Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункттерінде Интернетке қол жеткізудің қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2016 жылғы 26 қаңтардағы № 67 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 22 ақпанда № 13154 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 26 наурыздағы № 104 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 26.03.2018 № 104 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабы 1-тармағының 6-7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қауіпсіздік сертификатын қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (Т.Б. Қазанғап):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


министрінің міндетін атқарушы

Ж. Қасымбек


  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушының
2016 жылғы 26 қаңтардағы
№ 67 бұйрығымен бекітілген

Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункттерінде
Интернетке қол жеткізудің қызметтерін көрсету қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункттерінде Интернетке қол жеткізудің қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шіледегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 8-бабы 1-тармағының 6-7) тармақшасына сәйкес әзірленді және Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункттерінде Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) абоненттік нөмір – ұялы байланыс қызметтерін көрсету шартын жасасу кезінде абонентке бөлінетін және басқа абоненттік құрылғылармен қосылу кезінде ұялы байланыс операторының желісіне қосылған абоненттік құрылғыны сәйкестендіретін телефон нөмірі;

      2) авторландыру – абоненттің және (немесе) пайдаланушының енгізген аутентификациялық деректерін байланыс операторының серверінде талдау процесі нәтижесінде абонентте және (немесе) пайдаланушыда Интернетке қол жеткізу қызметтерін алуға құқықтарының болуы анықталады;

      3) байланыс операторы – Қазақстан Республикасында тіркелген, байланыс қызметтерiн көрсететін заңды тұлға;

      4) Интернет – электрондық ақпараттық ресурстарды жіберуге арналған телекоммуникациялардың біріктірілген желілерінің және есептеу ресурстарының дүниежүзілік жүйесі;

      5) интернет-ресурс – аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін, мәтіндік, графикалық, аудиокөрінімді немесе өзге де түрде бейнеленетін электрондық ақпараттық ресурс;

      6) Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункті – пайдаланушыларға ақылы немесе ақысыз Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету орны;

      7) Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінің иесі (бұдан әрі – иесі) – Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункті меншікті құқықтарда немесе өзге заңды негіздерде тиесілі жеке немесе заңды тұлға;

      8) қысқа мәтіндік хабарлама (бұдан әрі – SMS-хабарлама) – белгілі бірізділікпен терілген әріптерден және (немесе) сандардан және (немесе) символдардан тұратын және ұялы байланыс операторы желісінің техникалық мүмкіндіктерімен және абоненттік құрылғымен мүмкін болатын көлемдегі ақпараттық хабарлама;

      9) пайдаланушы – Интернетке қоғамдық қол жеткізу қызметтерін алатын жеке немесе заңды тұлға.

2. Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункттерінде
Интернетке қол жеткізудің қызметтерін көрсету тәртібі

      3. Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункттерінде Интернетке қол жеткізуге пайдаланушыларды авторландырудан кейін Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктіне байланыс қызметін көрсететін оларды иеленушілеріне немесе байланыс операторларына береді.

      4. Пайдаланушыны авторландыру "Логин", "Пароль" жолы және "Парольды алу" белсенді элементі бар байланыс операторының немесе иесінің интернет-ресурсында пайдаланушыға тиесілі абоненттік нөмір бойынша жүзеге асырылады.

      5. Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінде Интернетке қол жеткізуге рұқсат алу үшін пайдаланушы арнайы нысандағы "Логин" жолына абоненттік нөмірін енгізу арқылы авторланады және "Парольды алу" нысанының белсенді элементін пайдалану жолымен біржолғы дербес сәйкестендіргішке (парольге) сұрау салады.

      6. Иеленуші немесе Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктіне байланыс қызметтерін көрсететін байланыс операторы пайдаланушы "Логин" жолында көрсеткен абоненттік нөміріне біржолғы дербес сәйкестендіргіш (пароль) қамтылған SMS-хабарламаны жібереді.

      7. Пайдаланушы SMS-хабарламада алынған біржолғы дербес сәйкестендіргішті (парольді) арнайы нысандағы "Пароль" жолына енгізген кезде оны авторландыру аяқталады және пайдаланушыға Интернетке қол жеткізуге рұқсат беріледі.

      8. Пайдаланушы алған біржолғы дербес сәйкестендіргіштің (парольдің) жарамдылық мерзімі Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінде пайдаланушының абоненттік құрылғысын Интернеттен ажыратқан сәтке дейін шектеледі.

      9. Интернетке қоғамдық қол жеткізу пунктінде пайдаланушыға қайталап Интернетке қол жеткізу қызметін көрсету осы Қағидалардың 5, 6 және 7-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Елді мекендерде байланыс түрі ретінде ұялы байланыс жоқ болған жағдайда, иесі пайдаланушының Интернетке қол жеткізуін жеке басын куәландыру құжаты бойынша жүзеге асырды.

      Иесі осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда пайдаланушыларды электрондық есепке алу журналын жүргізеді. Электрондық журнал пайдаланушының тегін, аты мен әкесінің атын (бар болған кезде), Интернетте жұмыс істеуді бастау мен аяқтау уақытын, пайдаланушы жұмыс істеген Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункті иесі компьютерінің нөмірін қамтиды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады