіне жабыспауы тиіс.

      61. Ыдысты толтыру және төсеу кезінде ҚЖТТХК талаптары ескерілуі тиіс.

      62. Зақымдалған, ақауы бар, ағып кеткен немесе ҚЖТТХК талаптарына сәйкес келмейтін жүк бірліктері немесе ағып кеткен немесе төгіліп кеткен ҚЖ апаттық ыдыста тасымалданады. Зақымдалған, ақауы бар, ағып кеткен немесе ҚЖТТХК-ның талаптарына сәйкес келмеген жағдайда қысымдағы апаттық түтіктерді қысымдағы түтіктермен тасымалдау үшін пайдалануға рұқсат етіледі. Апаттық түтікке және қысымдағы, апаттық түтікке "АПАТТЫҚ" деген сөзі түрінде қосымша таңба қойылады.

      63. Тасымалдау уақытында зақымдалған немесе төгіліп жатқан жүк бірліктерін және түтіктерді қамтитын апаттық ыдыстың және апаттық түтіктің шамадан тыс орнын ауыстыруды болғызбау үшін тиісті шараларды қабылдау қажет.

      64. Әрбір жүгі бар жүк бірлігіне тасымалданатын қауіпті жүктің қажетті көлік атауын және "UN" алдындағы әрпімен Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті нөмірін көрсететін таңба басылады.

      65. Таңба ҚЖТТХК 5.2-тарауының талаптарына сәйкес басылады. Бұйымдар қапталмаған жағдайда, таңба бұйымның өзіне, оның тірегіне (ложемент) немесе қайта тиеу, сақтау немесе тиеп жөнелтуге арналған құрылғыға басылады.

      66. Жарылуға, қауіпті әсерін тигізуге, жануға бейім, қауіпті жылуды көп беретін, улы, коррозиялық/уытты немесе тұтанғыш газдар немесе булар шығаруға қабілетті, сондай-ақ өз бетінше реакцияға бейім, химиялық белсенділігімен сипатталатын сезімтал жарылғыш заттарды және жарылғыш заттарды тасымалдаудың әдеттегі жағдайы кезінде заттар тасымалдауға жол берілмейді.

  Қазақстан Республикасының
  теңіз көлігімен жүктерді
  тасымалдау қағидаларына
  1-қосымша
  Нысан

№ КОНОСАМЕНТ

Жөнелтуші

Жүк алушы

Мекенжайы

Кеме исесі

Кеме

Туы

Жүк тиеу порты

Жүк қабылдау порты

Межелі порты (пункті)

Коносамент төлеу фрахтасы

Коносамент түпнұсқаларының саны

Коносамент берілген жер

Жүктің сыртқы жай-күйі

Тасымалдаушының немесе оның атынан әрекет ететін тұлғаның қолы


Маркалары мен нөмірлері

Жүктің атауы

Орындар саны

Брутто салмағы

Нетто, орамы салмағы

Фрахта және басқа да шығыстар

Қай жерде және қашан берілді
Кеме капитаны

  Қазақстан Республикасының
  теңіз көлігімен жүктерді
  тасымалдау қағидаларына
  2-қосымша
  Нысан

Чартер ________________________ чартер ________________________ _____________________ (жасалған жері) (қол қойылған күні)

      Кеме иесі ______________________________________

      Кеме жалдаушы _______________________________

Чартердің тармақтары

Тармақтардың мазмұндамасы

Кеменің атауы


Кеменің сипаты және жай-күйі


Жалдау мерзімінің шегі


Тұратын күндері


Кеме иесінің міндеттері


Фрахталаушы міндеттері


Жалдау ставкалары


Фрахта мөлшері


Фрахталаушыға ұсынылатын үй-жай


Коносаменттер


Отын


Стивидорлар, лоцмандар


Тіркеп сүйрегіштер


Жүктің тұрпаты мен түрлері


Жүк тиеу порты


Жүкті тиеу орны


Межелі немесе кеме баратын порт (пункті)


      Ескертпе: Кеме иесі мен Кеме жалдаушының қалауы бойынша чартер тармақтарының тізіміне жағдайға байланысты басқа тармақтар кіргізілу мүмкін.

Кеме жолдаушының атынан
__________________________

Кеме иесінің атынан
____________________________

  Қазақстан Республикасының
  теңіз көлігімен жүктерді
  тасымалдау қағидаларына
  3-қосымша
  Нысан

№ Теңіз жүкқұжаты

Жөнелтуші

Жүк алушы

Мекенжайы

Кеме иесі

Кеме

Жүк тиеу порты

Межелі порты (пункті)

Маркалары мен нөмірлері

Жүктің атауы

Орындар саны

Брутто салмағы

Нетто, орам салмағы

Қай жерде және қашан берілді
Кеме капитаны

  Қазақстан Республикасының
  теңіз көлігімен жүктерді
  тасымалдау қағидаларына
  4-қосымша
  Нысан

      20____ жылғы "___" _______ № ___ Коммерциялық акт

Жүк жөнелтуші

Жүк алушы

кеме

күні

қойма

күні

Жүк тиеу порты

Жүк түсіру порты

Дана саны

Жүктің атауы

Орам түрі

Орын саны

Коносамент бойынша массасы

Коносамент нөмірі






      Осы актіні жасау себебі

      ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________ ____________________________________________________________________

      Қолтаңбалар                        тегі, аты, әкесінің аты

      (болған жағдайда)

      Ауысым бастығы _____________ _________________________________

      Стивидор ____________________ _________________________________

      Тальман _____________________ _________________________________

      Кеме капитаны _______________ _________________________________


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады