Құқық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерін, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін және көрсетілген органдардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерінің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Астана және Алматы қалаларында орналасқан ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарына жіберу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 18 наурыздағы № 281 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 сәуірде № 13624 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 22.12.2023 № 925 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы қаулысының 13-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 19.08.2021 № 488 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса ұсынылған Құқық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерін, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін және көрсетілген органдардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерінің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Астана және Алматы қалаларында орналасқан ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарына жіберу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 22.12.2023 № 925 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаменті (С.В. Каверников):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықтың көшірмелерін баспа және электронды түрде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін тіркелген бұйрықты алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағы 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Б.Б. Бисенқұловқа және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаментіне (С.В. Каверников) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрі
Қ. Қасымов

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2016 жылғы 18 наурыздағы
№ 281 бұйрығымен бекітілген

Құқық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерін, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін және көрсетілген органдардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерінің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Астана және Алматы қалаларында орналасқан ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарына жіберу қағидалары

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 22.12.2023 № 925 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 11.11.2019 № 974 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Құқық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерін, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін және көрсетілген органдардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерінің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін Астана және Алматы қалаларында орналасқан ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарына жіберу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 78 қаулысымен бекітілген Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне және олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, зейнеткерлеріне, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларына олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қызмет көрсету қағидаларының 13-тармағына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 22.12.2023 № 925 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қағидалар құқық қорғау органдарының және мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлерін, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін және көрсетілген органдардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерінің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін (бұдан әрі - контингент) диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың арнайы әдістерін талап ететін медициналық көрсеткіштер болған жағдайда Астана және Алматы қалаларында орналасқан ішкі істер органдары медициналық ұйымдарына емдеуге жатқызуға жіберу тәртібін анықтайды.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 22.12.2023 № 925 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Контингентті Астана және Алматы қалаларында орналасқан ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарына жіберу

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 22.12.2023 № 925 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Контингентті ішкі істер органдарының медициналық ұйымдары мынадай ішкі істер органдары медициналық ұйымдарына стационарлық ем алуға жіберуді жүзеге асырады:

      1) Астана қаласында орналасқан "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Емханасы бар орталық госпиталі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – ЕбОГ);

      2) Алматы қаласында орналасқан "Қазақстан санаторийі" акционерлік қоғамының стационары (бұдан әрі – "Қазақстан санаторийі" АҚ стационары).

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 22.12.2023 № 925 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Стационарлық жағдайда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету қажеттілігі емдеуге жатқызу үшін көрсетім болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 19.08.2021 № 488 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. ЕбОГ-не және "Қазақстан санаторийі" АҚ стационарына құқық қорғау органдарының қызметкерін емделуге жатқызу:

      1) жоспарлы тәртіпте ішкі істер органдарының медициналық ұйымдары мамандарының жолдамасы бойынша;

      2) шұғыл көрсетілімдер бойынша (демалыс және мереке күндерін қоса алғанда) – жолдаманың бар-жоғына қарамастан жүзеге асырылады.

      6. Құқық қорғау органдарының қызметкерін жоспарлы емдеуге жатқызу үшін республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың полиция департаменттерінің медициналық бөлімдері (топтары) (бұдан әрі – медициналық бөлімдер) ЕбОГ-ге " Қазақстан санаторийі " АҚ стационарына емдеуші дәрігердің және ішкі істер органдары медициналық ұйымы басшысының қолтаңбаларымен, сондай-ақ ішкі істер органдары медициналық ұйымының мөрімен расталған клиникалық диагнозды көрсете отырып, амбулаториялық стационарлық науқастың медициналық картасынан немесе медициналық картасынан үзінді көшірмені қарау үшін жібереді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 19.08.2021 № 488 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Қарау нәтижелері бойынша стационарлық емге көрсетілім болган кезде ЕбОГ және "Қазақстан санаторийі" АҚ стационары бес жұмыс күні ішінде медициналық бөлімдерге жоспарлы емдеуге жатқызудың белгіленген күнімен пациентті жатқызу туралы хат жолдайды.

      8. Құқық қорғау органдарының қызметкері жоспарлы емдеуге жатқызудан бас тартқан кезде ЕбОГ және "Қазақстан санаторийі" АҚ стационары жазбаша бас тартуды негіздей отырып, медициналық бөлімдерге хабарлайды.

      9. Құқық қорғау органдарының қызметкері медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК) ұйымдарына стационарлық емдеуге жатқызу үшін жүгінген кезде және қызметкер ЕбОг-ді және "Қазақстан санаторийі" АҚ стационарды таңдаған кезде МСАК ұйымының маманы оны одан әрі ЕбОГ және "Қазақстан санаторийі" АҚ стационарына жатқызу үшін ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарына жібереді.

      10. Құқық қорғау органдарының қызметкері ЕбОГ және "Қазақстан санаторийі" АҚ стационарына жатқызу кезінде:

      1) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітілген нысан бойынша медициналық ұйымға стационарға жатқызуға жолдаманы;

      2) амбулаториялық науқастың медициналық картасынан үзінді көшірмені;

      3) диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларына сәйкес клиникалық-диагностикалық (зертханалық, аспаптық және функционалдық) зерттеулер нәтижелерін ұсынады.

      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ішкі істер министрінің 19.08.2021 № 488 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін және көрсетілген органдардың қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерінің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін ЕбОГ және "Қазақстан санаторийі" АҚ стационарына жатқызу Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы жүргізіледі. Стационарлық жағдайларда медициналық көмекті ұйымдастыру тәртібі Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның бекітілген нормативтік құқықтық актісіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 19.08.2021 № 488 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      12. ЕбОГ және "Қазақстан санаторийі" АҚ стационарында жоқ бейінді бөлімшелерде емдеуді қажет ететін аурулары бар пациенттерді ішкі істер органдарының медициналық ұйымдары денсаулық сақтау субъектілеріне жібереді.

      13. Ішкі істер органдарының медициналық ұйымынан шығару кезінде контингенттің қолына медициналық ұйымның мөрімен расталған шығару эпикризі беріледі.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 19.08.2021 № 488 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады