Жамбыл облысында жеңілрельстік көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидаларын айқындау туралы

Жаңа

Жамбыл облысы әкімдігінің 2015 жылғы 9 желтоқсандағы № 302 қаулысы. Жамбыл облысы Әділет департаментінде 2016 жылғы 8 қаңтарда № 2893 болып тіркелді

      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
       "Қазақстан Республикасындағы көлiк туралы" Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 21 қыркүйектегі Заңына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Жамбыл облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Жамбыл облысында жеңілрельстік көлікпен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау қағидалары осы қаулының қосымшасына сәйкес айқындалсын.
      2. "Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы қаулының мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жіберуді;
      3) осы қаулының Жамбыл облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;
      4) осы қаулыдан туындайтын басқа да шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбековке жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімі К. Көкрекбаев

  Жамбыл облысы әкімдігінің
2015 жылғы "9" желтоқсандағы
№ 302 қаулысымен бекітілді

Жеңіл рельсті көлікпен жолаушылар тасымалын субсидиялау қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар жеңілрельсті көлікпен жолаушылар тасымалдарын субсидиялау тәртібін айқындайды (бұдан әрі - Қағидалар).
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) жеңіл рельсті көлік – жолаушыларды және жүкті көліктің басқа түрлерінің желілерінен және олардан жаяу жүргіншілердің өтуін оқшаулайтын (бөлінген, бір деңгейлі қиылысы жоқ) жолдар бойынша ұдайы әлеуметтік мәні бар тасымалдауды жүзеге асыратын, сонымен қатар моторлы вагон (немесе моторлы тіркеме вагондармен) сыммен жалғасып электр энергиясын алу арқылы теміржол бағытымен қозғалатын қалалық рельс көлігінің түрі;
      2) маршрут – көлік құралының бастапқы және соңғы пункті арасындағы жүру жолы;
      3) жолаушы – жол жүру құжаты (билеті) бар және жеңілрельсті көлікте жол жүретін жеке тұлға;
      4) тасымалдаушының есептеу тарифі – бір жолаушыны тасымалдаудың өзіндік құны;
      5) жергілікті уәкілетті орган - жолаушылар тасымалы және жолаушылар тасымалы кәсіпорындарының қызметін үйлестіру, оның ішінде жеңілрельсті көлікті пайдалану, Тараз қаласының қоғамдық көлік қызметтеріне қажеттіліктерін қолданыстағы заңнама шеңберінде толық және сапалы қанағаттандыру мақсатында жол қозғалысының қауіпсіздігін ұйымдастыру саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын орындауға уәкілеттік берілген мемлекеттік орган.
      Өзге ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген.
      3. Субсидиялауға тасымалдаушының жеңілрельсті көлікте жолаушылар тасымалын жүзеге асырумен байланысты залалдары жатады. 
      4. Жеңіл рельсті көлікте жолаушылар тасымалын субсидиялау жергілікті бюджеттен жүргізіледі.

2. Жеңіл рельсті көлікпен жолаушылар тасымалын субсидиялаудың тәртібі

      5. Тасымалдаушы шарт жасасқаннан кейін күнтізбелік он бес күн ішінде жергілікті уәкiлетті органға кірістер мен шығыстардың ай бойынша бөлінген жылдық жоспарының жобасын бекіту үшін ұсынады. Жергілікті уәкiлетті орган кірістер мен шығыстардың ай бойынша бөлінген жылдық жоспарының жобасы түскен күнінен бастап отыз күн ішінде оны бекітеді.
      6. Жергілікті уәкiлетті орган ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексереді,тасымалдаушының залалдарын субсидиялау сомасын анықтайды. 
      7. Жергілікті уәкiлетті орган тасымалдаушының ағымдағы шотына тиесілі соманы аудару үшін төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарына және көрсетілген бюджеттік бағдарламаға сәйкес аумақтық қазынашылық бөлімшесіне төлеуге екі данада шот ұсынады.
      8. Тасымалдаушы тасымалдаушының есептеу тарифін қалыптастыру кезінде ескерілетін кірістер мен шығыстардың бөлек есебін жүргізеді. Тасымалдаушының залалдарын субсидиялауға жіберілетін соманың көлемін айқындау мынадай көрсеткіштер негізінде жүргізіледі:
      1) орындалған жолаушылар тасымалының кірістері;
      2) жолаушылар тасымалын орындауға кететін шығыстары 
      9. Жолаушылар тасымалының шығыстарына мыналар кіреді:
      1) жұмыскерлердің еңбекақы қоры;
      2) салықтар және бюджетке төленетін басқа да мiндеттi төлемдер;
      3) электрэнергиясына жұмсалатын шығындар;
      4) майлау материалдарына жұмсалатын шығындар;
      5) доңғалақ жұптарын пайдалану шығыстары;
      6) жылжымалы құрамға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын шығындар;
      7) негізгі қорлардың амортизациялық аударымдары;
      8) пошта-телеграф шығыстары, телефон станцияларын, диспетчерлік, радио және байланыстың басқа түрлерінің қондырғыларын күтіп ұстау және пайдалану шығыстары;
      9) есептеу техникасын күтіп ұстау және пайдалану шығыстары;
      10) баспахана жұмыстарына шығыстар;
      11) жеңілрельсті көлік ғимараттарын, құрылыстары мен үй-жайларын күтіп ұстау шығыстары, сондай-ақ жерге ақы төлеуге байланысты шығыстар;
      12) аудиторлық қызметтер төлемі;
      13) банк қызметі төлемі;
      14) міндетті сақтандыру бойынша төлемдер;
      15) кадрларды даярлау;
      16) еңбекті қорғау шығыстары;
      17) әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметін ұстау бойынша шығыстар.
      10. Қызмет көрсетудің өзіндік құнына кіргізілетін шығыстар құрамын анықтау Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы "Бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы" № 234-III Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
      11. Жылдың соңғы күнтізбелік айына бюджеттік субсидиялар төлеу келесі айдың 20-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде нақты деректер бойынша жасалған есепті кейіннен беру арқылы болжамды деректер бойынша 20 желтоқсаннан кешіктірілмей жасалып, ұсынылған тасымалдау жөніндегі есеп негізінде жүзеге асырылады. Мәлімделген болжамды деректер нақты деректерден асқан жағдайда нақты айырма тиісті бюджетке қайтарылуға жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады