Халықтың бейресми жұмыспен қамтылу көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістемені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Төрағасының 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 328 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 26 қаңтарда № 14743 болып тіркелді

       "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңының 12-бабының 5) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 кыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 17-тармағының 258) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Халықтың бейресми жұмыспен қамтылу көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістеме бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы басқармасы Заң басқармасымен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін қағаз және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу және ресми жариялау үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберілуін;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің Еңбек және тұрмыс деңгейі статистикасы басқармасы осы бұйрықты басшылыққа алу және жұмыста пайдалану үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің аумақтық органдарының назарына жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының орынбасарына (Қ.К. Орынханов) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитетінің төрағасы
Н. Айдапкелов

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 29 желтоқсан № 328 бұйрығымен
бекітілген

Халықтың бейресми жұмыспен қамтылу көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістеме

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Халықтың бейресми жұмыспен қамтылу көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша әдістеме (бұдан әрі – Әдістеме) халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы Заңына сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.

      2. Осы Әдістеме халықтың бейресми жұмыспен қамтылу көрсеткіштерін статистикалық өлшеу саласындағы негізгі аспектілерін айқындайды.

      3. Осы Әдістемені Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің құрылымдық бөлімшелері еңбек нарығының көрсеткіштерін қалыптастыру кезінде қолданады.

2-тарау. Халықты бейресми жұмыспен қамтылу статистикасының ерекшеліктері

      4. Бейресми секторға өндіріске қатысатын жеке тұлғаларды жұмыспен және табыспен қамтамасыз ету мақсатында тауарлар мен қызметтердің өндірісімен айналысатын және үй шаруашылықтарына тән белгілері бар ұйымдар кіреді.

      Қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың сипаттамалары негізінде бейресми сектор анықталады.

      5. Бейресми сектор ұйымдарының келесі ерекшеліктері бар:

      ұйымның мемлекеттік тіркелмеуі;

      ұйымдастырудың төмен деңгейі және қызметтің шағын масштабы;

      үй шаруашылығынан немесе оның мүшелерінен бөлек құралған дербес заңды құрылымдар болып табылмайды;

      негізгі қорлар және басқа активтер ұйымдарға емес, олардың иелеріне тиесілі;

      басқа ұйымдармен мәмілелерге немесе басқа шарттық қатынастарға түспейді және өз атынан міндеттемелер алмайды;

      иелері өндірістік қызметті ұйымдастырады және өндірістік үдеріспен байланысты барлық міндеттемелер бойынша шектеулерсіз жауап береді;

      еңбек қатынастары кепілдіктерді ресми сақтаумен шарттарға емес, жұмыспен қамту туралы ауызша уағдаластыққа немесе туыстық және жеке қатынастарға негізделген;

      ақы төленбейтін отбасы мүшелерін немесе бір, не бірнеше жалдамалы қызметкерлерді тартумен кәсіпкерлік қызметі жүзеге асырылады;

      негізгі қорлар өндірістік және жеке мақсаттар үшін қолданылады;

      ұйымдық нарықтарға, несие мекемелеріне, заманауи технологияларға, кәсіби оқытуға және басқаларға қол жетімділік жоқ немесе қол жетімділік шектеулі;

      қызмет тұрақты үй-жайсыз немесе үйде жүзеге асырылады.

      6. Бейресми сектор ұйымның екі шағын тобынан тұрады:

      1) тұрақты негізде жалдамалы қызметкерлерді тартпайтын (үй шаруашылықтарының ұйымдары және тіркелмеген ұйымдар);

      2) тұрақты негізде жалдамалы қызметкерлерді тартатын немесе бейресми жұмыс берушілердің келесі өлшемшарттарына жауап беретін ұйымдары:

      жұмыспен қамтылғандардың көзқарасы бойынша ұйым көлемі үлкен емес;

      ұйымның мемлекеттік тіркеуінің болмауы.

      7. Бейресми жұмыспен қамту көрсеткіштерін қалыптастыру бойынша ұйымдар келесі топтарға бөлінеді:

      ресми сектордағы ұйымдар;

      бейресми сектордағы ұйымдар;

      үй шаруашылықтарының ұйымдары.

      8. Корпорациялар, коммерциялық емес ұйымдар, мемлекеттік басқару органдары және бейресми сектордың бөлігі болып табылмайтын тауарлар мен қызметтерді сату немесе айырбастау үшін өндіретін үй шаруашылықтарының ұйымдары ресми сектордың кәсіпорындары болып табылады.

      9. Үй шаруашылықтарының ұйымы немесе заңды тұлғаның мәртебесі жоқ және нарыққа өткізу үшін тауарлар мен қызметтер өндіруді жүзеге асыратын үй шаруашылықтарына тиесілі ұйымдар бейресми сектордың ұйымдары болып табылады.

      10. Тауарлар мен қызметтерді өндірумен айналысатын және дербес заңды құрылымдар болып табылмайтын бірліктер үй шаруашылықтарының ұйымдары болып табылады. Ұйымдар үй шаруашылығының шегінде ғана құрылады, оның мүшелерінің жеке меншігінде болады және олар үшін бухгалтерлік есептердің толық жиынтығы болмайды.

      11. Бейресми жұмыспен қамтуға ресми сектордағы ұйымдарда, бейресми сектордағы ұйымдарда немесе есепті кезең ішінде үй шаруашылықтарында бар жұмыс орындарының жиынтығы кіреді.

      12. Бейресми жұмыспен қамтуға жұмыспен қамтылу мәртебесін ескеріп (жалдамалы қызметкерлер, өз бетінше жұмыспен қамтылған қызметкерлер, жұмыс берушілер, өндірістік кооперативтер мүшелері, отбасылық кәсіпорындардың көмектесетін (ақы төленбейтін) қызметкерлері) келесі жұмыс орындарының типтері кіреді:

      өз бетінше жұмыспен қамтылған қызметкерлер немесе бейресми сектордағы ұйымның иелері болып табылатын жұмыс берушілер;

      бейресми сектордағы өндірістік кооперативтердің мүшелері;

      ресми немесе бейресми сектордың ұйымдарында жұмыс істейтін отбасылық кәсіпорындардың көмектесетін (ақы төленбейтін) қызметкерлері;

      ресми секторда және бейресми секторда, жекелеген жеке тұлғаларда немесе шаруа (фермер) қожалықтарында жұмыспен қамтылған жалдамалы қызметкерлер, егер олардың жұмыс орны атап өткен өлшемшарттардың біреуіне сәйкес келген жағдайда:

      ауызша уағдаластық негізінде қабылданғандар;

      жұмыс беруші әлеуметтік сақтандыру аударымдарын аудармайды;

      науқастанып қалған кезеңде уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақысына төлем жоқ;

      жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жоқ.

      13. Жазбаша еңбек шарттары жоқ отбасылық кәсіпорындардың көмектесетін (ақы төленбейтін) жалдамалы қызметкерлері бейресми жұмыс орындарында жұмыспен қамтылады.

      Еңбек шарттары бар отбасылық кәсіпорындардың көмектесетін (ақы төленбейтін) қызметкерлері жалдамалы қызметкерлер болып есептеледі.

3-тарау. Халықты бейресми жұмыспен қамтуды бағалау

      14. Бейресми жұмыспен қамтуды бағалау халыққа іріктемелі зерттеу жүргізу деректері негізінде жүзеге асырылады.

      15. Бейресми секторға жататын ұйымдарды анықтау статистикалық байқаудың:

      ұйымның мемлекеттік тіркелуі;

      сұралатын жеке тұлғаның қызметінің мәртебесі;

      ұйымның мөлшері;

      жұмыс орны сұрақтарының негізінде жүргізіледі.

      Бейресми сектор ұйымдарын анықтаудың негізгі өлшемшарты ұйымның мемлекеттік тіркелуі болып табылады.

      16. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен байланысты жеке ауласында жұмыс істейтін жеке тұлғалар тұтыну мақсаттары бойынша бөлінеді:

      тек жеке тұтынуы үшін;

      ішінара тұтыну, айырбастау (қайта сату) үшін;

      тек айырбастау (сату) үшін.

      17. Ауылшаруашылығы өнімдерін ішінара тұтыну және айырбастау және (немесе) қайта сату (тек сату немесе айырбастау үшін) үшін өндіруге байланысты жеке ауласында жұмыс істейтін жеке тұлғалар мемлекеттік тіркелуіне байланысты ресми және бейресми секторға жатады.

      18. Бейресми жұмыспен қамту және бейресми сектордағы жұмыспен қамтуды өлшеуге келесі ережелер кіреді:

      бейресми секторда жұмыспен қамтуға, қамтылу мәртебесіне қарамастан жұмыспен есепті кезең ішінде бейресми сектор ұйымдарында негізгі қызметі бойынша жұмыспен қамтылған жеке тұлғалар кіреді.

      бейресми сектор ұйымдарына тауарлар мен қызметтердің нарықтық өндірісін жүзеге асыратын үй шаруашылықтарының тіркелмеген ұйымдары кіреді.

      19. Бейресми секторға үй шаруашылықтарында жалдану бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар жатпайды. Ауылшаруашылығы өнімдерін сату немесе айырбастау үшін өндіретін үй шаруашылықтары мемлекеттік тіркелуіне байланысты ресми немесе бейресми секторға жатады.

      20. Ресми секторда жұмыспен қамтуға:

      тіркелген өз бетінше жұмыспен қамтылған қызметкерлер;

      ресми сектордағы ұйымдарда жұмыс істейтін жұмыс берушілер;

      ресми сектордағы өндірістік кооперативтердің мүшелері;

      еңбек шарты бойынша жұмысқа қабылданған, науқастанып қалған кезеңде уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақыға және ақы төленетін еңбек демалысына құқығы бар және олар үшін жұмыс беруші әлеуметтік сақтандыру аударымдарын аударатын жалдамалы қызметкерлер;

      жұмыспен қамтылу мәртебесіне қарамастан негізгі қызметінде есепті кезең ішінде ресми сектор ұйымдарында жұмыспен қамтылған жеке тұлғалар кіреді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады