Операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы болып табылатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 218 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 6 қазанда № 14307 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес, операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не оның "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны арқылы еншілес ұйымы болып табылатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу тәртібін белгілеу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы болып табылатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Қазақстан Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы оператор ретінде әрекет ететін төлем жүйелерінің жұмыс iстеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 265 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7958 тіркелген, 2012 жылғы 24 қарашада "Егемен Қазақстан" газетінде № 771-775 (27847) жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне төлемдер мен ақша аударымдары және банк шоттарын жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 32 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13304 тіркелген, "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2016 жылғы 14 наурызда жарияланған) қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төлемдер мен ақша аударымдары және банк шоттарын жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер енгізілетін нормативтік құқықтық актілері тізбесінің 4-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Төлем жүйелері департаменті (Ашықбеков Е.Т.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық Банкі Басқармасының
  2016 жылғы 31 тамыздағы
  № 218 қаулысымен
  бекітілген

Операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы болып
табылатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі не оның еншілес ұйымы болып табылатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы (бұдан әрі – Ұлттық Банк туралы заң), "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" 2016 жылғы 26 шілдедегі (бұдан әрі – Төлемдер және төлем жүйелері туралы заң) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және операторы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк) не оның "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – Орталық) арқылы еншілес ұйымы болып табылатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      2. Операторы Ұлттық Банк немесе оның еншілес ұйымы болып табылатын төлем жүйелерінің жұмыс істеу тәртібі төлем жүйесі операторының және төлем жүйесінің операциялық орталығының функцияларын, төлем жүйелеріне қатысу талаптарын, Ұлттық Банк және (немесе) Орталық төлем жүйелерінде көрсететін қызметтерді және төлем жүйелерінде жүзеге асырылатын операциялар түрлерін, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін, төлем жүйелеріне қатысушылардың (бұдан әрі - қатысушылар) төлем жүйесімен өзара іс-әрекетін, тәуекелдерді басқару әдістерін және ақпараттық қауіпсіздік шараларын қамтиды.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Қағидалар банкаралық ақша аударымдары жүйесі және банкаралық клиринг жүйесі арқылы төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырумен байланысты қатынастарға қолданылмайды.

      4. Қағидаларда Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда көзделген ұғымдар және мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аудиторлық із – жүйеде электрондық хабарларды өңдеу жөніндегі оқиғаларды жүйелі тіркеу, ол бойынша ақпарат төлем жүйесінде сақталады және қатысушылары сақтайды;

      2) аутентификация – төлем және ақпараттық хабарлар алмасу кезінде қатысушылардың түпнұсқалылығын, сондай-ақ төлем және ақпараттық хабарлардың түпнұсқалылығын растауға арналған шаралар кешені;

      3) қатысушының төлем жүйесіндегі позициясы (бұдан әрі – позиция) – қатысушының төлем жүйесіндегі ақша сомасын есепке алуға арналған позиция;

      3-1) "овердрафт" күндізгі қарызы (бұдан әрі – "овердрафт" қарызы) – Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының төлем жүйелерінің қатысушылары болып табылатын, операторы не "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан банкаралық есеп айырысу орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорын (бұдан әрі – Орталықтың төлем жүйелері) есептеу агенті болып табылатын банктерге, Қазақстан Респуликасы бейрезидент банктерінің филиалдарына және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға Орталықтың тиісті төлем жүйесінде жүргізілген клиринг нәтижесі бойынша ақша аударымын жүзеге асыру үшін Ұлттық Банктегі олардың корреспонденттік шоттарында теңгемен ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда беретін қысқа мерзімді қарыз;

      4) операциялық тәуекел – ақпараттық жүйелердің немесе ішкі процестердің кемшіліктеріне, адамның қателіктеріне, төлем жүйелерін басқарудағы оның ішінде сыртқы оқиғалар салдарынан болған іркілістерге немесе бұзушылықтарға байланысты тәуекел;

      5) электрондық ақпараттық хабар (бұдан әрі – ақпараттық хабар) – төлем хабарларына жатпайтын және ақпараттық сипаттағы, электрондық цифрлық қолтаңбасы бар электрондық хабар, оның ішінде үзінді-көшірмелер;

      6) электрондық төлем хабары (бұдан әрі – төлем хабары) – қатысушылар арасында ақша аударымдарын жүргізуге негіз болатын, электрондық цифрлық қолтаңбасы электрондық хабар;

      7) электрондық хабар – белгілі бір форматтағы және электрондық түрде ұсынылған ақпарат жиынтығы.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.11.2020 № 139 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

2-тарау. Төлем жүйесі операторының және төлем жүйесі операциялық
орталығының функциялары

      5. Төлем жүйесінің операторы Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес төлем жүйесінің қағидаларын, төлем жүйесінің жұмыс кестесін белгілейді, төлем жүйесінің жұмыс істеуін және басқаруды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді, сондай-ақ Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңға сәйкес өзге функцияларды орындайды.

      6. Орталық Ұлттық Банктің төлем жүйелеріне жатпайтын өзі құрған төлем жүйелеріне қатысты Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңда белгіленген төлем жүйесі операторының функцияларын орындайды. Бұл ретте төлем жүйесінің қағидаларын және төлем жүйелерінің жұмыс істеуі жөніндегі өзге де ішкі құжаттарды Ұлттық Банктің келісімімен Орталық әзірлейді және бекітеді.

      7. Егер Орталық Ұлттық Банктің төлем жүйесінің операциялық орталығы болып табылса, Орталық Ұлттық Банктің жазбаша тапсырмасына сәйкес операциялық және технологиялық функцияларды, сондай-ақ қатысушылармен төлем және ақпараттық хабарларды өңдеу және беру бойынша (бұдан әрі – төлем жүйесінде қызметтер көрсету туралы шарт) немесе төлем жүйесінің жұмыс істеуі үшін қызмет көрсететін үшінші тұлғалармен шарттар жасауды жүзеге асырады.

3-тарау. Төлем жүйелеріне қатысу талаптары

      8. Операторы Ұлттық Банк болып табылатын төлем жүйесіне қатысу үшін банк, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалы немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – банк) Ұлттық Банкпен төлем жүйесіне қатысу туралы шарт (бұдан әрі – қатысу туралы шарт) жасайды. Аралас шарт жасауға жол беріледі, онда корреспонденттік шот шартының және қатысу туралы шарттың талаптары болады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 30.11.2020 № 139 (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Егер Орталық Ұлттық Банк төлем жүйесінің операциялық орталығы болса, банк төлем жүйесінде қызметтер көрсету туралы шартты Орталықпен жасасады.

      10. Операторы Орталық болып табылатын төлем жүйесіне қатысу үшін банк Орталықпен қатысу туралы шарт жасасады.

      11. Қатысу туралы шартта, төлем жүйесінде қызметтер көрсету туралы шартта:

      1) шарттың мәні;

      2) қатысушының және Ұлттық Банктің (Орталықтың) құқықтары мен міндеттері;

      3) қатысушының және Ұлттық Банктің (Орталықтың) шарт талаптарын орындамағаны үшін жауапкершілігі;

      4) шарттың талаптарын өзгерту және бұзу тәртібі;

      5) дауларды шешу тәртібі;

      6) тараптардың келісімі бойынша басқа талаптар болады.

      Қатысу туралы шартта төлем жүйесінде төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырудың негізгі талаптары, төлемнің және (немесе) ақша аударымының аяқталу (түпкілікті болу) тәртібі мен талаптары да болады.

      Төлем жүйесінде қызметтер көрсету туралы шартта Орталық қызметінің ақысын төлеу тәртібі, ақпараттық қауіпсіздік, конфиденциалдылық, банк құпиясын сақтау және дербес деректерді қорғау режімін сақтау да болады.

      12. Қатысу туралы шартты бұзу не аралас шарттағы (корреспонденттік шот шартындағы) қатысу туралы талаптардың күші жойылды деп тану банктің қатысушы мәртебесінен айырылуына әкеп соғады.

      13. Ұлттық Банк өзінің төлемдерін және (немесе) ақша аударымдарын және клиенттерінің нұсқаулары бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүргізу кезінде төлем жүйесіне қатысушы ретінде қатысады.

      14. Қатысушылар төлем жүйесінде көрсетілетін қызметтердің құнын төлем жүйесінің қағидаларына және қатысу туралы, төлем жүйесінде қызметтер көрсету туралы шарттарда айқындалған талаптарға сәйкес төлейді.

4-тарау. Ұлттық Банк және (немесе) Орталық төлем жүйелерінде көрсететін
қызметтердің және төлем жүйелерінде жүзеге асырылатын операциялардың түрлері

      15. Төлем жүйесінің операторлары ретінде Ұлттық Банк және (немесе) Орталық Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 8-бабында белгіленген төлем жүйесі операторының функцияларына сәйкес төлем жүйесінде қызметтерді, оның ішінде:

      1) операциялық күнді басқару бойынша;

      2) егер төлем жүйесі жұмысының талаптарында бұл рәсім көзделген жағдайда, төлем жүйесіне қатысушының корреспонденттік шотынан (төлем жүйесінен қатысушының корреспонденттік шотына) ақша аударымдары бойынша;

      3) төлем жүйесінде тәуекелдерді басқару жүйесін айқындау және қолдану бойынша қызметтерді көрсетеді.

      16. Егер Ұлттық Банк Орталыққа операциялық және технологиялық функцияларды жүзеге асыруды тапсырса, Орталық қатысушыларға төлем жүйесінде:

      1) төлем хабарларын қабылдау мен өңдеу және олардың негізінде қатысушылардың позициялары бойынша ақша аударымдарын жүзеге асыру бойынша;

      2) жасалған операциялар бойынша ақпараттық хабарларды қабылдау, өңдеу және қатысушыларға жіберу бойынша;

      3) Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 8-бабында айқындалған төлем жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін өзге де операциялық және технологиялық функцияларды орындау бойынша қызметтер көрсетеді.

5-тарау. Төлем жүйелерінің жұмыс істеуі, қатысушылардың төлем жүйесімен
өзара іс-қимылы, ақпараттық қауіпсіздік шаралары

      17. Төлем жүйелерінің жұмыс істеу тәртібін Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 5-бабы, төлем жүйесінің қағидалары, қатысушылар Ұлттық Банкпен жасасқан қатысу туралы шарттар не осы шарттардың аралас шарттарда көрсетілген талаптары, төлем жүйесінде қызметтер көрсету туралы шарттар, төлем жүйесінің жұмыс істеуі үшін қызметтер көрсететін үшінші тұлғалармен жасалған шарттар белгілейді.

      18. Төлем жүйесінің операциялық күнін ашу және жабу Ұлттық Банк немесе Орталық белгілеген төлем жүйесінің жұмыс кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.

      19. Төлем жүйелерінде төлем және ақпараттық хабарларды беру және қабылдау электрондық тәсілмен жүзеге асырылады.

      20. Қатысушылар төлем жүйесінде қолданылатын және Ұлттық Банкпен келісім бойынша Орталық әзірлеген және бекіткен алмасу рәсімдері мен форматтарға сәйкес электрондық хабарлармен алмасады.

      21. Электрондық хабарлар қазақ және (немесе) орыс тілдерінде жасалады. Электрондық хабарларды жасау кезінде басқа тілдерді пайдалануға, төлем жүйесінің операторы Ұлттық Банк болған жағдайларды қоспағанда, Ұлттық Банкпен келісім бойынша төлем жүйесінің операторына рұқсат етіледі.

      22. Төлем жүйесінде электрондық хабарларды беру және оларды беру кезінде қателерді анықтау фактісін анықтау үшін Ұлттық Банк және (немесе) Орталық белгіленген ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету рәсімдері сақталады.

      23. Орталық электрондық хабарлардың аутентификациясы тәртібін әзірлейді және бекітеді, оның сақталуын және рұқсат етілмеген төлемдерден қорғау іс-қимылдары рәсімдерінің жүйелілігін бақылайды.

      24. Төлем жүйесі және қатысушылар ақпараттың сақталуын қамтамасыз етеді және жіберілетін және алынатын электрондық хабарларды бақылауды бес жыл бойы жүзеге асырады. Төлем жүйесінде және қатысушылар өңдеген барлық электрондық хабарлар ішкі бағдарламалық жүйелерде аудиторлық із қалдырады.

      Төлем жүйесінің операциялық күні ішінде қатысушының сұратуы бойынша немесе төлем жүйесінің операциялық күнін жабу кезінде қатысушыға төлем жүйесіндегі оның позициясының жай-күйі туралы үзінді-көшірме түрінде ақпараттық хабар беріледі.

      25. Төлемдер және (немесе) ақша аударымдарының аяқталуы (түпкілікті болуы) Төлемдер және төлем жүйелері туралы заңның 7-бабымен реттеледі.

      26. Қатысушы төлем жүйесінен төлем хабарларын кері қайтаруды Орталыққа немесе Ұлттық Банкке Орталық немесе Ұлттық Банк төлем хабарын орындағанға дейін оны жоюға ақпараттық хабарды жіберу жолымен жүзеге асырады.

6-тарау. Тәуекелдерді басқару әдістері

      27. Төлем жүйесінде қатысушылардың төлем қабілетсіздігін реттеу үшін қатысушылардың біреуінде немесе бірнеше қатысушыда ақша аударымдарын жүзеге асыру үшін ақша болмаған немесе жеткіліксіз болған жағдайда ақша аударымдарын уақтылы аяқтауды қамтамасыз ететін тәуекелдерді басқару әдістері қолданылады.

      28. Операциялық тәуекелді басқару үшін мынадай әдістер пайдаланылады:

      1) Ұлттық Банктің Ұлттық Банк туралы заңға сәйкес төлем жүйесінің ұйымдастырылуына және жұмыс істеуіне бақылауды және қадағалауды жүргізуі;

      2) Ұлттық Банктің немесе Орталықтың төлем жүйесінің бағдарламалық-техникалық кешенінің үздіксіз жұмысына тұрақты мониторинг жүргізуі және қолдауы;

      3) төлем жүйесі жұмысының тоқтап қалуының ықтимал сценарийлерін ескере отырып, төлем жүйесінің қызметін қалпына келтіру жоспарын жаңартылған күйде ұстау және Ұлттық Банктің және (немесе) Орталықтың осы жоспарды төлем жүйесінің жұмысын бір жыл ішінде кемінде екі рет негізгі орталықтан резервтік орталыққа аударуы арқылы тестіден өткізуі;

      4) төлем жүйесінің резервтік орталығының жұмыс қабілетін қамтамасыз ету;

      5) төлем жүйесінің бағдарламалық-техникалық кешенінің жұмысында негізгі орталықта қалпына келтіруге жатпайтын іркілістер немесе тұрып қалулар болған кезде төлем жүйесінің жұмысын негізгі орталықтан резервтік орталыққа көшіру;

      6) қатысушыда клиринг нәтижесі бойынша ақша аударымын жүзеге асыру үшін ақша жеткіліксіз болған немесе болмаған кезде пайдаланушылар мен Ұлттық Банк арасындағы келісім негізінде Ұлттық Банктің "овердрафт" қарызын беруі;

      7) клиринг нәтижесі бойынша уақтылы ақша аударымдарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін жасасқан шарттарға сәйкес қатысушылардың резервтік қорын және тәуекелдерді басқарудың басқа әдістерін жасау;

      8) өз міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету мақсатында ұсынылған қатысушының кепілдік міндеттемелері негізінде оның корреспонденттік шотындағы ақшаны резервтеу.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29. Ұлттық Банк "овердрафт" қарызын қатысушыларға қатысушы мен Ұлттық Банк арасында жасасқан корреспонденттік шот шартында Ұлттық Банктің берген қарыз бойынша берешек сомасы мен ол бойынша сыйақыны банктің корреспонденттік шотынан алу құқығы болған кезде береді.

      Ескерту. 6-тарау 29-тармақпен толықтырылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30. Ұлттық Банк "овердрафт" қарызын Орталықтың тиісті төлем жүйесінің операциялық күні ішінде Қазақстан Республикасының ұттық валютасында бір рет беріледі.

      "Овердрафт" қарызы Орталықтың тиісті төлем жүйесінде клиринг нәтижесі бойынша ақша аударымын жүзеге асыру үшін Ұлттық Банктегі қатысушының корреспонденттік шотында жетіспеген теңгедегі сомаға белгіленген лимит аясында қатысушы мен Ұлттық Банк арасындағы шартта анықталған тәртіппен бірінен соң бірі келетін операциялық күндер ішінде қатарынан екі реттен көп емес беріледі.

      Ескерту. 6-тарау 30-тармақпен толықтырылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      31. Қатысушылар үшін "овердрафт" қарызы сомасының лимитін Ұлттық Банк белгілейді және қатысушының өтінішхаты негізінде қайта қаралады.

      Ескерту. 6-тарау 31-тармақпен толықтырылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 182 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады