Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 718 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 31 желтоқсанда № 12775 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 10 қыркүйектегі № 464 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 10.09.2021 № 464 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн аяқталғанда күшіне енеді) бұйрығымен.

      "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы" 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 4) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті (С.Е.Жолдасбаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Т.О. Балықбаевқа жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің міндетін атқарушы Т. Балықбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ____________ Б. Сұлтанов

      2015 жылғы 31 желтоқсан



  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым
министрінің міндетін
атқарушының
2015 жылғы 31 наурыздағы
№ 718 бұйрығымен
бекітілген

Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 24.04.2017 № 185 бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 31 қазандағы "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы" Заңының 4-бабы 4) тармақшасына сәйкес әзірленген және ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру (бұдан әрі - қаржыландыру) тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) грант алушы – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін (бұдан әрі - ҒТҚН) коммерцияландыру жобасына гранттық қаржыландыру туралы шарт жасаған жеке немесе заңды тұлға;

      2) ғылым саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      3) ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру бойынша оператор (бұдан әрі - оператор) – уәкілетті орган айқындайтын ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын қаржыландыруды ұйымдастыру бойынша қажетті тәжірибесі бар заңды тұлға;

      4) ҒТҚН коммерцияландыру жобасы (бұдан әрі - жоба) – зияткерлік қызмет нәтижелерін қоса алғанда, табыс алуға бағытталған жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, процестер мен қызметтерді нарыққа шығару мақсатындағы ҒТҚН практикалық қолдануға бағытталған болжанып отырған жұмыстың мазмұнын қамтитын құжат;

      5) ҒТҚН коммерцияландыруға арналған грант (бұдан әрі - грант) – экономиканың басым секторлары шеңберінде ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын іске асыру үшін өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетін бюджет және (немесе) бюджеттен тыс қаражат;

      6) конкурс – ҒТҚН коммерцияландыруға бағытталған және конкурс шеңберінде мәлімделген неғұрлым перспективалы жобаларды анықтауға бағытталған іс-шаралар;

      7) конкурстық құжаттама – уәкілетті органның келісімімен оператор әзірлейтін және бекітетін гранттық қаржыландыруға арналған конкурсты жүргізудің шарттарын, тәртібі мен мерзімін айқындайтын құжаттама;

      8) өтінім – конкурстық құжаттамаға сәйкес қатаң түрде ресімделген құжаттарды қоса отырып, конкурсқа қатысу үшін белгіленген нысандағы өтініш;

      9) өтінім беруші – ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті жүргізу барысында ҒТҚН алған және осы Қағидаларға сәйкес грант алу үшін өтінімді қарастыруға ұсынған жеке немесе заңды тұлға;

      10) салалық уәкілетті орган – ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты және тиісті салада ғылыми зерттеулерді жүргізу жөніндегі жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      11) сараланған тізім – сараптама қорытындысы бойынша өтінімдердің алынған ең жоғары балдан төменгі балға дейін реттелген тізімі;

      12) сараптама – жобаның өзектілігін және ғылыми-техникалық әлеуетін, жобаның коммерцияландыруға дайындығын, жобаның техникалық және өндірістік тәуекелдерін бағалаумен, сондай-ақ жобаның коммерциялық тартымдылығын және жобаның ұсынылған қаржылық-экономикалық көрсеткіштерінің негізділігін бағалаумен байланысты қызмет.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Білім және ғылым министрінің 23.01.2019 № 30 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2 тарау. ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру тәртібі

      3. Уәкілетті орган ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру тәртібін ұйымдастыру үшін операторды айқындайды.

      4. Оператор ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру үшін неғұрлым перспективалы жобаларды анықтау мақсатында конкурс ұйымдастырады және өткізеді.

      4-1 Жобаның жалпы құнының 10%-ынан төмен емес қоса қаржыландырудың болуы конкурсқа қатысу үшін міндетті шарт болып табылады.

      Ескерту. 2-тарау 4-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Білім және ғылым министрінің 23.01.2019 № 30 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Конкурстық құжаттаманы уәкілетті органның келісімі бойынша оператор әзірлейді және бекітеді. Конкурстық құжаттама мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) ұсынылып отырған қаржыландыру шеңберіндегі экономиканың басым секторларының атауы;

      2) ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың мақсаты;

      3) жобаны іске асыру жоспары;

      4) оператор бекіткен конкурстық өтінімді ұсыну нысаны;

      5) бір жобаға рұқсат етілетін қаржыландыру көлемі;

      6) бюджеттен тыс қаражат есебінен қоса қаржыландыру шарттары;

      7) конкурс жариялаған оператордың атауы;

      8) қаржыландыру сомасы.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Білім және ғылым министрінің 23.01.2019 № 30 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Гранттық қаржыландыруға арналған конкурсты оператор республикалық мерзімді баспа басылымдар арқылы қазақ және орыс тілдерінде жариялайды және уәкілетті органның және (немесе) салалық уәкілетті органның ресми интернет-ресурстарында міндетті түрде еркін қол жеткізу үшін орналастырады.

      7. Конкурс туралы хабарландыру мынадай ақпараттарды қамтиды:

      1) конкурстың атауы;

      2) конкурстық құжаттама орналастырылған уәкілетті органның және (немесе) салалық уәкілетті органның ресми интернет-ресурстарына сілтеме;

      3) өтінімдерді қабылдаудың басталу және аяқталу мерзімі;

      4) өтінімдерді қабылдау орны және (немесе) тәсілі;

      5) конкурстық құжаттаманы түсіндіруді және конкурстық өтінімді дайындау мәселелері бойынша кеңес беруді жүзеге асыратын конкурс операторы өкілінің байланыс деректері.

      8. Өтінімдерді қабылдау мерзімі конкурс туралы хабарландыру шыққан күннен бастап кем дегенде күнтізбелік 45 (қырық бес) күнді құрайды.

      9. Оператор қабылдаған өтінімдерді тіркейді және конкурстық құжаттамаға сәйкестігін тексереді.

      10. Конкурстық құжаттамаға сәйкес келмейтін өтінімдерді конкурс операторы өтінімдерді қабылдау аяқталған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде кері қайтарады, бұл ретте өтінім берушінің өтінімде көрсетілген электрондық мекенжайына анықталған сәйкессіздікті көрсете отырып, хабарлама жолдайды.

      11. Оператор конкурстық құжаттамаға сәйкес өтінімдерге технологиялық және экономикалық (маркетингтік) сараптама жүргізуді өтінімдердің конкурстық құжаттамаға сәйкестігін тексеру аяқталғаннан кейін күнтізбелік 45 (қырық бес) күннен кешіктірмей ұйымдастырады.

      12. Өтінімдерге сараптаманы оператордың сарапшылар базасынан таңдалып алынған тәуелсіз сарапшылар жүргізеді.

      13. Оператор "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына сараптама ұйымдастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 720 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде тіркелген № 12974) ҒТҚН коммерцияландыру жобаларына сараптама ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына (бұдан әрі – сараптама Қағидалары) сәйкес қойылған балдармен тәуелсіз сарапшылар ұсынған сараптама қорытындылары негізінде әрбір өтінім бойынша қорытынды балдары бар сараптаманың жиынтық қорытындысын қалыптастырады және қорытынды балдары бойынша өтінімдердің сараланған тізімін құрайды.

      14. Оператор өтінімдерге сараптама жүргізу аяқталғаннан кейін күнтізбелік 4 (төрт) күн ішінде өтінімдердің сараланған тізімін, сараптаманың жиынтық қорытындысын және өтінім материалдарын уәкілетті органға жолдайды.

      15. Уәкілетті орган өтінімдердің сараланған тізімін алғаннан кейін күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде өтінімдердің сараланған тізімін, сараптаманың жиынтық қорытындысын және өтінім материалдарын ҒТҚН коммерцияландыру жобасын қаржыландыру немесе қаржыландырудан бас тарту туралы шешім қабылдау үшін Ұлттық ғылыми кеңестерге (бұдан әрі - ҰҒК) жолдайды.

      16. ҰҒК өтінімдердің сараланған тізіміне сәйкес ең жоғары балл алған өтінімнен бастап қарайды. ҰҒК шешімдері хаттамамен ресімделеді және ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыруға мақұлдау, мақұлдамау және гранттық қаржыландыру көлемін анықтау бойынша негіздемені қамтиды.

      17. "Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі - ҰҒК жұмыс органы) уәкілетті органнан сараптама қорытындылары мен өтінім материалдарын алған күнен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде өтінімдерді қарастыру бойынша ҰҒК-ның жұмысын қамтамасыз етеді.

      18. ҰҒК жұмыс органы ҰҒК отырысы хаттамасының көшірмесін қаржыландыруға мақұлданған және мақұлданбаған жобалар тізімімен операторға жолдайды.

      19. Грант сомасы сұралатын қаржыландыру көлемінің 10 (он) пайызынан артық қысқарған жағдайда, ҰҒК шешімі жұмыс жоспарын және (немесе) шығыстар сметасын түзету бойынша ұсынымды қамтиды.

      20. Оператор қаржыландыруға қолдау тапқан және қолдау таппаған жобалар тізімін алғаннан кейін күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде конкурс нәтижесін республикалық мерзімді баспа басылымдар арқылы қазақ және орыс тілдерінде жариялайды және уәкілетті органның және (немесе) салалық уәкілетті органның немесе конкус жариялаған оператордың ресми интернет-ресурстарында еркін қол жеткізу үшін орналастырады.

      21. Оператор грант алушымен ҰҒК жұмыс органынан конкурс жеңімпаздарының тізімін алған күннен бастап күнтізбелік 20 (жиырма) күннен аспайтын мерзімде ҒТҚН коммерцияландыру жобасын гранттық қаржыландыру туралы шарт (бұдан әрі - шарт) жасасады. Шартқа қоса бөлінген қаражат көлеміне және ҰҒК ұсынымдарына (бар болған жағдайда) сәйкес түзетілген күнтізбелік жоспар мен шығыстар сметасы тіркеледі.

      22. Шарт жобаны іске асырудың барлық мерзіміне, бірақ 3 (үш) жылдан артық емес мерзімге жасалады.

      23. Оператор қаржыландыруды гранттық қаржыландыру туралы жасалған шарт негізінде кезең-кезеңмен жүзеге асырады.

      24. Грант алушы жобаны іске асыру барысында қажеттілігіне қарай грант қаражатын оператордың келісімінсіз бір кезең шегінде жоба бойынша шығыстар сметасының жалпы сомасының 10 (он) пайызынан артық емес соманы бекітілген шығыстар бабтары (еңбекақы төлеу қорын қоспағанда) арасында қайта бөле алады.

      25. Грант алушылар операторға шартта белгіленген мерзімде әрбір кезең бойынша аралық есептер, сондай-ақ гранттық қаржыландыру қаражатын пайдаланудың қаржылық есебімен қоса жобаны іске асырудың аяқталуы бойынша қорытынды есеп ұсынады.

      26. Оператор бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын және күтілетін нәтижелерге жетуін талдау мақсатында грант алушылардың жобаларды іске асыруына мониторинг жүргізеді.

      27. Грант алушы келесі траншты оператордың аралық есеп бойынша оң қорытындысынан кейін алады.

      28. ҰҒК гранттық қаржыландыруды тоқтату туралы шешімді оның іске асырылуы кезеңінде оператор жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша қабылдайды.

      29. ҰҒК жобалардың қорытынды есептерін мақұлдау немесе мақұлдамау туралы шешім қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады