Жаңаөзен қаласы және Рахат, Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында жануарларды асырау Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облыстық мәслихатының 2015 жылғы 27 ақпандағы № 22/353 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2015 жылғы 03 сәуірде № 2661 болып тіркелді. Күші жойылды-Маңғыстау облыстық мәслихатының 2021 жылғы 28 мамырдағы № 3/49 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облыстық мәслихатының 28.05.2021 № 3/49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексiне, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес облыстық мәслихат ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса берiлiп отырған Жаңаөзен қаласы және Рахат, Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында жануарларды асырау Қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Облыстық маслихаттың 2014 жылғы 27 мамырдағы № 17/256 "Жаңаөзен қаласы, Рахат кентінде және Қызылсай, Теңге ауылдары аумағында ауылшаруашылығы жануарларын ұстау Қағидасы туралы" шешімінің (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2468 болып тіркелген, "Маңғыстау" газетінде 2014 жылғы 15 шілдеде жарияланған) күші жойылсын.

      3. Маңғыстау облыстық мәслихаты аппаратының басшысы (Д.Сейбағытов) осы шешімнің әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін, "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Қ. Дербісов
      Облыстық
      мәслихат хатшысы Б. Жүсіпов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Жаңаөзен қалалық ауыл шаруашылығы

      және ветеринария бөлімі"

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      А.Ж. Тұрақов

      27 ақпан 2015 жыл.

      "Маңғыстау облысының Ішкі істер департаменті

      Жаңаөзен қаласының Ішкі істер басқармасы

      А.А. Досжанов

      27 ақпан 2015 жыл.

      "Қазақстан Республикасы Ауыл

      шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық

      бақылау және қадағалау

      комитетінің Жаңаөзен қалалық

      аумақтық инспекциясы"

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      Б.А. Нұржауов

      27 ақпан 2015 жыл.

      Ескерту. Келісу парағына өзгерістер енгізілді Маңғыстау облыстық мәслихатының 29.09.2017 № 13/159 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

  Маңғыстау облыстық мәслихатының
2015 жылғы 27 ақпандағы
№ 22/353 шешімімен бекітілген

Жаңаөзен қаласы және Рахат, Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында жануарларды асырау туралы
Қағидасы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида Жаңаөзен қаласы және Рахат, Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында жануарларды асырау (бұдан әрі – Қағида) тәртібін айқындайды.

      2. Қағида, меншік түріне қарамастан, жануарларды асырайтын барлық жеке және заңды тұлғаларға қатысты қолданылады.

      3. Қағида "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексiне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленіп жасалды.

      4. Осы Қағида да келесі ұғымдар қолданылады:

      1) қараусыз жануарлар – меншік иесі бар және оның иелігінен (қарауынан) уақытша босап кеткен, иесі болмаған немесе иесі белгісіз жануарлар, сонымен қатар иесі меншік құқығынан бас тартқан жануарлар;

      2) ветеринариялық құжаттар – уәкілетті орган бекіткен тәртіппен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілеріне республикалық маңызы бар қаланың, бас қаланың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары беретін ветеринариялық сертификат; мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлер беретін ветеринариялық-санитариялық қорытынды, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы эпизоотиялық ахуал туралы, жануарға, жануардан алынатын өнімге және шикізатқа жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың ветеринария саласындағы маманы, сонымен қатар жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімнің және шикізаттың ветеринариялық нормативтерге сәйкестігін анықтау жөніндегі өндірістік бақылау бөлімшесінің аттестатталған ветеринариялық дәрігері беретін ветеринариялық анықтама;

      3) ветеринариялық іс-шаралар – жануарлар ауруларының алдын алу, оларды анықтау және емдеу қоса алғанда, аурудың пайда болуын, таралуын болғызбауға немесе жоюға; жануарлар мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін аса қауіпті аурулар жұқтырған жануарларды залалсыздандыруға (зарарсыздандыруға), алу және жоюға; жануарлардың өнімділігін арттыруға; жануарлар мен адамның денсаулығын жұқпалы, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау мақсатында, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қоса алғанда, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың, жемшөп және жемшөп қоспаларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған ветеринариялық-санитариялық рәсімдер кешені;

      4) ветеринариялық паспорт – уәкілетті орган белгілеген нысандағы жануарды есепке алу мақсатында жануардың иесі, түрі, жынысы, түсі, жасы көрсетілген құжат;

      5) жануарлар иесі – өз меншігінде немесе басқадай меншікте жануарлары бар жеке немесе заңды тұлға;

      6) ауыл шаруашылығы жануарлары – ірі қара мал, қойлар, ешкілер, жылқылар, түйелер;

      7) үй жануарлары – тамақ өнімдері мен өнеркәсіп шикізат түрі алынбайтын, ауыл шаруашылық жануарларынан басқа зоологиялық түрлері (ит, мысық және тағы басқалары);

      8) қоғамдық орындар – адамдардың көп жиналатын немесе адамдардың жиналуы мүмкін орындар, оның ішінде көшелер, бақтар, саябақтар және азаматтардың демалатын өзге де орындары, сауықтыру жүргізілетін орындар;

      9) жануарларға арналған пана – қараусыз ауыл шаруашылық жануарларын уақытша асырауға арналған арнайы жабдықталған нысан;

      10) жануарларды асырау – жануарлардың тіршілігін, физикалық және психикалық денсаулығын сақтау, ветеринарлық-санитарлық нормаларын сақтай отырып жарамды тұқым алатын, сонымен қатар азаматтар мен жануарлар әлемі өкілдерінің қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалатын жануарлар иелерінің іс әрекеттері;

      11) жануарларды бірдейлендіру – ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқорға ауыр шаруашылығы жануары туралы мәліметтерді енгізе отырып және ветеринариялық паспортты бере отырып, бірдейлендіруді жүргізуге арналған бұйымдарды (кұралдарды) пайдалану, таңбалау арқылы жануарларға жеке номір беруді камтитын, жануарларды есепке алу рәсімі;

      12) жануарларды бірдейлендіру жөніндегі дерекқордан үзінді көшірме – уәкілетті орган бекіткен тәртіппен және нысанда мал иелерінің талап етуі бойынша тиісті аумақтық-әкімшілік бірлікте ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган бөлімшесінің ветеринариялық дәрігері ауыл шаруашылығы жануарын сәйкестендіру жөніндегі дерекқордан алатын диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, жүргізілген ветеринариялық іс-шаралардың мерзімдері мен сипаты туралы мәліметтер;

      13) жануарларды бірдейлендіру жөніндегі деректер базасы – ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелері жүзеге асыратын және уәкілетті орган пайдаланатын диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, жануардың жеке нөмірі туралы, оны ветеринариялық дауалау туралы деректерді, сондай-ақ жануардың иесі туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көп деңгейлі жүйесін көздейтін ветеринариялық есептің бөлігі;

      14) аймақ – жануарлардың жұқпалы аурулары бойынша эпизоотия жағдайымен сипатталатын, әкімшілік-аумақтық бөлінісіне қарамастан шартты түрде шектелген аумақ;

      15) инсектицидті препараттар – зиянды жәндіктермен күресудің химиялық құралдары;

      16) дезинфекция, дезинсекция және дератизация – өндірістік тұрғын үй ғимараттарында, көлікте, қоғамдық орын жайларында және аумақтарда жұқпалы және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын, тұрмыстық жәндіктер мен кеміргіштерді жоюға бағытталған іс-шаралар кешені.

2. Жануарларды асырау

      5. Ауыл шаруашылығы жануарларын қолданыстағы санитарлық нормаларға сәйкес тұрғын үйлерден, пәтерлерден, мектептерден, емдеу және балалар мекемелерінен, саябақтардан, хайуанаттар бағынан, стадиондардан, қоғамдық тамақтандыру, сауда кәсіп орындарынан, тамақ өнеркәсібінен, жалпы демалатын орындардан, балаларды сауықтыру мекемелерінен, демалыс үйлерінен, шипажайлардан, жасанды су қоймаларынан, артезиан құдықтарынан және өзен жағалауы мен сағалары қашықтықта орналасқан арнайы жабдықталған (жабық) жайларда асырау керек.

      6. Қаланың тұрғын үй қорындағы пәтерлерде ауыл шаруашылық жануарлары мен құстарын (ірі қара мал, қойлар, ешкілер, жылқылар, түйелер, шошқалар, маралдар және бұғылар, тауықтар, үйректер, қаздар, күркетауықтар және тағы басқалары) асырауға тыйым салынады.

      7. Вирусты ауруларды таратуы мүмкін жабайы құстар ұшып өтетін мезгілдерде, олармен қарым қатынасты болдырмау үшін суда жүзетін құстарды ашық су қоймалары мен тоғандарға жібермеу керек, ал үй құстарын жабық орындарда асырау қажет.

      8. Ауыл шаруашылық жануарларды асырайтын орын күнделікті механикалы түрде тазалануы және апта сайын дезинфекциялануы тиіс. Мал тезегі, жапасы, жем-шөптердің қалдықтары және қоқыстар өз уақытында осыған арналған белгіленген орындарға шығарылады.

      9. Жылдың жылы мезгілдерінде (наурыздан қараша айына дейін) ауыл шаруашылық жануарлары тұратын орындарды жәндіктерге, сонымен қатар кеміргіштерге (тышқандар, егеуқұйрықтар) қарсы күрес мақсатында ай сайын инсектицидтер мен дератизаторлық препараттарымен зарарсыздандыру керек.

      10. Ветеринариялық және бірегей есепке алу эпизоотиялық жағдайды, нысандардың ветеринариялық – санитариялық ахуалын бағалау, мемлекеттік ветеринариялық – санитариялық бақылау мен қадағалаудың және ветеринариялық қағидаларды сақталуын, сондай-ақ жүргізілген диагностикалық, эпизоотияға қарсы, емдік, ветеринариялық – санитариялық және жою іс-шараларының көлемін және тиімділігін анықтау үшін жүргізіледі.

      Жеке және заңды тұлғалар олар белгіленген пунктке келгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде ветеринария саласында қызмет атқаратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелерін, жергілікті атқарушы органдарымен құрылған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды, мемлекеттік ветеринариялық - санитарлық бақылау және қадағалау органдарды жаңадан алынып жатқан (алынған) жануарды (жануарларды), оны (оларды) өткізу туралы хабарлайды.

      Ескерту. 10 - тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облыстық мәслихатының 25.10.2019 № 31/371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      11. Жеке тұрғын үй иесіне, онда бір жанұя болып тұрған жағдайда, ауыл шаруашылығы жануарларын белгіленген ветеринарлық-санитарлық нормаларын сақтай отырып, арнайы жабдықталған жабық тұрақта асырауға рұқсат беріледі.

      12. Жеке тұрғын үй иесіне, онда бір жанұядан артық отбасылары тұрған жағдайда, көрші тұратын отбасылардың келісімімен белгіленген ветеринарлық-санитарлық нормаларын сақтай отырып, арнайы жабдықталған жабық тұрақта ауыл шаруашылығы жануарларын асырауға рұксат етіледі.

      13. Ауыл шаруашылығы жануарларын сату, әкелу және әкету ветеринариялық паспорт негізінде ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен берілетін белгіленген үлгідегі ветеринариялық құжатты рәсімдеген жағдайда ғана рұқсат етіледі.

      14. Ауыл шаруашылығы жануарларын әуе, су, теміржол көліктерімен тасымалдау осындай көлік түрлерінің тасымалдау Ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес белгіленген санитарлық аймақтың шекарасынан тыс жерде жануарларды асырауға, өсіруге, жаюға, айдап өтуге тыйым салынады.

      16. Көшелерде, алаңдарда, гүлзарларда, басқа да жалпы қоғамдық пайдаланатын орындарында және қаланың ерекше қорғалатын табиғат аумақтарында малдарды жаюға тыйым салынады.

      17. Жануарлардың және адамдардың денсаулығына аса қауіп туғызатын жануарларды алу және жою Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес жүргізіледі. Егер жануар клиникалық сау деп танылған жағдайда ол иесіне қайтарылады.

      18. Көшелерде, алаңдарда, саябақтарда және басқа да жалпы пайдаланатын қоғамдық орындарда және қаланың ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда бағушысыз жүрген ауыл шаруашылық жануарлары қараусыз ауыл шаруашылық жануарлары деп есептеледі және уақытша ұстау үшін арнайы жабдықталған орындарға иесі табылғанға дейін қамауға жатады.

      19. Бақылаусыз қалған ауыл шаруашылығы жануарларын арнайы жабдықталған орынға жеткізу, тасымалдау, күзету, асырау (жемдеу, сумен қамтамасыз ету, ветеринариялық қызмет көрсету) шығындарын бақылаусыз жануарларды асырауға жауапты кәсіпорын берген шоттарға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларының иелері өтейді.

      20. Арнайы жабдыкталған орындарда бақылаусыз ауыл шаруашылығы жануарлары алты ай бойы (ірі қара мал, жылқылар, түйелер) және екі ай (мүйізді ұсақ мал) ұсталып, егер олардың иелері табылмаса, мұнан былай мемлекет меншігіне беріледі.

3. Қағиданың сақталуын бақылау

      21. Жаңаөзен қаласы және Рахат, Қызылсай, Теңге ауылдарының аумағында жануарларды асырау Қағидасының сақталуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар ("Жаңаөзен қалалық ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі, "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жаңаөзен қалалық аумақтық инспекциясы" мемлекеттік мекемесі және "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Маңғыстау облысының Полиция департаменті Жаңаөзен қаласының Полиция басқармасы" мемлекеттік мекемесі) жүзеге асырады.

      Ескерту. 21 - тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облыстық мәслихатының 25.10.2019 № 31/371 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

4. Қорытынды ережелер

      22. Осы Қағиданы бұзғаны үшін жануардың иесі "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жауапкершілікке тартылады.

      23. Осы Қағиданың күші меншік түріне және ведомстволық бағыныштылығына қарамастан жануарлардың барлық иелеріне, жеке және басқадай меншігінде жануарлары бар жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады