Ескерту. Күші жойылды - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 26.08.2024 № 192 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 297-1-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Тұтыну қалдықтарын қайталама шикізатқа жатқызу өлшемшарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Қалдықтарды басқару департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрінің | |
міндетін атқарушы | Ә. Мағауов |
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2016 жылғы 19 шілдедегі № 332 бұйрығымен бекітілген |
Тұтыну қалдықтарын қайталама шикізатқа жатқызу өлшемшарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Тұтыну қалдықтарын қайталама шикізатқа жатқызу өлшемшарттары (бұдан әрі – Өлшемшарттар) Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 297-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді.
2. Кодекстің 297-1-бабының 1-тармағына сәйкес тұтыну қалдықтары, нәтижесінде қалдықтар өнім өндіру процесінде шикізатты және (немесе) басқа да материалдарды ішінара немесе толық алмастыру мақсатына қызмет ететін операциялар жасалған соң қайталама шикізат мәртебесіне ие болады.
3. Осы Өлшемшарттарда пайдаланылатын терминдер мен анықтамалар Кодекске сәйкес қолданылады.
2-тарау. Тұтыну қалдықтарын қайталама шикізатқа жатқызу өлшемшарттары
4. Өлшемшарттарға мыналар жатады:
1) қайталама шикізат ретінде одан әрі пайдалануға жарамды қалдықтар*.
2) одан әрі қайта өңдеу үшін шикізат ретінде пайдаланылатын қалдықтар;
3) салмағы бойынша 2%-дан аспайтын материалдардан (қоспалардан) тұратын тұтыну қалдықтары.
Материалдар (қоспалар): шаң, топырақ, оқшаулау, химиялық немесе биологиялық ыдырайтын заттар, бетон және құбырлар (бетон, ағаш фрагменттері немесе топырақпен толтырылған), болат балқыту үдерістері, термиялық өңдеу үдерістері, өңдеу бетінің үдерістері (оның ішінде тазарту, тегістеу, кесу, дәнекерлеу және отпен кесу) нәтижесінде туындайтын шлак, окалина, шаң ұстау жүйелерінен болған шаң, тегістеу шаңы, шлам сияқты қалдықтар;
4) тамшы түзілуімен сүйемелденбейтін шамалы мөлшерді қоспағанда, май, майлы эмульсия, жағар май материалдары мен майлары жоқ тұтыну қалдықтары;
5) құрамында Кодекстің 287-бабының 1-тармағындағы көрсетілген заттар жоқ тұтыну қалдықтары;
6) құрамында жабын және бояу түріндегі поливинилхлорид жоқ тұтыну қалдықтары.
*Қайталама шикізат ретінде одан әрі пайдалануға жататын қалдықтар, мысалы: макулатура (қағаз, картон), пластикалық қалдықтар, шыны бөтелкелер (шыны сынықтары), сүрек және резеңке (каучук)