Интернеттің қазақстандық сегментiнiң кеңістігінде домендiк аттарды тiркеу, пайдалану және бөлу қағидаларын бекiту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 118 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 24 ақпанда № 13221 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 38/НҚ бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 13.03.2018 № 38/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 56) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Интернеттің қазақстандық сегментiнiң кеңістігінде домендiк аттарды тiркеу, пайдалану және бөлу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыңалардың:

      1) "Интернет желісінің қазақстандық сегментінің домендік кеңістігін тіркеу, пайдалану және тарату қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрінің 2010 жылғы 7 қыркүйекте № 220 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6523 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2010 жылғы 9 қарашада № 461-468 (26311) жарияланған);

      2) "Интернет желісінің қазақстандық сегментінің домендік кеңістігін тіркеу, пайдалану және тарату қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрінің 2010 жылғы 7 қыркүйектегі № 220 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрінің 2011 жылғы 21 қазандағы № 319 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7299 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінде 2011 жылғы 21 желтоқсанда № 641-644 (27036) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті (Т.Б. Қазанғап):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 3-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


министрінің міндетін атқарушы

Ж. Қасымбек


  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін
атқарушының
2016 жылғы 28 қаңтардағы
№ 118 бұйрығымен бекітілген

Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде
домендік атауларды тіркеу, пайдалану және бөлу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды тіркеу, пайдалану және бөлу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 56) тармақшасына сәйкес әзірленді (бұдан әрі – Заң) және Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды тіркеу, пайдалану және бөлу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:

      1) ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ақпараттандыру және "электрондық үкiмет" саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) домендiк атау – Интернетті адрестеу қағидаларына сәйкес қалыптастырылған, белгiлi желiлiк адреске сәйкес келетiн және Интернет объектiсiне атаулы өтініш білдіруге арналған символдық (әрiптiк-цифрлық) белгi;

      3) домендік атауларды тіркеу – Интернеттің қазақстандық сегментi кеңістігіндегі домендік атауларды тіркеу орнының тіркеуші тіркелетін домендік атау туралы ұсынған мәліметтерді тіркелуші өтініміне сәйкес домендік атаулар тізбесіне енгізуі;

      4) домендік атаулар жүйесі (Domain Name System – DNS) – домендік атаулар туралы ақпарат алуға арналған бөлінген деректер қоры. Домендік атаулардың Internetwork Protocol (IP) мекенжайларына сәйкестігі туралы ақпаратты қамтиды және RFC-1032, RFC-1034, RFC-1035, RFC-1122, RFC-1133, RFC-1591 сәйкес жұмыс істейді;

      5) домендік атауларды тіркелуші (бұдан әрі – тіркелуші) – Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атауларды тіркегішке Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атауларды тіркеу үшін өтінім жіберген және домендік атауларды Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі тіркеу кезеңінде оның иесі болып табылатын заңды немесе жеке тұлға;

      6) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі бірінші деңгейлі домендiк атау – Қазақстан Республикасы мүддесінде пайдалану үшін Internet Corporation for Assigned Names and Numbers (бұдан әрі – ICANN) халықаралық ұйымы бөлген, Интернеттің қазақстандық сегментiнің домендік кеңістік иерархиясында негізгі домендік атаудан бір саты төмен орналасқан және негізгі домендік атаудың нақты тікелей ішкі домені болып табылатын (RFC-882).KZ және.ҚАЗ домендік атау;

      7) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігі – Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан аппараттық-бағдарламалық кешендерде орналастырылатын интернет-ресурстар жиынтығы;

      8) Интернеттің қазақстандық сегментi кеңістігіндегі екінші деңгейлі домендік атау (бұдан әрі – екінші деңгейлі домендік атау) – Интернеттің қазақстандық сегментiнің домендік кеңістік иерархиясында бірінші деңгейлі домендік атаудан бір саты төмен орналасқан және бірінші деңгейлі домендік атаудың нақты тікелей ішкі домені болып табылатын (RFC-882) домендік атау;

      9) Интернеттің қазақстандық сегментiнің домендік кеңістігіндегі домендік атаулардың әкімшісі (бұдан әрі – әкімші) – Интернеттің қазақстандық сегментiнің домендік кеңістігін дамытуды жүзеге асыратын уәкілетті орган белгілеген коммерциялық емес қоғамдық ұйым;

      10) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атаулардың тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – тіркелген домендік атаулар туралы барлық мәліметтер қамтылған Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі барлық тіркелген домендік атаулар дерекқорының орталықтандырылған жиынтығы;

      11) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атаулардың тізілімін жүргізу – Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атаулар тізілімінің жұмыс істеуін, Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атауларды тіркегіштердің Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атаулар тізіліміне өзгерістер енгізу, WHOIS-сервер арқылы домендік атауларды тапсыру мен барлық тіркелген домендік атаулар туралы ағымдағы мәліметтерді ұсыну мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      12) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атауларды тіркеу орны (бұдан әрі – тіркеу орны) – Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атаулардың тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын және Интернеттің қазақстандық сегментi кеңістігіндегі бірінші деңгейлі қазақстандық домендік атаудың тұрақты жұмысын қолдайтын заңды тұлға;

      13) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атауларды тіркегіш (бұдан әрі – тіркегіш) – домендік атауларды тіркеу, Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атаулардың тізіліміне домендік атау туралы ақпарат енгізу, Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атауларды тіркеу орны мен домендік атауларды тіркеуші арасындағы келісімнің негізінде домендік атауларды тіркеушінің домендік атауды пайдалану бойынша құқығын қамтамасыз ету бойынша қызметтерді көрсету үшін (бұдан әрі – көрсетілетін қызмет) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атаулар әкімшісі аккредиттеген заңды тұлға Қазақстан Республикасының резиденті;

      14) Интернеттің қазақстандық сегментi кеңістігіндегі үшінші деңгейлі домендік атау (бұдан әрі – үшінші деңгейлі домендік атау) – Интернеттің қазақстандық сегментiнің домендік кеңістік иерархиясында екінші деңгейлі домендік атаудан бір саты төмен орналасқан және екніші деңгейлі домендік атаудың нақты тікелей ішкі домені болып табылатын (RFC-882) домендік атау;

      15) интернет-ресурс – аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын бірегей желілік адресі бар және (немесе) Интернетте жұмыс істейтін мәтіндік, графикалық, аудиовизуалды немесе өзге түрде көрсетілетін электронды ақпараттық ресурс;

      16) негізгі домеднік атау – Интернетте RFC-882стандартының негізінде жұмыс істейтін "." нүктесімен белгіленетін домендік атау;

      17) өтінім – Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендерді тіркеу (тіркеу мерзімін ұзарту) үшін барлық мәліметтерді, бұрын мәлімделген мәліметтерді өзгертулерді, домендік атауды беру, тасымалдау немесе қолданыстағы тіркелуінің күшін жоюды қамтитын домендік атауды тіркеушінің Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік атауды тіркегішке өтініші;

      18) DNS-сервер – домендік атаулар жүйесіне қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету орындалатын жабдық;

      19) Request for Comments (RFC) құжат – Интернеттің жұмыс істеуінің техникалық және ұйымдастырушылық жағдайларын айқындайтын және Internet Engineering Task Force мен Internet Engineering Steering Group қоғамдық ұйымдар қабылдайтын стандарт;

      20) WHOIS-сервер – RFC-3912 сәйкес жұмыс істейтін, тіркелген домендік атаулар туралы мәліметтер алуға арналған мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз ету, сондай-ақ бағдарламалық қамтамасыз ету орындалатын жабдық.

2. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде
домендік атауларды тіркеу тәртібі

      3. ".KZ" және ".ҚАЗ" домендік атауларды пайдалана отырып, домендік атауларды тіркеу Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігінде орналасқан интернет-ресурстарды адрестеу мақсатында жүзеге асырылады.

      4. Домендік атауды тіркеу үшін тіркелуші осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық немесе қағаз түрінде дұрыс және толық ақпарат берілген тіркелші өтінімін (бұдан әрі - өтінім) ұсынады.

      5. Барлық өтінімдер оларды тіркеушіге жолдаудың тіркелген уақытына сәйкес олардың тіркеушіге келіп түсу тәртібімен қаралады.

      6. Тіркеуші тіркелушіден өтінімді алған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде мыналарды тексеруді жүргізеді:

      1) өтінімнің осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін;

      2) өтінімде көрсетілген ақпараттың дұрыстығын және толықтығын;

      3) өтінімді ұсыну сәтінде сұрау салынып отырған домендік атаудың тіркеу үшін қолжетімділігін;

      4) сұрау салған домендік атаудың келесі Интернет стандарттарына сәйкестігін: RFC-1032, RFC-1034, RFC-1035, RFC-1122, RFC-1133, RFC-1591;

      5) сұрау салынып отырған домендік атаудың осы Қағидалардың

      30-тармағында көрсетілген резервтелген домендік атаулар тізілімінде болмауын;

      6) заңды күшіне енген тіркелетін домендік атауды пайдалануға тыйым салу туралы сот шешімінің болмауын;

      7) сұрау салынып отырған домендік атаудың мазмұнында Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған ақпараттың болмауын.

      7. Сұрау салынған домендік атау осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген бір немесе бірнеше шартқа сәйкес болған жағдайда тіркеуші өтінімді тіркелушіге қайтарады.

      8. Сұрау салынған домендік атау осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген барлық шарттарға сәйкес болған жағдайда тіркеуші тіркелушімен келісім жасайды және тіркелген домендік атау туралы ақпаратты тізілімге енгізеді.

      9. Домендік атаулар туралы ақпаратты тізілімге енгізген сәттен бастап олар тіркелген болып саналады.

      10. Тіркелуші жеке тұлғаның дербес деректерінің барлық өзгерулері немесе келісімде көрсетілген заңды тұлға туралы мәліметтерді тіркеушіге осындай өзгерістер орын алған сәттен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды.

      11. Тіркеуші жеке тұлғаның дербес деректерінің барлық өзгерулері немесе келісімде көрсетілген заңды тұлға туралы мәліметтерді тіркелушіден алғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде өзгерістерді тізілімге енгізеді.

      12. Тіркелуші домендік атауды басқа жеке немесе заңды тұлғаға пайдалануға беру ниетін білдірген жағдайда, тіркелуші домендік атауды пайдалану құқықтарын беру болжалған тұлға туралы мәліметтерді көрсете отырып, пайдаланылатын домендік атау құқықтарын беру туралы тіркеушіні хабарландырады.

      13. Тіркелген домендік атауды пайдаланатын тіркелуші деректерінің өзгергені туралы ақпарат алғаннан кейін тіркеуші қажетті өзгертулерді тізілімге тіркеушіден хабарлама алғаннан сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде енгізеді.

      14. Келісімнің аяқталу мерзіміне дейін кем дегенде 20 жұмыс күн бұрын тіркеуші тіркелушіге тиісті хабарлама жібереді.

      15. Егер тіркелуші домендіқ атауды алдағы уақытта пайдаланудан бас тартқан жағдайда, тіркелуші келісімнің әрекет ету мерзімінің аяқталу мерзімінен бұрын тіркеушіге келісімді тоқтатудың болжамды күні туралы ақпарат жібереді.

      16. Тіркелуші ұсынған ақпаратта көрсетілген пайдалануды тоқтату күнінен бастап тіркеуші 3 жұмыс күні ішінде домендік атауды тізілімнен алып тастауды жүргізеді және тіркелушіні келісімнің әрекеті тоқтатылғаны туралы хабарландырады.

3. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде
домендік атауларды пайдалану тәртібі

      17. Домендік атауды Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде пайдалану мына жағдайларда уақытша тоқтатылады:

      1) тіркелуші домендік атауды тіркеу үшін ұсынған өтінімде тіркелуші туралы толық емес немесе дұрыс емес мәліметтер айқындалған;

      2) тіркелген домендік атауы бар интернет-ресурс орналастырылатын аппараттық-бағдарламалық кешеннің Қазақстан Республикасы аумағынан тыс орналасуы;

      3) интернет-ресурста Интернетті қауіпсіз пайдалануға қатер төндіретін зиянды бағдарламалық қамтамасыз етудің айқындалуы;

      4) домендік атауды пайдалануды уақытша тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімінің болуы.

      18. Осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген домендік атауды пайдалануға байланысты бұзулар орын алған жағдайда уәкілетті органның өтініші бойынша тіркеу орны жол берілген бұзудың мазмұнын көрсете отырып, тіркеушіге ақпарат жібереді.

      19. Тіркеу орны Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауды тіркеуді уақытша тоқтатудың негіздемелерін жою қажетті туралы тіркеушіге ақпарат жібере отырып, бір жұмыс күні ішінде домендік атауларды тіркеуді уақытша тоқтатады.

      20. Тіркеу орнынан ақпаратты алғаннан кейін тіркеуші заңды күшіне енген сот шешімінде басқа мерзім белгіленбесе, хабарламаны алған сәттен бастап 10 жұмыс күні ішінде жол берілген бұзуларды жою қажеттігі туралы тіркелушіні хабарландырады.

      21. Бұзуды жою кезеңінде тіркеу орны тізілімге тиісті жазба енгізу арқылы домендік атауды пайдалануды уақытша тоқтатады

      22. Тіркеу орнының хабарламасында көрсетілген бұзуларды жойғаннан кейін тіркелуші тиісті жазба енгізу арқылы тіркеу орны бір жұмыс күні ішінде домендік атауды пайдалануды қалпына келтіреді.

      23. Домендік атауды Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде пайдалану мына жағдайларда тоқтатылады:

      1) тіркелушінің домендік атауды тіркеуді тоқтату туралы өтінімінің болуы;

      2) тіркелуші мен тіркеуші арасындағы келісімнің әрекет ету мерзімінің аяқталуы;

      3) тіркеу орнының хабарламасында белгіленген мерзімде бұзуларды жоймау салдарының домендік атауды пайдалануды уақытша тоқтатуға әкеп соғуы;

      4) домендік атауды пайдалануды тоқтату туралы сот шешімінің заңды күшіне енуі.

      24. Осы Қағидалардың 23-тармағында көрсетілген шарттадың біреуі орын алған жағдайда тіркеуші тіркелушіні келісімнің әрекеті тоқтатылғаны туралы хабарландырады.

      25. Осы Қағидалардың 23-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда тізілімге тиісті мәліметтер енгізе отырып, домендік атауды тіркеуді тоқтатуды тіркеуші жүргізеді.

      26. Осы Қағидалардың 23-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген жағдайларда тіркеушіні ескертумен тізілімге тиісті мәліметтер енгізе отырып, домендік атауды тіркеуді тоқтатуды тіркеу орны жүргізеді.

4. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде
домендік атауларды бөлу тәртібі

      27. Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік атауларды бөлу тіркелген домендік атаулар мен резервіленген екінші деңгейлі домендік атаулар туралы ақпаратқа еркін қолжтімділік негізінде жүзеге асырылады.

      Домендік атауларды бөлуге байланысты дауларды әкімші немесе сот тәртібімен қаралады.

      28. Резервіленген екінші деңгейлі және кейінгі деңгейлі домендік атауларға мына домендік атаулар жатады:

      1) EDU.KZ – білім беру қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы резиденттерінің ұйымдары үшін үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған;

      2) GOV.KZ – Қазақстан Республикасының ммлекеттік органдары үшін үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған;

      3) MIL.KZ – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі органдары үшінші деңгейлі домендік атауларды тіркеуге арналған.

      29. Резервіленген домендік атауларды қоспағанда, үшінші деңгейлі домендік атауларды бөлу осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

      30. Резервіленген домендік атауларды бөлу осы Қағидалардың 28-тармағындағы қызмет түрлеріне сәйкес өтінімдер бойынша жүзеге асырылады.

  Интернеттің қазақстандық сегментінің
кеңістігінде домендік атауларды тіркеу,
пайдалану және бөлу қағидаларына қосымша

      Нысан

      Тіркеушіге

      (Тіркеушінің атауы)

Тіркелушінің өтінімі

      1. *әрбір байланыс келесі мәліметтерден тұруы қажет:

      1) *байланыс тұлғасының Т.А.Ә. (егер байланыс жеке тұлға болса), оның ЖСН (егер байланыс жеке тұлға болса);

      2) *елдің 2 әріптік коды;

      3) *қала;

      4) *облыс;

      5) *пошталық мекен-жай;

      6) *пошталық индекс;

      7) *телефон;

      8) *ұйымның аты, БИН (егер байланыс заңды тұлға болса);

      9) факс;

      10) *электрондық пошталық мекен-жайы;

      2. *домендік атауды тіркеу кезеңі;

      3. *домендік атаудың аты;

      4. Тауар белгісінің Қазақстан Республикасы аумағында тіркелгенін растайтын құжаттардың көшірмелері.

      5. *төрт байланыс туралы мәліметтер:

      1) әкімшілік байланыс;

      2) қаржылық байланыс;

      3) техникалық байланыс;

      4) *тіркелуші;

      6. *DNS-серверлер туралы мәліметтер:

      1) *алғашқы DNS-сервердің мекенжайы;

      2) *бірінші DNS-сервердің мекенжайы;

      3) қосымша DNS-серверлердің мекенжайлары.

      Ұсынылған ақпараттың дұрыстығын растаймын.

      Тіркеушінің интернет-ресурсында жарияланған домендік атауды

      тіркеу бойынша қызмет көрсетудің толық шарттарын қамтитын

      домендік атауды тіркеу туралы келісімнің мәтінімен

      келісетінімді растаймын.

      Тіркелушінің қолы ____________

      Күні

      Ескертпе:

      Тіркелуші мәліметтерді тіркеушіге ұсынады және барлық тіркеу мерзімі ішінде тізілімде сақталады.

      Жұлдызшамен белгіленген тармақтар міндетті болып табылады.

      Барлық мәліметтер латын транскрипциясында беріледі.

      Техникалық және қаржылық байланыстар туралы деректер жоқ болса, олардың қызметін автоматты түрде әкімшілік байланыс орындайды.

      Әкімшілік байланыс туралы деректер жоқ болса, оның қызметін автоматты түрде тіркелуші орындайды.

      Серверлік жабдыққа қойылатын міндетті талап оның физикалық орналасқан жерінің Қазақстан Республикасының аумағы болуы болып табылады.

      Тіркеу барысында жеке тұлғаны куәландыратын құжаттың көшірмесі (егер тіркелуші жеке тұлға болса), тіркеу туралы куәлік (егер тіркелуші заңды тұлға болса) ұсынылуы қажет.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады