"Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы әкімдігінің 2015 жылғы 03 маусымдағы № 26 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 25 маусымда № 5033 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 2016 жылғы 19 мамырдағы № 461 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы әкімдігінің 19.05.2016 № 461 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Қызылорда облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса берілген "Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. "Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы" мемлекеттік мекемесі осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қызылорда облысы әкімінің орынбасары С.С. Қожаниязовқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев

  Қызылорда облысы әкімдігінің
2015 жылғы "3" маусымдағы
№ 26 қаулысымен бекітілген

"Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы" мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. "Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) кәсіпкерлік, туризм және сауда қызметтерін дамытуда мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын Қызылорда облысы әкімдігі уәкілеттік берген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын "Қызылорда облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.
      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индексі 120014, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесі, 28.
      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 428 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасы" мемлекеттік мекемесі.
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы:
      шағын және орта бизнестің айқындамасын кеңейту мен нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, кәсіпкерлік ортаның бастамаларын жүзеге асыруда ықпал ету, шағын және орта бизнестің бәсекелестік қабілетін арттыру;
      облыста туризм саласының дамуына жағдай жасау және сауда қызметін реттеу.
      15. Негізгі міндеттері:
      1) кәсіпкерлікті дамыту саласында мемлекеттік саясатты іске асыру және үйлестіруді жүргізу;
      2) туристік қызмет саласында мемлекеттік саясатты іске асыру және үйлестіруді жүргізу;
      3) сауда қызметі субъектілерінің қызметін реттеу;
      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді атқарады.
      16. Функциялары:
      1) жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік саясатының іске асырылуын жүзеге асырады;
      2) жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайлар жасайды;
      3) өңiрде шағын және орта кәсiпкерлiк пен инновациялық қызметтi қолдау инфрақұрылымы объектiлерiн құру мен дамытуды қамтамасыз етедi;
      4) жергiлiктi атқарушы органдардың жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің бiрлестiктерiмен, Ұлттық палатамен және нарықтық инфрақұрылым объектілерімен өзара қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын айқындайды;
      5) сараптама кеңестерінiң қызметiн ұйымдастырады;
      6) жергілікті деңгейде жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етеді;
      7) алынып тасталды - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 428 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      8) шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн мамандар мен персоналды оқытуды, даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды ұйымдастырады;
      9) алынып тасталды - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 428 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      10) облыстың аумағында туристiк қызмет саласындағы мемлекеттiк саясатты iске асырады және үйлестiрудi жүзеге асырады;
      11) туристiк қызметтер көрсету нарығына талдау жасайды және облыстың аумағында туризмнiң дамуы туралы қажеттi мәлiметтердi уәкiлеттi органға табыс етедi;
      12) облыстық туристiк ресурстарды қорғау жөнiндегi шараларды әзiрлейдi және енгiзедi; 
      13) облыстың аумағында туристiк индустрия объектiлерiн жоспарлау және салу жөнiндегi қызметтi үйлестiредi;
      14) балалар мен жастар лагерьлерiнiң, туристер бiрлестiктерiнiң қызметiне және өз бетiнше туризмдi дамытуға жәрдем көрсетедi;
      15) туристiк қызмет субъектiлерiне туристiк қызметтi ұйымдастыруға байланысты мәселелерде әдiстемелiк және консультациялық көмек көрсетедi;
      16) халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту шарасы ретiнде туристiк қызмет саласындағы кәсiпкерлiктi дамытады және қолдайды;
      17) туристiк ақпаратты, оның iшiнде туристiк әлеует, туризм объектiлерi мен туристiк қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар туралы ақпаратты бередi;
      18) туристiк ақпарат орталығын құрады;
      19) Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялауды жүзеге асырады;
      20) гидті (аудармашы гидті) кәсіптік даярлауды ұйымдастырады;
      21) уәкілетті органмен келісу бойынша туристік саланы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді;
      22) туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізілімін жүргізеді;
      23) сауда саясатын жүргiзудi қамтамасыз етедi;
      24) өз құзыретi шегiнде сауда қызметi субъектiлерiнiң қызметiн реттеудi жүзеге асырады;
      25) облыста сауда қызметiне қолайлы жағдайлар жасау жөнiнде шаралар әзiрлейдi;
      26) халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативтері бойынша ұсыныстар әзірлейді;
      27) халықты сауда алаңымен қамтамасыз етудің ең төменгі нормативіне қол жеткізу жөнінде шаралар әзірлейді және іске асырады;
      28) көрмелер мен жәрмеңкелер ұйымдастыруды жүзеге асырады;
      29) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағалары мөлшерінің сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
      30) облыстың аумағында алдағы күнтізбелік жылға бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін тұтыну болжамын жасайды;
      31) алынып тасталды - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 428 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      32) алынып тасталды - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 428 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      33) өз құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді;
      33-1) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде шаралар қолданады;
      33-2) өз құзіреті шегінде азаматтардың құқықтық тәрбиесін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
      34) жергілікті мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қызылорда облысы әкімдігінің 07.04.2016 № 428 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      1) Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада бекiтiлген тәртiппен:
      мемлекеттi органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;
      өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды атқаруға құқылы;
      2) Басқарма:
      заңды және негiзделген шешiмдер қабылдауға;
      қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;
      жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарайды, олардың орындалуын бақылайды, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен олар бойынша жауаптар береді;
      жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастырады;
      қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың бірінші басшысын облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;
      2) өз құзіреті шегінде барлық мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарма мүддесін бiлдiредi;
      3) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;
      5) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлеріне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;
      6) бұйрықтарға қол қояды;
      7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
      8) шарттар жасасады;
      9) сенімхаттар береді;
      10) өз өкілеттіктерін ұйымдастыру және ішкі тәртіп мәселелері бойынша регламент қабылдайды;
      11) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;
      12) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;
      13) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;
      14) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;
      15) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;
      16) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;
      17) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;
      18) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;
      19) Қазақстан Республикасы заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.
      23. Басқарманың жұмыс режимі:
      1) Басқарма дүйсенбі мен жұма аралығында аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;
      2) Басқарманың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат 09.00-ден сағат 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;
      3) Басқарма сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.
      24. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, Басқарма әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

4. Басқарманың мүлкi

      25. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болуы мүмкiн.
      Басқарманың мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметi нәтижесiнде сатып алынған мүлiк (ақшалай кiрiстердi коса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен қалыптастырылады.
      26. Басқармаға бекiтiлген мүлiк облыстық коммуналдық мүлікке жатады.
      27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
      Басқарма таратылған жағдайда оның мүлкін пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады