Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 11 қарашадағы № 625 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 18 қарашада № 30589 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің кейбір бұйрықтарына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 229 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10795 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастыру және функцияларын жүзеге асыру қағидаларында:

      10-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Тапсырыс беруші:

      1) дербес немесе басқа мамандарды тарта отырып, салынуы белгіленген объектіні жобалауға арналған тапсырманы дайындайды.

      Жобалауға арналған тапсырма жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөніндегі тапсырысты орындау шартының ажырамас бөлігі және оны тапсырыс беруші бекіткен сәттен бастап тараптар үшін міндетті болып табылады.

      Мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілерді жобалауға арналған тапсырмада тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорына қосылған, "Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 қарашадағы № 1107 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12767 болып тіркелген) бекітілген Тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің және оларды берушілердің дерекқорын қалыптастыру және жүргізу қағидаларына (бұдан әрі – ТЖКҚ дерекқорын жүргізу қағидалары) сәйкес қалыптастырылған қазақстандық өндірістің құрылыс материалдарын, жабдықтарын, бұйымдары мен конструкцияларын қолдану шарты белгіленеді.

      Жобалауға арналған тапсырмада Заңның 20-бабының 23-16) тармақшасына сәйкес бекітілетін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтердің талаптарына сәйкес мүгедектігі бар адамдар және басқа да халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімді жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ "Мүгедектігі бар адамның жұмыс орны стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2016 жылғы 14 маусымдағы № 519 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13913 болып тіркелген) сәйкес еңбек жағдайларын жасау шарты белгіленеді.

      Мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілерді жобалауға арналған тапсырмада Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы № 705 бұйрығымен бекітілген Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ техникалық экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12422 болып тіркелген) сәйкес жобалау алдындағы немесе жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкіне енгізу және Мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы авторлық шартқа қол қою шарты белгіленеді.

      Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу талап етілмейтін және мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын экономиканың барлық салаларындағы әлеуметтік-мәдени, қоғамдық және әкімшілік мақсаттағы объектілерді жобалауға арналған тапсырмада инвестициялық ұсынысқа құрылыстың есептік шекті құны туралы тапсырыс берушінің шарты белгіленеді.

      Құрылыстың есептік шекті құны құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжатқа сәйкес айқындалады және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу кезінде инвестициялық жобаны іске асыру үшін қаражат лимиті болып табылады.

      Жобалау процесінде жобаларды іске асыру үшін тапсырыс беруші қаражатының жалпы (шекті) лимиті болып табылатын құрылыстың есептік шекті құнынын қоспағанда, тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша жобалауға арналған тапсырма түзетіледі және нақтыланады. Жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу кезінде алынған құрылыстың сметалық құны бекітілген жобалауға арналған тапсырмада жазылған инвестициялық ұсынысқа құрылыстың есептік шекті құнынан аспауы тиіс. Тапсырыс берушінің бастамасы бойынша жобалауға арналған тапсырмаға түзетулер енгізілген кезде жобалау алдындағы немесе жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының әзірленген бөлімдерін қайта өңдеуді қажет ететін болса, онда орындалған жұмыс көлемін ескере отырып, шартқа қосымша келісім жасалады;";

      2) "Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ техникалық экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы № 705 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12422 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Құрылыс жобаларының мемлекеттік банкін қалыптастыру және жүргізу, сондай-ақ техникалық экономикалық негіздемелерді, үлгілік жобаларды және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын ұсыну қағидаларында:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Электрондық архивте мыналар сақталуға жатпайды:

      1) құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс қорытындысын алған жобалар;

      2) құпиялылық таңбасы бар немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ;

      3) инвестициялардың негіздемелері;

      4) мыналар:

      қолданыстағы объектілерді реконструкциялау, кеңейту, жаңғырту, техникалық қайта жарақтандыру немесе күрделі жөндеу;

      құрылысы тоқтатыла тұрған басталған, бірақ аяқталмаған объектілерді консервациялау (консервациядан алу);

      құрылысы аяқталмаған бөлшектенетін объектілерді не өз ресурсын тауысқан объектілерді кейіннен кәдеге жарату;

      тарих және мәдениет ескерткіштеріне заңнамалық түрде жатқызылған объектілерді реставрациялау;

      құрылыс компонентін қамтымайтын өзге де жобалар;

      5) инженерлік немесе көлік инфрақұрылымының желілік құрылыстарының жобалары.";

      12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген жобалар бойынша "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 16-бабының 2 және 4-тармақтарында көзделген іс-әрекеттерді мерзімсіз және өтеусіз негізде жүзеге асыруға белгісіз және шектелмеген адамдар тобына рұқсат ететін мүліктік құқықтарды тапсырыс берушілер жобалардың авторларымен көзделген жобаларды әзірлеуге шарттар жасасу кезінде жазбаша түрде реттейді.

      Тапсырыс беруші Портал арқылы құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалану жөніндегі құқықтарды регламенттейтін нысан бойынша құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мемлекеттік банк операторына мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шарт жобасына автордың қол қоюын қамтамасыз етеді.

      13. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шарт жасалған ТЭН-ге, ҮЖ-ге және ЖСҚ-ға ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы берілгеннен кейін құжаттардың электрондық нұсқасы 5 (бес) жұмыс күні ішінде электрондық архивке және электрондық тізілімге енгізу үшін Портал арқылы жіберіледі.

      Егер құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қойылмаған жағдайда, онда ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ электрондық архивке енгізілмейді, бірақ жобаның деректері (атауы, қуаты, тапсырыс беруші, бас жобалаушы, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысының нөмірі мен күні) "Жоба авторымен келісу жоқ" деген белгімен электрондық тізілімге енгізіледі.";

      мынадай мазмұндағы 13-1-тармақпен толықтырылсын:

      "13-1. Электрондық тізілімге енгізілген ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ-ның барлық жобалары бойынша жобаның деректері (атауы, қуаты, тапсырыс беруші, бас жобалаушы, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысының нөмірі мен күні) және сметалық құжаттама жалпыға қолжетімді болып табылады және Мемлекеттік банктің интернет-ресурсында орналастырылады.";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген жобалар Тапсырыс берушінің шешімі бойынша электрондық тізілімге және электрондық архивке:

      1) тапсырыс берушінің өтініші;

      2) портал операторы, жобаға тапсырыс беруші, жоба авторы және клиент арасында Портал арқылы құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шарт негізінде енгізіледі.";

      мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:

      "15-1. Бұрын берілген қорытындыларды сараптамалық ұйымдар кері қайтарып алған құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-8-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Мемлекеттік банктен алып тасталуға жатады.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. "Жоба авторымен келісу жоқ" деген белгімен ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ таңдаған кезде клиент:

      ЭЦҚ-мен куәландырылатын және Порталдағы жеке кабинет арқылы Мемлекеттік банк операторына жіберілетін ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ алуға өтініш;

      ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ алу үшін нысан бойынша құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қоюға өтінім жібереді, ол ЭЦҚ-мен куәландырылады және тапсырыс берушіге Порталдағы жеке кабинет арқылы жіберіледі.

      ТЭН, ҮЖ немесе ЖСҚ алуға арналған өтініште электрондық тізілімдегі жобаның сатып алу мақсаты көрсетіледі.

      Егер өтініште электрондық тізілімдегі жобаның сатып алу мақсаты көрсетілмесе, клиентке оны беруден бас тартылады.";

      22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Егер Мемлекеттік банк операторы, тапсырыс беруші мен жобаның авторы құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қоятын болса, онда Мемлекеттік банк операторы клиентті хабардар етеді және құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қойылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде беруді жүзеге асырады. Электрондық тізілімде "Жоба авторымен келісу жоқ" деген белгі алынып тасталады және жоба электрондық архивке қайта жіберіледі.

      23. Егер тапсырыс беруші және жобаның авторы 10 (он) жұмыс күні ішінде құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қоймаса, Мемлекеттік банк операторы 3 (үш) жұмыс күні ішінде клиентке ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ ұсынудың мүмкін еместігі туралы хабарлайды.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Мемлекеттік банк операторы жарты жылда кемінде бір рет нысан бойынша тапсырыс беруші мен жоба авторы арасындағы құрылыс жобасын (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ) пайдалануға арналған құқықтарды, соның ішінде мүліктік (айрықша) құқықтарды беру туралы шартқа қол қоюға "Жоба авторымен келісу жоқ" деген белгісі бар электрондық тізілімдегі жобаларға тапсырыс берушілерге өтінім жібереді.";

      көрсетілген бұйрыққа 1-қосымша осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      2-қосымша алынып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
К. Ускенбаев

  Қазақстан Республикасының
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің
2022 жылғы 11 қарашадағы
№ 625 бұйрығына
1-қосымша
  Құрылыс жобаларының
мемлекеттік банкін
қалыптастыру мен жүргізу,
сондай-ақ техникалық-
экономикалық негіздемелерді,
үлгілік жобаларды және жобалау
(жобалау-сметалық)
құжаттамасын ұсыну
қағидаларына
1-қосымша

Электрондық архивке енгізу үшін ұсынылатын құжаттардың құрамы мен жинақтылығы

      Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген жаңа объектілердің құрылыс жобалары бойынша электрондық архивке енгізу үшін "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 60-бабының 4-тармағына және 63-бабының 1-тармағына сәйкес мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

      1) ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысы;

      2) жаңа ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салу үшін ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ әзірлеу үшін негіз болып табылатын бастапқы құжаттар, атап айтқанда:

      тапсырыс беруші бекіткен жобалауға арналған тапсырма (ТЭН, ҮЖ және ЖСҚ әзірлеу);

      сәулет, қала құрылысы және құрылыс органдарымен келісілген нобайлық жоба;

      3) жобаның тиісті бөлімдеріне немесе бөліктеріне жауапты сарапшылардың ЭЦҚ-сымен куәландырылған кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізілген және сараптаманың оң қорытындысын алған бөлімдер бойынша құжаттама.

      Сметалық бөлігі болған жағдайда:

      тапсырыс беруші бекіткен, прайс-парақтар бойынша жобада қолданылатын материалдардың, бұйымдардың, конструкциялардың, инженерлік және технологиялық жабдықтардың, өзге де материалдық ресурстардың тізбесі, олар қоса беріледі және олардың бір өлшем бірлігі үшін бағасы көрсетіледі;

      Порталда электрондық-цифрлық нысанда, ЖСҚ құрамында жасалған, қазақстандық қамтуды ескере отырып, негізгі құрылыс материалдары, бұйымдары, конструкциялары мен жабдықтары қажеттілігінің жиынтық ведомосі;

      жергілікті ресурстық сметаларды есептеу нәтижелері мен бастапқы деректерді ұсынудың әмбебап форматы (KENML форматы).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады