Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 30 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 3 наурызда № 10368 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы" 2005 жылғы 7 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 2-тармағының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери-техникалық саясат департаментінің бастығы:

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне жолдасын;

      2) мемлекеттік тіркеуден кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықтың көшірмесін ресми жариялау үшін бұқаралық ақпарат құралдарына және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жолдасын;

      3) ресми жарияланғаннан кейін бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің веб-сайтына орналастырсын.

      3. Бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант О.Б. Сапаровқа жүктелсін.

      4. Бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енгізіледі.

      Қорғаныс министрі И. Тасмағамбетов

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуроры

      ___________ А.Дауылбаев

      2015 жылғы 30 қаңтар


      Қазақстан Республикасы

      Мемлекеттік күзет қызметінің

      бастығы

      _______________ А.Күреңбеков

      2015 жылғы 29 қаңтар


      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрі

      ____________Қ. Қасымов

      2015 жылғы 26 қаңтар


      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік

      комитетінің төрағасы

      __________ Н. Әбіқаев

      2015 жылғы 28 қаңтар

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2015 жылғы 21 қаңтардағы
№ 30 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 26.07.2023 № 729 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын (бұдан әрі – Қарулы Күштер) қаруландыруға бұрын қаруландыруда тұрмаған қару-жарақ пен әскери техниканы (бұдан әрі – ҚӘТ), сондай-ақ олардың жаңғыртылған үлгілерін қабылдау тәртібін айқындайды.

      Бұл ретте Қарулы Күштер орындайтын ерекше міндеттердің әртүрлі болуына байланысты бір мемлекеттік органның ҚӘТ-ның жаңа үлгісін қаруландыруға қабылдауы осы Қағидалардың талаптарын қолданбай, осы үлгіні екінші мемлекеттік органның қаруландыруға қабылдауы үшін негіз болып табылмайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ведомствоішілік кеңесші орган – Қарулы Күштерді қаруландыруға ҚӘТ-ны қабылдау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін жұмыс органы;

      2) корабль, катер мен кеме үшін негізгі үлгі – жасау және монтаждау циклі ұзақ, техникалық сипаттамасын жетілдіру, өндіріс құнын төмендету және осы сериядағы келесі бұйымды (кешенді) пайдалану мақсатында тәжірибелік әскери пайдалану барысында конструкциясын пысықтауды және техникалық құжаттамаға өзгерістер енгізуді болжайтын жаңадан әзірленген немесе түзетілген құжаттама бойынша жасалған шағын сериялы өндірістің алғашқы күрделі бұйымы (кешені);

      3) көрсетіп сынау – ҚӘТ-ны жеткізушілер мәлімделген сипаттамасын нақтылау үшін техникалық және жауынгерлік мүмкіндігін көрсету мақсатында жүргізетін ҚӘТ-ны іс жүзінде көрсету;

      4) ҚӘТ-ны жеткізуші – қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті орган ұйымы, ҚӘТ-ны шығарушы немесе жасаушы (оның ішінде Қарулы Күштер құрамынан), ҚӘТ-ны шығаратын (жеткізетін) немесе Қарулы Күштердің негізгі пайдаланушысына ҚӘТ-ны жаңғырту жұмысын орындайтын (қызмет көрсететін) делдал (дистрибьютор, өкіл, импорттаушы, дилер);

      5) ҚӘТ-ның құрамдас бөлігі – жалпы конструкторлық шешіммен (схемалық шешіммен) біріктірілген, адам күшін, техника мен инфрақұрылым объектілерін зақымдау үшін арналған ҚӘТ-ның салынбалы жиынтықтаушы бұйымы;

      6) ҚӘТ үлгісі – жаңадан әзірленген немесе пысықталған (жаңғырту мақсатында) тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыс құжаттамасы бойынша жасалған жаңа немесе жаңғыртылған үлгі (корабль, катер мен кеме үшін негізгі үлгі) және қаруландыруда тұрған ҚӘТ-ның құрамдас бөлігі;

      7) сарапшы – осы салада тиісті құзыреті жоқ басқа адамдар қарайтын немесе шешетін мәселелер бойынша білікті қорытынды жасауға немесе пайымдауға мүмкіндік беретін белгілі бір салада арнайы білімі мен жұмыс тәжірибесі бар Қарулы Күштер өкілі;

      8) тәжірибелік әскери пайдалану – ҚӘТ-ны шектеулі мерзім ішінде (кемінде 10 жұмыс күні, бірақ 1 жылдан астам емес) нақты әскери жағдайда пайдалану (арналуы бойынша қолдану, жеткізу, сақтау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу) ерекшелігін айқындау мақсатында әртүрлі климаттық жағдайда арнайы ұйымдастырып пайдалану.

      3. Қарулы Күштер осы Қағидаларға сәйкес қаруландыруға қабылданған ҚӘТ-мен жарақтандырылады.

      4. Осы Қағидалар 39-тармағының 1) тармақшасында көзделген ҚӘТ-ны қоспағанда, ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдаланудың оң нәтижесіне қол жеткізілген жағдайда ведомствоішілік кеңесші органның шешімі негізінде ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау жүзеге асырылады, бұл туралы мемлекеттік орган бірінші басшыларының тиісті бұйрығы шығарылады.

      Ведомствоішілік кеңесші органның құрамы мен ережесі мемлекеттік орган бірінші басшыларының бұйрығымен бекітіледі.

      5. Тәжірибелік әскери пайдалану Қарулы Күштер полигонында немесе мекемесінде жүргізіледі.

      Тәжірибелік әскери пайдалануға ҚӘТ-ны жеткізушілердің қатысуына жол беріледі, құралдармен қамтамасыз ету тараптардың келісілген шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      6. ҚӘТ қаруландыруға мынадай тәртіппен қабылданады:

      1) ҚӘТ-ға қажеттілікті және оған қойылатын техникалық талаптарды айқындау;

      2) нарықты мониторингтеу;

      3) ұсыныстарды салыстырмалы талдау;

      4) ұсыныстарды ведомствоішілік кеңесші орган отырысында қарау;

      5) ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану;

      6) ведомствоішілік кеңесші орган отырысында ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесін және оны қаруландыруға қабылдау жөніндегі ұсыныстарды қарау;

      7) ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау.

      Қарулы Күштерді қаруландыруға құралды, жүйені, кешенді, жедел қамтамасыз ету түрінің құрылғылары мен байланыс құралдарын қабылдау тәртібі осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. ҚӘТ-ға қажеттілікті және оған қойылатын техникалық талаптарды айқындау

      7. Қажеттілікті мүддесінде ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау жоспарланатын әскер түрі, тегі, әскери құралым, құрылымдық бөлімше (бұдан әрі – тапсырыс беруші бөлімше) Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 554 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әскери доктринасына және мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына, әлемдегі ҚӘТ-ны дамыту үрдісіне, қолда бар ҚӘТ мүмкіндігіне және қойылған міндеттерге сәйкес қалыптастырылған Қарулы Күштер құрылымының перспективалық бағыттарын талдауды (бұдан әрі – қажеттілікті талдау) негізге алып айқындайды.

      Қажеттілікті тапсырыс беруші бөлімше талдайды және ол жоғарыда көрсетілген басшылық құжаттарға сәйкес дәлелді негіздемемен және ҚӘТ-ға қажеттілікпен ҚӘТ-ны пайдаланудың (қарулы жанжалда, дағдарысты және төтенше жағдайда, жаппай тәртіпсіздікте, мемлекеттік шекараны күзетуде) оң тәжірибесі туралы ақпаратты қамтиды.

      8. Қажеттілікті талдау негізінде тапсырыс беруші бөлімше ҚӘТ-ның негізгі техникалық талаптарын және әскерді жарақтандыру бойынша ұсыныс әзірлейді (қалыптастырады), ол жетекшілік ететін бастықтармен және тиісті жабдықталым органдарымен келісілгеннен кейін Қарулы Күштер басшылығына баяндалады.

      Қажеттілікті талдау баяндауға қоса беріледі.

3-тарау. Нарықты мониторингтеу

      9. ҚӘТ-ны жеткізушілерден техникалық және коммерциялық ұсыныстар (бұдан әрі – ұсыныстар) алу мақсатында тапсырыс беруші бөлімше техникалық талаптары бар тиісті сұрау салуды қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органға және тиісті бағыттағы ҚӘТ-ны жеткізушілерге жолдайды. ҚӘТ-ны жеткізушілермен көрсетіп сынау және ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану үшін өтеусіз негізде ұсыну мүмкіндігі немесе мүмкін еместігі туралы мәселе пысықталады.

      10. Ғылыми-зерттеу (бұдан әрі – ҒЗЖ) немесе тәжірибелік-конструкторлық жұмыс (бұдан әрі – ТКЖ) нәтижесі бойынша жасалған ҚӘТ үшін ҚӘТ-ны жеткізушілерден ұсыныс алғаннан кейін зауыттық сынау актілері мен қаралатын ҚӘТ сапасын растайтын құжаттар сұратылады және зерделенеді, содан кейін көрсетіп сынау өткізіледі.

      11. Нарықты мониторингтеу нәтижесі бойынша салыстырмалы талдау үшін ҚӘТ тізбесі жасалады.

4-тарау. Ұсыныстарды салыстырмалы талдау

      12. Салыстырмалы талдау үшін тиісті тапсырыс беруші бөлімшелер басшысының бұйрығымен сараптау комиссиясының құрамы бекітіледі.

      13. Сараптау комиссиясының құрамына комиссия төрағасы, төраға орынбасары, комиссия мүшелері (кемінде үш адам) кіреді. Сараптау комиссиясына тек зерттелетін саладағы білікті мамандар енгізіледі.

      14. Сараптау комиссиясының негізгі міндеттері:

      1) ҚӘТ-ны жеткізушілерден келіп түскен ұсыныстың техникалық талаптарға сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі мәніне салыстырмалы талдау;

      2) техникалық талаптарға сәйкес келетін тиімді ҚӘТ-ны айқындау;

      3) осы Қағидалар 39-тармағының 1) тармақшасында көзделген ҚӘТ-ны қоспағанда, тәжірибелік әскери пайдалану үшін оңтайлы мерзімді, ҚӘТ саны мен құрамын айқындау;

      4) жоғарыда көрсетілген жұмыс нәтижесі бойынша сараптау комиссиясының қорытындысын жасау болып табылады.

      15. Салыстырмалы талдау кезінде:

      1) сериялық өндірістің болуы (корабль, кеме мен катер үшін негізгі үлгіден басқа);

      2) бір немесе одан көп елде (отандық шығарылған корабль, кеме мен катер және ҚӘТ үшін негізгі үлгіден басқа) қаруландыруға қабылдау;

      3) техникалық сипаттама;

      4) құны;

      5) Қазақстан Республикасындағы жағдайға ұқсас климаттық жағдайда пайдалану;

      6) Қазақстан Республикасы қабылдаған ұлттық стандарттарға немесе мемлекетаралық стандарттарға сәйкес келуі;

      7) қаруландыруда бар ҚӘТ-ны біріздендіру және оның үйлесімділігі;

      8) Қазақстан Республикасында шығарылуы;

      9) Қазақстан Республикасында ҚӘТ-ға регламенттелген техникалық қызмет көрсету және жөндеу мүмкіндігі;

      10) Қазақстан Республикасында Қарулы Күштер мамандарын ҚӘТ-ға қызмет көрсету және оны пайдалану бойынша оқытып-үйрету мүмкіндігі;

      11) ҚӘТ үшін оқ-дәрілерді (зақымдау құралдарын) шығаруды немесе жеткізуді ұйымдастыру қосымша ескеріледі.

      Қарулы Күштерде ҚӘТ-ны пайдалануды жан-жақты бағалау мақсатында жоғарыда көрсетілген тізбеге ҚӘТ-ның оқ ату, жүріс, пайдалану мүмкіндігі бойынша қосымша өлшемшарт енгізуге жол беріледі.

      16. Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті орган баламалы ұсыныстың болмауы туралы растаған жағдайда келіп түскен бір ұсыныс бойынша салыстырмалы талдауға жол беріледі.

      Салыстырмалы талдау қорытындысы бойынша ҚӘТ техникалық талаптарға сәйкес келсе немесе техникалық параметрі бойынша одан асып кетсе, тиімді деп саналады.

      Техникалық талаптардың негізгі техникалық параметрі және барлық ұсынылған ҚӘТ көрсеткіші бойынша ҚӘТ-ны жеткізушілердің ұсынысы сәйкес келмеген жағдайда сараптау комиссиясы мынадай шешімнің бірін ұсынады:

      1) ҚӘТ-ны жеткізушілердің мүмкіндігін ескеріп, ҚӘТ-ға қойылатын техникалық талаптарға өзгерістер енгізу және сұрау салуды қайта жолдау;

      2) Қазақстан Республикасының ғылым, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы заңнамасына сәйкес ҒЗЖ немесе ТКЖ нәтижесі бойынша ҚӘТ-ны алу үшін тактикалық-техникалық тапсырма (бұдан әрі – ТТТ) әзірлеу.

      17. Сараптау комиссиясының қорытындысында ҚӘТ-ны жеткізушілерден келіп түскен ұсыныстың техникалық талаптарға сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі нәтижесі көрсетіледі, ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану саны, құрамы мен жоспарланатын мерзімі көрсетіледі және негізделеді (осы Қағидалар 39-тармағының 1) тармақшасында көзделген ҚӘТ-ны қоспағанда).

      ҚӘТ санын, құрамы мен тәжірибелік әскери пайдалану мерзімін жауынгерлік, пайдалану, сапалық параметрі, сондай-ақ экономикалық тұрғыдан мақсатқа сәйкестігін жан-жақты бағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуді ескеріп белгіленеді:

      1) Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 31 желтоқсандағы № 706 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22031 болып тіркелген) сәйкес жіктелген қару-жарақ (құрал, жүйе, кешен, жедел қамтамасыз ету түрі құрылғылары мен байланыс құралдары), пилотсыз жеңіл және өте жеңіл ұшу аппараты үшін – 10 күннен 1 жылға дейін;

      2) әскери техника үшін – 6 айдан 1 жылға дейін.

      Сараптау комиссиясының қорытындысына сараптау комиссиясының құрамы қол қояды.

5-тарау. Ведомствоішілік кеңесші органның отырысында ұсыныстарды қарау

      18. Сараптау комиссиясының қорытындысы негізінде тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ведомствоішілік кеңесші органның төрағасына ҚӘТ-ны (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ) таңдау және алу тәртібі жөніндегі ұсыныстарды ведомствоішілік кеңесші органның отырысында қарау туралы сұрау салу жолдайды.

      19. Сұрау салу оң қаралған кезде тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ведомствоішілік кеңесші органның отырысын дайындауға және өткізуге жауапты құрылымдық бөлімшеге ведомствоішілік кеңесші орган мүшелерінің олармен алдын ала танысуы үшін қажетті материалды (баяндама, слайд, қажеттілікті талдау, техникалық талаптар (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ), хат алмасу, сараптау комиссиясының қорытындысы, анықтамалық және таныстыру материалы) жолдайды.

      20. Ведомствоішілік кеңесші органның отырысы барысында тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ҚӘТ-ға қажеттілік пен техникалық талаптарды (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ-ны), нарықты мониторингтеу нәтижесін, ҚӘТ-ны алу шартын, сараптау комиссиясының қорытындысын, ҚӘТ-ны алу тәртібі, саны, құрамы және жоспарланған тәжірибелік әскери пайдалану мерзімі бойынша ұсыныстарды (осы Қағидалардың 39-тармағының 1) тармақшасында көзделген ҚӘТ-ны қоспағанда) баяндайды.

      21. Баяндауды тыңдағаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері оны талқылауға көшеді, оның барысында өз ұсыныстарын береді. Даулы мәселелер болған кезде шақырылған басқа мамандардың да пікірі тыңдалады. Талқылау аяқталғаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері түскен ұсыныстар бойынша дауыс беруге көшеді.

      22. Түскен ұсыныстарға байланысты ведомствоішілік кеңесші орган тиісті негіздемелермен мынадай шешім қабылдайды:

      1) тапсырыс беруші бөлімшенің ұсыныстарын мақұлдау;

      2) тапсырыс беруші бөлімшенің ұсыныстарын қабылдамау.

      23. Ұсыныстар мақұлданған кезде тапсырыс беруші бөлімше белгіленген тәртіппен ҚӘТ-ны алу үшін (өтеусіз негізде беру немесе сатып алу арқылы) әрекет етеді, ал ТКЖ жүргізілген жағдайда қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органға бекітілген ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ-ны жолдайды.

      24. Ұсыныстар қабылданбаған кезде тапсырыс беруші бөлімше ведомствоішілік кеңесші органның шешімін орындау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады, техникалық талаптарға (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ) өзгерістер енгізеді және ведомствоішілік кеңесші органның отырысын өткізуге сұрау салуды қайта жолдайды.

6-тарау. ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану

      25. Тәжірибелік әскери пайдалану мемлекеттік орган бірінші басшысының (Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметі үшін – мемлекеттік орган бірінші басшысының немесе бұйрық шығаруға өкілеттік берілген оның орынбасарының) бұйрығы негізінде жүргізіледі, онда өткізу мақсаты, мерзімі, оны өткізуге жауапты әскери бөлім немесе мекеме, қажетті нұсқаулар айқындалады.

      26. Әскери бөлімде немесе мекемеде ҚӘТ-ны пайдалану кезінде ерекшеліктерін бағалау үшін командирдің (бастықтың) бұйрығымен комиссия құрылады, ҚӘТ пайдалануға беріледі және жауапты лауазымды адамдарға бекітіліп беріледі.

      Комиссияның құрамына комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары, комиссия мүшелері (кемінде үш адам) кіреді. Комиссияға тек зерттелетін саладағы білікті мамандар енгізіледі.

      27. Жауынгерлік даярлық құжаттары, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 қарашадағы № 862 бұйрығымен бекітілген Тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың нәтижелеріне сынақтар жүргізу қағидалары (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19645 болып тіркелген), ұлттық стандарттар (Қазақстан Республикасы қабылдаған мемлекетаралық стандарттар) негізінде тәжірибелік әскери пайдалану үшін тапсырыс беруші бөлімше ҚӘТ-ның жауынгерлік және пайдалану сипаттамасын тексеруді қамтитын сынақ бағдарламасын әзірлейді.

      28. ҚӘТ-ның әртүрлі типіне арналған сынақ бағдарламасын әзірлеу барысында міндеттер мен арналуын негізге алып, мынадай негізгі пайдалану және жауынгерлік сипаттамасы ескеріледі:

      1) қару-жарақ үшін – зақымдау қашықтығы, оқ ату жылдамдығы, дәлдігі, қолдануға дайындау уақыты, ұтқырлығы (тасымалдануы), температура режиміне және климаттық факторларға төзімділігі және басқа.

      2) әскери техника үшін:

      жауынгерлік машина – жүріп өту мүмкіндігі, маневрлігі, күштік қондырғы мүмкіндігі, экипаждың сыйымдылығы, жүріс қоры, габариттік өлшемі, тасымалдануы, материалдық құрал шығысы нормалары, негізгі элементтер мен жүйенің сенімділігі, қалпына келтіру уақыты, температура режиміне және климаттық факторларға төзімділігі, белгіленген қару-жарақтың пайдалану және жауынгерлік сипаттамасы (осы Қағидалардың 28-тармағының 1) тармақшасына сәйкес) және басқа;

      әскери корабльдер (катерлер мен кемелер) – судың ығыстырылуы, маневрлігі, инерциясы және кері бағыттау сипаттамасы, күштік қондырғы мүмкіндігі, экипаждың сыйымдылығы, жүріс қоры, габариттік өлшемі, тасымалдануы, материалдық құрал шығысы нормалары, негізгі элементтер мен жүйенің сенімділігі, қалпына келтіру уақыты, температура режиміне және климаттық факторларға төзімділігі, белгіленген қару-жарақтың пайдалану және жауынгерлік сипаттамасы (осы Қағидалардың 28-тармағының 1) тармақшасына сәйкес) және басқа;

      әскери әуе кемесі және басқа да ұшу аппараты – жүк көтергіштігі, ұшу қашықтығы, ұшу жылдамдығы, шекті ұшу биіктігі, ұшып көтерілу және қону шарты, күштік қондырғы мүмкіндігі, экипаж бен жүктің сыйымдылығы, габариттік өлшемі, тасымалдануы, материалдық құрал шығысы нормалары, негізгі элементтер мен жүйенің сенімділігі, қалпына келтіру уақыты, температура режиміне және климаттық факторларға төзімділігі, белгіленген қару-жарақтың пайдалану және жауынгерлік сипаттамасы (осы Қағидалардың 28-тармағының 1) тармақшасына сәйкес) және басқа;

      құрал, жүйе, кешен, жедел қамтамасыз ету түрінің құрылғылары мен байланыс құралдары – дәлдігі, қолдануға дайындау уақыты, ұтқырлығы (тасымалдануы), габариттік өлшемі, қолданылу қашықтығы, материалдық құрал шығысы нормалары, негізгі элементтер мен жүйенің сенімділігі, қалпына келтіру уақыты, температура режиміне және климаттық факторларға төзімділігі және басқа.

      29. Тәжірибелік әскери пайдалану барысында туындайтын ақау (істен шығу) ҚӘТ-ны жеткізуге шарттың немесе тараптар келісімінің талаптарына сәйкес жойылады. Бұл ретте тәжірибелік әскери пайдалану мерзімін ұзартуға жол беріледі.

      30. Комиссия тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесін актімен ресімдейді, онда пайдалану барысында ҚӘТ-ны бағалау, ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдаудың мақсатқа сәйкестігі туралы тұжырым және ҚӘТ-ның келесі үлгілеріне қойылатын техникалық талаптарға (ТКЖ-ға ТТТ) өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар (бар болса) қамтылған.

      31. Әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) бекіткен акт тапсырыс беруші бөлімшеге жолданады.

      32. Өтеусіз негізде ҚӘТ-ны жеткізушілерден алынған ҚӘТ кері қайтарылады.

7-тарау. ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау

      33. ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану (осы Қағидалардың 39-тармағының 1) тармақшасында көзделген ҚӘТ-ны қоспағанда), сынау және алынған материалды талдау нәтижесін алғаннан кейін тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ведомствоішілік кеңесші органның төрағасына ведомствоішілік кеңесші органның отырысында ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесін және оны қаруландыруға қабылдау жөніндегі ұсыныстарды қарау туралы сұрау салуды жолдайды.

      Тәжірибелік әскери пайдалану (көрсетіп сынау) нәтижесіне байланысты тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы мынадай ұсыныстарды қалыптастырады:

      1) ҚӘТ-ны Қарулы Күштерді қаруландыруға қабылдау;

      2) ҚӘТ-ны Қарулы Күштерді қаруландыруға қабылдамау;

      3) ҚӘТ-ны қосымша тәжірибелік әскери пайдалану;

      4) ҚӘТ-ның қолданылу циклі (жұмыс істеу мерзімі) аяқталғанға дейін оны қаруландыруға қабылдамай пайдалану;

      5) ҚӘТ-ны Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 29 қарашадағы № 896 қаулысымен бекітілген Қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 136562 болып тіркелген) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 6 қарашадағы № 832 қаулысымен бекітілген Пайдаланылмайтын мүлікті беру, өткізу, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 135866 болып тіркелген) сәйкес пайдалану.

      34. Сұрау салу оң қаралған кезде ведомствоішілік кеңесші органның отырысын дайындауға және өткізуге жауапты құрылымдық бөлімшеге ведомствоішілік кеңесші орган мүшелерінің олармен алдын ала танысуы үшін қажетті материал (баяндама, слайд, сынау немесе тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесі, анықтамалық және таныстыру материалы) жолданады.

      35. Ведомствоішілік кеңесші органның отырысы барысында тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы сынау және тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесін, техникалық талаптарға (ТКЖ-ға ТТТ) енгізуді талап ететін өзгерістер тізбесін (бар болса) және ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдаудың мақсатқа сәйкестігі туралы ұсыныстарды баяндайды.

      36. Баяндауды тыңдағаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері оны талқылауға көшеді, оның барысында өз ұсыныстарын береді. Даулы мәселелер болған кезде шақырылған басқа мамандардың да пікірі тыңдалады. Талқылау аяқталғаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері түскен ұсыныстар бойынша дауыс беруге көшеді.

      37. Түскен ұсыныстарға байланысты ведомствоішілік кеңесші орган мынадай шешім қабылдайды:

      1) тапсырыс беруші бөлімшенің ұсынысын қолдау немесе қабылдамау;

      2) ведомствоішілік кеңесші органның басқа мүшелерінің ұсынысын қолдау немесе қабылдамау.

      38. Ведомствоішілік кеңесші орган отырысының қорытындысы бойынша хаттама жасалады.

      39. Ведомствоішілік кеңесші органның қарауына шығарылады:

      1) ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдаланбай:

      Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер қаруландыруға қабылдаған;

      арнайы мақсаттағы бөлімдер мен бөлімшелер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштері үшін арналған (бұл норма Қарулы Күштердің қалған құрамының тәжірибелік әскери пайдаланусыз осы ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдауы үшін негіз болып табылмайды);

      2) ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдаланумен (осы Қағидалардың 6-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды жүргізбей):

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік саласындағы заңнамасына сәйкес шет мемлекеттер мен әріптестер, халықаралық ұйымдар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік сектор субъектілері Қарулы Күштерге өтеусіз негізде берген (тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесі теріс болған жағдайда осы Қағидалардың 33-тармағына сәйкес шешімдер қабылданады);

      Қарулы Күштер құрамынан мекемелер мен ұйымдар шығарған;

      отандық, шетелдік ҚӘТ-ны жеткізушілер шығарған және Қарулы Күштерге тәжірибелік әскери пайдалану үшін өтеусіз негізде берілген.

      40. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерінен басқа, Қарулы Күштерді қаруландыруға қабылданған ҚӘТ (корабль, катер мен кеме үшін басты үлгі), құрал, жүйе, кешен, жедел қамтамасыз ету түрінің құрылғылары мен байланыс құралдары туралы деректер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің уәкілетті құрылымдық бөлімшесі арқылы "Қару-жарақ пен әскери техника кадастры" электрондық деректер банкіне енгізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады