Құқық қорғау органдары қажет етпеген қаруды жою қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 11 мамырдағы № 495 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 15 маусымда № 13787 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29 қазандағы № 1145 қаулысымен бекітілген Жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын және газды қаруды сақтауға және алып жүруге ішкі істер органдарының тиісті рұқсаты бар жеке тұлғалардың қаруды ерікті түрде өтеулі негізде тапсыру, сондай-ақ техникалық жағынан ақаусыз және одан әрі пайдалануға жарамды ерікті түрде өтеулі негізде тапсырылған, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын және газды қаруды құқық қорғау органдарына беру қағидаларының 31-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Құқық қорғау органдары қажет етпеген қаруды жою қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Тыл департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін баспа және электронды түрде мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Республикалық құқықтық ақпарат орталығына ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Б.Б. Бисенқұловқа және Қазақстан Республикасы ІІМ Тыл департаментіне (С.В. Каверников) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ішкі істер министрі


полиция генерал-полковнигі

Қ. Қасымов


  Қазақстан Республикасы ІІМ-нің
2016 жылғы 11 мамырдағы
№ 495 бұйрығымен бекітілген

Құқық қорғау органдары қажет етпеген қаруды жою қағидалары
мен мерзімдері
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Құқық қорғау органдары қажет етпеген қаруды (бұдан әрі - қажет етпеген жарақат салатын қару) жою қағидалары мен мерзімдері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 29 қазандағы № 1145 қаулысымен бекітілген Жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын және газды қаруды сақтауға және алып жүруге ішкі істер органдарының тиісті рұқсаты бар жеке тұлғалардың қаруды ерікті түрде өтеулі негізде тапсыру, сондай-ақ техникалық жағынан ақаусыз және одан әрі пайдалануға жарамды ерікті түрде өтеулі негізде тапсырылған, жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын және газды қаруды құқық қорғау органдарына беру қағидаларының 31-тармағына сәйкес әзірленді және құқық қорғау органдары қажет етпеген қаруды жою тәртібі мен мерзімдерін белгілейді.

      2. Құқық қорғау органдары қажет етпеген қаруға оны сақтауға және алып жүруге ішкі істер органдарының тиісті рұқсаты бар жеке тұлғалар ерікті түрде өтеулі негізде тапсырған жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс және газды қару жатады.

2. Қажет етпеген жарақат салатын қаруды жою тәртібі

      3. Қажет етпеген жарақат салатын қаруды жою процессі екі кезеңнен тұрады: мүлікті атуға жарамсыз күйге келтіру, сондай-ақ оны кәдеге жарату (жою).

      4. Қажет етпеген жарақат салатын қаруды атуға жарамсыз күйге келтіру және одан әрі оны жою үшін Ішкі істер департаменттерінде, Ішкі істер министрлігінің "Байқоңыр қаласындағы өкілдігінде (бұдан әрі - ІІД) құрамы ІІД бастығының не болмаса оны алмастыратын адамның бұйрығымен бекітілген саны алты адамнан кем емес техникалық комиссия құрылады. Комиссия төрағасы болып IIД бастығының орынбасары тағайындалады. Комиссия құрамына лицензиялау және азаматтық және қызметтік қарудың айналымын бақылау (бұдан әрі - ЛАҚҚАБб), өзіндік қауіпсіздік, әскери және арнайы қамтамасыз ету (бұдан әрі - қару-жарақ қызметі), қаржымен қамтамасыз ету, жедел-криминалистикалық бөліністерінің қызметкерлері кіреді.

      5. Жоюға арналған қажет етпеген жарақат салатын қару нысанын механикалық өзгерту немесе газды дәнекерлеу аппаратымен кесу арқылы атуға жарамсыз күйге келтіріледі.

      Тапаншалар мен револьверлердің ұңғылары мен рамаларының нысандары механикалық жолмен күрделі иілуге дейін өзгертіледі.

      Қару-жарақтың жарамсыз металл бөлшектері, сондай-ақ қосалқы бөлшектері ІІД техникалық комиссия мүшелерінің толық құрамда қатысуымен олардың нысанын механикалық өзгерту немесе газды дәнекерлеу аппаратымен кесу арқылы металл сынықтарына айналдырылады.

      Қарудың ұңғылары ұңғы арнасының бойымен және көлденеңінен, ал қалған бөлшектері мен механизмдері бөлшектердің бірде-біреуі одан әрі пайдалану үшін жарамсыз болатындай етіп кесіледі.

      Бұл ретте нысанын өзгерту және кесу қаруға басылған таңба (сериясы, нөмірі, калибрі, шығарылған жылы) бұзылмайтындай етіп жүргізіледі.

      Ағаш және пластмасса бөлшектер өртеледі.

      6. Қарудың нысанын өзгерту ІІД техникалық комиссиясының барлық мүшелері қол қоятын актімен еркін нысанда ресімделеді. Актіде қарудың атауы, сериясы, нөмірі, қарудың шығарылған жылы, нысанын өзгертудің қандай тәсілмен өткізілгені көрсетіледі. Нысанын өзгерту актісі 2 данада жасалады, бір данасы ішкі істер органының қару-жарақ қызметінде сақталады, екінші данасы қаруға ілеспе құжаттарға және нөмірлі ведомостьқа қоса беріледі.

      7. Нысаны өзгертілген қарудың әрбір бірлігі орамда қарудың атауын, сериясын, нөмірін, қарудың шығарылған жылын көрсете отырып, жеке оралады. Көрсетілген мәліметтер еркін нысанда нөмірлік ведомоске енгізіледі. Қарудың қандай да бір бөлшегі немесе механизмі болмаған жағдайда ол туралы жазба қаруға ілеспе құжаттарда, оның ішінде нөмірлік ведомосте жүргізіледі және ІІД техникалық комиссиясының барлық мүшелері қол қояды.

      8. Нысаны өзгерген қару оны жойған сәтке дейін ІІД-нің техникалық комиссиясы пломба салған (мөр басқан) жәшіктерде ІІД-нің арттехқару-жарақ мүлкінің қоймаларында сақталады.

      9. Қажет етпеген жарақат салатын қару IIД орналасқан жері бойынша өңірлерде балқыту пештері бар кәсіпорындарда балқыту жолымен жойылады.

      10. Қажет етпеген жарақат салатын қаруды жоюға жіберу алдында ИД-нің техникалық комиссиясы ыдыстағы пломбаның бүтіндігін және ыдыстың бүтіндігін бейнетүсірумен жазып алады, содан соң ыдыс ашылады, қарудың әр бірлігі ыдыстан шығарылады және ілеспе құжаттармен қарудың нақты деректері салыстыра тексеріледі. Қаруды салыстыра тексеру тәуліктің жарық уақытында, бөтен адамдардың кіруіне жол бермейтін жабық үй-жайда жүргізіледі. Салыстыра тексеру процесі бейнекамераға жазып алынады.

      Салыстыра тексеру аяқталғаннан кейін ыдыс ІІД-нің техникалық комиссиясының барлық мүшелерінің қатысуымен пломбыланады (мөрленеді) және балқыту пеші бар кәсіпорынға жою үшін жолданады.

      11. Ыдыс ІІМ-нің техникалық комиссиясының барлық мүшелерінің ұдайы бақылауымен тасымалданады және жою жүргізілетін орынға түсіріледі.

      12. Жою жүргізілетін орынға келген кезде қаруды жоюға қатысатын адамдар бейнекамераға жазып алынады.

      ІІД-нің техникалық комиссиясының барлық мүшелері мен кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен пломбаның және тасымалданатын ыдыстың сақталуы тексеріледі, содан кейін қару ыдыстан бір бірден алынады және тиеуші шөмішке, төсемге немесе басқа да арнайы ыдысқа салынады, содан кейін пешке балқытуға жіберіледі.

      13. Қаруды тиеу және балқыту процесі бейнекамераға жазып алынады. Жұмыс жүргізу орынына бөтен адамдардың келуіне жол берілмейді.

      14. Қару жойылғаннан кейін ІІД-нің техникалық комиссиясы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша 4 данада қажет етпеген жарақат салатын қаруды жою актісін жасайды, ол IIД кеңсесінде тіркеледі.

      Жою актісінің бірінші данасы ІІД-нің қару-жарақ қызметінде, екіншісі қажет етпеген жарақат салатын қаруды жоюын жүзеге асырған кәсіпорында қалады, үшінші данасы ІІД ЛАҚҚАБб, төртіншісі ІІД Ақпараттық-аналитикалық орталығына (бұдан әрі - ІІД ААО) жолданады.

      Жою бейнежазбазы ІІД-нің қару-жарақ қызметінде 10 жылдан кем емес сақталады.

      15. ІІД орналасқан өңірде балқыту пеші бар кәсіпорындар болмаған жағдайда қажет етпеген жарақат салатын қару жою үшін ІІД-ден Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің "Оңтүстік" әскери және арнайы жабдықтау базасы" ММ-ге (бұдан әрі - База) беріледі.

      16. ІІД-нің техникалық комиссиясы пломбылаған (мөрлеген) нысаны өзгертілген қару салынған ыдыс және ілеспе құжаттар Базаға қаруланған күзетуімен және ІІД-нің жауапты адамы ілесіп жүруімен жолданады.

      17. Базада осы қаруды қабылдайтын материалдық жауапты адам қаруды жеткізген ІІД-нің жауапты адамының қатысуымен пломбалардың (мөрлердің) және тасымалдау ыдысының сақталуын тексереді. Ыдыс ашылады және қарудың әр бірлігі нөмірлік деректері бойынша оның орамасында және ілеспе құжаттарында көрсетілген деректермен салыстыра тексеріледі, бөлшектері мен механизмдерінің бар-жоғы және жиынтығы тексеріледі, ол да ілеспе құжаттармен салыстыра тексеріледі.

      18. Салыстыра тексеру аяқталғаннан кейін қаруды Базаның материалдық жауапты адамы қабылдайды. Ыдыс Базаның және қаруды қабылдаған материалдық жауапты адамның пломбыларымен (мөрлерімен) пломбыланады (мөрленеді). Осы ыдыс қаруымен оны жойғанға дейін База қоймасында сақталады.

      19. Материалдық жауапты адам Базаға ІІД-нің жауапты адамынан алдын ала нысанын өзгерту және (немесе) кесу арқылы атуға жарамсыз күйге келтірілмеген қаруды қабылдамайды.

      20. Қарудың нақты бар-жоғы ілеспе құжаттарда көрсетілген деректермен сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда қаруы бар ыдыс Базаның және Базаға қаруды жеткізген ІІД-нің жауапты адамының мөрлерімен қайта пломбыланады (мөрленеді). Базаның басшылығы бір жұмыс күн ішінде ІІД бастығының атына хат дайындайды, онда қандай атаулар (сериясын, нөмірін, шығарылған жылын көрсете отырып) бойынша айырмашылықтар анықталғаны көрсетіледі. Пломбыланған (мөрленген) қаруы бар ыдыс қаруланған күзетумен Базаның ілеспе хатымен бірге ІІД-ге кері қайтарылады. ІІД-ге келгеннен кейін осы ыдыс ІІД-нің техникалық комиссиясының барлық мүшелерінің қатысуымен ашылады және сәйкес келмеудің себебі анықталады. Ілеспе құжаттарда арифметикалық немесе өзге де қателер анықталған кезде оларды түзету бойынша шаралар қабылданады, ол туралы еркін нысанда акті жасалады. Жетіспеушілік анықталған жағдайда бұл факті туралы сотқа дейінгі тергеуді жүргізу үшін одан әрі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде (бұдан әрі - СДТБТ) тіркей отырып, дереу ІІД және Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі - ІІМ) басшылығына баяндалады.

      21. IIД-ден Базаға тапсырылған қажет етпеген жарақат салатын қаруды жоюды ІІМ-нің техникалық комиссиясы балқыту пеші бар және Алматы қаласында орналасқан кәсіпорында балқыту жолымен жүзеге асырады.

      ІІМ-нің техникалық комиссиясы саны алты адамнан кем емес құрылады, ол ІІМ-нің бұйрығымен бекітіледі. ІІМ-нің техникалық комиссиясының төрағасы болып Базаның бастығы немесе оны алмастыратын адам тағайындалады. Комиссия құрамына ИМ Тыл департаментінің, Базаның өкілдері, Алматы қаласы ІІД-нің ЛАҚҚАБб, өзіндік қауіпсіздік, жедел-криминалистикалық бөліністерінің қызметкерлері кіреді.

      22. ІІМ-нің техникалық комиссиясы қаруды кәдеге жаратуға тікелей жіберу алдында Базада ыдыстағы пломбаның (мөрдің) бүтіндігін және ыдыстың бүтіндігін, қаруға ілеспе құжаттарының бар-жоғын бейнетүсірумен жазып алады, содан соң ыдыс ашылады, қарудың әрбір бірлігі ыдыстан шығарылады және қарудың нақты деректері ілеспе құжаттармен салыстыра тексеріледі. Қаруды салыстыра тексеру тәуліктің жарық уақытында, бөтен адамдардың кіруіне жол бермейтін жабық үй-жайда жүргізілуі тиіс. Салыстыра тексеру процесі бейнекамераға жазып алынады.

      23. Айырмашылықтар мен жетіспеушіліктер болмаған кезде нысаны өзгертілген қару ыдысқа қайта салынады, ІІМ-нің техникалық комиссиясы пломбылайды (мөрлейді). Салыстыра тексеруден өткен қаруы бар пломбыланған ыдыс ІІМ-нің техникалық комиссиясының барлық мүшелерінің ұдайы бақылауымен көлікке тиеледі, тасымалданады және жою жүргізілетін орынға түсіріледі.

      24. Жою жүргізетін орынға келген кезде қаруды жоюға қатысатын адамдар бейнекамераға жазып алынады. ІІМ-нің техникалық комиссиясының барлық мүшелері мен кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен пломбаның және тасымалданатын ыдыстың сақталуы тексеріледі, содан кейін қару ыдыстан бір бірден алынады және тиеуші шөмішке, төсемге немесе басқа да арнайы ыдысқа салынады, содан кейін пешке балқытуға жіберіледі.

      25. Қаруды тиеу және балқыту процесі бейнекамераға жазып алынады. Жұмыс жүргізу орынына бөтен адамдардың келуіне жол берілмейді.

      26. Қару жойылғаннан кейін ІІМ-нің техникалық комиссиясы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша 3 данада қажет етпеген жарақат салатын қаруды жою актісін жасайды, ол Базаның кеңсесінде тіркеледі.

      Жою актісінің бірінші данасы Базада қалады, екіншісі ІІД-нің қару-жарақ қызметіне, үшіншісі - қажет етпеген жарақат салатын қаруды балқытуды жүзеге асырған кәсіпорынға жолданады.

      ІІД-нің қару-жарақ қызметі актінің данасын алғаннан кейін 3 жұмыс күн ішінде жою актісінің көшірмелерін ақпарат үшін ІІД ААО, ІІД ЛАҚҚАБб жолдайды.

      27. Бейнежазба Базада 10 жылдан кем емес сақталады.

      28. Қажет етпеген жарақат салатын қаруды жою мерзімі 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 сәуірге дейінгі аралықта бекітілсін.

  Құқық қорғау органдары қажет етпеген,
сақтауға және алып жүруге ішкі істер
органдарының тиісті рұқсаты бар жеке
тұлғалар ерікті түрде өтеулі тапсырған
жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі
бар ұңғысыз атыс және газды қаруды жою
қағидалары мен мерзімдеріне қосымша

      "БЕКІТЕМІН"

      _________________________________

      (Техникалық комиссияның төрағасы)

      _________________________________

      _________________________________

      _________________________________

      20 ___жылғы "___"________________

№ _______ қажет етпеген жарақат салатын қаруды жою
АКТІ

      Құрамында: төраға - _________________________________

      ___________________________________ және мүшелері: ________________

      ___________________________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      ______________________________________ тұратын комиссия 20 ___ жылғы

      "______" _______ № ________ бұйрық негізінде мынадай санда қажет

      етпеген жарақат салатын қаруды жоюды жүзеге асырды:

№ р/с

Атауы

Калибрі

Сериясы

Нөмірі

Шығарылған жылы

Ескертпе

1

2

3

4

5

6

7









      Актіде көрсетілген қажет етпеген жарақат салатын қару

      ___________________________________________________ арқылы жойылды.

      Комиссия мүшелері: (лауазымы, атағы, Т.А.Ә. ол болған кезде)

      ______________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      20 ____ жылғы "_____" _______________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады