"Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысының әкімдігінің 2015 жылғы 1 қазандағы № 352 қаулысы. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 5 қарашада № 4559 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысының әкімдігінің 2017 жылғы 20 ақпандағы № 27 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысының әкімдігінің 20.02.2017 № 27 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қантардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 17-бабына сәйкес Ақтөбе облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыны "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Ақтөбе облысы әкімдігінің кейбір қаулылары жойылсын.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Ғ.Есқалиевке жүктелсін.
      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен қолданысқа еңгізіледі.
      Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаев

  Ақтөбе облысы әкімдігінің
2015 жылғы "01" қарашадағы
№ 352 қаулысына қосымша

Ақтөбе облысы әкімдігінің жойылуға жататын қаулылардың тізбесі

      1. Ақтөбе облысы әкімдігінің 2013 жылғы 1 шілдедегі № 205 "Ақтөбе облысынын кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының кейбір мәселелері туралы" қаулысының 3-тармағы.
      2. Ақтөбе облысы әкімдігінің 2014 жылғы 1 шілдедегі № 213 "Кәсіпкерлік басқармасы мен индустриялық-инновациялық даму басқармасының ережелерін бекіту туралы" қаулысы.
      3. Ақтөбе облысы әкімдігінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 399 "Ақтөбе облысы әкімдігінің 2014 жылғы 1 шілдедегі № 213 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" қаулысы.

  Ақтөбе облысы әкімдігінің
2015 жылғы "01" қазандағы
№ 352 қаулысымен БЕКІТІЛДІ

"Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда – Ақтөбе облысының әкімдігінің 22.02.2016 № 71 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 29 қазандағы № 410 "Қазақстан Республикасы мемлекеттік органының үлгі ережесін бекіту туралы" Жарлығына сәйкес әзірленді және "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесін мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайды.
      2. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің филиалдары және өкілдіктері жоқ.
      3. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбасы, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының қаржы Министрлігі қазынашылық Комитетінің "Ақтөбе облысы бойынша Қазынашылық департаменті" мемлекеттік мекемесінде шоттары бар.
      5. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға тарабы болуға құқығы бар.
      7. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 030010 Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, Сәңкібай батыр даңғылы, 22 К.
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.
      12. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі қызметін қаржыландыру облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      13. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      14. "Ақтөбе облысы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылтайшысы болып табылады.

2. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      15. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің миссиясы Ақтөбе облысының шағын және орта кәсіпкерлікті және сауда қызметін дамыту және қолдау саласында мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ету болып табылады.
      16. Міндеттері:
      1) Ақтөбе облысының кәсіпкерлік және сауда, саласындағы стратегиялық мақсаттар мен басымдықтарды қалыптастырады мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыруға қатысады;       
      2) Ақтөбе облысындағы кәсіпкерлікті дамытудың және сауда қызметінің жай-күйіне талдау жасайды;
      3) Ақтөбе облысының кәсіпкерлікті қолдаудың өңірлік инфрақұрылымын дамытудың және сауда саясатын қалыптастырудың негізгі бағыттарын әзірлеуге және іске асырылуын қамтамасыз етуге қатысады;
      4) Ақтөбе облысының сауда қызметін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады.
      17. Функциялары:
      1) Ақтөбе облысының кәсіпкерлікті қолдау және дамыту, сауда қызметі саласындағы бағдарламалық құжаттарды үйлестіруді, әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асырады;
      2) Ақтөбе облысының кәсіпкерліктің және сауда қызметтердің дамуына мониторинг жүргізеді, талдау жасайды және болжайды, кәсіпкерлік және сауда салаларын қолдау және дамыту жөніндегі заңнамалық және нормативтік актілердің, бағдарламалардың жобаларына ұсыныстар әзірлеуге қатысады;
      3) Ақтөбе облысының кәсіпкерлікті дамыту және сауда саласын дамытудың жалпы стратегиясы ауқымында жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың қызметтерін үйлестіруді құзырет шеңберінде жүзеге асырады;
      4) Ақтөбе облысының басымды бағыттары бойынша жобаларды қаржыландыру және несиелендіру мәселелері бойынша банктермен және қаржылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
      5) Ақтөбе облысының кәсіпкерлікті қаржылық, техникалық және инвестициялық қолдауды үйлестіруді, кәсіпкерлікті дамытуға ықпал ететін отандық және шетелдік әріптестермен ғылыми-техникалық және өндірістік - коммерциялық байланыстар орнатуға ықпал етеді;
      6) мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен азаматтардың өтініштерін қарайды, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің бірлестіктерін аккредиттеуді жүргізеді және олардың мүдделерін қозғайтын жеке кәсіпкерлік субъектілеріне эксперттік тұжырымдама береді;
      7) Ақтөбе облысының бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда кәсіпкерлік және сауда мәселелерін көрсетуді ұйымдастырады;
      8) кәсіпкерлік және сауда сала мәселелері бойынша форумдар, көрмелер, тұсаукесерлер, кеңестер және семинарлар, "дөңгелек үстелдер" ұйымдастыруға және өткізуге, сондай-ақ оларды Ақтөбе облысында, Қазақстан Республикасында және шетелдерде өткізу бойынша ұсыныстар енгізеді;
      9) халықаралық ұйымдармен және институттармен қарыздар, гранттар тарту мәселелерін пысықтайды, қол жеткен келісімдердің орындалуына.мониторинг.жүргізеді;
      10) шағын және орта бизнес субъектілерінің келешегі бар жобаларын іріктейді және республикалық және облыстық бюджет қаражатының есебінен жеңілдікпен несиелендіруді (шағын несиелендіруді) жүзеге асырады;
      11) мемлекеттік сауда саясатын іске асыру шеңберінде атқарушы органдар мен басқа да мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың қызметін үйлестіруге қатысады.
      18. Құқықтары мен міндеттері:
      "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі:
      1) заңнамамен және басқа да нормативтік актілермен белгіленген тәртіппен облыстық, аудандық және қалалық атқарушы органдардан және басқа мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардан Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті материалдарды сұратып алуға және тиісінше хат алмасу жүргізуге;
      2) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен талдамалық шолулар әзірлеу, бағдарламалар, болжамдар жасау бойынша басқа атқарушы органдардың сарапшыларын, мамандарын тартуға;
      3) кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамалардың сақталуына талдау жасау кезінде, басшылардан, басқа лауазымды адамдардан тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдардан ауызша және жазбаша түсініктемелер, құжаттар, анықтамалар мен басқа да материалдар алуға;
      4) кәсіпкерлікті қолдаудың және дамытудың жай-күйіне әсер ететін қаржы-несие, инвестиция, сауда, салық саясаты және басқа да жағдайларда шаралар бойынша ұсыныстар әзірлеуге қатысуға;
      5) басқа облыстардың, орталық атқарушы органдардың және шет елдердің тиісті құрылымдарымен іскерлік байланыстар мен ақпарат алмасуды, тәжірибе алмасуды реттеу мақсатында өзара іс-қимыл жасауға;
      6) гендерлік және отбасы демографиялық саясатты іске асыруға қатысуға;
      7) акционерлік қоғамдардың (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің) мемлекеттік акция пакеттерін (жарғылық капитал үлесіне қатысу) билік ету құқығынсыз иелік етуге және пайдалануға құқылы.
      "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі:
      1) өз құзыретіне жататын мәселелерді шешуде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларын сақтауға;
      2) өз құзыреті шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге;
      3) мемлекеттік қызметтер көрсетуге міндетті.

3. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі қызметін ұйымдастыру

      19. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесіне басшылықты мемлекеттік мекемесі жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      20. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Ақтөбе облысы әкімімен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
      21. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      22. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі басшысының өкілеттігі:
      1) Басқарма басшысы орынбасарының, бөлім басшылары мен басқа да жауапты қызметкерлердің өкілеттіктері мен міндеттерін белгілейді;
      2) Басқарма мамандарын іріктеу және орналастыру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асырады, басқарма қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      3) қолданыстағы заңнамаға сәйкес, барлық органдар мен ұйымдарда Басқарма атынан сөйлейді;
      4) қызметкерлерге еңбекке ақы төлеу қорының шегінде Басқарма кұрылымын, штаттық кестесін және бөлімдерінің Ережелерін (функционалды міндеттерін) бекітеді;
      5) оның құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;
      6) басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекетке бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануына дербес жауапты болады.
      "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

4. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі мүлкі

      23. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі бар.
      "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      24. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
      26. "Ақтөбе облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органы болып табылады.

5. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату

      27. "Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату, осы қаулыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады