"Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 7-НҚ нормативтік қаулысына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы 17 қазандағы № 14-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 16 қарашада № 14435 болып тіркелді

      «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қарашадағы Заңының 12-бабы 4-тармағының 16) тармақшасына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. «Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 7-НҚ нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12459 тіркелген, 2015 жылы 30 желтоқсанда «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген нормативтік қаулымен бекітілген Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларында:
      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «9. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген ақпарат Бірыңғай дерекқорға орналастыру үшін Есеп комитетіне мынадай тәртіппен:
      1) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган оның аумақтық бөлімшелері және ішкі аудит қызметінің бөлінісінде шоғырландыра отырып осы Қағидалардың 8-тармағы 1), 2) тармақшалары бойынша – ішкі аудит нәтижелері туралы есеп тиісінше бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) және (немесе) алынғаннан (жинақталғаннан) кейін он күн ішінде, осы Қағидалардың 8-тармағы 3) тармақшасы бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он күн ішінде.
      2) тексеру комиссиялары осы Қағидалардың 8-тармағы 1), 2) тармақшалары бойынша – аудиторлық қорытынды бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он күн ішінде, осы Қағидалардың 8-тармағы 3) тармақшасы бойынша бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он күн ішінде;
      3) Ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган және тексеру комиссиялары осы Қағидалардың 8-тармағы 12) тармақшасы бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он күн ішінде;
      4) Есеп комитеті осы Қағидалардың 8-тармағының 13) тармақшасы бойынша – тиісті қорытынды бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде;
      5) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері осы Қағидалардың 8-тармағының 5) – 12) тармақшалары бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін бес жұмыс күні ішінде;
      6) квазимемлекеттік сектор субъектілерінде арнайы мақсаттағы аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдар осы Қағидалардың 8-тармағының 4) тармақшасы бойынша – бекітілгеннен (қалыптастырылғаннан) кейін он бес жұмыс күні ішінде;
      7) ведомстволық немесе мемлекеттік статистиканы қалыптастыратын өзге де ақпарат жеткізушілер осы Қағидалардың 8-тармағының 12) тармақшасы бойынша Есеп комитетінің сұрау салуы негізінде ол белгілеген мерзімдерде және (немесе) тиісті органмен бірлесіп айқындаған мерзімдерде ұсынылады.»;
      мынадай редакциядағы 9-1-тармағымен толықтырылсын:
      «9-1. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген ақпарат мынадай форматтарда:
      1) осы Қағидалардың 8-тармағы 1), 2), 6) – 8) тармақшалары бойынша «Еxcel» форматында құжатты «Pdf» форматында графикалық түрде бейнелей отырып;
      2) осы Қағидалардың 8-тармағы 3), 12) тармақшалары бойынша «Word», «Еxcel» форматтарында құжатты «Pdf» форматында графикалық түрде бейнелей отырып;
      3) осы Қағидалардың 8-тармағында 4), 9) – 11), 13) тармақшалары бойынша «Pdf» форматында графикалық түрде бейнелей отырып ұсынылады.
      «Pdf» форматында ұсынылатын ақпарат 300 dpi. ұлғайтуымен бірге монохромды режимде құжат тіліндегі тану функциясымен бірге сканерленеді.».
      2. Заң бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы нормативтік қаулының көшірмесін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде басылып шыққан және электрондық түрінде мерзімді баспасөз басылымдарында, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін тіркелген нормативтік қаулыны алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберілуін;
      3) осы нормативтік қаулының Есеп комитетінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы нормативтік қаулының орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына жүктелсін.
      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Республикалық бюджеттің
      атқарылуын бақылау жөніндегі
      есеп комитетінің Төрағасы                Қ. Жаңбыршин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады