Қаржы ұйымы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды бекітілуі туралы хабардар ететін қаржы өнімдерінің тізбесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 136 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 30 маусымда № 13852 болып тіркелді.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.12.2019 № 249 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 31-1-бабына, "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 31-1-бабына, "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 31-1-бабына, "Микроқаржылық қызмет туралы" 2012 жылғы 26 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 31-1-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.02.2021 № 35 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қаржы ұйымы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды бекітілуі туралы хабардар ететін қаржы өнімдерінің тізбесі бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.12.2019 № 249 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. "Қаржы ұйымдарының қаржылық қызметтерді тұтынушыларға ұсынуы үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің келісімі талап етілетін қаржы өнімдерінің тізбесін (түрлерін) бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 22 қазандағы № 202 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9898 тіркелген, 2014 жылғы 11 желтоқсанда "Заң газеті" газетінде № 187 (2755) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін;

      4) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 30 мамырдағы
№ 136 қаулысымен
бекітілді

Қаржы ұйымы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды бекітілуі туралы хабардар ететін қаржы өнімдерінің тізбесі

      Ескерту. Тізбеге өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 23.12.2019 № 249 (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 22.02.2021 № 35 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      Қаржы ұйымы, оның ішінде Қазақстан Республикасы бейрезидент-банкінің филиалы, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының филиалы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды ұсынылатын мынадай қаржы өнімдерінің бекітілуі туралы хабардар етеді:

      1) жеке тұлғаларға берілген кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жылжымайтын мүлік кепілімен қамтамасыз етілген қарыздар, жылжымайтын мүлік кепілімен қамтамасыз етілген микрокредиттер;

      2) жеке тұлғаларға берілген кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес кепілмен қамтамасыз етілмеген қарыздар, кепілмен қамтамасыз етілмеген микрокредиттер;

      3) жеке тұлғаларға берілген автомобиль көлігі кепілімен қамтамасыз етілген автомобиль көлігін сатып алуға берілген қарыздар, жылжымалы мүлік кепілімен қамтамасыз етілген микрокредиттер;

      4) жеке тұлғалардың мерзімді салымдары;

      5) жазатайым жағдайлардан ерiктi сақтандыру;

      6) ауырған жағдайдан ерiктi сақтандыру;

      7) жеке тұлға сақтанушы және (немесе) сақтандырылушы болатын қызметтерді ұсынған кезде автомобиль көлiгiн ерiктi сақтандыру;

      8) жеке тұлға сақтанушы және (немесе) сақтандырылушы болатын қызметтерді ұсынған кезде мүлікті залалдан ерікті сақтандыру;

      9) жеке тұлға сақтанушы және (немесе) сақтандырылушы болатын қызметтерді ұсынған кезде қарыздарды ерікті сақтандыру;

      10) жеке тұлға сақтанушы және (немесе) сақтандырылушы болатын қызметтерді ұсынған кезде ипотеканы ерiктi сақтандыру;

      11) жеке тұлға сақтанушы және (немесе) сақтандырылушы болатын қызметтерді ұсынған кезде басқа да қаржы шығындарынан ерiктi сақтандыру;

      12) брокердің клиенттің тапсырмаларына сәйкес бағалы қағаздарды сатып алу-сату мәмілелерін жасауын жорамалдайтын шарттың негізінде көрсетілетін брокерлік қызметтер, олар бойынша есеп айырысуды брокер брокердің клиентке қайтарымдылық және төлемділік шарттарында берген ақшаны немесе бағалы қағаздарды пайдаланумен жүргізеді (маржиналдық мәмілелер).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады