"Шиелі аудандық ветеринария бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы Шиелі ауданы әкімдігінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 664 қаулысы. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2015 жылғы 10 желтоқсанда № 5258 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы Шиелі ауданы әкімдігінің 2016 жылғы 24 маусымдағы № 835 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Шиелі ауданы әкімдігінің 24.06.2016 № 835 қаулысымен (қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы Заңының 18-бабының 8) тармақшасына сәйкес Шиелі ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Шиелі аудандық ветеринария бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесі бекітілсін.
      2. Аудан әкімдігінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы "Шиелі аудандық ветеринария және ветеринариялық бақылау бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде 2015 жылдың 24 ақпанында № 4881 болып тіркелген, аудандық "Өскен өңір" газетінің 2015 жылғы 7 наурызындағы № 18 (8268) санында жарияланған) № 416 қаулысының күші жойылды деп танылсын.
      3. Қаулының орындалуын бақылау Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаровқа жүктелсін.
      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Аудан әкімі Қ. Сәрсенбаев

  Шиелі ауданы әкімдігінің
2015 жылғы 30 қарашадағы
№ 664 қаулысымен бекітілген

“Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі ветеринария саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
      2. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылтайшысы Шиелі ауданының әкімдігі болып табылады.
      3 “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ведомствосы бар.
      4. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      5. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі-мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      6. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
      7. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      8. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі баcшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен рәсімделетін шешімдер қабылдайды.
      9. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
      10. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс 120700, Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Шиелі кенті, И.Әбдікәрімов көшесі, №11.
      “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмыс кестесі: сенбі және жексенбі, заңнама актілерімен белгіленген басқа демалыс және мереке күндерінен бөлек, күн сайын дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 09.00-ден 19.00-ге дейін (сағат 13.00-ден 15.00-ге дейін үзіліс).
      11. Мемлекеттік органның толық атауы - “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
      12. Осы Ереже “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.
      13. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      14. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі кәсіпкерлік субъектілерімен “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      15. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің миссиясы ветеринария саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүргізу болып табылады
      16. Міндеттері:
      1) халықтың денсаулығын адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау;
      2) жануарларды аурулардан қорғау және олардың емделуін ұйымдастыру;
      3) ветеринарлық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
      4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағын басқа мемлекеттерден жұқпалы және экзотикалық аурулардың әкелінуі мен таралуынан қорғау;
      5) жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асырған кезінде қоршаған ортаны ластаудың алдын-алу және оны жою.
      17. Функциялары:
      1) облыстың жергiлiктi өкiлдi органына бекiту үшін жануарларды асырау қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын, жануарларды асыраудың санитариялық аймақтарының шекараларын белгiлеу жөнiнде ұсыныстар енгізу;
      2) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды ұйымдастыру;
      3) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға сәйкес мал қорымын (биотермиялық шұңқырларды) салуды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстауды қамтамасыз ету;
      4) мүдделі тұлғаларға өткізіліп жатқан ветеринариялық іс-шаралар туралы ақпарат беруді ұйымдастыру және қамтамасыз ету;
      5) ветеринария мәселелері бойынша халықтың арасында ағарту жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу;
      6) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерін, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарды пайдалануға қабылдайтын мемлекеттік комиссияларды ұйымдастыру;
      7) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қоймай залалсыздандыру (зарарсыздандыру) және қайта өңдеу;
      8) жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын иелеріне өтеу;
      9) мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне ветеринариялық-санитариялық қорытынды беруге құқығы бар мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер тізімін бекіту;
      10) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын сақтауын мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
      11) эпизоотия ошақтары пайда болған жағдайда оларды зерттеп-қарауды жүргізу;
      12) эпизоотологиялық зерттеп-қарау актісін беру;
      13) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды:
      ішкі сауда объектілерінде;
      жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда (импортпен және экспортпен байланыстыларды қоспағанда);
      ветеринариялық препараттар өндіруді қоспағанда, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын адамдарда;
      экспортын (импортын) және транзитін қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;
      экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;
      тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
      экспортты (импортты) және транзитті қоспағанда, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне жүзеге асыру;
      14) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді күтіп-ұстауға, өсіруге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеу мен өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ оларды тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру;
      15) жеке және заңды тұлғаларға қатысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау актісін жасау;
      16) тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жануарлардың энзоотиялық аурулары бойынша ветеринариялық іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
      17) уәкілетті орган бекітетін тізбе бойынша жануарлардың аса қауіпті ауруларының, сондай-ақ жануарлардың басқа да ауруларының профилактикасы, биологиялық материал сынамаларын алу және оларды диагностикалау үшін жеткізу бойынша ветеринариялық іс-шаралардың жүргізілуін ұйымдастыру;
      18) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды жүргізу бойынша іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
      19) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу үшін бұйымдарға (құралдарға) және атрибуттарға қажеттілікті айқындау және облыстың жергілікті атқарушы органына ақпарат беру;
      20) ветеринариялық есепке алу мен есептілікті жинақтау, талдау және оларды облыстың жергілікті атқарушы органына ұсыну;
      21) облыстың жергілікті атқарушы органына жануарлардың жұқпалы және жұқпалы емес ауруларының профилактикасы бойынша ветеринариялық іс-шаралар жөнінде ұсыныстар енгізу;
      22) облыстың жергілікті атқарушы органына профилактикасы мен диагностикасы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесі жөнінде ұсыныстар енгізу;
      23) ветеринариялық препараттардың республикалық қорын қоспағанда, бюджет қаражаты есебінен сатып алынған ветеринариялық препараттарды сақтауды ұйымдастыру;
      24) облыстың жергілікті атқарушы органына тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар туралы ұсыныстар енгізу;
      25) ауру жануарларды санитариялық союды ұйымдастыру;
      26) “Рұқсаттар және хабарламалар туралы” Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардан ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудың басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламалар қабылдау, сондай-ақ рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімін жүргізу;
      27) ауданның аумағында жануарлардың жұқпалы аурулары пайда болған жағдайда, тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша карантинді немесе шектеу iс-шараларын белгілеу туралы шешімдер қабылдау;
      28) ауданның аумағында жануарлардың жұқпалы ауруларының ошақтарын жою жөніндегі ветеринариялық іс-шаралар кешені жүргізілгеннен кейін тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынуы бойынша шектеу іс-шараларын немесе карантинді тоқтату туралы шешімдер қабылдау;
      29) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру кіреді.
      Шиелі аудандық ветеринария бөлімінің “Шиелі аудандық ветеринариялық станциясы” шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының функциялары:
      1) жануарлардың аса қауіпті, жұқпалы емес және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шаралар жүргізуді;
      2) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуді;
      3) ауыл шаруашылығы жануарларын қолдан ұрықтандыру бойынша қызметтер көрсетуді;
      4) жануарлардың аса қауіпті және энзоотиялық ауруларына қарсы ветеринариялық препараттарды тасымалдау (жеткізу), сақтау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдар (құралдар) және атрибуттарды тасымалдау (жеткізу) бойынша қызметтер көрсетуді;
      5) құрылысын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органы ұйымдастырған мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), сою алаңдарын (ауыл шаруашылығы жануарларын сою алаңдарын) күтіп-ұстауды;
      6) қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулауды және жоюды;
      7) ветеринариялық анықтама беруді;
      8) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорды жүргізуді және одан үзінді көшірме беруді;
      9) биологиялық материалдың сынамаларын алуды және оларды ветеринариялық зертханаға жеткізуді;
      10) ауру жануарларды санитариялық союға тасымалдау бойынша қызмет көрсетуді жүзеге асырады.
      18. Құқықтары мен міндеттері:
      1) өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органнан және өзге ұйымдардан қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
      2) жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың лицензияларын "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" 2014 жылғы 16 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен тоқтату туралы ұсыныс шығаруға немесе қайтарып алуға бастамашы болуға;
      3) Заңмен көзделген өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға құқылы.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      19. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесіне басшылықты “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.
      20. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысын Шиелі ауданының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      21. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысының өкілеттігі:
      1) “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысын ұйымдастырады, басшылық жасайды, жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функционалдық міндеттерінің жүзеге асырылуына жауап береді;
      2) “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жұмысын басқарады және бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына дербестік жауапкершілікті алып жүретін қызметкерлер арасында қызметтік міндеттерді және олардың жауапкершілік дәрежесін үлестіреді және бекітеді;
      3) “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;
      4) заңда белгіленген тәртіппен көтермелеу және тәртіптік жаза белгілеу мәселелерін шешеді;
      5) жануарлардың энзоотиялық және аса қауіпті аурулары бойынша ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге бөлінген бюджеттік қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етеді;
      6) “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге бағытталған шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдау үшін дербес жауапты болады;
      7) берілген коммуналдық мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді;
      8) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүргізеді;
      9) тиісті аудандық әкімдіктің лауазымды адамы болып табылады және мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, азаматтармен өзара қарым-қатынастарда оның атынан сенімхатсыз өкілдік етеді;
      10) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды;
      11) гендерлік теңдік стратегиясын жүзеге асырады.
      “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттігін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      23. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
      “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мүлкі, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
      24. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік аудандық коммуналдық меншікке жатады.
      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
      26. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын “Шиелі аудандық қаржы бөлімі” мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      27. “Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Ресубликасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

“Шиелі аудандық ветеринария бөлімі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесі

      1. Шиелі аудандық ветеринария бөлімінің “Шиелі аудандық ветеринариялық стансасы” шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады