Тұрмыс деңгейін бағалау бойынша үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу бойынша сұхбат жүргізу әдістемесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2015 жылғы 17 қарашадағы № 179 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 14 желтоқсанда № 12412 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Төрағасының 2020 жылғы 2 шiлдедегi № 31 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Төрағасының 02.07.2020 № 31 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 12-бабының 5) тармақшасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 30 қыркүйектегі № 33 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9779 болып тіркелген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті туралы ереженің 13-тармағының 2) тармақшасына және 22-тармағының 12) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тұрмыс деңгейін бағалау бойынша үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу бойынша сұхбат жүргізу әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурстарында орналастырылуын;

      5) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің аумақтық органдарына жұмыс бабында басшылыққа алу және пайдалану үшін жеткізілуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Б.З. Иманәлиев) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Төраға

Ә. Смайылов


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігінің
Статистика комитеті төрағасының
2015 жылғы 17 қарашадағы
№ 179 бұйрығымен бекітілді

Тұрмыс деңгейін бағалау бойынша үй шаруашылықтарын
іріктемелі зерттеу бойынша сұхбат жүргізу әдістемесі
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әдістеме халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңына сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.

      2. Әдістеме интервьюерлердің тұрмыс деңгейі статистикасы бойынша жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды жүргізудің негізгі аспектілерін айқындайды.

      3. Осы Әдістеме – тұрмыс деңгейін бағалау бойынша үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу бойынша сұхбат жүргізудің рәсімдері мен әдістерінің алгоритмдері жиынтығы (бұдан әрі – Зерттеу).

      4. Осы Әдістемені Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2014 жылғы 4 қарашадағы № 41 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімде № 9968 болып тіркелген) төменде көрсетілген статистикалық нысандар бойынша зерттеулер жүргізу кезінде интервьюерлер қолданады (бұдан әрі – № 41 бұйрық):

      Күнделікті шығыстарды есепке алу күнделігі (индексі D 003) тоқсандық;

      Үй шаруашылықтарының табыстары мен шығыстары бойынша тоқсан сайынғы сұрақнама (индексі D 004) тоқсандық;

      Тоқсан сайынғы шығыстар мен табыстарды есепке алу журналы (индексі D 005) тоқсандық;

      Негізгі сұхбатқа арналған сұрақнама (индексі D 006) жылдық;

      Үй шаруашылығы құрамының бақылау карточкасы (индексі D 008) тоқсандық, жылдық.

      5. Зерттеу кең көлемді статистикалық ақпарат, соның ішінде үй шаруашылықтарының ақшалай табыстары мен шығыстарының деңгейі мен құрылымы, тұтынуы туралы ақпарат алу көздерінің бірі болып табылады. Зерттеу қорытындылары бойынша алынған ақпарат өңірлік ерекшеліктерді есепке алумен, халықтың тұрмыс деңгейі дамуының жағдайы мен үрдісін талдау, атқарушы органдардың өңірлерді әлеуметтік дамытудың түрлі бағдарламаларын дайындауы, өткізілетін іс-шаралардың тиімділігін бағалауы және ағымдағы болжамдарды әзірлеуі үшін пайдаланылады.

      6. Зерттеу кездейсоқ іріктеу әдісімен іріктелген үй шаруашылықтарының ерікті түрде қатысуы қағидатына құрылады.

      7. Алғашқы статистикалық деректерді жинау үй шаруашылықтары тұратын тұрғын үй-жайлардың мекенжайларына бару кестесіне сәйкес жүзеге асырылады. Зерттеуге қатысатын үй шаруашылықтарының тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) жыл сайын қаңтар айының 10-ына дейін қалыптастырылады.

      8. Статистикалық деректерді жинауды автоматтандыру мақсатында зерттеуге жеке пікіртерімнің компьютерлендірілген жүйесі (бұдан әрі – ЖПКЖ) енгізілді.

      9. ЖПКЖ-ның көмегімен байқау халыққа пікіртерім жүргізу және мәліметтерді электронды түрде портативті есептеу құрылғысына (бұдан әрі – ПЕҚ) енгізу арқылы жүзеге асырылады. Халыққа пікіртерім жүргізу арнайы дайындалған интервьюерлердің үй шаруашылықтарына баруы арқылы сұхбат жүргізу әдісімен жүзеге асырылады.

2. Дайындық кезеңі

      10. Зерттеуге қатысуға келісімін берген респонденттердің саны, берілетін ақпараттың сапасы интервьюер қолданатын респонденттермен қарым-қатынас жасау және өзара іс-қимыл әдістеріне байланысты.

      11. Интервьюер бірінші келгенде респонденттерге өкілеттіктерін көрсетумен, интервьюер куәлігін көрсетеді және зерттеу жүргізетін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің аумақтық органының (бұдан әрі – Комитеттің аумақтық органы) атынан өзін таныстырады.

      12. Интервьюер зерттеу үшін іріктелген мекенжайлар бойынша алдын-ала таратылған ақпараттық парақтың көшірмесін респондентке ұсынады.

      13. Осы үй шаруашылығын таңдау мүлде кездейсоқ және Статистикалық тұрғын үй қоры тіркелімінен арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің көмегімен математикалық әдіспен жүргізіледі. Интервьюер зерттеу үшін таңдалған үй шаруашылығын басқасына ауыстыруға жол берілмейтіндіктен, оларға тек осы үй шаруашылығынан ақпарат алуы қажет екеніне пікіртерім жүргізілетіндердің көзін жеткізеді.

      14. Интервьюер респондентке алынған ақпараттың құпиялылығына Комитеттің аумақтық органы кепілдік беретінін және статистикалық мақсатта біріктірілген (жиынтық) түрінде қолданылатынын хабарлайды.

      15. Егер бірінші рет келгенде үй шаруашылығында ешкім жоқ болса, интервьюер аптаның басқа уақытында және күнінде сол мекенжайға қайта барады.

      16. Комитеттің аумақтық органында интервьюерге елді мекеннің атауы мен зерттелетін үй шаруашылықтарының толық мекенжайларын көрсетумен тізбе ұсынылады. Іріктелген мекенжай бойынша тұратын, соның ішінде тұратын үйдің меншік иесі болып табылмайтын үй шаруашылықтары пікіртерім алуға жатады.

      17. Үй шаруашылығының құрамы туралы ақпарат жинауды интервьюер әдетте бұл үйде (пәтерде) кімдер тұрады деген сұрақтан бастайды. Бұл сұрақ интервьюерге бұл мекенжай бойынша тұрақты тұрмайтын адамдарды байқаудан алып тастауға мүмкіндік береді.

      18. Осы мекенжай бойынша тұрақты тұратын адамдарды анықтағаннан кейін, интервьюер үй шаруашылығы мүшелері күніне кем дегенде бір рет бірге тамақтана, жоқ па немесе тұрғын үй шаруашылықтарды бірге пайдалана ма әлде жоқ па екені туралы сұрайды. Алынған жауап бірыңғай үй шаруашылығын құрайтын адамдарды анықтауға мүмкіндік береді.

      19. Үй шаруашылығы бірге тұратын, өз табыстары мен мүлкін толықтай немесе ішінара біріктіретін және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді бірлесіп тұтынатын бір немесе одан да көп жеке тұлғалардан тұратын экономикалық субъектіні білдіреді.

      20. Зерттеудің статистикалық нысандары іріктемеге түскен, әрбір жеке алынған үй шаруашылығына толтырылады.

3. Портативті есептеу құрылғысында зерттеудің статистикалық
нысандарын толтырудың әдіснамалық негіздері

      21. Зерттеуде ЖПКЖ пайдалану деректерді жинау үдерісін автоматтандырады. ЖПКЖ жүйесі үшін кіріс деректер ПЕҚ көмегімен пікіртерім жүргізу үшін нысандарды толтыру арқылы алынған алғашқы деректер болып табылады.

      22. ЖПКЖ пайдалану кезінде әңгімелесу жүргізудің айқын сызбасы қамтамасыз етіледі:

      деректерді енгізу – деректерді жинау үдерісі шеңберінде;

      қателерді түзету – деректерді жинау үдерісінде;

      қайталанатын деректерді автоматты түрде есепке алу.

      23. ЖПКЖ енгізудің басымдықтары:

      деректердің жоғары сапасы;

      зерттеу жүргізуге жұмсалатын шығындарды төмендету;

      деректерді жедел жеткізу;

      деректерді енгізу үдерісін автоматтандыру.

      24. Деректердің толық болуын қамтамасыз ету:

      жауаптар және пікіртерім беттері қалып кетпейді;

      сәйкестендіру нөмірлері, кодтар алдын-ала жүктеледі.

      25. Деректердің нақтылығын қамтамасыз ету:

      негізіне форматты-логикалық бақылау (бұдан әрі - ФЛБ) енгізілген;

      қайталанатын деректерді бақылау;

      топтық символдарды қолдануға жол беру;

      ретсіз және шындыққа сай келмейтін жауаптар бойынша түзетулер енгізу үшін деректерді салыстыра тексеру және еске салу сөздері.

      26. ЖПКЖ жүйесі бойынша "Тоқсан сайынғы шығыстар мен табыстарды есепке алу журналы (индексі D 005) тоқсандық" нысанынан басқа, осы Әдістеменің 4-тармағында көрсетілген зерттеудің статистикалық нысандары енгізіледі.

      27. Орнатылып қойған бағдарламасымен ПЕҚ-та жұмыс істеу контейнерді жүктеуден басталады.

      28. Интервьюер зерттеу жүргізу үшін ПЕҚ-та үй шаруашылықтарының тізімінен нақты үй шаруашылығын таңдайды. Бұдан әрі статистикалық нысандардың тізімінен толтыру үшін нысан таңдалады.

      29. Қажет нысанда бөлімдер бойынша деректер толтырылады. Барлық бөлімдер бойынша деректер енгізілгеннен кейін "ФЛБ" қосымшасын таңдау қажет. Егер қателер болса, жүйе қателер мәтіні мен оларды жою жөніндегі нұсқауларды көрсетеді. Нұсқауларға сәйкес барлық қателерді түзету қажет. Нысанды сақтау автоматты түрде жүргізіледі.

      30. Барлық үй шаруашылықтары бойынша барлық нысандарды толтырғаннан кейін интервьюер контейнердің шығарылуын бір рет жүзеге асырады.

4. Сұхбатты жүргізу

      31. Интервьюер сұрақтардың тұжырымын немесе олардың тәртібін өзгертпеуі керек. Сұрақ сауалнамада қалай тұжырымдалған, солай оқылады. Сұрақ тұжырымын өзгерту оның дұрыс түсіндірілмеуіне, қате жауапқа және нәтижесінде пікіртерімнің дұрыс жүргізілмеуіне әкеледі.

      32. Электронды сұрақнамаларда ПЕҚ-та жауаптардың ұсынылған тізбесінен жауаптардың дайын нұсқалары таңдалады.

      33. Өлшем бірліктері тауар айқындамаларына тіркелген және жауаптар тізбесінен қажет нұсқаны таңдаған кезде ұяшықта автоматты түрде пайда болады.

      34. Жауаптардың нақтылығына ерекше талаптар қойылады. Интервьюер таңдаған едәуір нақты жауаптар негізінде зерттеудің жиынтық қорытындыларын әзірлеу үшін қолданылатын тиісті жіктелімдік топтамалардың кодтары қойылады. Интервьюер респонденттің жауаптарын сауатты және нақты тұжырымдау үшін алдын ала осы топтамаларды зерделейді.

      35. Сұрақтарға қажет жауаптарды таңдау кезінде интервьюер таңдалған санаттың кодын белгілейді. Қате белгіленген код пікіртерімнің дұрыс жүргізілмеуіне әкеледі.

5. Интервьюерлерді оқыту және олардың жұмыстарының сапасын бақылау

      36. Интервьюерлерді дайындау үдерісі келесі кезеңдерді қамтиды:

      зерттеудің негізгі тұжырымдамалық және әдістемелік қағидаттарына оқыту;

      зерттеу құралдарын зерделеу;

      зерттеудің барлық нысандарын толтыру жөніндегі нұсқаулық;

      рөлдік ойындар;

      үй шаруашылығымен бірінші жолығу кезінде және үй шаруашылықтарында тікелей пікіртерім жүргізу кезінде интервьюердің мінез-құлқының негізгі қағидаларына, сұхбат жүргізудің техникасына оқыту;

      интервьюерлерді ПЕҚ-ті қолдану арқылы зерттеу жүргізуге оқыту.

      37. Интервьюерлер жұмысының сапасын бақылау келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:

      сұралған үй шаруашылықтарының кодтарын іріктемелі жиынтықтың кодтарымен салыстыра тексеру;

      интервьюердің үй шаруашылықтарына бару кестемен белгіленген мерзімдерін сақтауы;

      № 41 бұйрыққа сәйкес статистикалық нысандарды толтыру.

      38. Интервьюердің жұмысының сапасын тексеруді Комитеттің аумақтық органдары алдын ала әзірленген кестеге сәйкес тоқсанына бір реттен кем емес жүргізеді.

      39. Тұрмыс деңгейін бағалау бойынша үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу бойынша интервьюерлердің жалпымемлекеттік статистикалық байқауларды жүргізу жөніндегі жоспар-кестесі осы Әдістемеге қосымшаға сәйкес ұсынылған.

  Тұрмыс деңгейін бағалау
бойынша үй шаруашылықтарын
іріктемелі зерттеу бойынша
сұхбат жүргізу әдістемесіне
қосымша

Тұрмыс деңгейін бағалау бойынша үй шаруашылықтарын іріктемелі
зерттеу бойынша интервьюерлердің жалпымемлекеттік статистикалық
байқауларды жүргізу жөніндегі жоспар-кесте



      Д 003 нысаны бойынша (Күнделікті шығыстарды есепке алу күнделігі) зерттеу жыл бойы жүргізіледі. Әрбір бес үй шаруашылығы бірінші тоқсанның екі аптасы ішінде (1-2 апта) зерттеледі. Келесі тоқсанда осы үй шаруашылықтары айдың екінші жартысында (3-4 апта) зерттеледі.

      Д008 нысаны бойынша (Үй шаруашылығының құрамын бақылау карточкасы) пікіртерім қаңтар айының 20-ына дейін жүргізіледі, тоқсан сайын нақтыланады. "Н" - айдың 10-ына дейін нақтылау.

      Д005 нысаны (Тоқсан сайынғы табыстар мен шығыстарды есепке алу журналы). Үй шаруашылықтары әр тоқсан бойы толтырады.

      Д004 нысаны (Үй шаруашылықтарының табыстары мен шығыстары бойынша тоқсан сайынғы сұрақнама) Д005 нысаны негізінде тоқсаннан кейінгі айдың 10-ына дейін тоқсандардың қорытындылары бойынша толтырылады.

      Д006 нысаны (Негізгі сұхбатқа арналған сұрақнама) пікіртерім желтоқсан айының 30-ына дейін жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады