Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмыскерлері еңбегінің кейбір мәселелері туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2016 жылғы 7 қыркүйектегі № 62 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 12 қазанда № 14322 болып тіркелді.

      "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмыскерлері үшін мамандықтары бойынша жұмыс өтілін есептеу қағидалары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысшыларына еңбек сіңірген жылдары үшін үстемеақылар белгілеу қағидалары мен шарттары бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесінің жұмыскерлері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2015 жылғы 19 маусымдағы № 51 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11758 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 7 (28735) санында жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Кадрлар департаменті:

      1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін көшірмелерін күнтізбелік он күн ішінде елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данасын қоса бере отырып, электронды тасымалдауышта "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап осы бұйрықты күнтізбелік он күн ішінде баспа және электронды түрде елтаңбалы мөрмен және осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті адамның электронды цифрлық қолымен расталған көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерінің эталондық бақылау банкiне орналастыру үшін жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасы


Ұлттық қауіпсіздік комитетінің


Төрағасы ұлттық қауіпсіздік


генерал-лейтенанты

В.Жұмақанов


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Төрағасының
2016 жылғы 7 қыркүйектегі
№ 62 бұйрығына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмыскерлері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу қағидалары

      1. Осы Қағидалар "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысы 4-тармағының 3) тармақшасына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының (бұдан әрі – ҰҚО) жұмыскерлері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтілін есептеу тәртібін белгілейді.

      2. Мамандық бойынша жұмыс өтіліне ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан мемлекеттік органдарда және басқа да ұйымдарда жұмыс істеген барлық уақыты қосылады, сондай-ақ:

      1) Қарулы Күштердегi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы, құқық қорғау органдарындағы, мемлекеттiк өртке қарсы, фельдъегерлік, құтқару қызметтерiнде және құралымдарында жұмыс істеген;

      2) жүктiлiгi және босануы бойынша демалысы, сондай-ақ баланы үш жасқа толғанға дейін күту жөніндегі жалақысы сақталмайтын демалыс уақыты;

      3) Қазақстан Республикасы Парламентi депутатының, маслихат депутатының өкiлеттiгiн жүзеге асырған;

      4) егер шетелге жіберер алдында қызметкер мемлекеттік органдарда жұмыс істеген болса және көшу уақытын қоспағанда, шетелден қайтып келген күнінен бастап екі айдың ішінде мемлекеттік органға қызметке тұрса, шетелде жұмыс істеген;

      5) Қазақстан Республикасы мен бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының соттарында, прокуратура органдарында, мемлекеттік өртке қарсы қызметте, ішкі істер органдарында, Кеңес Социалистік Республикалар Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарында, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары мен бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінде еңбек сіңірген жылдарына үстемеақы алу құқығын беретін лауазымдарда жұмыс істеген;

      6) Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Мемлекеттiк банкi және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкi жүйесiнде жұмыс істеген;

      7) терiс себептермен қызметтен шығарылған адамдардан басқа, офицерлiк құрамдағы адамдардың, прапорщиктердiң, мичмандардың, Қазақстан Республикасының және бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Қарулы Күштеріндегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарындағы мерзiмсiз қызметтегi әскери қызметшiлердiң, ҰҚО және Кеңес Социалистік Республикалар Одағының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті жүйесінде, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметiнде және Қазақстан Республикасының Республикалық Ұланында міндетті әскери қызмет өткерген, сондай-ақ интернационалдық борышын атқарған, оның ішінде әскери қызметшілердің тұтқында болған;

      8) теріс себептермен қызметтен шығарылған адамдардан басқа, басшы құрамдағы адамдардың ішкі істер органдары жүйесіндегі, қылмыстық-атқару қызметі, қаржы (салық) полициясы, кеден органдары, мемлекеттік өртке қарсы қызмет жүйесінде, прокуратура органдарында, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының сот аппараттарында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тергеу комитетінде қызмет өткерген;

      9) заңсыз жұмыстан шығарылуы кезінде мәжбүрлі жұмыста болмаған және кейiн қайтадан жұмысқа алынған;

      10) мемлекеттiк мекеменiң жолдамасы бойынша жұмыстан қол үзiп даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi курстарда оқыған;

      11) мамандық бейіні бойынша ұйымдардағы ғылыми жұмысы;

      12) қызмет саласына қарамастан ұқсас мамандық бойынша оның еңбек жолында атқарған лауазымдардағы жұмысы;

      13) мемлекеттік қызметші лауазымындағы мемлекеттік қызметте болған уақыты;

      14) теріс себептермен қызметтен шығарылған адамдардан басқа, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызметі (жұмысы) кiредi.

      2-1. ҰҚК әскери, арнаулы оқу орындарының педагогтарына, ғылыми-педагогикалық және ғылыми қызметкерлеріне өтілін есептеу "Бiлiм ұйымдары мен ғылыми ұйымдардың қызметкерлерiне мамандық бойынша жұмыс стажын есептеу ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 14 маусымдағы № 302 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6340 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      ҰҚК әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерінің медицина қызметкерлеріне өтілін есептеу "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлері, денсаулық сақтау саласындағы қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлері үшін мамандығы бойынша жұмыс өтiлiн есептеу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2016 жылғы 2 тамыздағы № 685 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14205 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асыралады.

      Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 19.09.2023 № 76/қе (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Осы Қағидаларға сәйкес есептелетiн мамандық бойынша жұмыс өтiлi күнтізбелік есептеуде ескеріледі.

      4. Күнтізбелік ай ішінде лауазымдық айлықақысын арттыру құқығы туындаған жұмыскерлерге, өтілін ескере отырып лауазымдық айлықақысын есептеу осындай құқық туындаған күннен бастап жүзеге асырылады.

      5. Мамандығы бойынша жұмыс өтілін құрамын ҰҚО тиісті бөлімшесінің басшысының бұйрығымен бекітетін еңбек өтілін белгілеу жөніндегі комиссия айқындайды.

      6. Мамандығы бойынша жұмыс өтілін белгілеу жөніндегі комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді. Шешімнен үзінділер екі данада дайындалады және: бір данасы – кадр қызметіне, екіншісі – қаржы бөлімшесіне (бухгалтерияға) беріледі.

      7. Жұмыскердің мамандығы бойынша жұмыс өтілін айқындауға арналған еңбек қызметін растайтын құжаттары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес айқындалады.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
Төрағасының
2016 жылғы 7 қыркүйектегі
№ 62 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының
жұмысшыларына еңбек сіңірген жылдары үшін үстемеақылар белгілеу
қағидалары мен шарттары

      1. Осы Қағидалар "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына 13-қосымша 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмысшыларына (бұдан әрі – ҰҚО) еңбек сіңірген жылдары үшін үстемеақылар белгілеу тәртібін, шарттарын айқындайды.

      2. Еңбек сіңірген жылдары үшін үстемеақылар белгілеуге құқық беретін жұмыс өтіліне Қарулы Күштердегi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы, арнаулы мемлекеттік, құқық қорғау органдары, мемлекеттiк өртке қарсы қызмет жүйесіндегі жұмысының барлық уақыты есептеледі, сондай-ақ:

      1) терiс себептермен қызметтен шығарылған адамдардан басқа, офицерлiк құрамдағы адамдардың, прапорщиктердiң, мичмандардың, Қарулы күштердегi мерзiмсiз қызметтегi әскери қызметшiлердiң, iшкi, шекара әскерлерiнде, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының азаматтық қорғаныс басқармалары органдары мен бөлiмшелерiнде, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi мен Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi органдары жүйесiнде, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Күзет қызметiнде, Қазақстан Республикасы "Сырбар" сыртқы барлау қызметінде, Қазақстан Республикасының Республикалық Ұланында, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында және әскери-тергеу органдарында мiндеттi әскери қызметiн өткерген;

      2) теріс себептермен қызметтен шығарылған адамдардан басқа, басшы құрамдағы адамдардың ішкі істер органдары жүйесіндегі, қылмыстық-атқару қызметі, қаржы (салық) полициясы, кеден органдары, мемлекеттік өртке қарсы қызмет жүйесінде, прокуратура органдарында, Қазақстан Республикасы мен бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының сот аппараттарында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тергеу комитетінде қызмет өткерген;

      3) Қазақстан Республикасы мен бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының соттарында, прокуратура органдарында, ішкі істер органдарында, Кеңес Социалистік Республикалар Одағының мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдарында, Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары мен бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитетінде еңбек сіңірген жылдарына үстемеақы алу құқығын беретін лауазымдарда жұмыс істеген;

      4) жүктілігі және босануы бойынша демалысы, сондай-ақ заңнамаға сәйкес берілген баланы үш жасқа толғанға дейін күту жөніндегі жалақысы сақталмайтын демалыс уақыты;

      5) егер қызметкер курсқа түскенге дейін мемлекеттік органда жұмыс істесе және оны бітірген соң мемлекеттік органға қайта оралса, оның кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарында мемлекеттік органдар жолдамасымен жұмыстан қол үзіп оқыған;

      6) мемлекеттік қызметшілер лауазымдарындағы мемлекеттік қызметтегі жұмыс істеген уақыты кіреді.

      3. Осы Қағидаларға сәйкес еңбек сіңірген жылдарына есептелетiн жұмыс өтілі, сондай-ақ уақыты күнтізбелік есептеумен есепке алынады.

      4. Еңбек сіңірген жылдары үшін үстемеақы жұмысшылардың негізгі лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысына (ставкаларына) белгіленеді және ай сайын төленеді. Бұл ретте маусымдық жұмыстарда жұмыс істейтін уақытша жүрген жұмысшыларға үстемеақылар төлеу жүзеге асырылмайды.

      5. ҰҚО жұмысшыларына бұрынғы есептелмеген жұмыс кезеңдері бекітілетін жағдайларда еңбек сіңірген жылдарына үстемеақыларды белгілеу үшін жұмыс өтілін есептеу осы Қағидаларға сәйкес бұрынғы есептелмеген жұмыс кезеңдерін растайтын құжаттар түскен күннен бастап белгіленеді. Бұл ретте өткен уақыттағы еңбек ақысын қайта есептеу жүргізілмейді.

      6. Еңбек сіңірген жылдарына үстемеақылар белгілеу құқығын құрамын ҰҚО тиісті бөлімшесі басшысының бұйрығымен бекітілетін тарифтік біліктілік комиссиясы анықтайды, сондай-ақ шешiмi хаттамамен ресiмделедi. Бұл ретте шешiмнiң үзінді көшiрмелерi екi данада жасалады: оның бiр данасы – кадр қызметіне, екiншiсi – қаржы бөлімшесіне (бухгалтерияға) берiледi.

      7. Жұмысшының мамандығы бойынша жұмыс өтілін белгілеуге арналған еңбек қызметін растайтайтын құжаттары Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес анықталады.

      Ескертпе:

      ҰҚО жұмысшылар мамандығы еңбек қатынастары саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін Жұмыс және жұмысшылар мамандығының бірыңғай тарифтік-біліктілік анықтамалығына сәйкес анықталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады