"Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 304 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2016 жылғы 6 қаңтардағы № 2 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 8 ақпанда № 13018 болып тіркелді

       БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика Министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 304 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10632 болып тіркелген, 2015 жылғы 21 сәуірде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      тақырыптың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтіні өзгертілмейді;
      1-тармақтың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізіледі, қазақ тіліндегі мәтіні өзгертілмейді;
      Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларында:
      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі - бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және оның нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган;
      2) бюджеттік инвестициялар - бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыру және ұлғайту, мемлекеттің активтерін құру есебінен мемлекет активтерінің құнын ұлғайтуға бағытталған республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландыру;
      3) бюджеттік инвестициялық жоба - белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын және аяқталған сипаттағы жаңа объектілерді тұрғызуға (салуға) не қолда барларын қайта жаңартуға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;
      4) еншілес ұйым - жарғылық капиталының басым бөлігін басқа заңды тұлға қалыптастырған заңды тұлға;
      5) концедент - тиісті уәкілеттік берген мемлекеттік орган арқылы әрекет ететін Қазақстан Республикасы, оның атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган;
      6) концессионер - концессия шартына сәйкес концессия объектісіне құқығы бар заңды тұлға (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда);
      7) концессия объектісі - концессия шарты бойынша құрылатын (реконструкцияланатын) және пайдаланылатын, тізбеге енгізілген әлеуметтік инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;
      8) құрылыстағы мемлекеттік инвестициялар - жаңа ғимараттар мен құрылыстардың, олардың кешендерінің, инженерлік және көлік коммуникацияларының құрылысына, сондай-ақ қолданыстағы объектілерді реконструкциялауға немесе күрделі жөндеуге (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға) инвестициялар, мыналар:
      республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде бюджеттік инвестицияларға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджеттік кредит беруге бөлінген нысаналы қаражат;
      мемлекет кепілдігімен не мемлекет кепілгерлігімен мемлекеттік емес қарыздардың нысаналы қаражаты;
      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
      концессиялық жобаларды іске асыруға бөлінген қаражат олардың көздері болып табалады;
      9) құрылыстың есеп айырысу құны - техникалық-экономикалық негіздеме сатысында құрылыстың есеп айырысу құнын айқындау тәртібіне сәйкес құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеген кезде айқындалатын құрылыс объектісінің құны;
      10) құрылыстың сметалық құны - құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген кезде сметалық нормативтерге сәйкес айқындалатын құрылыс объектісінің құны;
      11) құрылыстың бекітілген сметалық құны - тапсырыс берушінің сметалық құжаттаманы бекіту кезіндегі құрылыс объектісінің құны;
      12) тапсырыс беруші - мемлекеттік инвестициялар есебінен және оның қатысуымен құрылысты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттің, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке және онымен аффилиирленген заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық басқарушы компаниялар, ұлттық компаниялар мен онымен аффилиирленген заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі, оларға қатысты бойынша құрылтайшысы (уәкілетті орган) немесе акционері болып табылатын заңды тұлғалар.»;
      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «4. Құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін он бес күнтізбелік күннен кешіктірмей бекітуге ұсынылуға тиіс.
      Құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама бекітуге ұсынылғаннан кейін жиырма күнтізбелік күннен кешіктірмей бекітіледі.»;
      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «6. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін нысаналы бюджет қаражаты есебінен қаржыланатын объектілерді (ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын) салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелерді немесе жобалау-сметалық құжаттамаларды бюджеттік бағдарламалар әкімшісі (бірінші басшы не бірінші басшы өкілеттік берген тұлға) бекітуге тиіс.»;
      мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
      «6-1. Объектілер мен кешендер жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған кезде техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау-сметалық құжаттаманы жергілікті атқарушы орган (бірінші басшы не бірінші басшы өкілеттік берген тұлға) бекітуге тиіс.»;
      мынадай мазмұндағы 6-2-тармақпен толықтырылсын:
      «6-2. Республикалық бюджет есебінен нысаналы трансферт арқылы жергілікті бюджет инвестициясын дамыту үшін қаржыландырған кезде, техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау-сметалық құжаттаманы жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісі (бірінші басшы не бірінші басшы өкілеттік берген тұлға) бекітуге тиіс.»;
      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «7. Егер құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалау-сметалық құжаттама бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісінің құзыретіне жатқызуға болмайтын, экономиканың әртүрлі салаларындағы жобаларды іске асыруды көздейтін ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асыру шеңберінде әзірленсе, онда осы құжаттаманы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамын (бұдан әрі - Қор) қоспағанда, осы ұлттық холдингтер және ұлттық басқарушы холдинг (бірінші басшы не бірінші басшы өкілеттік берген тұлға) бекітеді.
      Егер құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалау-сметалық құжаттама Қордың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асыру шеңберінде әзірленсе, онда осы құжаттаманы тапсырыс беруші не тапсырыс берушінің акцияларын (қатысу үлестерін) тікелей немесе жанама түрде, меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында иеленуші болып табылатын Қордың еншілес ұйымы (бірінші басшы не бірінші басшы өкілеттік берген тұлға) бекітуге тиіс.»;
      мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:
      «7-1. Мемлекеттік инвестициялар есебінен әзірленген, жеңілрельстік көлікке және оларға жататын көлік инфрақұрылымы объектілеріне арналған, астана аумағында орналасқан жеке бөлінген жолдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілері бойынша жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға бекітеді.»;
      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «14. Бұрын бекітілген техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама осы Қағидалардың 12 және 13-тармақтарында көзделген жағдайларда бастапқы құжаттарын жаңартуға, жобалық материалдарын өзектілендіруге және қайтадан бекітуге (қайта бекітуге) жатады.»;
      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «15. Бұрын бекітілген техникалық-экономикалық негіздеме техникалық шешімдердің өзгеруіне және қосымша шығыстарға әкеп соғатын, белгіленген техникалық-экономикалық параметрді өзгертудің негізделген қажеттілігі туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығымен бекітілген Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9938 болып тіркелген Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау қағидаларына сәйкес түзетілуге жатады.»;
      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «16. Егер белгіленген объектінің құрылысы басталғанға дейін немесе оның барысында оған техникалық-экономикалық көрсеткіштерді өзгертетін, инженерлік және (немесе) технологиялық жабдықтарды, негізгі материалдарды және (немесе) бұйымдарды ауыстыруды қоса алғанда, объектінің конструктивті схемасына, оның көлем-жоспарлық, инженерлік-техникалық және (немесе) технологиялық жобалық шешімдеріне едәуір өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізудің негізделген қажеттілігі туындаса, бұрын бекітілген жобалау-сметалық құжаттама «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен түзетілуге жатады.»;
      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «17. Жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге немесе оған бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеде немесе бюджеттік инвестициялық жобаның үлгілік жобасында көзделмеген, қосымша бюджет шығыстарына әкеп соғатын қосымша құрамдауыштарды енгізуге байланысты бюджеттік инвестициялық жобалардың сметалық құнын бюджет комиссиясының қарауынсыз және ұсынысынсыз ұлғайтуға жол берілмейді.»;
      18-тармақ алып тасталсын.
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберілуін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрінің
      міндетін атқарушы                          М.Құсайынов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады