Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2016 жылғы 25 сәуірдегi № 240 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысының 95-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы Ереженің 16-тармағының 30) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. «Қазақстан Республикасының Құрметті (штаттан тыс) консулдарының функциялары мен өкілеттіктерін айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2013 жылғы 23 мамырдағы № 08-1-1-1/201 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8508 болып тіркелген, 2013 жылғы 25 маусымдағы № 155 (28094) «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:
«Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2016 жылғы 25 сәуірдегi № 240 Жарлығымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысының 95-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы Ереженің 16-тармағының 30) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:»;
аталған бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Құрметті (штаттан тыс) консулдарының функциялары мен өкілеттіктерін айқындау жөніндегі нұсқаулығында:
1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«1. Қазақстан Республикасының Құрметті (штаттан тыс) консулдарының функциялары мен өкілеттіктерін айқындау бойынша Нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 240 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы Ережеге сәйкес жасалған және Қазақстан Республикасының Құрметті (штаттан тыс) консулдарының қызметтерін реттеудің негізгі ережелерін айқындайды.»;
4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
«4. Осы Нұсқаулықта мынадай терминдер және ұйғарымдар қолданылады:
1) консулдық архив – құжаттар, хат-хабарлар, аудио және бейне материалдар, ақпаратты электрондық жеткізгіштер, кітаптар, журналдар, тізілімдер, картотекалар, шифрлар, кодтар, мөрлер, мөртаңбалар және консулдық функцияларды орындауға арналған өзге де заттар;
2) консулдық деректеме – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Қазақстан Республикасының Елтаңбасы орналастырылған тақта, Құрметті консулдың қолдануындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және мемлекеттік тілде Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының атауы жазылған мөр, мөртаңбалар мен бланкілер;
3) консулдық округ – консулдық функцияларды орындау үшiн консулдық мекемеге бөлiнiп берiлген аумақ;
4) консулдық үй-жайлар – меншік құқығы кімде болмасын, тек Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының мақсаты үшін ғана пайдаланылатын ғимараттар немесе ғимараттардың бір бөлігі және сол ғимаратқа немесе ғимарат бөлігіне қызмет ететін жер учаскесі;
5) Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы (бұдан әрі – консулдық мекеме) – Құрметті консул басқаратын консулдық мекеме;
6) Құрметті консул – Қазақстан Республикасының құрметті консулдығын басқаратын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметінде тұрмайтын, Қазақстан Республикасы атынан шет мемлекеттің аумағында консулдық округтің шегінде жекелеген консулдық функцияларды орындау тапсырылған адам.».
2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті:
1) осы бұйрықтың заңнамада көрсетілген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жариялауға жолдауды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінен алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне орналастыру үшін «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары М.Б. Тілеубердіге жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов