"Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 2-тармағының 30) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Автомобиль жолдарын, қорғаныстық маңызы бар жолдарын пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті (М.Қ. Пішембаев):
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға оның көшірмелерін баспа және электронды түрде жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының | |
Инвестициялар және даму | |
министрі | Ә. Исекешев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
______________И. Тасмағамбетов
2016 жылғы 23 ақпан
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрі
___________ Е. Досаев
2016 жылғы 18 ақпан
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
__________ Қ. Қасымов
2016 жылғы 15 ақпан
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1267 бұйрығымен бекітілген |
Автомобиль жолдарын, қорғаныстық
маңызы бар жолдарды пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Көлік министрінің 21.11.2023 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1. Осы Автомобиль жолдарын, қорғаныстық маңызы бар жолдарды пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар), "Автомобиль жолдары туралы" 2001 жылғы 17 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 12-бабы 2-тармағының 30) тармақшасына сәйкес әзірленген, автомобиль жолдарын, қорғаныстық маңызы бар жолдарды пайдаланудың тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автомобиль жолдарын пайдаланушылар – жол қозғалысына қатысушылар болып табылатын немесе автомобиль жолдарына бөлiнген белдеу мен жол бойындағы белдеу шегiнде өзге де қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар;
2) автомобиль жолы – автомобильдердiң және басқа да көлiк құралдарының белгiленген жылдамдықпен, жүктемелермен, габаритпен үздiксiз, қауiпсiз жүрiсiн қамтамасыз ететiн, автомобильдер жүрiсiне арналған инженерлiк құрылыстар кешенi, сондай-ақ осы кешендi орналастыру үшiн берiлген жер учаскелерi (көлiк жерлерi) және олардың үстiндегi белгiленген габарит шегiндегi әуе кеңiстiгi;
3) Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор (бұдан әрі – Ұлттық оператор) – Заңда белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыратын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын акционерлік қоғам;
4) жол иелері – жолдың меншік иелері болып табылатын немесе шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында жолдарды басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;
4) жол органы – жалпыға ортақ пайдаланылатын мемлекеттiк автомобиль жолдарын басқаруды жүзеге асыратын автомобиль жолдары жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган;
5) қорғаныстық маңызы бар автомобиль жолдары – Қазақстан Республикасының стратегиялық бағыттарында қорғанысты және әскерлерді (күштерді) жедел түсіруді қамтамасыз ету үшін қажетті автомобиль жолдары, сондай-ақ әскери, мемлекеттік және арнайы объектілерді жалғаушы және соғыс уақыты жағдайында әскери тасымалдауға, халықты, шаруашылық, әлеуметтік және мәдени мақсаттағы объектілерді эвакуациялауға арналған автомобиль жолдары.
2-тарау. Автомобиль жолдарын, қорғаныстық маңызы бар жолдарды пайдалану тәртібі
Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Көлік министрінің 21.11.2023 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
3. Автомобиль жолдарын пайдаланушылар:
1) жол органының, төтенше жағдайлар жөніндегі уәкілетті органның немесе оның бөлімшелерінің лауазымды адамдарынан, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлімшелерінен автомобиль жолдары бойындағы жол жүрiсiн тоқтатудың немесе шектеудің себептері туралы түсіндірме алады;
2) қозғалыстың шарттары туралы толық және анық ақпарат алады;
3) ақылы автомобиль жолдарымен (учаскелерімен) жүріп өту құны мен олардың ұзақтығы туралы, ақылы автомобиль жолын (учаскесін) пайдалану тәртібі, жүріп өту ақысының мөлшерлемелері, төлеу тәртібі мен тәсілдері, жүріп өтуге ақы төлеу бойынша жеңілдіктер мен басқа да шарттар туралы толық және анық ақпарат алады;
4) Заңның 5-2-бабына сәйкес ақылы автомобиль жолдарымен (учаскелерімен) тегін жүреді;
5) жол органының лауазымды адамдарының іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағымданады;
6) автомобиль жолдары мен жол құрылыстарының сақталуын және олармен қауіпсіз жүріп өтуді қамтамасыз ететін көлік құралдарын пайдаланады;
7) көлемдері, массасы және (немесе) осьтік жүктемесі "Қазақстан Республикасының аумағында ірі габаритті және ауыр салмақты жүктерді тасымалдауды ұйымдастыру және оның жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің
2015 жылғы 27 ақпандағы № 206 бұйрығымен бекітілген параметрлерінен асатын көлік құралдарымен арнайы рұқсатсыз жүрмейді;
8) жол қозғалысы қауіпсіздігін төмендететін, қозғалыста іркілістердің пайда болуына, көлік құралдары жылдамдығының, автомобиль жолдары мен құрылыстардың сенімділігінің төмендеуіне, олардың бұзылуына ықпал ететін іс-әрекеттерді жасамайды;
9) ақы алу пунктінде, ол бар болған жағдайда, ақылы учаскелер бойынша жол жүру ақысын төлейді және/немесе автокөлік құралының дербес шотында немесе мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісінің шотында ақша қаражаты болған кезде бақылау аркаларында есептен шығарады;
10) төлеу тәсілдері және (немесе) көлік құралының техникалық сипаттамалары бойынша сараланған, орнатылған ақпараттық таблоға сәйкес көлік құралдарының тиісті жол жүру белдеуі бойынша жүріп өтуді жүзеге асырады, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Ұлттық оператор немесе автомобиль жолдарын өзге басқарушылар белгілеген жылдамдық режимін және жүріп өту қашықтығын сақтайды.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік министрінің 21.11.2023 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.4. Автомобиль жолдарын, көпірлерді, жол өтпелерін, қозғалысты ұйымдастыратын техникалық құралдарды және басқа құрылыстарды басқаруға, ұстауға және жөндеуге жауапты жол иелері автомобиль жолдарында көлік құралдары қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:
1) автомобиль жолдарында паспорттауды және аспаптық зерттеуді жүргізеді.
2) жолдар мен автомобиль жолдарындағы құрылыстардың жай-күйі туралы дұрыс ақпаратты қамтамасыз етеді;
3) жолдарды қыста ұстаудың жоспарына сәйкес қысқы кезеңде жолдарды және жол құрылыстарын қардан тазартуға және төсемнің тайғақтығына қарсы шаралар қолданады;
4) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен және төтенше жағдайлар жөнiндегi уәкiлеттi органмен бiрлесiп қысылтаяң жағдайларда (қолайсыз ауа райы-климат жағдайлары, дүлей зілзала, өрт, автомобиль жолдарының көтергіштік қабiлетiнiң жойылуы) бұндай жағдайлар жөнінде автомобиль жолдарын пайдаланушыларына хабардар ете отырып, сондай-ақ жөндеу-құрылыс жұмыстары жүргiзiлген кезде тиiстi жол белгiлерiн қойып және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бұл жөнiнде жергiлiктi атқарушы органдарды және автомобиль жолдарын пайдаланушыларды хабардар ете отырып, көлiк құралдарының жол жүрiсiн шектейді немесе тоқтатады.
5) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен бірігіп автовокзалдардың, ұйымдардың кезекші-диспетчерлік қызметтеріне, сондай-ақ жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның көрші облыстардағы аумақтық бөлімшелеріне және шекаралас мемлекеттердiң төтенше жағдайлар бойынша мемлекеттiк органдарына олардың салдарының алдын алу және оларды жою бойынша жедел шараларды қолдануы және көмек көрсетуі үшін хабарлайды;
6) оқиға болған жерге жол, авариялық-құтқару, өрт сөндіру және медициналық қызметтердің көліктік құралдарының кедергісіз жүріп өтуін қамтамасыз етеді;
7) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасай отырып жол-көлік оқиғаларының есебін жүргізеді, оларды жою жөніндегі шараларды әзірлеу мақсатында, олардың пайда болуына ықпал еткен себептер мен жағдайларға талдау жасайды;
8) байланыс желісі мен жол бойындағы сервис объектілерінің дамуына ықпал етуге;
9) авариялар, автомобиль апаты, табиғи зілзала жағдайларында мүмкін болатын дәрігерге дейінгі медициналық жәрдемді қамтамасыз етеді және қозғалысқа қатысушыларды құтқару жөніндегі шараларды жүзеге асырады;
10) көлік ағымы құрамының, қарқындылығының және көлік ағымы қауырттылығының есебін жүргізеді.
Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік министрінің 21.11.2023 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.5. Автомобиль жолдарында:
1) жол иелерінің тиісті келісімінсіз, сондай-ақ "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен және "Хабарламалар нысандарын және Мемлекеттік органдардың хабарламаларды қабылдау қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы № 4 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10194 болып тіркелген) сәйкес мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдарды хабардар етпей, жөндеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге;
2) жолдарды, жол құрылыстарын, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарын, жасыл желекті және басқа да жол жайластыруларын зақымдауға;
3) көлік құралдарының, ауыл шаруашылығы және басқа да техниканың белгіленбеген және ол үшін жабдықталмаған жерлерде жолға кіруіне, шығуына және олар арқылы өтуіне;
4) бөлу жолақтарының технологиялық айырымдарында керi бұрылуға және оған кiруге;
5) оқыту мақсатымен жолда жүруге;
6) дөңгелектерінің шашағы, бұдыры, шынжыры және тағы басқалары бар машиналар мен механизмдердің, шынжыр табанды көліктің асфальт-бетонды және цемент-бетонды автомобиль жолдарымен жүруіне;
7) жанар-жағармайдың төгілуі мүмкін болатын жұмыстарды орындауға, көлік құралдарын жөндеуге және майлауға, көлікті тазалауға және жууға (қажет болған жағдайда бұл жұмыстар арнайы жабдықталған орындарда, ал ерекше жағдайларда жол жағасында орындалады);
8) жолдың жүру бөлігін, шетін, көпірлерді, құбырларды, арықтарды, кәріздік және суағар қондырғыларды және жолдың жолақ бөлігін құрылыс материалдарымен, ауыл шаруашылығы өнімдерімен және басқа да заттармен ластауға және бөгеуге, сондай-ақ, жолды және оның жолақ бөлігін ластайтын жүкті тиісті буып-түюсіз тасымалдауға, жүкті жолдың жүру бөлігінде тиеуге және түсіруге;
9) жолдың жолақ бөлігінің шегінде белгіленбеген жерде лагерь, шатырлы және басқа да демалыс қалашықтарын тұрғызуға, сауда жасауға;
10) автомобиль жолдарының, көпірлердің жүру бөлігінде серуендеуге;
11) жолға бөлінген белдеуде құрғақ шөпті өртеуге;
12) сымдардың үзілуі жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін сақтандырғыш қондырғыларсыз жоғары вольтты электр желісінің автомобиль жолдарымен қиылысуына;
13) "Халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын байланыс және электр беру арналарының, желілерінің, мұнай құбырларының, газ құбырларының, су құбырларының және теміржолдардың, басқа да инженерлік желілердің, коммуникациялардың кесіп өтуін жобалау үшін, сондай-ақ кiрме жолдарды және халықаралық және республикалық маңызы бар ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына жалғасатын жолдарды салу үшін техникалық шартты беру" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 15 мамырдағы № 292 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20658 болып тіркелген) сәйкес қандай да болсын коммуникацияларды (мұнай құбыры, су құбыры, байланыс және электр беру желілері, газ құбыры, кәріз төсеу) топырақ төсеміне, сондай-ақ көпірдің және жол өткелінің астына салуға жол берілмейді.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Көлік министрінің 21.11.2023 № 85 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.6. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін, оның ішінде концессияға немесе Ұлттық операторға сенімгерлік басқаруға берілген автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерін қоса алғанда, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының қажеттеріне арналған жер 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасының Жер кодексімен белгіленген тәртіппен жол органына – жерді тұрақты пайдалануға, автомобиль жолдарын салуды, реконструкциялау мен жөндеуді жүзеге асыратын қызмет көрсетушілерге жерді уақытша пайдалануға бөледі.
7. Жолдарды салуды немесе реконструкциялауды жүргізетін жол иелері жолда орналасқан жер учаскелерін мақсатты арналуына сәйкес одан әрі пайдалануға жарамды күйге келтіреді.
8. Теміржолдар арқылы өткелдерді, сондай-ақ шлагбаумдардың барлық түрлерін автомобиль жолдарымен бір деңгейде ұстауды және өтпелерді күзетуді теміржол дистанциялары немесе тиісті теміржол иелері, ал жалпы пайдаланылатын автомобиль жолдарының теміржол арқылы өтуін ұстауды жол иелері жүзеге асырады.
9. Жабын түрлері жетілдірілген негізгі жолдардың жүру бөлігінің ластануын болдырмау үшін олардан түсу және шығу жолдарының барлығы құмайт және құм топырақты жерлерде ұзақтығы кемінде 50 м және басқа топырақты жерлерде кемінде 100 м, ал қиыршықтас төселген жолдарда кемінде 25 м қатты жабын төсеу қажет. Жалпы пайдаланымдағы жолдарды кесіп өтетін және олармен түйісетін, түсу және шығу жолдарында қатты жабын төсеуді олар қарамағына берілген кәсіпорындар, ұйымдар, шаруашылықтар өз қаражаты есебінен, жол органының техникалық бақылауымен жүзеге асырады.
10. Көлік құралдарының төсемі жетілдірілген жолға шығар жерде оны пайдалануға жауапты лауазымды немесе басқа тұлғалар, меншік нысандарына қарамастан жер және құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан ұйымдар, көлік құралдарының балшықтан тазартылуын қамтамасыз етеді және оның жолдың жүру бөлігіне түсуіне жол бермейді.
11. Автомобиль жолдарындағы және жол құрылыстарындағы қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақауларды байқаған кезде бұл туралы жол органына немесе жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне дереу хабарлайды.
12. Әскери кезде Қазақстан Республикасының жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары қорғаныстық маңыздағы автомобиль жолдары болып табылады.