Ескерту. Күші жойылды - Павлодар облысы Баянауыл аудандық мәслихатының 23.02.2018 № 150/24 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 8-бабының 3-тармағы 5) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы "Мәслихаттың үлгі регламентін бекіту туралы" № 704 Жарлығына сәйкес, Баянауыл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Баянауыл аудандық мәслихатының Регламенті бекітілсін.
2. Баянауыл аудандық мәслихатының (V сайланған кезектен тыс ХХХІV сессия) 2014 жылғы 02 маусымдағы "Баянауыл аудандық мәслихатының регламенті туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2014 жылғы 09 маусымда № 3848 тіркелген, 2014 жылғы 27 маусымдағы № 26 "Баянтау" аудандық газетінде жарияланған) № 177/34 шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Шешімнің орындалуын бақылау Баянауыл аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларына жүктелсін.
4. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | Д. Шарапиев |
Аудандық | |
мәслихаттың хатшысы | Т. Қасен |
Баянауыл аудандық мәслихатының V сайланған кезектен тыс ХLVІІІ сессиясы 2015 жылғы 07 қыркүйектегі № 291/48 шешімімен бекітілген |
Баянауыл аудандық мәслихатының Регламенті
1. Жалпы ережелер
1. Осы Баянауыл аудандық мәслихатының Регламенті (бұдан әрі - регламент) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді және мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға сұрақтар енгізу және қарау тәртібін, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметі туралы есептерді, халық алдында мәслихаттың атқарылған жұмысы және оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есептерді тыңдау, депутаттардың сауалдарын қарау тәртібін, мәслихаттағы депутаттық бірлестіктердің өкілеттіктерін, қызметін ұйымдастыруды, сондай-ақ дауыс беру, аппарат жұмысының тәртібін және басқа да рәсімдік және ұйымдастырушылық мәселелерін белгілейді.
2. Баянауыл аудандық мәслихаты (жергілікті өкілді орган) – ауданның халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган. Баянауыл аудандық мәслихаты заңды тұлғаның құқықтарымен иеленбейді.
3. Баянауыл аудандық мәслихатының қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық атілерімен реттеледі.
2. Мәслихат сессияларын өткізу тәртібі
2.1. Мәслихат сессиялары
4. Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады, онда Қазақстан Республикасының заңдары бойынша оның құзыретіне жатқызылған мәселелер шешіледі.
Егер мәслихаттың сессиясына тиісті аумақтан мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, ол заңды. Сессия пленарлық мәжіліс түрінде өтеді.
Мәслихаттың шешімі бойынша сессия жұмысында мәслихат белгілеген мерзімге, бірақ он бес күнтізбелік күннен аспайтын үзіліс жариялануы мүмкін. Сессияның ұзақтығын мәслихат белгілейді.
Мәслихаттың әрбір отырысының алдында қатысып отырған депутаттарды тіркеу жүргізіледі, оның нәтижесін сессияның төрағасы отырыс басталардан бұрын жария етеді.
Мәслихаттың сессиясы, әдетте, ашық түрде өтеді. Жабық сессияларды өткізу мәслихат сессиясы төрағасының немесе мәслихаттың сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бір бөлігінің ұсынысы бойынша қабылданатын мәслихаттың шешімімен рұқсат етіледі, егер бұл үшін қатысып отырған жалпы депутаттар санынан көпшілігі дауыс берсе.
5. Жаңадан сайланған Баянауыл аудандық мәслихатының бірінші сессиясы депутаттардың осы мәслихат үшін белгіленген жалпы санынан кем дегенде төрттен үш бөлігі болған кезде мәслихат депутаттары тіркелген күннен бастап отыз күндік мерзімнен кешіктірмей Баянауыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасымен шақырылады.
6. Мәслихатының бірінші сессиясын сайлау комиссиясының төрағасы ашады және оны мәслихат сессиясының төрағасы сайланғанға дейін жүргізеді. Сайлау комиссиясының төрағасы депутаттарға ашық дауыс беру түрінде өткізілетін сессия төрағасының кандидатурасын енгізуді ұсынады. Депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысын жинаған кандидат сайланған болып есептеледі.
7. Мәслихаттың кезекті сессиясы кемінде жылына төрт рет шақырылады және оны мәслихат сессиясының төрағасы жүргізеді.
8. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясы осы мәслихатқа сайланған депутаттар санының кем дегенде үштен бір бөлігінің, сондай-ақ Баянауыл ауданы әкімінің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының төрағасымен шақырылады және жүрізіледі.
Кезектен тыс сессия оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бастап бес күндік мерзімнен кешіктірмей шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.
9. Мәслихаттың хатшысы мәслихаттың сессиясын шақыру уақыты мен оның өткізілу орны, сондай-ақ, сессияның қарауына енгізілетін мәселелер туралы депутаттарға, халыққа және Баянауыл ауданының әкіміне сессияға дейін он күн бұрын, кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда, үш күн бұрын хабарлайды.
Сессия қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдар Баянауыл ауданы әкіміне және депутаттарға сессияға дейін бес күн бұрын, кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда үш күн бұрын мәслихаттың хатшысымен ұсынылады.
10. Регламентте белгіленген тәртіппен мәслихат сессияларды, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезінде депутат қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады, оған жергілікті бюджетің қаражаты есебінен негізгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысы, бірақ көрсетілген қызметте бір жылға дейінгі жұмыс өтілі бар тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің аппарат басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, мәслихаттың сессиялары, тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін мерзімдегі іс-сапар шығыстары өтеледі.
11. Сессияның күн тәртібі сессия төрағасымен мәслихаттың перспективалық жұмыс жоспарының негізінде, мәслихаттың хатшысымен, тұрақты комиссиялармен және мәслихаттың басқа органдарымен, депутаттар топтарымен және депутаттармен, Баянауыл ауданының әкімі ұсынған мәселелердің негізінде сессияның төрағасы қалыптастырады.
Сессияның күн тәртібіне енгізілетін ұсыныстар жергілікті қоғамдастықтар жиналыстарымен, қоғамдық бірлестіктермен сессия төрағасына ұсынылуы мүмкін.
Сессияның күн тәртібі талқылану барысында өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін. Сессияның күн тәртібін бекіту туралы мәслихат шешім қабылдайды.
Күн тәртібін бекіту үшін әр сұрақ бойынша жеке дауыс беріледі. Егер мәселеге мәслихат депутаттарының көпшілігі дауыс берсе, ол күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.
12. Сессияға енгізілетін мәселелерді сапалы дайындау үшін мәслихаттың хатшысы Баянауыл ауданы әкімімен келісу бойынша сессия төрағасымен бекітілетін сессияны дайындау бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді уақытында ұйымдастырады.
13. Мәслихаттың қарауына жататын мәселелер бойынша Баянауыл аудандық мәслихаттың сессиясына ауданның ауыл, кент және ауылдық округ әкімдері, жұмысы сессияда қаралатын ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдары шақырылады. Сессияларға сессия төрағасының (мәслихат хатшысының) шақыруымен бұқаралық ақпарат құралдары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуына жол беріледі.
14. Мәслихаттың отырысына шақырылған тұлғалар үшін мәжіліс залында арнайы орындар бөлінеді. Шақырылған тұлғалардың мәслихат сессиясының жұмысына араласуына, мәслихат сессиясының шешімдерін қолдайтынын немесе қолдамайтынын білдіруіне жол берілмейді.
Шақырылған тұлға тәртіпті шексіз бұзған жағдайда, сессия төрағасының шешімі немесе сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің талабы бойынша мәжіліс залынан шығарылуы мүмкін.
15. Мәслихаттың отырыстары мәслихат айқындаған уақытта өткізіледі.
Сессия төрағасы өз бастамасы бойынша немесе депутаттардың дәлелді ұсыныстары бойынша үзілістер жариялай алады. Жалпы отырыстың соңында депутаттарға қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз ашылмайды.
16. Мәслихаттың отырыстарында сөз сөйлеу регламенті баяндамалар үшін уақыт – 40 минуттен, қосымша баяндама үшін – 20 минуттен аспауы тиіс. Жарыссөзге қатысатындарға 7 минутке дейін, қорытынды сөз үшін – 5 минутке дейін уақыт беріледі. Дауыс берудің себебі, отырысты өткізудің тәртібі бойынша, өтініштер, сұрақтар, ұсыныстар, анықтамалар, сұрақтарға жауап беру, ақпараттар үшін – 3 минут уақыт беріледі. Егер баяндаушы берілген уақыттың шегінен асып кетсе сессия төрағасы оның баяндамасын үзіп тоқтатады немесе отырысқа қатысып отырған депутаттар санының көпшілік дауысымен сөз сөйлеушілер үшін берілетін уақытты ұзартады.
Мәслихат депутаты бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөздердегі депутаттық сауалдар, түсіндірме және сұрақтарға жауап беру үшін сөйлеу сөз сөйлеу болып саналмайды. Басқа депутатқа сөз сөйлеу құқығын беруге жол берілмейді.
Жарыссөз сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігімен ашық дауыс беруімен тоқтатылады. Жарыссөзді тоқтату туралы мәселесін қою барысында сессия төрағасы сөз сөйлеуге жазылған және сөз сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, кімнің сөз алуды талап ететіндігін анықтайды.
17. Отырысты жүргізу тәртібі бойынша сөз депутатқа сөз сөйлеп тұрған адамның сөзі аяқталған соң кезектен тыс беріледі. Сессия төрағасы анықтама, депутаттық сауал, сұраққа жауап және талқыланып отырған мәселе бойынша түсіндірме беру үшін кезектен тыс сөз бере алады.
Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде беріледі. Жазбаша сұрақтар сессия төрағасына беріледі және мәслихат отырысында жария етіледі.
2.2. Мәслихат актілерін қабылдау тәртібі
18. Мәслихат өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен шешімдер қабылдайды, егер өзгесі заңмен белгіленбеген болса.
19. Шешімдердің жобалары сессия төрағасына немесе мәслихаттың хатшысына беріледі.
Сессия төрағасы немесе мәслихаттың хатшысы қарауға қабылданған шешімдердің жобаларын барлық қажетті материалдарымен бірге тұрақты комиссияларға қарастыру және ұсыныстар дайындау үшін жолдайды. Тұрақты комиссиялардың біріне бір мезгілде мәслихат актісінің жобасы бойынша қорытынды, сессияға қосымша баяндама дайындау, қосымша ақпарат жинау мен талдау жүргізу жүктелуі мүмкін.
Шешімдердің жобаларымен жұмыс істеу және басқа мәселелерді дайындау үшін тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады. Қажет болған жағдайда жұмыс тобының құрамына басқа тұрақты комиссиялардың депутаттары тартылуы мүмкін. Жұмыс тобының жұмысына кез келген депутат қатыса алады.
Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, тиісті атқарушы органның ұсынысы бойынша мәслихат онымен бірлескен шешім қабылдайды.
20. Мәслихаттың жалпыға міндетті маңызы бар, азаматтардың құқығына, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты шешімдері Әділет министрлігінің аумақтық органдарында мемлекеттік тіркелуге және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жариялануға тиіс.
21. Шешімдердің баламалы жобаларын мәслихат және оның органдары негізгі жобамен бірге қарайды. Сессияға мәселе дайындауға қатысушы тұрақты комиссиялар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда, комиссиялардың төрағалары және сессия төрағасы оларды жою бойынша шаралар қабылдайды, қалған келіспеушіліктер мәслихаттың назарына жеткізіледі.
22. Мәселені сессияда қарастыру барысында баяндама, қажет болған жағдайда тұрақты комиссиялардың, уақытша комиссиялардың және жұмыс топтарының қосымша баяндамалары тыңдалады.
Комиссияның баяндамасында жобаға енгізілген және қайтарылған ұсыныстар көрсетіледі, түзетулерді қабылдаудың немесе қайтарудың себептері дәлелденеді.
Қосымша баяндаманың ережелерімен немесе шешімнің жобасы бойынша қорытындылармен келіспейтін тұрақты комиссиялар, комиссиялардың және жұмыс топтарының жекелеген мүшелері өз пікірлерін қаралатын мәселе бойынша жалпы жарыссөз басталғанға дейін баяндай алады.
23. Шешімнің жобасын талқылау тармақтар бойынша жүргізіледі. Жобаларға түзетулер ұсынылып отырған өзгерістер немесе толықтырулар нақты тұжырымдалып, олардың шешім жобасының мәтініндегі орны көрсетіліп, жазбаша түрде беріледі. Осы талаптарды қанағаттандырмайтын түзетулер қарауға қабылданбайды.
24. Мәслихат сессиясы күн тәртібінің әрбір сұрағы бойынша шешім қабылдайды. Бір мәселе бойынша шешімдердің бірнеше нұсқаларын енгізу барысында, олардың әрқайсысы сессияға қатысып отырған депутаттарға беріледі.
Мәслихаттың уақытша комиссиясы болып табылатын редакциялық комиссия шешімдердің ұсынылған нұсқаларын қабылдау немесе кері қайтару туралы өзінің пікірін жеткізеді және дәлелдейді.
Шешімдердің енгізілген барлық жобалары дауысқа салынады. Жобалардың бірі негізге алынғаннан кейін депутаттар оған түзетулер қабылдау рәсіміне кіріседі.
25. Мәслихат шешімінің жобасына енгізілетін түзетулер болған жағдайда, дауыс беру келесі ретпен жүзеге асырылады:
1) мәслихат шешімінің ұсынылған (пысықталған) жобасы негізге алынады, ол кері қайтарылған жағдайда, түзетулер бойынша одан әрі дауыс беру тоқтатылады;
2) негізге алынған жобаға кірмеген барлық түзетулер кезек бойынша дауысқа салынады;
3) сессия шешімі қабылданған түзетулерді ескере отырып, тұтастай дауысқа салынады. Шешімдердің қабылданбаған жобалары және оларға түзетулер бойынша ағымдағы сессияда қайта дауыс беруге жол берілмейді.
26. Түзетулер жеке-жеке дауысқа салынады, оларға дауыс берудің ретін төрағалық етуші айқындайды. Өзара қарама-қайшы келетін түзетулер бойынша дауыс беру алдында соңғысын төрағалық етуші оқиды. Түзету авторларының олардың мәні бойынша түсінік беріп немесе оларды талқылаудан алып тастау туралы ұсынысымен сөз сөйлеуге рұқсат етіледі.
Мәслихаттың шешімдеріне өзгерістер оларды қабылдау үшін белгіленген тәртіпте енгізіледі.
Сессиялардың хаттамалары сессиядан кейін бір айдан кешіктірмей басылып, заңнамада белгіленген тәртіппен сақталады.
27. Жоспарлардың, аумақтарды экономикалық-әлеуметтік дамыту бағдарламаларының және олардың орындалуы туралы есеп берулердің, аумақтарды басқару сұлбаларының жобалары және мәслихат сессиясының қарауына шығарылатын басқа да мәселелер, сондай-ақ олар бойынша шешімдердің тиістілігіне қарай келісу бұрыштамалары қойылған, барлық қажетті материалдары қоса берілген қазақ және орыс тілдеріндегі жобалары облыстық мәслихатқа кезекті сессияға дейін үш апта бұрын мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына енгізіледі.
28. Баянауыл ауданы бюджетінің жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады. Мәслихаттың хатшысы бюджеттің жобасын қарау жөніндегі депутаттық уақытша жұмыс тобын құрады, оның құрамына мәслихат аппаратының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қосылуы мүмкін.
Тұрақты комиссиялар уақытша жұмыс тобының пікірін ескере отырып, тиісті негіздемелермен және есептермен тиісті аумақ бюджетінің жобасы бойынша ұсыныстар әзірлейді және оларды ұсыныстарды жинау мен тиісті аумақ бюджетінің жобасы бойынша қорытынды әзірлеуді жүзеге асыратын бейінді тұрақты комиссияға жібереді.
Бюджеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган сессия басталуынан кемінде екі апта бұрын сессия төрағасына, мәслихаттың хатшысына барлық қажетті материалдармен бірге бюджет туралы шешім жобасының түпкілікті нұсқасын ұсынады.
Павлодар облысының бюджеті Қазақстан Республикасының Президенті республикалық бюджет туралы Заңына қол қойғаннан кейін екі апталық мерзімінен кешіктірмей облыстық мәслихаттың сессиясында бекітіледі. Баянауыл ауданның бюджетін облыстық бюджетті бекіту туралы облыстық мәслихаттың шешіміне қол қойылғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірмей тиісті мәслихат бекітеді.
29. Мәслихаттың кезекті сессиясына тиісті жылға арналған жергілікті бюджетті нақтылауға қатысты жоспардан тыс мәселелерді енгізу барысында материалдарды ұсыну бюджеттік заңнамада көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.
30. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Баянауыл ауданының бюджетін нақтылау барысында сессияны шақыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі күн ішінде тұрақты (уақытша) комиссияларда бюджет жобасын қарау бойынша жұмыстар жүргізіледі.
3. Есептерді тыңдау тәртібі
31. Мәслихат Баянауыл ауданы әкімінің есеп беруін тыңдау жолымен тиісті жергілікті бюджеттің, аумақтарды дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
32. Мәслихат Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы "Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы" № 19 Жарлығына сәйкес сессияда Баянауыл ауданы әкімінің есебін тыңдайды.
Әкімнің (оның міндеттерін атқарушы тұлғаның) өзіне жүктелген міндеттер мен функцияларды орындауы туралы есебі және ол бойынша шешімнің жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына тиісті сессиядан үш апта бұрын енгізіледі.
Әкім ұсынған аумақтарды дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептерді мәслихаттың екі рет бекітіпеуі Заңының 24-бабына сәйкес әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәслихаттың мәселе қарауы үшін негіз болып табылады.
33. Мәслихат сессия төрағасының және мәслихат хатшысының, мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағаларының және мәслихаттың өзге органдарының есебін тыңдайды.
Мәслихат хатшысы жылына кемінде бір рет мәслихаттың кезекті сессияларында мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыс, депутаттардың сауалдары мен депутаттық өтініштердің қаралу барысы, сайлаушылардың өтініштері және олар бойынша қабылданған шаралар, мәслихаттың жергілікті өзін-өзі басқарудың өзге де органдарымен өзара іс-қимыл жасауы, мәслихат аппаратының қызметі туралы есеп береді.
Мәслихат сессиясының, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының төрағалары жылына кемінде бір рет мәслихаттың кезекті сессияларында жүктелген функциялар мен өкілеттіктердің орындалуы туралы есеп береді.
34. Павлодар облысының тексеру комиссиясының бюджеттің атқарылуы туралы есебін мәслихат жыл сайын қарайды.
35. Мәслихат жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есеп береді.
Аудандық маңызы бар ауыл, кент, ауылдық округ тұрғындарын мәслихаттың есебімен жергілікті қоғамдастықтың жиындарында мәслихаттың хатшысы, тұрақты комиссиялардың төрағалары басқаратын депутаттар тобы таныстырады.
4. Депутаттардың сауалдарын қарау тәртібі
36. Мәслихат депутаты мәслихаттың құзыретіне жататын мәселелер бойынша ресми жазбаша сауалмен әкімге, тиісті Баянауыл аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшесіне, прокурорға және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларына жүгінеді.
37. Сессия басталғанға дейін енгізілетін сауалдар сессияның төрағасына, мәслихат хатшысына беріледі және оларды сессияның күн тәртібіне енгізу туралы мәселе шешілген жағдайда оның отырысында қаралады. Сауал бағытталған органға немесе лауазымды адамға мәслихаттың хатшысы оның көшірмесін жолдайды. Сессияны өткізу барысында енгізілетін сауалдар төрағалық етушіге отырыста беріледі.
38. Сессияда қаралуға тиіс басқа мәселелерге байланысы жоқ сауал күн тәртібіне жеке мәселе ретінде енгізіледі не сессия жұмысының соңында бұл үшін арнайы бөлінген уақытта қаралады. Мәслихат сессияның күн тәртібін сауалдармен және сұрақтармен жұмыс істеуге уақыт резерві көзделетіндей етіп айқындайды. Сессияда шешілуге тиіс басқа мәселелермен байланысты сауалдар күн тәртібіне енгізілмейді және төрағалық етуші оларды сессияда тиісті мәселе бойынша жарыссөздер басталғанға дейін жария етеді.
39. Мәслихат сауалды қарауды басқа сессияға ауыстыра алады. Сауалдарды енгізген депутаттар сессияның күн тәртібі бекітілгенге дейін оларды кері қайтарып ала алады. Күн тәртібі бекітілгеннен кейін сауалды қараудан алып тастау мәслихаттың шешімі бойынша жүзеге асырылады. Жазбаша түрде берілген сауалдар сессияның хаттамасына тіркеледі.
40. Депутаттық сауалға жауап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде жазбаша нысанда берілуі тиіс.
Депутат сауалға берілген жауап бойынша өз пікірін білдіруге құқылы. Прокурорға жолданған сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асырумен байланысты болмауы тиіс.
5. Мәслихаттың лауазымды тұлғалары, тұрақты комиссиялары және
өзге де органдары, мәслихаттың депутаттық бірлестіктері
5.1. Мәслихат сессиясының төрағасы
41. Мәслихаттың кезектi сессиясының төрағасы мәслихаттың алдыңғы сессиясында оның депутаттарының арасынан ашық дауыспен сайланады.
Кандидатураларды енгізгеннен кейін мәслихат депутаттары ашық дауыс беруді жүргізеді.
Егер кандидатқа депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, ол сайланды деп есептеледі.
Мәслихат депутаты күнтiзбелiк бір жыл iшiнде мәслихат сессиясының төрағасы болып екi реттен артық сайлана алмайды.
Сессияның төрағасы болмаған жағдайда оның өкiлеттiгiн мәслихат хатшысы жүзеге асырады.
42. Мәслихат сессиясының төрағасы:
1) мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;
2) мәслихат сессиясын дайындауға басшылық жасауды жүзеге асырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады;
3) мәслихат сессиясының отырыстарын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;
4) мәслихаттың сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген мәслихат шешiмдерiне, хаттамаларға, өзге де құжаттарға қол қояды.
Мәслихат сессиясының төрағасы өз функцияларын басқа жұмыстан босатылмаған негiзде жүзеге асырады.
43. Егер мәслихат сессиясында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, мәслихат сессиясының төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
5.2. Мәслихат хатшысы
44. Бірінші сессияда мәслихат депутаттар арасынан мәслихаттың хатшысын сайлайды, ол тұрақты негізде жұмыс істейтін және мәслихатқа есеп беретін лауазымды адам болып табылады. Мәслихат хатшысы мәслихат өкілеттігінің мерзіміне сайланады.
Мәслихат хатшысы өкілеттіктерін Заңға және осы регламентке сәйкес жүзеге асырады.
45. Мәслихат хатшысының лауазымына кандидатураларды мәслихаттың депутаттары мәслихаттың сессиясында ұсынады. Ұсынылатын кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Кандидаттар өздерінің алдағы қызметінің үлгі бағдарламаларымен таныстырады. Егер ашық немесе жасырын дауыс беру нәтижесінде мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусын алса, кандидат мәслихаттың хатшысы лауазымына сайланды деп есептеледі.
Егер мәслихат хатшысының лауазымына екіден көп кандидат ұсынылған болса және олардың бірде-бірі сайлану үшін талап етілетін дауыс санын ала алмаса, неғұрлым көп дауыс алған екі кандидатура бойынша қайтадан дауыс беру жүргізіледі.
Егер қайтадан дауыс беру кезінде осы кандидаттардың бірде-бірі депутаттардың жалпы санының жартысынан астам даусын ала алмаса, қайтадан сайлау өткізіледі.
46. Мәслихат хатшысының мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына кіруге құқығы жоқ. Мәслихат хатшысының өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, жаңа хатшыны сайлау Заңда және осы регламентте белгіленген тәртіппен өткізіледі.
5.3. Мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссиялары
47. Мәслихат өз өкілеттігінің мерзіміне бірінші сессияда депутаттар қатарынан мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау және дайындау, оның шешімдерін жүзеге асыруға ықпал ету, өз құзыреті шегінде бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін тұрақты комиссиялар құрады. Тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелерін депутаттар арасынан ашық дауыс беру арқылы мәслихат сайлайды.
Әрбір тұрақты комиссияның тізбесі, саны және құрамы жеке-жеке дауысқа салынады. Олардың сандық және дербес құрамы сессия төрағасының, мәслихат хатшысының ұсынысы бойынша айқындалады.
Тұрақты комиссиялардың саны жетіден аспауға тиіс.
Мәслихаттардың тұрақты комиссиялары төрағаларының кандидатуралары тұрақты комиссиялардың отырыстарына шығарылады. Кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Мәслихат отырысында төрағалардың кандидатураларын талқылау әр комиссия бойынша жеке-жеке өткізіледі.
Тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады.
48. Тұрақты комиссиялардың қызметін ұйымдастыру, функциялары мен өкілеттіктері Заңмен айқындалады.
49. Мәслихаттың қарауына жатқызылған жекелеген мәселелерді сессияларда қарауға дайындау мақсатында мәслихат не мәслихаттың хатшысы уақытша комиссиялар құруға құқылы. Уақытша комиссиялардың құрамын, міндеттерін, өкілеттік мерзімдері мен құқықтарын оны құрған кезде мәслихат не мәслихаттың хатшысы айқындайды.
50. Тұрақты комиссиялар өз бастамасы немесе мәслихат шешімі бойынша көпшілік тыңдаулар өткізе алады.
Көпшілік тыңдаулар депутаттардың, атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтілген отырыстары нысанында тұрақты комиссиялардың қарауына жатқызылған өте маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында өткізіледі.
Көпшілік тыңдаулар өткізу үшін депутаттар қатарынан жұмыс тобы құрылады. Тыңдауларды дайындау үшін өзге мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мамандары жұмылдырылуы мүмкін.
Тұрақты комиссия алда болатын көпшілік тыңдаулардың тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықтың назарына жеткізеді.
Көпшілік тыңдауларға тұрақты комиссия мүдделі мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырады. Көпшілік тыңдауларда мәслихаттың басқа тұрақты комиссияларының депутаттары қатыса алады.
51. Қаралатын мәселелер "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік немесе қызметтік құпияға жатқызылған жағдайларды қоспағанда, тұрақты комиссиялардың отырыстары, әдетте, ашық болады.
Тұрақты комиссиялардың отырыстары қажеттiлiгiне қарай шақырылады және егер отырысқа олардың құрамына кiретiн депутаттардың жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды болып есептеледi.
Тұрақты комиссияның қаулысы комиссия мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады.
Егер комиссияның отырысында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, тұрақты комиссияның төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.
Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы қол қояды, ал бiрнеше тұрақты комиссияның бiрлескен отырысы өткiзiлген жағдайда, тиiстi комиссиялардың төрағалары қол қояды.
5.4. Сайлау комиссияларын құрудың тәртібі
52. Мәслихат ашық дауыс беру арқылы депутаттар қатарынан құрамы тақ санды құрайтын есеп және редакциялық комиссияларын сайлайды. Есеп және редакциялық комиссияларының құрамына мәслихат аппаратының және басқа мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері енгізілуі мүмкін.
53. Редакциялық комиссияның құрамы қаралатын мәселенің ерекшелігі, комиссия мүшелерінің мамандықтары, біліктіліктері мен жұмыс тәжірибелері ескеріле отырып қалыптастырылады.
Редакциялық комиссия кезекті сессияға да сайлануы мүмкін.
54. Ашық дауыс беру өткізілгенде есеп комиссиясы дауыс беру және оның қорытындысын шығару процесін ұйымдастырады.
Есеп комиссиясы өз құрамынан төраға мен комиссия хатшысын сайлайды, оның шешімдері ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.
Ашық дауыс беру басталмас бұрын сессия төрағасы дауысқа түскен ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың мазмұнын оқиды.
Жасырын дауыс берудің уақыты мен орнын, оны өткізудің тәртібін есеп комиссиясы мәслихат регламентінің негізінде белгілейді және есеп комиссиясының төрағасы хабарлайды. Бюллетеньдер беру тікелей дауыс беру алдында жүргізіледі, олар есеп комиссиясы белгілеген нысанда оның бақылауымен, отырысқа қатысып отырған депутаттардың санына тең мөлшерде жасалады және есеп комиссиясының төрағасы қол қояды. Белгіленген нысанға сәйкес келмейтін бюллетеньдер санақта есепке алынбайды.
5.5. Мәслихаттардағы депутаттық бірлестіктер
55. Мәслихат депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құра алады. Мәслихат хатшысы депутаттық бірлестіктерге кірмейді. Депутаттың тек бiр ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.
56. Депутаттық фракциялар мен топтарды тіркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі және тек ақпараттық сипатта болады.
57. Депутаттық бірлестіктердің мүшелері:
1) мәслихаттың күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау тәртібі және олардың мәні бойынша ескертулер мен ұсыныстар енгізуі;
2) мәслихат сайлайтын немесе тағайындайтын лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша пікірлерін айтуы;
3) мәслихат шешімдерінің жобаларына түзетулер ұсынуы;
4) депутаттық бірлестіктің қызметі үшін қажетті материалдар мен құжаттарды сұратуы мүмкін.
58. Саяси партияның фракциясы өз қызметінде саяси партияның басшы органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ саяси партияның қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысына қатысады. Фракция мәслихаттың кемiнде бес депутатын бiрiктiруге тиiс. Депутаттық топтың құрамында мәслихаттың кемiнде бес депутаты болуға тиiс.
6. Депутаттық этика
59. Мәслихат депутаттары:
1) бір-біріне және мәслихат сессияларының, мәслихат комиссиялары мен оның жұмыс органдарының жұмысына қатысатын барлық басқа да тұлғаларға құрметпен қарауға тиіс;
2) өздері сөз сөйлегенде дәлелсіз айыптауларды, мәслихат депутаттарының және басқа тұлғалардың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін дөрекі, жәбірлейтін сөздерді қолданбауға тиіс;
3) заңсыз және зорлық-зомбылық әрекеттерге шақырмауға тиіс;
4) мәслихаттың, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге тиіс;
5) сөйлеушілердің сөзін бөлмеуге тиіс.
60. Көпшілік іс-шараларды өткізген кезде бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлегенде, мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың қызметіне пікір білдіргенде депутат дәлелденген, тексерілген фактілерді ғана пайдалануы тиіс.
61. Депутат мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қатынастарда өзінің депутаттық мәртебесінің артықшылығын жеке мүддесі үшін пайдаланбауға тиіс.
62. Мәслихат депутаты өзіне депутаттық өкілеттігін жүзеге асыру барысында белгілі болған мәліметтерді, егер бұл мәліметтер сессиялардың, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен оның өзге де органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысты болса, жария ете алмайды.
63. Мәслихат атынан өкілдік етуге арнайы өкілеттігі жоқ мәслихат депутаты мемлекеттік органдармен және ұйымдармен тек қана өз атынан байланысқа түсе алады.
64. Мәслихат депутатына өз міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны, сондай-ақ мәслихат регламентінде белгіленген депутаттық этика қағидаларын бұзғаны үшін Заңның 21-бабына сәйкес жазалау шаралары қолданылуы мүмкін.
7. Мәслихат аппаратының жұмысын ұйымдастыру
65. Мәслихат пен оның органдарының қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, депутаттарға өздерiнiң өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға көмек көрсету үшін мәслихат аппараты құрылады.
Мәслихат аппараты жергiлiктi бюджет есебiнен қамтылатын мемлекеттiк мекеме болып табылады.
Мәслихат аппараты туралы ережені мәслихат бекітеді.
66. Мәслихат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген штат саны мен бөлінген қаражат лимитi шегiнде мәслихат аппаратының құрылымын бекiтедi, оны қамтуға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды.
67. Мәслихат аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мәслихаттың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанда, мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, мәслихат аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi тоқтатылмайды.