"Эмитенттерге және олардың қор биржасында айналысқа жіберілетін (жіберілген) бағалы қағаздарына, сондай-ақ қор биржасы тізімінің жекелеген санаттарына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 22 қазандағы № 189 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 17 шілдедегі № 138 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 тамызда № 11970 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 54 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 54 (01.06.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Эмитенттерге және олардың қор биржасында айналысқа жіберілетін (жіберілген) бағалы қағаздарына, сондай-ақ қор биржасы тізімінің жекелеген санаттарына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 22 қазандағы № 189 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9871 тіркелген, 2014 жылғы 3 желтоқсанда "Заң газеті" газетінде № 182 (2576), 2014 жылғы 15 желтоқсанда "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде (бұдан әрі - "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесі) жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Эмитенттерге және олардың қор биржасында айналысқа жіберілетін (жіберілген) бағалы қағаздарына, сондай-ақ қор биржасы тізімінің жекелеген санаттарына қойылатын талаптарда:

       1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы эмитенттерге және олардың қор биржасында айналысқа жіберілетін (жіберілген) бағалы қағаздарына, сондай-ақ қор биржасы тізімінің жекелеген санаттарына қойылатын талаптардың (бұдан әрі - Талаптар) мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы кәсіпорын (Special purpose vehicle) - шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған, қызметінің жалғыз түрі ақша тарту, оның ішінде өзінің (өздерінің) құрылтайшысының (құрылтайшыларының), қатысушысының (қатысушыларының), акционерінің (акционерлерінің) - осы немесе басқа да мемлекеттің заңды тұлғаның (тұлғалардың) кепілдігіне не олармен байланысты (үлестес) тұлғалардың кепілдігіне борыштық бағалы қағаздар шығару және орналастыру жолымен ақша тарту болып табылатын заңды тұлға;

      2) арнайы қаржы компаниясы - жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру мәмілелерін жүзеге асыру үшін "Жобалық қаржыландыру және секьюритилендіру туралы" 2006 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес не шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылатын, пайдасына талап ету құқықтары берілетін заңды тұлға;

      3) борыштық бағалы қағаз - иесінің эмитенттен негізгі борыш сомасын шығарылым талаптарымен белгіленген мөлшерде және мерзімде алуға құқығын растайтын бағалы қағаз;

      4) жергілікті атқарушы органдардың облигациялары - республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары;

      5) индекстік қор - активтері осы инвестициялық қор үшін базалық болып табылатын белгілі бір қор индексінің өкілдік тізіміне кіретіндерге ұқсас қаржы құралдарынан тұратын инвестициялық қор;

      6) индекстің өкілдік тізімі - өлшемдері қор биржасының қандай да болмасын индикаторын есептеу мақсатында пайдаланылатын бағалы қағаздар тізімі;

      7) исламдық бағалы қағаздар - исламдық жалға алу сертификаттары мен исламдық қатысу сертификаттары;

      8) қаржылық емес ұйым - қаржылық ұйым болып табылмайтын ұйым;

      9) қор биржасының ресми тізімі (ресми тізім) - енгізілуі және болуы үшін бағалы қағаздар мен бағалы қағаздар эмитенттері осы Талаптарға сәйкес келетін қор биржасы тізімінің бір бөлігі;

      10) қор биржасының тізімі - қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес жасалған, қор биржасының сауда жүйесінде айналысқа рұқсат етілген қаржы құралдарының тізімі;

      11) листингтік компания - бағалы қағаздары ресми тізімге енгізілген (ресми тізімде айналысқа жіберілген) заңды тұлға;

      12) ресми тізімнің секторы - эмиссиялық бағалы қағаздар енгізілген (айналысқа жіберілген), Талаптарға және (немесе) қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес келетін қор биржасының ресми тізімінің бір бөлігі;

      13) рұқсат беру бастамашысы - бастамасымен бағалы қағаздар қор биржасының ресми тізіміне енгізілетін (жіберілетін) эмитент не қор биржасының мүшесі;

      14) сауда алаңы — қор биржасының бағдарламалық-техникалық кешенінің бөлігі, ол арқылы ресми тізімге енгізілген (қор биржасында айналысқа жіберілген) қаржы құралдарының жекелеген түрлерімен мәмілелер жасалады;

      15) эмитенттің міндеттемелерін қайта құрылымдау - эмитенттің "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен бекітілген қайта құрылымдау жоспары не "Оңалту және банкроттық туралы" 2014 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен бекітілген сауықтыру жоспары негізінде іске асыратын әкімшілік, заңдық, қаржылық, ұйымдастыру-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсімдерінің кешені;

      "16) біліктілік талаптары - Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10340 тіркелген, "Қаржы құралдарын Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберу үшін аудиторлық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 243 қаулысымен бекітілген қаржы құралдарын Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберу үшін аудиторлық ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптары;

      17) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.";

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Қор биржасының тізімі ресми тізімнен және "Листингтік емес бағалы қағаздар" секторынан тұрады.";

       4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қор биржасының ресми тізімі мынадай секторлардан тұрады:

      1) акциялар;

      2) борыштық бағалы қағаздар;

      3) исламдық бағалы қағаздар;

      4) инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары;

      5) туынды бағалы қағаздар;

      6) халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары;

      7) мемлекеттік бағалы қағаздар;

      8) құрылуы және жұмыс істеуі қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылатын өзге де секторлар. Бағалы қағаздарды осындай секторларға енгізу, оларды олардан шығару және тізім санатын ауыстыру талаптары мен тәртібі, сондай-ақ бағалы қағаздары осындай секторларға енгізуге болжанатын немесе енгізілген эмитенттерге, сондай-ақ осындай бағалы қағаздарға қойылатын талаптар қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленеді.

      Қор биржасының ресми тізімінің секторлары бөлек санаттарға және шағын санаттарға бөлінеді.";

      10-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) рұқсат беру бастамашысы эмитенттің кемінде соңғы аяқталған бір қаржы жылы үшін аудиторлық есеппен расталған, эмитенттің қаржылық есептілігін береді.

      Аудиторлық есеп немесе аралық қаржылық ақпаратты (эмитенттің аралық қаржылық есептілігінің толық жиынтығын) шолу бойынша есеп шығарылған, рұқсат беру бастамашысы ұсынған эмитенттің соңғы қаржылық есептілігін жасаған күннен бастап борыштық бағалы қағаздарды осы санатқа енгізу туралы өтініш берген күнге дейін алты айдан аспайтын мерзім өтуге тиіс.

      Егер аудиторлық есеппен расталған аяқталған қаржы жылы үшін соңғы қаржылық есептілік жасалған күннен бастап борыштық бағалы қағаздарды осы санатқа енгізу туралы өтініш берілген күнге дейін алты айдан астам мерзім өтсе, рұқсат беру бастамашысы аралық қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есеп немесе аралық қаржылық ақпаратты (эмитенттің аралық қаржылық есептілігінің толық жиынтығын) шолу бойынша есеп береді;";

      мынадай мазмұндағы 35-1 және 35-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "35-1. Эмитенттердің бағалы қағаздарын қор биржасының ресми тізіміне енгізу (айналысқа жіберу) және олардың онда ықшамдалған рәсім бойынша болуы Талаптардың 35-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында белгіленген талаптарды сақтамай қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) егер бұл бағалы қағаздар Талаптардың 4-тармағының 8) тармақшасына сәйкес құрылған және жұмыс істейтін қандай да бір секторларға айналысқа жіберілетін бағалы қағаздар болып табылса;

      2) егер бұл бағалы қағаздар "халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары" секторында айналысқа жіберілетін халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары болып табылса.

      Эмиссиялық бағалы қағаздары қор биржасының сауда жүйесінде айналысқа жіберілетін халықаралық қаржы ұйымдарының тізбесін осындай қор биржасы уәкілетті органмен келісім бойынша белгілейді;

      3) "мемлекеттік бағалы қағаздар" секторында айналысқа жіберілетін жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын қоса алғанда, егер бұл бағалы қағаздар мемлекеттік бағалы қағаздар болып табылса.

      35-2. Талаптардың 35 және 35-1-тармақтарында көрсетілген бағалы қағаздарды енгізу (айналысқа жіберу) туралы шешімдерді қор биржасының атқарушы органы қор биржасының ішкі құжаттарында айқындалған тәртіппен қабылдайды.";

       36, 37 және 38-тармақтар алынып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 41-тармақпен толықтырылсын:

      "41. Қор биржасы тізімінің "Листингтік емес бағалы қағаздар" секторына Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған бағалы қағаздар, оның ішінде базалық активі Қазақстан Республикасының және басқа мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған мемлекеттік емес бағалы қағаздар болып табылатын туынды бағалы қағаздар енгізіледі (жіберіледі).

      Бағалы қағаздарды "Листингтік емес бағалы қағаздар" секторына айналысқа жіберу талаптары мен тәртібі, сондай-ақ бағалы қағаздардың бұл секторда болу талаптары және одан шығу талаптары қор биржасының ішкі құжаттарында айқындалады. Бағалы қағаздардың "Листингтік емес бағалы қағаздар" секторында болуы олардың эмитенттеріне қандай да бір міндеттемелер жүктемейді. Бағалы қағаздарды "Листингтік емес бағалы қағаздар" секторына айналысқа жіберу қор биржасының кез келген мүшесінің бастамасы бойынша жүзеге асырылады.".

      2. Бақылау және қадағалау әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Қ.Б. Қожахметовке жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Қ. Келімбетов


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады