Қызылорда облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облыстық мәслихатының 2015 жылғы 18 наурыздағы N 262 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 21 сәуірде N 4961 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облыстық мәслихатының 2022 жылғы 12 қазандағы № 143 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облыстық мәслихатының 12.10.2022 № 143 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2 тармағына сәйкес Қызылорда облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса берілген Қызылорда облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары бекітілсін.
      2. "Қызылорда облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы" Қызылорда облыстық мәслихатының 2014 жылғы 30 шілдедегі № 214 (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4743 болып тіркелген, облыстық "Сыр бойы" және "Кызылординские вести" газеттерінің 2014 жылғы 16 тамыздағы № 119-120 жарияланған) шешімінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қызылорда облыстық Қызылорда облыстық
      Мәслихатының мәслихаты
      35-сессиясының төрағасы хатшысының міндетін
      уақытша атқарушы
      А. Тайманов А. Оңғарбаев
      КЕЛІСІЛДІ
"Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігінің
Ветеринариялық бақылау
және қадағалау комитеті
Қызылорда облыстық аумақтық
инспекциясы" мемлекеттік
мекемесінің басшысы
__________________ О. Батырханов
2015 жылғы "20" наурыз
      КЕЛІСІЛДІ
"Қазақстан Республикасы тұтынушылардың 
құқықтарын қорғау Агенттігінің Қызылорда
облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау
департаменті" мемлекеттік мекемесінің басшысы
__________________ Р. Нұртаев
2015 жылғы "20" наурыз
      КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі
Қызылорда облысының ішкі
істер департаментінің бастығы
полиция полковнигі
__________________ Ж. Сүлейменов
2015 жылғы "20" наурыз

  Қызылорда облыстық маслихатының
2015 жылғы "18" наурыз № 262 шешімімен
бекітілген

Қызылорда облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары

      Ескерту. Қағидалары жаңа редакцияда - Қызылорда облыстық мәслихатының 29.03.2018 № 195 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қызылорда облысының елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) Қызылорда облысы аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою тәртібін белгілейді.

      2. Қағидалар, меншiктiк нысанына қарамастан, иттер мен мысықтарды асырайтын және серуендететін барлық жеке және заңды тұлғаларға (бұдан әрі - иелер) қолданылады.

      3. Қағидалар "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексiне, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңына сәйкес әзiрленді.

      4. Осы қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы қондырғы – орнату үшін кәдеге жарату (өртеу) биологиялық қалдықтарды (инсинератор, крематор, өлексе жағатын пеш және көзделген басқа да мақсаттар үшін қондырғылар);

      2) пневматикалық қару – нысананы зақымдайтын құралы сығылған, сұйытылған немесе қатайтылған газдың қуаты есебiнен бағытты қозғалыс алатын қару;

      3) үй жануарлары – иттер, мысықтар және ұзақ тарихи кезең бойы дәстүрлі түрде адам көмегімен өсірілетін және бағылатын басқа да жануарлар, сонымен қатар адамның эстетикалық мұқтажын қанағаттандыру үшін жасанды жолмен өсіріп шығарған және жабайы популяциясы жоқ өмірге қабілетті, жеке морфологиялық белгілері ұқсас өзгешеліктері бар және ұзақ уақыт бойы табиғи ареалда өмір сүретін жануарлардың түрлері мен тұқымдары.

2. Иттер мен мысықтарды асырау шарттары

      5. Иттер мен мысықтардың иелерi санитариялық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптарды және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды ұстануы керек.

      6. Иттерді және мысықтарды көп пәтерлі тұрғын үйлердің ортақ пайдаланылатын орындарында (ауласында, кіреберістерде, жертөлелерде, шатырларда, баспалдақ алаңдарында) асырауға жол берілмейді.

      7. Жеке тұрғын үйлер, жеке құрылыстар аумақтарында иттердің қашып кетуін, адамдарға және жануарларға шабуыл жасауын болдырмайтын жағдайларда иттерді оқшау аумақта және (немесе) байлап ұстайды. Егер аумақты ит күзететін болса, иттің аумақта бар екендігі аумаққа кіре берістегі қақпада ескерту тақтайшасымен хабарланады.

3. Иттер мен мысықтарды асырау тәртiбi

      8. Иттер мен мысықтардың иелерi:

      1) иттер мен мысықтар ауруға күдікті, кенеттен өлген жағдайында ветеринариялық қызмет мамандарының келуіне дейін оқшаулауы;

      2) иттер мен мысықтар өлекселерін жергілікті атқарушы органдар белгілеген орындарда жоюды ұйымдастыру бойынша кідіріссіз шаралар қолдануы;

      3) ветеринариялық мекемелердің мамандарына олардың негізделген талабы бойынша қарау, диагностикалық зерттеу және емдеу-алдын алу шараларын, егу, вакцинация жүргізу үшін иттер мен мысықтарды кедергісіз көрсетулері қажет.

      9. Иттер мен мысықтар құтыру ауруының күдікті фактiлері туындаған жағдайда, бұған дейін осы індетке қарсы иммундеу (вакцинациялау) процедураларын өтпегендері заңнамамен белгіленген тәртіппен алып қоюға, қажет болғанда кейiн жойылуға жатады.

4. Иттер мен мысықтарды серуендету тәртiбi

      10. Иттер мен мысықтардың иелерiне:

      1) иттер мен мысықтарды мектепке дейiнгi балалар мекемелерiнiң ойын алаңдарында, мектеп аулаларында, емдеу-профилактикалық және медициналық денсаулық сақтау мекемелерiнiң аумақтарында, стадиондарда, саябақтарда, гүлзарларда серуендетуге;

      2) иттер мен мысықтарды жағажайларда серуендетуге, қоғамдық шомылу жерлерінде, тоғандарда, су бұрқақтарда, су айдындарында және су тарту имараттарында шомылдыруға және жуындыруға;

      3) иттермен және мысықтармен (көру қабілеттілігі бойынша мүгедектігі бар адамдарды жетелеуші иттерден басқа) дүкендерге, қоғамдық тамақтану ұйымдарына, медициналық, мәдени, спорттық және жалпыға білім беру мекемелеріне (арнайы ұйымдастырылған шараларға барудан немесе иттермен, мысықтармен бірге баруға арналған мамандандырылған мекемелерге (ұйымдарға) барудан басқа) баруға;

      4) кәмелет жасындағы адамдарсыз 12 жастан кіші балалардың, иттердің үш айға дейінгі күшіктерінен және иттердің декоративтік тұқымдарынан басқа, иттерді серуендетуге;

      5) алкогольдік, есірткілік мастану күйіндегі адамдарға иттерді серуендетуге рұқсат етілмейді.

      11. Қоғамдық орындарда, қоғамдық көлiктерде және көшелерде иттердi қысқа тiзгiнде, тұмылдырықпен ұстауға және иттер мен мысықтардың декоративтiк түрлерiн сөмкеде, арнайы арналған торларда (тасымалдауға арналған контейнерлерде) немесе қолда алып тасымалдауға жол беріледі.

      12. Үш айға дейінгі иттердің күшіктерін және анатомиялық ерекшеліктері тұмылдырық кигізуге келмейтін декоративтік тұқымды иттерді тұмылдырықсыз серуендетуге болады.

      13. Ауыл шаруашылығы жануарларын бағу кезінде, арнайы жаттықтырылған, есепте тұратын қызметтік иттер мойын жіпсіз және тұмылдырықсыз жүре алады.

      14. Иттер мен мысықтардың иелерi серуендету кезінде қалдырған нәжістерін (экскременттерін) тазарту қажет.

5. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою

      15. Қоғамдық орындарда иесіз жүрген (кәсiпорындарда, ұйымдарда, мекемелерде иелері байлап кеткен және қарғыбауымен жүрген иттен басқа) иттер мен мысықтар, қараусыз (қаңғыбас) деп есептеледi және олар қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жөніндегі мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар тарапынан аулауға жатады.

      Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жұмысына медициналық тексеруден өткен, жүйке аурулары және наркологиялық диспансерлерде тіркелмеген тұлғалар жіберіледі. Аулау бригадасы Ұйымның эмблемасы бар жеке қорғану құралдарымен және арнайы киіммен жабдықталады.

      16. Қанғыбас иттер мен мысықтарды аулау, облыстық маңызы бар қала мен ауданның жергілікті атқарушы органымен келісіліп Ұйым басшысымен бекітілген кестесі бойынша, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштері арқылы жүзеге асырылады. Өтініштер журналда міндетті түрде тіркеліп, мыналар көрсетіледі:

      1) аулау себебі;

      2) өтініш беруші туралы мәліметтер (азаматтың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), заңды тұлғаның атауы, өкілдің толық атауы, мекен-жайы, байланыс телефоны);

      3) жануардың түрі;

      4) жануардың мекендеу ортасы (мекен-жайы және мекен-жайының толық сипаттамасы);

      5) жануардың сипаттамасы;

      6) аулаудың себебі туралы ақпарат (қауып алу, қозғалмай агрессия).

      17. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау қызметін іске асыру кезінде Ұйым мамандарының куәліктері болуы тиіс, олар азаматтардың талабы бойынша көрсетіледі.

      18. Рұқсат етілген аулау құралдарына: Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген күрмек, пневматикалық қару, жансыздандыратын, арнайы сертификаты бар дәрі-дәрмектер қолдануымен (жануардың салмағына қарай дозалау), тор мен қақпан және аулау кезінде ит пен мысықтың өліміне әкеп соқпайтын өзге де құралдар мен керек-жарақтар жатады.

      19. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып, адамгершілік қағидаттарының сақталуымен ұйымдастырылады және жүргізіледі.

6. Қорытынды ережелер

      20. Осы қағидаларды бұзғаны үшiн иттер мен мысықтардың иелері "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Кодексiне сәйкес жауапкершілікте болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады