Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 13.05.2024 № 81 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
"Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 6-бабының 2-тармағы 24-7)-тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27 бабы 2-тармағына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Оңтүстік Қазақстан облысының білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. "Оңтүстік Қазақстан облысы Әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануын;
2) осы қаулыны Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Е.Айтахановқа жүктелсін.
Облыс әкімі | А.Мырзахметов |
Б.Оспанов | |
Б.Жылқышиев | |
Е.Айтаханов | |
С.Қаныбеков | |
С.Тұяқбаев | |
Е.Садыр | |
А.Абдуллаев | |
Р.Исаева |
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2015 жылғы "20" сәуірдегі № 112 қаулысына қосымша |
Оңтүстік Қазақстан облысының білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Оңтүстік Қазақстан облысының білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 6-бабы 2-тармағының 24-7) тармақшасына сәйкес әзірленді және білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің қағидаларын әзірлеу және бекіту үшін негіз болып табылады.
2. Үлгілік қағидалар білім беру ұйымдарының ішкі тәртіптемесінің қағидаларын әзірлеу және бекіту кезінде біріңғай тәсілді қамтамасыз ету мақсатында әзірленген.
3. Білім беру ұйымдарының қызмет режимін ескере отырып (білім алушылар мен тәрбиеленушілердің тәулік бойы болуы, олардың белгілі бір уақытта ғана болуы, оқу сабақтарының ауысымдылығы және білім беру ұйымының өзге де жұмыс ерекшелігіне қарай) білім беру ұйымының әкімшілігімен педагогикалық және өзге де білім беру ұйымының қызметкерлерінің жұмыс уақытын және демалыс режимі белгіленеді.
4. Ішкі тәртіптемені қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымының әкімшілігі білім беру ұйымының қызметкерлерінің, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілердің білім беру саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасымен және білім беру ұйымының Ішкі тәртіптемесінің қағидаларымен оларға жүктелген міндеттерді сақтауын қамтамасыз етеді.
2. Білім беру ұйымының ішкі тәртіптемесі
5. Білім беру ұйымының Ішкі тәртіптемесінің қағидаларында:
білім беру ұйымының әкімшілігі және педагогтарының білім алушылармен және тәрбиеленушілерімен өзара қарым-қатынасы;
оқу-тәрбие процесіне қатысушылардың тәртібі;
білім алушылар мен тәрбиеленушілердің білім алуы және өмірі мен денсаулығын сақтау, балалардың құқықтарын қорғау үшін жағдайлар;
ұйым қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
білім беру ұйымы жұмысының басталу және аяқталу уақыты, олардың арасындағы үзілістер;
білім алушылар мен тәрбиеленушілердің оқу сабақтарының ұзақтығы қарастырылуы тиіс.
6. Білім беру ұйымының әкімшілігі қызметкерлердің, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, сондай-ақ олардың ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің білім беру ұйымының Ішкі тәртіптемесінің қағидаларына қол жетімділігін және таныстыруды қамтамасыз етеді.