Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ техникалық экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы № 705 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 18 желтоқсанда № 12422 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 25.12.2020 № 678 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 6-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ техникалық экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 25.12.2020 № 678 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика

      министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ұлттық экономика


министрі

Е. Досаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      _____________Ә. Исекешев

      2015 жылғы "___"__________


      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму

      министрінің м.а.

      _____________А. Рау

      2015 жылғы 25 қараша



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 19 қарашадағы
№ 705 бұйрығымен
бекітілген

Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру мен жүргізу, сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 25.12.2020 № 678 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 6-4) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар мыналарды:

      құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін (бұдан әрі – Мемлекеттік банк) қалыптастыру және жүргізу тәртібі;

      Мемлекеттік банктен техникалық-экономикалық негіздемелерді (бұдан әрі – ТЭН), үлгілік жобаларды (бұдан әрі – ҮЖ) және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы (бұдан әрі – ЖСҚ) ұсыну тәртібін айқындайды.

      3. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) автор – жеке тұлға, сәулет туындысының авторы немесе шарт немесе Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіз бойынша сәулет туындысын (қызметтік туындыны) пайдалануға айрықша құқық алған заңды тұлға;

      2) аккредиттелген сараптама ұйымы – сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аккредиттелген, объектілердің құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасымен мемлекеттік монополияға жатқызылмаған ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) жеке инвестициялар – ТЭН және ЖСҚ әзірлеуге бағытталған жеке немесе заңды тұлғалардың мемлекеттік емес қаржы қаражаты;

      4) клиент – электрондық архивте бар ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ алуға Мемлекеттік банкке жүгінген жеке және заңды тұлға;

      5) құрылыс жобаларының мемлекеттік банкі – ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған жаңа объектілерді салуға ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ электрондық архиві;

      6) Мемлекеттік банктің операторы – Мемлекеттік банкті қалыптастыруды және жүргізуді, сондай-ақ Мемлекеттік банктен ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ беруді жүзеге асыратын мемлекеттік сараптама ұйымы;

      7) мемлекеттік сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және мемлекеттік монополияға жатқызылған қызметті жүзеге асыратын, объектілердің құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу, құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру мен жүргізу, сондай-ақ құрылыс жобаларының мемлекеттік банкінен техникалық-экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобалар мен жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну жөніндегі заңды тұлға;

      8) тапсырыс беруші – жобаның (бағдарламаның) инвесторы ретінде әрекет ететін жеке немесе заңды тұлға, құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптамадан өткен ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ бойынша меншік иесі не олардың уәкілетті тұлғалары;

      9) электрондық архив – ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ электрондық құжаттарының жиынтығы;

      10) электрондық тізілім – ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ каталогы.

      4. Мемлекеттік банкті қалыптастыру мен жүргізудің мақсаты клиенттерге электрондық архивте бар ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ ұсыну болып табылады.

      5. Мемлекеттік банк қызметінің негізгі бағыттары:

      электрондық тізілімді қалыптастыру, жүргізу және жалпы қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ үнемі жаңартылып отыратын және толтырылатын электрондық архивін қалыптастыру және жүргізу;

      ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ ұсыну болып табылады.

      6. Мемлекеттік банктің клиенттері, тапсырыс берушілері, жоба авторы мен операторының өзара қарым-қатынасы "бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыруға арналған бірыңғай портал (бұдан әрі – Портал) арқылы жүзеге асырылады.

2-тарау. Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу тәртібі

1-параграф. Мемлекеттік банкке енгізілетін техникалық-экономикалық негіздемелер, үлгілік жобалар және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамалары

      7. Электрондық архивте мыналар сақталуы тиіс:

      ТЭН;

      үлгілік жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы;

      объектілердің жаңа құрылысы үшін ЖСҚ.

      Ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететін жекелеген объектілерді салуға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы сараптамалық сүйемелдеу режимінде немесе кезең-кезеңімен әзірлеудің жеке жоспары бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу және келісу кезінде Мемлекеттік банкке осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес құжаттар ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жиынтық қорытындысы берілгеннен кейін беріледі.

      8. Электрондық архивте мыналар сақталуға жатпайды:

      1) құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс қорытындысын алған жобалар;

      2) құпиялылық таңбасы бар немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ;

      3) инвестициялардың негіздемелері;

      4) мыналар:

      қолданыстағы объектілерді реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру немесе күрделі жөндеу;

      құрылысы тоқтатыла тұрған басталған, бірақ аяқталмаған объектілерді консервациялау (консервациядан алу);

      құрылысы аяқталмаған бөлшектенетін объектілерді не өз ресурсын тауысқан объектілерді кейіннен кәдеге жарату;

      тарих және мәдениет ескерткіштеріне заңнамалық түрде жатқызылған объектілерді реставрациялау;

      құрылыс компонентін қамтымайтын өзге де жобалар;

      5) инженерлік немесе көлік инфрақұрылымының желілік құрылыстарының жобалары.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген, мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен әзірленген және ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ электрондық архивте сақтау үшін қосуға жатады.

      10. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген, жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылатын жобалар жобаға тапсырыс берушінің шешімі бойынша электрондық архивке тапсырылуға жатады. Бұл ретте, ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындысы алынған сәттен бастап, 3 (үш) жылдан аспайтын мерзім өтуі тиіс.

2-параграф. Мемлекеттік банкке енгізілетін техникалық-экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын қабылдау және тіркеу және электрондық тізілімді жүргізу тәртібі

      11. ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ тапсырыс беруші ұсынған, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алған жобаларға авторлық құқықтарды реттеуге байланысты электрондық тізілімге және электрондық архивке енгізіледі.

      12. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген жобалар бойынша "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 16-бабының 2 және 4-тармақтарында көзделген іс-әрекеттерді мерзімсіз және өтеусіз негізде жүзеге асыруға белгісіз және шектелмеген адамдар тобына рұқсат ететін мүліктік құқықтарды тапсырыс берушілер жобалардың авторларымен көзделген жобаларды әзірлеуге шарттар жасасу кезінде жазбаша түрде реттейді.

      Тапсырыс беруші Портал арқылы құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалану жөніндегі құқықтарды регламенттейтін нысан бойынша құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мемлекеттік банк операторына мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шарт жобасына автордың қол қоюын қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шарт жасалған ТЭН-ге, ҮЖ-ге және ЖСҚ-ға ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы берілгеннен кейін құжаттардың электрондық нұсқасы 5 (бес) жұмыс күні ішінде электрондық архивке және электрондық тізілімге енгізу үшін Портал арқылы жіберіледі.

      Егер құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қойылмаған жағдайда, онда ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ электрондық архивке енгізілмейді, бірақ жобаның деректері (атауы, қуаты, тапсырыс беруші, бас жобалаушы, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысының нөмірі мен күні) "Жоба авторымен келісу жоқ" деген белгімен электрондық тізілімге енгізіледі.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13-1. Электрондық тізілімге енгізілген ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ-ның барлық жобалары бойынша жобаның деректері (атауы, қуаты, тапсырыс беруші, бас жобалаушы, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысының нөмірі мен күні) және сметалық құжаттама жалпыға қолжетімді болып табылады және Мемлекеттік банктің интернет-ресурсында орналастырылады.

      Ескерту. Қағида 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген жобалар Тапсырыс берушінің шешімі бойынша электрондық тізілімге және электрондық архивке:

      1) тапсырыс берушінің өтініші;

      2) портал операторы, жобаға тапсырыс беруші, жоба авторы және клиент арасында Портал арқылы құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шарт негізінде енгізіледі.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Ұсынылатын құжаттардың құрамы мен жинақтылығы электрондық архивке енгізу үшін осы Қағидалардың 1-қосымшасында көрсетілген.

      Мемлекеттік және (немесе) аккредиттелген сараптама ұйымдары құрылыс жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасының қорытындысын бергенге дейін осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ жиынтығының электрондық нұсқасын олардың түпкілікті редакциясында қалыптастырады.

      ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ жобаның тиісті бөлімдеріне немесе бөліктеріне жауапты сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған олардың түпкілікті редакциясында Мемлекеттік банкке енгізілуге жатады.

      15-1. Бұрын берілген қорытындыларды сараптамалық ұйымдар кері қайтарып алған құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-8-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Мемлекеттік банктен алып тасталуға жатады.

      Ескерту. Қағида 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Мемлекеттік банктен техникалық-экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын беру тәртібі

      16. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ интернет ресурстың барлық пайдаланушылары үшін жалпыға қолжетімді болып табылатын электрондық тізілімде көрсетіледі.

      17. Электрондық архивте сақталатын ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ нобайлық жобаларына қол жеткізу немесе ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ тапсыру үшін клиент Порталда пайдаланушы ретінде тіркеліп, Мемлекеттік банк операторы бекіткен ТЭН-мен, ҮЖ-мен және ЖСҚ-мен жұмыс тәртібі туралы келісімге қол қоюы қажет.

      18. ТЭН-мен, ҮЖ-мен және ЖСҚ-мен жұмыс істеу тәртібі туралы келісім тіркегеннен және оған қол қойылғаннан кейін клиентке жеке кабинетте "Жоба авторымен келісу жоқ" деген белгісі бар ТЭН-ді, ҮЖ-ны және ЖСҚ-ны қоспағанда, электрондық тізілімде тұрған жобалар бойынша нобайлық жобаларға қолжетімділік ашылады.

      19. Электрондық архивте сақталатын ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ жиынтығын алу үшін клиент өтініш беруі қажет, ол ЭЦҚ-мен куәландырылады және Порталдағы жеке кабинет арқылы жіберіледі.

      Өтініште электрондық тізілімдегі жобаның сатып алу мақсаты көрсетіледі.

      Электрондық архивте сақталатын ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ жиынтығын беру клиенттен өтініш тіркелген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Егер өтініште электрондық архивтегі тізілімдегі жобаның атауы мен сатып алу мақсаты көрсетілмесе, клиентке қол жеткізуден бас тартылады.

      20. "Жоба авторымен келісу жоқ" деген белгімен ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ таңдаған кезде клиент:

      ЭЦҚ-мен куәландырылатын және Порталдағы жеке кабинет арқылы Мемлекеттік банк операторына жіберілетін ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ алуға өтініш;

      ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ алу үшін нысан бойынша құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қоюға өтінім жібереді, ол ЭЦҚ-мен куәландырылады және тапсырыс берушіге Порталдағы жеке кабинет арқылы жіберіледі.

      ТЭН, ҮЖ немесе ЖСҚ алуға арналған өтініште электрондық тізілімдегі жобаның сатып алу мақсаты көрсетіледі.

      Егер өтініште электрондық тізілімдегі жобаның сатып алу мақсаты көрсетілмесе, клиентке оны беруден бас тартылады.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Клиент тек қана бір ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ бойынша құжаттаманы ұсыну туралы өтінішті жолдайды. Қайтадан өтінішті клиент тек алдыңғы сұрақ бойынша жауап пысықталған және портал операторынан жауап алынғаннан кейін ғана жіберіледі.

      22. Егер Мемлекеттік банк операторы, тапсырыс беруші мен жобаның авторы құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қоятын болса, онда Мемлекеттік банк операторы клиентті хабардар етеді және құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде беруді жүзеге асырады. Электрондық тізілімде "Жоба авторымен келісу жоқ" деген белгі алынып тасталады және жоба электрондық архивке қайта жіберіледі.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Егер тапсырыс беруші және жобаның авторы 10 (он) жұмыс күні ішінде құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қоймаса, Мемлекеттік банк операторы 3 (үш) жұмыс күні ішінде клиентке ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ ұсынудың мүмкін еместігі туралы хабарлайды.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      24. Клиент сұраған ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ материалдарын беру оның Порталдағы жеке кабинеті арқылы жүзеге асырылады.

      25. Мемлекеттік банк операторы жарты жылда кемінде бір рет нысан бойынша тапсырыс беруші мен жоба авторы арасындағы құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қоюға "Жоба авторымен келісу жоқ" деген белгісі бар электрондық тізілімдегі жобаларға тапсырыс берушілерге өтінім жібереді.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      26. Мемлекеттік банктен клиенттерге, мемлекеттік мекемелерге және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ТЭН-ді, ҮЖ-ны және ЖСҚ-ны беру өтеусіз негізде жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік мекемелер және квазимемлекеттік сектор субъектілері болып табылмайтын клиенттерге мемлекеттік банк операторының құрылыс жобалары әрбір жобаны бөлек сатып алуға арналып жасалған шартқа сәйкес "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 63-1-бабының 3-тармағына сәйкес айқындалатын мөлшерде ақылы негізде беріледі.

      27. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген жобалар бойынша жобаның авторы Заңның 16-бабының 2 және 4-тармақтарында көзделген іс-әрекеттерді мерзімсіз және өтеусіз негізде жүзеге асыруға рұқсат беретін құқықтарды берген жағдайда, жобаның авторы электрондық архивте орналасқан ТЭН-ді, ҮЖ-ны және ЖСҚ-ны Мемлекеттік банкке өтеусіз негізде берілген құрылыс жобаларының санына тең алу құқығына ие болады.

      28. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген жобаларды электрондық архивке енгізу үшін жіберген клиенттер Мемлекеттік банктен жасалған шартқа сәйкес Мемлекеттік банкке берілген құрылыс жобаларының санына тең құрылыс жобаларын ала алады.

      29. Электрондық архивтегі ТЭН-ді, ҮЖ-ны және ЖСҚ-ны тапсыру және сатып алу шарттары Портал арқылы электрондық-цифрлық нысанда жасалады, тараптардың уәкілетті өкілдерімен олардың ЭЦҚ-сымен шартқа қол қойылады.

      Жоғарыда көрсетілген шарттар жария болып табылады және Мемлекеттік банктің операторы клиентпен немесе тапсырыс берушімен жасасады.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      30. Мемлекеттік банктен сатып алынған ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ пайдаланылған жағдайда, тиісті ақпарат әзірленген жаңа ТЭН және ЖСҚ кешенді ведомстводан тыс сараптамаға берген кезде көрсетіледі.

      Клиент берілген құжаттаманы ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ алу туралы өтініште көрсетілген мақсатқа сәйкес пайдаланады.

      31. Мемлекеттік банктен құрылыс жобасын алғаннан кейін ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ тапсырыс берушінің шешіміне сәйкес түзетуге, сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік нормалар мен талаптарға сәйкес келтіруге жатады.

      32. Үлгілік жобалау құжаттамасын қоспағанда, ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ кешенді ведомстводан тыс сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін 3 (үш) жыл өткен соң Мемлекеттік банктен алып тастауға жатады.

      33. Мемлекеттік банктің операторы Мемлекеттік банктен берілген ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ мақсатсыз пайдаланылуына мониторингті жүзеге асырмайды.

  Құрылыс жобаларының
мемлекеттік банкін
қалыптастыру мен жүргізу,
сондай-ақ техникалық-
экономикалық негіздемелерді,
үлгілік жобаларды және жобалау
(жобалау-сметалық)
құжаттамасын ұсыну
қағидаларына
1-қосымша

Электрондық архивке енгізу үшін ұсынылатын құжаттардың құрамы мен жинақтылығы

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген жаңа объектілердің құрылыс жобалары бойынша электрондық архивке енгізу үшін "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 60-бабының 4-тармағына және 63-бабының 1-тармағына сәйкес мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

      1) ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы;

      2) жаңа ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салу үшін ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ әзірлеу үшін негіз болып табылатын бастапқы құжаттар, атап айтқанда:

      тапсырыс беруші бекіткен жобалауға арналған тапсырма (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ әзірлеу);

      сәулет, қала құрылысы және құрылыс органдарымен келісілген нобайлық жоба;

      3) жобаның тиісті бөлімдеріне немесе бөліктеріне жауапты сарапшылардың ЭЦҚ-сымен куәландырылған кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізілген және сараптаманың оң қорытындысын алған бөлімдер бойынша құжаттама.

      Сметалық бөлігі болған жағдайда:

      тапсырыс беруші бекіткен, прайс-парақтар бойынша жобада қолданылатын материалдардың, бұйымдардың, конструкциялардың, инженерлік және технологиялық жабдықтардың, өзге де материалдық ресурстардың тізбесі, олар қоса беріледі және олардың бір өлшем бірлігі үшін бағасы көрсетіледі;

      Порталда электрондық-цифрлық нысанда, ЖСҚ құрамында жасалған, қазақстандық қамтуды ескере отырып, негізгі құрылыс материалдары, бұйымдары, конструкциялары мен жабдықтары қажеттілігінің жиынтық ведомосі;

      жергілікті ресурстық сметаларды есептеу нәтижелері мен бастапқы деректерді ұсынудың әмбебап форматы (KENML форматы).

  Құрылыс жобаларының
мемлекеттік банкін
қалыптастыру мен жүргізу,
сондай-ақ техникалық-
экономикалық негіздемелерді,
үлгілік жобаларды және жобалау
(жобалау-сметалық)
құжаттамасын ұсыну
қағидаларына
2-қосымша

Кез келген түрде және кез келген тәсілмен пайдалануға мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы авторлық шарт

      Ескерту. 2-қосымша алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 11.11.2022 № 625 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады