БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 30 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10368 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі |
Р. Жаксылыков |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Бас прокуратурасы
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік күзет қызметі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі 2025 жылғы 10 сәуірдегі № 390 бұйрығына қосымша |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2015 жылғы 21 қаңтардағы № 30 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техниканы қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарын (бұдан әрі – Қарулы Күштер) қаруландыруға қару-жарақ пен әскери техника (бұдан әрі – ҚӘТ) қабылдау тәртібін айқындайды.
Қарулы Күштерде қолданылатын ҚӘТ-ны бірыңғай үлгіге келтіру мақсатында мемлекеттік орган үшін жаңа осы Қағидаларға сәйкес сұрау салу бойынша берілген басқа мемлекеттік органның оң пікірі, сынау актісі немесе әскери тәжірибелік пайдалану нәтижесі (жүргізілсе) негізінде ҚӘТ үлгісін қаруландыруға қабылдауға жол беріледі.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:
1) ведомствоішілік кеңесші орган – ҚӘТ-ны Қарулы Күштерді қаруландыруға қабылдау жөніндегі тұрақты әрекеттегі жұмыс органы;
2) жедел (Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті үшін жауынгерлік) қамтамасыз ету түрі (бұдан әрі – жедел қамтамасыз ету түрі) – барлау, әскерді қорғау, радиоэлектрондық күрес, психологиялық күрес, жедел бүркемелеу, инженерлік қамтамасыз ету, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау, топогеодезиялық, навигациялық және гидрометеорологиялық (метеорологиялық) қамтамасыз ету;
3) ҚӘТ-ның негізгі үлгісі – осы сериядағы келесі бұйымның (кешеннің) техникалық сипаттамасын арттыру, шығару құнын төмендету және пайдалану мақсатында тәжірибелік әскери пайдалану (қабылдап-беріп сынау) барысында конструкцияны толық пысықтау және осы құжаттамаға өзгеріс енгізу болжанатын тактикалық-техникалық тапсырмаға (бұдан әрі – ТТТ) сәйкес тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыс құжаттамасының жаңа жобасы бойынша жасалған алғашқы бұйым (кешен);
4) ҚӘТ-ны жеткізуші – қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органның ұйымы, ҚӘТ-ны шығарушы немесе жасаушы (оның ішінде Қарулы Күштер құрамынан), ҚӘТ-ны шығаратын (жеткізетін) немесе Қарулы Күштердің негізгі пайдаланушысына ҚӘТ-ны жаңғырту жұмысын орындайтын (қызмет көрсететін) дистрибьютор, өкіл, импорттаушы, дилер;
5) ҚӘТ-ның құрамдас бөлігі – жалпы конструкторлық шешіммен (схемалық шешіммен) біріктірілген, адам күшін, техника мен инфрақұрылым объектісін зақымдау немесе жедел қамтамасыз ету түрі іс-шараларын орындау (жүргізу) үшін арналған ҚӘТ-ның алынбалы жиынтықтаушы бұйымы;
6) ҚӘТ үлгісі – техникалық талаптарға немесе ТТТ-ға сәйкес жаңадан әзірленген немесе толық пысықталған (жаңғырту мақсатында) тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыс құжаттамасы бойынша жасалған жаңа немесе жаңғыртылған үлгі (ҚӘТ-ның негізгі үлгісі), ҚӘТ-ның құрамдас бөлігі;
7) сарапшы – осы салада тиісті құзыреті жоқ басқа адамдар қарайтын немесе шешетін мәселе бойынша білікті қорытынды жасауға немесе пайымдауға мүмкіндік беретін белгілі бір салада арнайы білімі мен жұмыс тәжірибесі бар Қарулы Күштер өкілі;
8) сынап көрсету – ҚӘТ-ны жеткізуші мәлімдеген сипаттаманы нақтылау үшін техникалық және жауынгерлік мүмкіндігін көрсету мақсатында жүргізетін ҚӘТ-ны іс жүзінде көрсету;
9) тапсырыс беруші бөлімше – ведомствоішілік кеңесші органның ҚӘТ үлгісін қаруландыруға қабылдау мәселесін қарауы бойынша ұсыныс дайындауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше;
10) тәжірибелік әскери пайдалану – ҚӘТ-ны (оқ-дәріні қоспағанда) шектеулі мерзім ішінде пайдалану ерекшелігін айқындау (арналуы бойынша пайдалану, жеткізу, сақтау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу) мақсатында әртүрлі табиғи-климаттық жағдайда арнайы ұйымдасқан түрде пайдалану, ал корабль, катер, кеме, өздігінен жүрмейтін және жүзетін құрал үшін қабылдап-беріп сынау (швартовтық, конструкторлық және зауыттық жүргізіп сынау) жүргізіледі.
3. Қарулы Күштер осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен қаруландыруға қабылданған ҚӘТ-мен, құралмен, жүйемен, кешенмен, құрылғымен, жедел қамтамасыз ету түрінің бұйымымен және байланыс құралымен жарақтандырылады.
4. ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдаланудың оң нәтижесіне қол жеткізілгенде ҚӘТ қаруландыруға ведомствоішілік кеңесші органның тиісті шешімі негізінде қабылданады.
Ведомствоішілік кеңесші органның құрамы мен ол туралы ереже мемлекеттік орган бірінші басшыларының бұйрығымен бекітіледі.
5. ҚӘТ қаруландыруға мынадай тәртіппен қабылданады:
1) ҚӘТ-ға қажеттілікті және қойылатын техникалық талаптарды айқындау;
2) нарықты мониторингтеу;
3) ұсынысты салыстырып талдау;
4) ұсынысты ведомствоішілік кеңесші орган отырысында қарау;
5) ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану;
6) ведомствоішілік кеңесші орган отырысында ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесін және қаруландыруға қабылдау жөніндегі ұсынысты қарау;
7) ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау.
Қарулы Күштерді қаруландыруға бұрын қаруландыруда тұрмаған, сондай-ақ жаңғыртылған ҚӘТ үлгісі қабылданады.
2-тарау. ҚӘТ-ға қажеттілікті және қойылатын техникалық талаптарды айқындау тәртібі
6. Қажеттілікті мүддесінде ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау жоспарланатын әскер түрі, әскер тегі, әскери құралым, құрылымдық бөлімше (бұдан әрі – тапсырыс беруші бөлімше) Қарулы Күштер құрылымының перспективалық бағытын талдауды (бұдан әрі – қажеттілікті талдау), Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 554 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын, ҚӘТ-ны дамытудың әлемдік үрдісін, мемлекеттің, қолда бар ҚӘТ-ның мүмкіндігін және ел басшылығы қойған міндеттерді негізге алып айқындайды.
7. Тапсырыс беруші бөлімше қажеттілікті талдайды және ол жоғарыда көрсетілген басшылық құжаттарға сәйкес дәлелді негіздеме және ҚӘТ-ға қажеттілік бар ҚӘТ-ны пайдаланудың (қарулы жанжалда, дағдарысты және төтенше жағдайда, жаппай тәртіпсіздікте, мемлекеттік шекараны күзетуде) оң тәжірибесі туралы ақпаратты қамтиды.
Қажеттілікті талдау негізінде тапсырыс беруші бөлімше ҚӘТ-ның техникалық талаптарын және әскерді жарақтандыру бойынша ұсыныс әзірлейді (қалыптастырады), ол жетекшілік ететін бастықпен және жабдықталым органымен келісілгеннен кейін Қарулы Күштер басшылығына баяндалады.
Қажеттілікті талдау баяндауға қоса беріледі.
3-тарау. Нарықты мониторингтеу тәртібі
8. ҚӘТ-ны жеткізушіден техникалық және коммерциялық ұсыныс (бұдан әрі – ұсыныс) алу мақсатында тапсырыс беруші бөлімше техникалық талаптары бар тиісті сұрау салуды қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органға (Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органы үшін ҚӘТ-ны қоспағанда, оларды сатып алу қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатады) және тиісті бағыттағы ҚӘТ-ны жеткізушіге жібереді. ҚӘТ-ны жеткізушімен сынап көрсету және ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану үшін өтеусіз негізде беру туралы мәселе пысықталады.
9. Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органнан және ҚӘТ-ны жеткізушіден қаралатын үлгіге объективті себеп (ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбау) бойынша ұсыныс болмағанда ақпаратты ҚӘТ-ны тиісті жеткізушінің ресми интернет-ресурсынан алынған қаралатын ҚӘТ-ның техникалық және коммерциялық көрсеткіші бойынша пайдалануға жол беріледі.
10. Ғылыми-зерттеу (бұдан әрі – ҒЗЖ), тәжірибелік-конструкторлық жұмыс (бұдан әрі – ТКЖ) және жаңғырту нәтижесі бойынша жасалған ҚӘТ үшін ҚӘТ-ны жеткізушіден ұсыныс алғаннан кейін зауыттық сынау актісі немесе қаралатын ҚӘТ сапасын растайтын құжаттар сұратылады және зерделенеді, одан кейін сынап көрсетіледі .
11. Сынап көрсетуді ұйымдастыру ҚӘТ-ны жеткізуші күшімен және құралымен немесе тапсырыс беруші бөлімшемен келісілген бағдарлама бойынша тараптардың келісілген шешімі бойынша жүзеге асырылады.
Сынап көрсету жеткізуші аумағында немесе Қарулы Күштер полигонында (мекемесінде) тараптардың келісілген шешімі бойынша жүргізіледі.
12. Нарықты мониторингтеу нәтижесі бойынша салыстырып талдау үшін ҚӘТ тізбесі жасалады.
4-тарау. Ұсынысты салыстырып талдау тәртібі
13. Салыстырып талдау үшін тиісті тапсырыс беруші бөлімше басшысының бұйрығымен сараптау комиссиясының құрамы бекітіледі.
14. Сараптау комиссиясының құрамына зерттелетін саладағы тиісті мамандар кіреді: комиссия төрағасы, төраға орынбасары, комиссия мүшелері (кемінде үш адам).
15. Сараптау комиссиясының негізгі міндеттері:
1) ҚӘТ-ны жеткізушіден түскен ұсыныстың техникалық талаптарға сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі мәніне салыстырып талдау;
2) техникалық талаптарға сәйкес келетін тиімді ҚӘТ-ны айқындау;
3) осы Қағидалардың 41-тармағының 1) тармақшасында көзделген ҚӘТ-ны қоспағанда, тәжірибелік әскери пайдалану үшін оңтайлы мерзімді, ҚӘТ саны мен құрамын айқындау;
4) жоғарыда көрсетілген жұмыс нәтижесі бойынша сараптау комиссиясының қорытындысын жасау болып табылады.
16. Салыстырып талдау кезінде:
1) сериялық өндірістің болуы (ҚӘТ-ның негізгі үлгісінен басқа);
2) бір немесе одан көп елде (отандық шығарылған ҚӘТ-ның негізгі үлгісінен басқа) қаруландыруға қабылдау;
3) техникалық сипаттама;
4) құны, оның ішінде ҚӘТ-ны жаңғырту (жаңғырту құны ҚӘТ-ның жаңа үлгісі немесе оның аналогы құнынан 50 %-дан аспауға тиіс);
5) Қазақстан Республикасындағы жағдайға ұқсас табиғи-климаттық жағдайда пайдалану;
6) Қазақстан Республикасы қабылдаған ұлттық стандартқа немесе мемлекетаралық стандартқа сәйкес келуі;
7) қаруландыруда бар ҚӘТ-ны бірегейлендіру және оның үйлесімділігі;
8) Қазақстан Республикасында шығарылуы;
9) Қазақстан Республикасында ҚӘТ-ға регламенттелген техникалық қызмет көрсету және жөндеу мүмкіндігі;
10) Қазақстан Республикасында Қарулы Күштер мамандарын ҚӘТ-ға қызмет көрсету және пайдалану бойынша оқытып-үйрету мүмкіндігі;
11) ҚӘТ-ге оқ-дәрі (зақымдау құралын) шығаруды немесе жеткізуді ұйымдастыру;
12) имитациялық модельдеудің оң нәтижесі қосымша ескеріледі.
Қарулы Күштерде ҚӘТ-ны пайдалануды жан-жақты бағалау мақсатында тапсырыс беруші бөлімше жоғарыда көрсетілген тізбеге ҚӘТ-ның оқ ату, жүріс, пайдалану мүмкіндігі бойынша қосымша өлшемшартты енгізеді.
17. Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті орган баламалы ұсыныстың болмауы туралы ақпаратты растаған кезде түскен бір ұсыныс бойынша салыстырып талдау жүргізіледі.
Салыстырып талдау қорытындысы бойынша ҚӘТ, егер техникалық талаптарға сәйкес келсе немесе техникалық сипаттамасы (параметрі) бойынша одан асса, ұтымды деп саналады.
ҚӘТ-ны жеткізушінің ұсынысы техникалық талаптардың анағұрлым маңызды техникалық параметрі және барлық ұсынылған ҚӘТ көрсеткіші бойынша сәйкес келмегенде сараптау комиссиясы мынадай шешімнің бірін ұсынады:
1) ҚӘТ-ны жеткізушінің мүмкіндігін ескеріп, ҚӘТ-ға қойылатын техникалық талаптарға өзгеріс енгізу және сұрау салуды қайта жіберу;
2) Қазақстан Республикасының ғылым, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы заңнамасына сәйкес ҒЗЖ немесе ТКЖ нәтижесі бойынша ҚӘТ-ны алу үшін ТТТ әзірлеу.
18. Сараптау комиссиясының қорытындысында ҚӘТ-ны жеткізушіден түскен ұсыныстың техникалық талаптарға сәйкес келуі немесе сәйкес келмеуі нәтижесі көрсетіледі, ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану саны, құрамы мен жоспарланатын мерзімі көрсетіледі және негізделеді (осы Қағидалардың 41-тармағының 1) тармақшасында көзделген ҚӘТ-ны қоспағанда).
19. Тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану мерзімін (жүргізілсе), санын және құрамын экономикалық тұрғыдан орындылығын және осы Қағидалардың 27-тармағында көзделген кезеңде барлық қажетті тексеруді қамтуды ескеріп айқындайды.
Сараптау комиссиясының қорытындысына сараптау комиссиясының құрамы қол қояды.
5-тарау. Ведомствоішілік кеңесші орган отырысында ұсынысты қарау тәртібі
20. Сараптау комиссиясының қорытындысы негізінде тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ведомствоішілік кеңесші органның төрағасына ҚӘТ-ны (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ) іріктеу және алу тәртібі жөніндегі ұсынысты ведомствоішілік кеңесші органның отырысында қарау туралы сұрау салу жібереді.
21. Сұрау салу оң қаралған кезде тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ведомствоішілік кеңесші органның отырысын дайындауға және өткізуге жауапты құрылымдық бөлімшеге ведомствоішілік кеңесші орган мүшелерінің олармен алдын ала танысуы үшін қажетті материалды (баяндама, слайд, қажеттілікті талдау, техникалық талаптар (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ), хат алмасу, сараптау комиссиясының қорытындысы, анықтамалық және таныстыру материалы) жібереді.
22. Ведомствоішілік кеңесші органның отырысы барысында тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ҚӘТ-ға қажеттілікті және оған қойылатын техникалық талаптарды (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ-ны), нарықты мониторингтеу нәтижесін, ҚӘТ-ны алу шартын, сараптау комиссиясының қорытындысын, ҚӘТ-ны алу тәртібі, саны, құрамы және жоспарланған тәжірибелік әскери пайдалану мерзімі бойынша ұсынысты (осы Қағидалардың 41-тармағының 1) тармақшасында көзделген ҚӘТ-ны қоспағанда) баяндайды.
23. Баяндауды тыңдағаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері оны талқылауға көшеді, оның барысында өз ұсынысын береді. Талқылау аяқталғаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері түскен ұсыныстар бойынша дауыс беруге көшеді.
Құрамының жалпы санының кемінде үштен екі бөлігі қатысса, ведомствоішілік кеңесші органның отырысы заңды болып саналады.
Ведомствоішілік кеңесші органның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оған қатысушы ведомствоішілік кеңесші орган мүшелерінің көбі дауыс бергенде қабылданған болып саналады. Дауыс тең болғанда ведомствоішілік кеңесші орган төрағасының даусы шешуші болып табылады.
24. Түскен ұсыныстарға байланысты ведомствоішілік кеңесші орган тиісті негіздемемен мынадай шешім қабылдайды:
1) тапсырыс беруші бөлімшенің ұсыныстарын мақұлдау;
2) тапсырыс беруші бөлімшенің ұсыныстарын қабылдамау.
25. Ұсыныс мақұлданғанда тапсырыс беруші бөлімше ҚӘТ-ны алу үшін (өтеусіз негізде беру немесе сатып алу арқылы) әрекет етеді, ал ТКЖ жүргізілгенде қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органға бекітілген ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ-ны жібереді.
26. Ұсыныстар қабылданбағанда тапсырыс беруші бөлімше ведомствоішілік кеңесші органның шешімін орындау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады, техникалық талаптарға (ҒЗЖ-ға немесе ТКЖ-ға ТТТ) өзгеріс енгізеді және ведомствоішілік кеңесші органның отырысын өткізуге сұрау салуды қайта жібереді.
6-тарау. ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану тәртібі
27. Тәжірибелік әскери пайдалану ведомствоішілік кеңесші органның тиісті шешімі негізінде табиғи ортада, Қарулы Күштер полигонында (мекемесінде), қалалық, далалық жағдайда, теңізде (өзенде, көлде, су тоғанында және сынау бассейнінде) жүргізіледі, онда өткізу мақсаты, мерзімі (кемінде 5 жұмыс күні, бірақ 1 жылдан артық емес), оны өткізуге жауапты әскери бөлім немесе мекеме, қажетті нұсқаулар айқындалады.
28. Әскери бөлімде немесе мекемеде ҚӘТ-ны пайдалану кезінде ерекшелігін бағалау үшін командирдің (бастықтың) бұйрығымен комиссия құрылады, ҚӘТ пайдалануға беріледі және жауапты лауазымды адамдарға бекітіліп беріледі.
Комиссия құрамына зерттелетін саладағы тиісті мамандар: комиссия төрағасы, төраға орынбасары, комиссия мүшелері (кемінде үш адам) кіреді.
29. Жауынгерлік даярлық құжаттары, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 қарашадағы № 862 бұйрығымен бекітілген Тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстардың нәтижелеріне сынақтар жүргізу қағидалары (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19645 болып тіркелген), ұлттық стандарттар (Қазақстан Республикасы қабылдаған мемлекетаралық стандарттар) негізінде тәжірибелік әскери пайдалану үшін тапсырыс беруші бөлімше ҚӘТ-ның жауынгерлік және пайдалану сипаттамасын тексеруді қамтитын тәжірибелік әскери пайдалану бағдарламасын әзірлейді.
30. Әртүрлі ҚӘТ үлгісі үшін тәжірибелік әскери пайдалану бағдарламасын әзірлеу барысында міндеттер мен арналуын негізге алып, мынадай негізгі пайдалану және жауынгерлік сипаттамасы ескеріледі:
1) қару-жарақ үшін – зақымдау қашықтығы, оқ ату жылдамдығы, дәлдігі, қолдануға дайындау уақыты, ұтқырлығы (тасымалдануы), температура режиміне және табиғи-климаттық факторға төзімділігі;
2) әскери техника үшін:
жауынгерлік машина – жүріп өту мүмкіндігі, маневрлігі, күштік қондырғының техникалық сипаттамасы, экипаждың сыйымдылығы, жүріс қоры, габариттік өлшемі, тасымалдануы, материалдық құрал шығысы нормалары, негізгі элементтер мен жүйенің сенімділігі, қалпына келтіру уақыты, температура режиміне және табиғи-климаттық факторға төзімділігі, белгіленген қару-жарақтың пайдалану және жауынгерлік сипаттамасы (осы Қағидалардың 30-тармағының 1) тармақшасына сәйкес);
әскери корабль (катер мен кеме) – суды ығыстыруы, маневрлігі, инерциясы және кері бағыттау сипаттамасы, күштік қондырғының техникалық сипаттамасы, экипаждың сыйымдылығы, жүріс қоры, габариттік өлшемі, тасымалдануы, материалдық құрал шығысы нормалары, негізгі элементтер мен жүйенің сенімділігі, қалпына келтіру уақыты, температура режиміне және табиғи-климаттық факторға төзімділігі, белгіленген қару-жарақтың пайдалану және жауынгерлік сипаттамасы (осы Қағидалардың 30-тармағының 1) тармақшасына сәйкес);
әскери әуе кемесі және басқа да ұшу аппараты – жүк көтергіштігі, ұшу қашықтығы, ұшу жылдамдығы, шекті ұшу биіктігі, ұшып көтерілу және қону шарты, күштік қондырғының техникалық сипаттамасы, экипаж бен жүктің сыйымдылығы, габариттік өлшемі, тасымалдануы, материалдық құрал шығысы нормалары, негізгі элементтер мен жүйенің сенімділігі, қалпына келтіру уақыты, температура режиміне және табиғи-климаттық факторға төзімділігі, белгіленген қару-жарақтың пайдалану және жауынгерлік сипаттамасы (осы Қағидалардың 30-тармағының 1) тармақшасына сәйкес);
құрал, жүйе, кешен, құрылғы, жедел (жауынгерлік) қамтамасыз ету түрінің бұйымы мен байланыс құралы – дәлдігі, қолдануға дайындау уақыты, ұтқырлығы (тасымалдануы), габариттік өлшемі, қолданылу қашықтығы, материалдық құрал шығысы нормасы, негізгі элементтер мен жүйенің сенімділігі, қалпына келтіру уақыты, температура режиміне және табиғи-климаттық факторға төзімділігі.
31. Тәжірибелік әскери пайдалану барысында туындайтын ақаулық (істен шығу) ҚӘТ-ны жеткізу шартының немесе тараптар келісімінің талаптарына сәйкес жойылады. Бұл ретте тәжірибелік әскери пайдалану мерзімі ұзартылады, бірақ сыналатын ҚӘТ-ға үш реттен аспауға тиіс.
Тәжірибелік әскери пайдалануға ҚӘТ-ны жеткізушінің қатысуы және құралдармен қамтамасыз етуі тараптардың келісілген шешімі бойынша жүзеге асырылады.
32. Комиссия тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесін актімен ресімдейді, онда пайдалану барысында ҚӘТ-ны бағалау, ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдаудың мақсатқа сәйкестігі туралы тұжырым және ҚӘТ-ның келесі үлгісіне қойылатын техникалық талаптарға (ТКЖ-ға ТТТ) өзгеріс енгізу бойынша ұсыныс (болса) қамтылады. ҚӘТ бойынша ескерту мен ұсыныс болғанда актінің көшірмесі ҚӘТ-ны жеткізушіге беріледі.
33. Әскери бөлім (мекеме) командирі (бастығы) бекіткен акт тапсырыс беруші бөлімшеге жіберіледі.
34. Өтеусіз негізде ҚӘТ-ны жеткізушіден алынған ҚӘТ тиісті шартта көзделген жағдайдан басқа, тәжірибелік әскери пайдалану үшін кері қайтарылады.
7-тарау. ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдау тәртібі
35. ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану (осы Қағидалардың 41-тармағының 1) тармақшасында көзделген ҚӘТ-ны қоспағанда), алынған материалды сынау және талдау нәтижесін алғаннан кейін тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ведомствоішілік кеңесші органның төрағасына ведомствоішілік кеңесші органның отырысында ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесін және оны қаруландыруға қабылдау жөніндегі ұсынысты қарау туралы сұрау салуды жібереді.
Тәжірибелік әскери пайдалану (сынап көрсету) нәтижесіне байланысты тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы мынадай ұсыныстарды жасайды:
1) ҚӘТ-ны Қарулы Күштерді қаруландыруға қабылдау;
2) ҚӘТ-ны Қарулы Күштерді қаруландыруға қабылдамау;
3) ҚӘТ-ны қосымша тәжірибелік әскери пайдалану;
4) ҚӘТ-ның қолданылу циклі (жұмыс істеу мерзімі) аяқталғанға дейін оны қаруландыруға қабылдамай пайдалану;
5) ҚӘТ-ны Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 29 қарашадағы № 896 қаулысымен бекітілген Қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы қағидаларына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 6 қарашадағы № 832 қаулысымен бекітілген Пайдаланылмайтын мүлікті беру, өткізу, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларына сәйкес пайдалану.
36. Сұрау салу оң қаралған кезде ведомствоішілік кеңесші органның отырысын дайындауға және өткізуге жауапты құрылымдық бөлімшеге ведомствоішілік кеңесші орган мүшелерінің олармен алдын ала танысуы үшін қажетті материал (баяндау, слайд, сынау немесе тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесі, анықтамалық және таныстыру материалы) жіберіледі.
37. Ведомствоішілік кеңесші органның отырысы барысында тапсырыс беруші бөлімшенің басшысы ҚӘТ-ны сынау және тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесін, техникалық талаптарға (ТКЖ-ға ТТТ) енгізуді талап ететін өзгерістер тізбесін (болса) және қаруландыруға қабылдаудың мақсатқа сәйкестігі туралы ұсыныстарды баяндайды.
38. Баяндауды тыңдағаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері оны талқылауға көшеді, оның барысында өз ұсыныстарын береді. Талқылау аяқталғаннан кейін ведомствоішілік кеңесші органның мүшелері түскен ұсыныс бойынша дауыс беруге көшеді.
Құрамының жалпы санының кемінде үштен екі бөлігі қатысса, ведомствоішілік кеңесші органның отырысы заңды болып саналады.
Ведомствоішілік кеңесші органның шешімі ашық дауыс берумен қабылданады және егер оларға қатысушы ведомствоішілік кеңесші орган мүшелерінің көбі дауыс берсе, қабылданған болып саналады. Дауыс тең болған кезде ведомствоішілік кеңесші орган төрағасының даусы шешуші болып табылады.
39. Түскен ұсынысқа байланысты ведомствоішілік кеңесші орган мынадай шешім қабылдайды:
1) тапсырыс беруші бөлімшенің ұсынысын қолдау немесе қабылдамау;
2) ведомствоішілік кеңесші орган мүшелерінің ұсынысын қолдау немесе қабылдамау.
40. Ведомствоішілік кеңесші орган отырысының қорытындысы бойынша хаттама жасалады, ол қорғаныс өнеркәсібі саласындағы уәкілетті органға (арнаулы мемлекеттік органдарды және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органын қоспағанда) жіберіледі.
41. Ведомствоішілік кеңесші органның қарауына:
1) ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдаланбай:
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттер қаруландыруға қабылдаған;
Қазақстан Республикасында төтенше және соғыс жағдайы режимін енгізгенде;
Қарулы Күштер Арнайы операциялар күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімдері мен бөлімшелері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштері үшін арналған (бұл норма Қарулы Күштердің қалған құрамының тәжірибелік әскери пайдаланусыз осы ҚӘТ-ны қаруландыруға қабылдауы үшін негіз болып табылмайды);
оларды сатып алу қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жататын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органы үшін;
"Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының ұшуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 14 желтоқсандағы № 744 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16210 болып тіркелген) сәйкес нано, микро, мини массалық-габариттік сипаттамасы бойынша жіктелген пилотсыз әуе кемесі;
2) ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдаланумен (осы Қағидалардың 5-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген іс-шараларды жүргізбей):
Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүлік саласындағы заңнамасына сәйкес шет мемлекеттер мен әріптестер, халықаралық ұйымдар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен квазимемлекеттік сектор субъектілері Қарулы Күштерге өтеусіз негізде берген (тәжірибелік әскери пайдалану нәтижесі теріс болғанда осы Қағидалардың 35-тармағына сәйкес шешім қабылданады);
Қарулы Күштер құрамының мекемелері мен ұйымдары шығарған;
ҚӘТ-ны отандық, шетелдік жеткізуші шығарған және Қарулы Күштерге тәжірибелік әскери пайдалану үшін өтеусіз негізде берілген ҚӘТ шығарылады. Бұл ретте Қарулы Күштер Арнайы операциялар күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімдері мен бөлімшелері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштері үшін өтеусіз негізде берілген ҚӘТ-ны тәжірибелік әскери пайдаланудың оң нәтижесіне қол жеткізгенде осы ҚӘТ-ны мемлекеттік орган ішінде Қарулы Күштердің қалған құрамын қаруландыруға қабылдауға жол беріледі.
42. ҚӘТ-ны сатып алу қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жататын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органынан, Қарулы Күштер Арнайы операциялар күштерінің арнайы мақсаттағы бөлімдері мен бөлімшелерінен және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің Айрықша мақсаттағы күштерінен басқа, Қарулы Күштерді қаруландыруға қабылданған ҚӘТ (ҚӘТ-ның негізгі үлгісі), құрал, жүйе, кешен, жедел қамтамасыз ету түрінің құрылғысы мен байланыс құралдары туралы деректер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің уәкілетті құрылымдық бөлімшесі арқылы "Қару-жарақ пен әскери техника кадастры" электрондық дерекқорына енгізіледі.