Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 304 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 7 сәуірде № 10632 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-6) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік ок күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 сәуірдегі
№ 304 бұйрығымен
бекітілген

Бюджет қаражаты және мемлекеттік инвестициялардың өзге де нысандары есебінен объектілерді салуға арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттаманы) бекіту қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 16.08.2019 № 648 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Бюджеттік қаражаттың және мемлекеттік инвестициялардың өзге нысандары есебінен объектілердің құрылысына арналған жобаларды (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттамаларды) бекіту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-6) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар жаңа ғимараттар мен құрылыстар, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салу, сондай-ақ қолданыстағыларын өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау және күрделі жөндеу) жобаларын (техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттамаларды) бекіту кезінде міндетті болып табылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі - бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және оның нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік орган;

      2) бюджеттік инвестициялар - бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыру және ұлғайту, мемлекеттің активтерін құру есебінен мемлекет активтерінің құнын ұлғайтуға бағытталған республикалық немесе жергілікті бюджеттен қаржыландыру;

      3) бюджеттік инвестициялық жоба - белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын және аяқталған сипаттағы жаңа объектілерді тұрғызуға (салуға) не қолда барларын қайта жаңартуға бағытталған іс-шаралар жиынтығы;

      4) еншілес ұйым - жарғылық капиталының басым бөлігін басқа заңды тұлға қалыптастырған заңды тұлға;

      5) концедент - тиісті уәкілеттік берген мемлекеттік орган арқылы әрекет ететін Қазақстан Республикасы, оның атынан Қазақстан Республикасының Үкіметі немесе жергілікті атқарушы орган;

      6) концессионер - концессия шартына сәйкес концессия объектісіне құқығы бар заңды тұлға (мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарды қоспағанда);

      7) концессия объектісі - концессия шарты бойынша құрылатын (реконструкцияланатын) және пайдаланылатын, тізбеге енгізілген әлеуметтік инфрақұрылым мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілері;

      8) құрылыстағы мемлекеттік инвестициялар - жаңа ғимараттар мен құрылыстардың, олардың кешендерінің, инженерлік және көлік коммуникацияларының құрылысына, сондай-ақ қолданыстағы объектілерді реконструкциялауға немесе күрделі жөндеуге (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникамен қайта жарақтандыруға) инвестициялар, мыналар:

      республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде бюджеттік инвестицияларға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджеттік кредит беруге бөлінген нысаналы қаражат;

      мемлекет кепілдігімен не мемлекет кепілгерлігімен мемлекеттік емес қарыздардың нысаналы қаражаты;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;

      концессиялық жобаларды іске асыруға бөлінген қаражат олардың көздері болып табалады;

      9) құрылыстың есеп айырысу құны - техникалық-экономикалық негіздеме сатысында құрылыстың есеп айырысу құнын айқындау тәртібіне сәйкес құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеген кезде айқындалатын құрылыс объектісінің құны;

      10) құрылыстың сметалық құны - құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеген кезде сметалық нормативтерге сәйкес айқындалатын құрылыс объектісінің құны;

      11) құрылыстың бекітілген сметалық құны - тапсырыс берушінің сметалық құжаттаманы бекіту кезіндегі құрылыс объектісінің құны;

      12) тапсырыс беруші - мемлекеттік инвестициялар есебінен және оның қатысуымен құрылысты жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттің, дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке және онымен аффилиирленген заңды тұлғаларға тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық басқарушы компаниялар, ұлттық компаниялар мен онымен аффилиирленген заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі, оларға қатысты бойынша құрылтайшысы (уәкілетті орган) немесе акционері болып табылатын заңды тұлғалар.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 06.01.2016 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін он бес күнтізбелік күннен кешіктірмей бекітуге ұсынылуға тиіс.

      Құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама бекітуге ұсынылғаннан кейін жиырма күнтізбелік күннен кешіктірмей бекітіледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 06.01.2016 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Мемлекеттік инвестицялар есебінен салынатын объектілер техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаттама бекітілгеннен кейін іске асырылуға тиіс.

2-тарау. Құрылыс объектілеріне арналған техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттамаларды бекіту тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 16.08.2019 № 648 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін нысаналы бюджет қаражаты есебінен қаржыланатын объектілерді (ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын) салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелерді немесе жобалау-сметалық құжаттамаларды бюджеттік бағдарламалар әкімшісі (бірінші басшы не бірінші басшы өкілеттік берген тұлға) бекітуге тиіс.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 06.01.2016 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6-1. Объектілер мен кешендер жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылған кезде техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау-сметалық құжаттаманы жергілікті атқарушы орган (бірінші басшы не бірінші басшы өкілеттік берген тұлға) бекітуге тиіс.

      Ескерту. Қағида 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 06.01.2016 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6-2. Республикалық бюджет есебінен нысаналы трансферт арқылы жергілікті бюджет инвестициясын дамыту үшін қаржыландырған кезде, техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау-сметалық құжаттаманы жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісі (бірінші басшы не бірінші басшы өкілеттік берген тұлға) бекітуге тиіс.

      Ескерту. Қағида 6-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 06.01.2016 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Егер құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалау-сметалық құжаттама бюджеттік бағдарламалардың бір әкімшісінің құзыретіне жатқызуға болмайтын, экономиканың әртүрлі салаларындағы жобаларды іске асыруды көздейтін ұлттық холдингтер мен ұлттық басқарушы холдингтің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асыру шеңберінде әзірленсе, онда осы құжаттаманы "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамын (бұдан әрі - Қор) қоспағанда, осы ұлттық холдингтер және ұлттық басқарушы холдинг (бірінші басшы не бірінші басшы өкілеттік берген тұлға) бекітеді.

      Егер құрылысқа арналған техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалау-сметалық құжаттама Қордың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы бюджеттік инвестицияларды іске асыру шеңберінде әзірленсе, онда осы құжаттаманы тапсырыс беруші не тапсырыс берушінің акцияларын (қатысу үлестерін) тікелей немесе жанама түрде, меншік немесе сенімгерлік басқару құқығында иеленуші болып табылатын Қордың еншілес ұйымы (бірінші басшы не бірінші басшы өкілеттік берген тұлға) бекітуге тиіс.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 06.01.2016 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7-1. Мемлекеттік инвестициялар есебінен әзірленген, жеңілрельстік көлікке және оларға жататын көлік инфрақұрылымы объектілеріне арналған, астана аумағында орналасқан жеке бөлінген жолдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы халықаралық мамандандырылған көрме объектілері бойынша жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға бекітеді.

      Ескерту. Қағида 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 06.01.2016 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7-2. Қызметі бюджеттен нысаналы салымдар салуды қаржыландыру есебінен жүзеге асырылатын дербес білім беру ұйымдарының объектілердің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені және (немесе) жобалау-сметалық құжаттаманы дербес білім беру ұйымдарының басшысы не басшы өкілдік берген тұлға бекітеді.

      Ескерту. Қағида 7-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 21.06.2017 № 370 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      8. Құрылысын қаржыландыру мемлекеттік кепілдікпен не мемлекет кепілгерлігімен берілетін мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен жүзеге асырылатын объектілердің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені немесе жобалау-сметалық құжаттаманы тапсырыс беруші бекітуге және қайта бекітуге тиіс.

      Бір кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, концессионердің таңдауы бойынша конкурс өткізу туралы шешім қабылданған жағдайда, құрылысын қаржыландыру мемлекеттік кепілдікпен не мемлекет кепілгерлігімен берілетін мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен жоспарланған (жүзеге асырылатын) объектілердің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені немесе жобалау-сметалық құжаттаманы концедент бекітеді және қайта бекітеді.

      Екі кезеңді рәсімдерді пайдалана отырып, концессионердің таңдауы бойынша конкурс өткізу туралы шешім қабылданған жағдайда, құрылысын қаржыландыру мемлекеттік кепілдікпен не мемлекет кепілгерлігімен берілетін мемлекеттік емес қарыз қаражаты есебінен жоспарланған (жүзеге асырылатын) объектілердің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемені немесе жобалау-сметалық құжаттаманы әлеуетті концессионер (қарыз алушы) бекітеді және қайта бекітеді.

      9. Бекіту үшін техникалық-экономикалық негіздемелердің және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамалардың материалдары, сондай-ақ оларға қоса берілген ведомстводан тыс кешенді сараптаманың оң қорытындылары ұсынылады.

      Техникалық-экономикалық негіздемелерді немесе (немесе) жобалау-сметалық құжаттамаларды бекіту бекітілген негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштерді, оның ішінде құрылыстың есеп айырысу (техникалық-экономикалық негіздемелер үшін) немесе сметалық (жобалау-сметалық құжаттамасы үшін) құнын көрсете отырып, жүзеге асырылады.

      10. Алып тасталды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 16.08.2019 № 648 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Техникалық-экономикалық негіздемелер немесе (немесе) жобалау-сметалық құжаттамалар бекітілген сәттен бастап оларды әзірлеу аяқталды деп саналады.

      12. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін үш және одан да көп жыл ішінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленбеген және бекітілмеген техникалық-экономикалық негіздеме ескірген болып есептеледі және осы Қағидалардың 3-бөліміне сәйкес түзетілгеннен (бастапқы материалдар жаңартылғаннан, жобалық материалдар өзектендірілгеннен), қайта сараптама жүргізілгеннен және қайта бекітілгеннен кейін іске асыру үшін пайдаланылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 31.01.2023 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілгеннен кейін үш және одан да көп жыл ішінде құрылыс басталмаған жобалау-сметалық құжаттама ескірген болып есептеледі және осы Қағидалардың 3-бөліміне сәйкес түзетілгеннен (бастапқы материалдар жаңартылғаннан, жобалық материалдар өзектендірілгеннен), қайта сараптама жүргізілгеннен және қайта бекітілгеннен кейін іске асыру үшін пайдаланылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 31.01.2023 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Техникалық-экономикалық негіздемелерді және жобалау-сметалық құжаттамаларды түзету, қайтадан бекітуді (қайта бекіту) жүргізу ерекшеліктері

      Ескерту. 3-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 16.08.2019 № 648 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Бұрын бекітілген техникалық-экономикалық негіздемелер мен жобалау-сметалық құжаттама осы Қағидалардың 12 және 13-тармақтарында көзделген жағдайларда түзетуге (бастапқы құжаттарды жаңартуға, жобалау материалдарын өзектендіруге) және қайта бекітуге жатады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 31.01.2023 № 61 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Бұрын бекітілген техникалық-экономикалық негіздеме техникалық шешімдердің өзгеруіне және қосымша шығыстарға әкеп соғатын, белгіленген техникалық-экономикалық параметрді өзгертудің негізделген қажеттілігі туындаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығымен бекітілген Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9938 болып тіркелген Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау қағидаларына сәйкес түзетілуге жатады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 06.01.2016 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Бұрын бекітілген жобалау-сметалық құжаттама, егер белгіленген объектіні салу басталғанға дейін немесе оның барысында объектінің конструкциялық схемасына, оның көлемдік-жоспарлау, инженерлік-техникалық және (немесе) технологиялық жобалық шешімдеріне әсер ететін, инженерлік және (немесе) технологиялық жабдықты, техникалық-экономикалық көрсеткіштерді өзгертетін негізгі материалдарды және (немесе) бұйымдарды ауыстыруды қоса алғанда, оған елеулі сипаттағы өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізудің негізді қажеттілігі туындаса түзетілуге, қайта сараптауға және қайта бекітуге жатады.

      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодекстің (Ерекше бөлім) 655-бабының 3-тармағына сәйкес жобалау шешімдерін өзгертпей, сметаны қайта қарауды жүргізу туралы мердігер өтініш жасаған кезде құрылыс ресурстары құнының ұлғаюы себебінен мердігердің кінәсінен құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кестесінен артта қалушылық болмаған жағдайда шарт жасасу күніне келтірілген бұрын бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманың құны кемінде он пайызға ұлғайған кезде түзетуге жол беріледі.

      Жобалау шешімдерін өзгертпестен құрылыстың сметалық құнын түзету құрылыс мердігерлік шарты жасалған күннен кейінгі алғашқы он екі айда жүргізілмейді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 04.04.2024 № 118 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16-1. Жобалау-сметалық құжаттаманың құрылысты ұйымдастыру жобасында белгіленген жұмыстардың жоспарланған басталу күнінен бір жыл уақыт өткеннен кейін құрылыс-монтаждау жұмыстарына конкурстық рәсімдер жүргізілмеген және қаржыландыру көзделмеген оның сметалық бөлімі жобалау шешімдерін өзгертпей түзетуге жатады.

      Ескерту. Қағида 16-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 24.01.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен; жаңа редакцияда - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 04.04.2024 № 118 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16-2 Енгізілетін өзгерістердің сметалық құны "Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 229 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10795 болып тіркелген) Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларының 11-тармағының 19) тармақшасында көзделген жалпы сметалық құнның 30% асатын болса, онда жобалау-сметалық құжаттама түзетуге жатады.

      Ескерту. Қағидалар 16-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 13.09.2023 № 3 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Бюджеттік комиссияның қарауынсыз және ұсынысынсыз бекітілген техникалық-экономикалық негіздемеде немесе бюджеттік инвестициялық жобаның үлгілік жобасында көзделмеген, бюджеттің қосымша шығыстарына әкеп соғатын жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге немесе оған қосымша компоненттерді енгізуге байланысты бюджеттік инвестициялық жобалар мен мемлекеттік кепілдікпен мемлекеттік емес қарыздардың нысаналы қаражаты есебінен іске асырылатын жобалар сметалық құнын ұлғайтуға жол берілмейді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 04.04.2024 № 118 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17-1. Мемлекеттік кепілдікпен мемлекеттік емес қарыздардың нысаналы қаражаты есебінен іске асырылатын жобалардың құнын өзгерту мәселелерін шығару екі кезеңде жүзеге асырылады.

      Бірінші кезең - бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ұсынатын құжаттар негізінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы негізінде жобалау-сметалық құжаттаманы не жоба бойынша инвестициялық ұсынысты түзетудің орындылығын айқындау жөніндегі тиісті бюджеттік комиссияның шешімі.

      Екінші кезең - техникалық экономикалық негіздемені әзірлеуді немесе түзетуді талап етпейтін жобаның түзетілген жобалау-сметалық құжаттамасын не жоба бойынша инвестициялық ұсыныс бойынша ұлғайтылған құнды қаржыландыру туралы тиісті бюджет комиссиясының шешімі.

      бюджеттік бағдарламалардың әкімшісінің бірінші кезеңінде жобаның ерекшелігіне қарай бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынылады:

      1) бағаның болжамды сомасын көрсете отырып, мемлекеттік органның бірінші басшысының – бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі не оны алмастыратын адамның не әрбір жоба бойынша жеке уәкілеттік берілген адамның – бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған хат;

      2) мемлекеттік органның бірінші басшысы – бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі не оны алмастыратын адам не әрбір жоба бойынша жеке уәкілеттік берілген адам- бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі қол қойған түсіндірме жазбада келесідей ақпарат қамтылған:

      - жобаларды іске асыруды аяқтау үшін талап етілетін болжамды қосымша бюджет шығыстарының негіздемесі;

      - мемлекеттік сатып алуды жүргізу нәтижесінде үнемдеу сомасын көрсете отырып, жобаларды іске асыру (жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және басқалар) шеңберінде жасалған шарттар туралы ақпарат (егер үнемдеу болған жағдайда);

      - жобаны әр жыл үшін бюджеттен қаржыландыру (жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу басталғаннан бастап құрылыс үшін). Бұл ақпарат, егер бар болса, игерілмеу себептерін көрсете отырып, әр жыл үшін жоспар мен фактімен бірге жүреді;

      - қымбаттауға әкелетін себептерді егжей-тегжейлі көрсету (Шартта көрсетілген бағадан (сметадан) асып кету қажеттігі туралы бюджеттік бағдарламалардың әкімшісінің уақтылы ескертуін растайтын мердігерлер хаттарының көшірмелерін қоса);

      - техникалық тексерумен және техникалық қадағалау актісімен расталған аяқталмаған құрылыстың жай-күйі туралы мәліметтер;

      3) ресми хат нысанында ұсынылатын, мемлекеттік органның бірінші басшысының не оның міндетін атқаратын адамның не мемлекеттік органның бірінші басшысының мөрмен расталған әрбір жоба бойынша жеке уәкілеттік берілген адамның қолы қойылған және бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі түсіндірмелерін қоса бере отырып, жобаның сметалық құнын ұлғайтудың негізділігі мен дәйектілігін растайтын тиісті уәкілетті мемлекеттік органның салалық сараптамасының қорытындысы;

      4) бастапқы құнына жобалау-сметалық құжаттамасының кешенді ведомстводан тыс сараптамасының қорытындысы;

      5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнамада көзделген жағдайларда бастапқы құнға бұйрық;

      6) ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның атына жіберілген, жүргізіліп жатқан түзету туралы бірінші басшының электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған хабарлама-хат.

      Қайта түзету кезінде ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның бюджет қаражатын нысаналы пайдалану мәніне, сондай-ақ егер жоба бойынша құжаттарды ұсынған күннен бастап 6 (алты) айдан кешіктірілмей қаржыландыру басталған болса, бұзушылықтардың болмауы туралы актісі ұсынылады;

      7) мемлекеттік органның бірінші басшысының – бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі не оны алмастыратын адамның не әрбір жоба бойынша жеке уәкілеттік берілген адамның – бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға электрондық нысанда ұсынылатын, құнын ұлғайтуды болжайтын жобалар бойынша салыстырмалы кесте мен құжаттаманың тізбесі;

      8) Объектінің нақты жай-күйі туралы толық түсінік беретін, құжаттарды тапсыру күніне дейін 1 (бір) айдан ерте емес түсірілген материалдар, фотосуреттер немесе бейнетүсірілімдер;

      9) бұрын бекітілген жобаның жобалау-сметалық құжаттамасының жобалық шешімдеріне енгізілетін болжамды өзгерістердің орындылығы туралы ведомстводан тыс кешенді сараптама хаты.

      Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган осы тармақта көрсетілген құжаттар топтамасын қарайды және олар бойынша қорытындыны тиісті бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.

      Бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі екінші кезеңде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға түзетілген жобалау-сметалық құжаттама енгізеді:

      - жобалау-сметалық құжаттаманың кешенді ведомстводан тыс сараптамасының қорытындысы;

      - салалық уәкілетті мемлекеттік органның қорытындысы.

      Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жобаның ерекшелігіне қарай тиісті бюджеттік комиссияның қарауына бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ұсынған құжаттар негізінде түзетілген жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша жобаның құнын ұлғайтуды, сондай-ақ түзетілген жобаның жобалау-сметалық құжаттамасына ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындысын енгізеді.

      Екінші кезеңде құнын ұлғайтуды республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру көзделетін жобалар құнының ұлғаюын қаржыландырудың орындылығын республикалық бюджет комиссиясы қарайды.

      Тиісті бюджеттік комиссиялар іріктеп алған, құнын ұлғайтуды көздейтін жобалар бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті бюджетке енгізіледі.

      Ескерту. 3-тарау 17-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 04.04.2024 № 118 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Алып тасталды - ҚР Ұлттық экономика министрінің м.а. 06.01.2016 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Жобалау-сметалық құжаттаманы түзету және қайта бекіту қажеттілігі құрылыс үдерісінде туындаған жағдайда, онда құрылыстың жай-күйі туралы мәліметтер мен орындалған жұмыстар актілерінің көшірмелері осы Қағидалардың 2-бөліміне сәйкес қайтадан мемлекеттік сараптама жүргізу және қайта бекіту үшін ұсынылатын құжаттаманың құрамына енгізіледі, бұл ретте жобалау-сметалық құжаттаманың атқарылған жұмыстар көлемі бар бөлігі түзетуге жатпайды.

      Бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша тиісті бюджет комиссиясының шешімі қосымша ұсынылады.

      20. алып тасталды - ҚР Инвестициялар және даму министрінің 21.06.2017 № 370 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен

      21. Егер бұрын бекітілген жоба бойынша құрылыс толық көлемде орындалса, онда жобалау-сметалық құжаттама түзетуге және қайта бекітілуге жатпайды.

      22. Алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 24.01.2023 № 48 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады