Алматы облысында ортақ су пайдаланудың қағидаларын белгілеу туралы

Жаңа

Алматы облыстық мәслихатының 2016 жылғы 12 мамырдағы № 2-16 шешімі. Алматы облысы Әділет департаментінде 2016 жылы 17 маусымдағы № 3891 болып тіркелді

      2003 жылғы 9 шілдедегі "Қазақстан Республикасы Су кодексінің" 38-бабының 1 тармағына сәйкес, Алматы облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Алматы облысында Ортақ су пайдаланудың қағидалары қосымшаға сәйкес белгіленсін.
      2. Осы шешімшің орындалуына бақылау жүргізу облыс әкімінің орынбасары Серікжан Іслямұлы Бескемпіровке жүктелсін (келісім бойынша).
      3. Алматы облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Құрманбаев Ерлан Бақытжанұлына осы шешімді әділет органдарында мемлекеттік тіркелгеннен кейін ресми және мерзімді баспасөз басылымдарында, сондай ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі айқындайтын интернет-ресурста және облыстық мәслихаттың интернет-ресурсында жариялау жүктелсін.
      4. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыстық мәслихат
      сессиясының төрайымы Ж.Телпекбаева
      Облыстық мәслихаттың хатшысы С. Мұқанов

  Алматы облыстық мәслихатының 2016 жылғы "12" мамыр № 2-16 шешімімен бекітілген

Алматы облысында ортақ су пайдалану қағидалары

      1. Осы ортақ су пайдаланудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) 2003 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Су кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 38-бабының 1 тармағына және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 бұйрығымен бекітілген "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидалары" негізінде әзірленді және Алматы облыстық мәслихаты Алматы облысының өңірлік жағдайларының ерекшеліктерін ескере отырып ортақ су пайдалану қағидаларын белгілеу тәртібін айқындайды.
      2. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшін су объектілері жекелеген немесе заңды тұлғаларға бекітіліп берілмей және судың жай-күйіне әсер ететін құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
      3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.
      4. Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тиым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне жол берілмейді.
      5. Экологиялық, техникалық және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігі мақсатында ортақ су пайдалану шектелуі немесе оған тиым салынуы мүмкін.
      6. Ортақ су пайдалануға:
      1) шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін;
      2) ықтимал сел қаупі бар су объектілерін қоспағанда, рекреациялық мақсаттарда, жаппай демалу, туризм және спорт мақсаттарында;
      3) кеме қатынасы және шағын кемелерді пайдалану үшін;
      4) мал суару үшін су объектілерін пайдалану жатады.
      7. Шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін жер үсті су көздерінен су алу судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
      8. Су объектiлерi мен су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшiлiктiң демалуына, туризм мен спортқа арналған жерлердi экологиялық талаптар мен адам өмірінің қауіпсіздігін сақтай отырып, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласындағы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкiлеттi органдармен келiсiм бойынша Алматы облысының әкімдігі белгiлейдi.
       9. Кеме қатынасы санатына жатқызылған Қазақстан Республикасының жер үстi су объектiлерi, оларды осы мақсаттарға пайдалануға толық немесе iшiнара тыйым салынған не олар оқшау пайдалануға берiлген жағдайларды қоспағанда, ортақ пайдаланудағы су жолдары болып табылады.
      Су объектiлерiн кеме қатынасы санатына жатқызу тәртiбi, кеме қатынасы, әуе кемелерінің ұшуы (қонуы) үшін пайдаланылатын кеме қатынасы су жолдарының тiзбесi және оларды пайдалану қағидалары Кодекстің 105-бабының 3-тармағына сәйкес бекітілетін қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      10. Су объектiлерiн мал суару үшiн пайдалануға санитарлық қорғау аймақтарынан тыс жерде және суат алаңдары мен су объектiлерiнiң ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғылар болған жағдайда жол берiледi.
      11. Алматы облыстық мәслихаты азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірлік жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану қағидаларында Алматы облысының аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу жүзеге асырылмайтын жерлерді айқындайды.
      12. Алматы облыстық мәслихаты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ, арнайы ақпараттық белгілер арқылы халықты шомылуға тыйым салу және ортақ су пайдалануды жүзеге асырудың басқа шарттары туралы хабардар етеді.
      13. Оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы, Алматы облыстық мәслихатының шешiмдерiнде өзгеше белгiленбесе, Кодекстің 67-бабының 3-тармағына және 68-бабының 4-тармағына сәйкес ортақ су пайдалану шарттары немесе оған тыйым салу туралы жариялайды. 
      14. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын жариялау үшін оқшау немесе бірлесіп су пайдалануды жүзеге асыратын су пайдаланушы Алматы облыстық мәслихатқа ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеудің қажеттігі негізделген ұсыныс енгізеді.
      15. Ортақ су пайдаланудың шарттарын немесе оған тыйым салынатынын белгілеу негізсіз болған жағдайда Алматы облыстық мәслихаты ұсынылған ортақ су пайдалану шарттарынан немесе тыйым салудан бас тарту себептерін негіздей отырып су пайдаланушыны жиырма екі жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.
      Бұл ретте жарияланған ортақ су пайдаланудың шарттары немесе оған салынатын тыйымдар шаруашылық-ауыз су мақсаттарын қанағаттандыру үшін ортақ су пайдалануды жүзеге асыруды шектемеуі тиіс. 
      16. Ортақ су пайдалану үшін су объектілерін пайдалану кезінде жеке және заңды тұлғалар:
      1) су объектілерін ұқыпты пайдалануы;
      2) су объектілерін пайдаланудың белгіленген режимін сақтауы;
      3) су объектілерінде мәдени, спорттық және басқа да іс-шараларды өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауы;
      4) су объектілерін және іргелес аумақтарын тиісті санитариялық нормаларға сай ұстауға, тұрмыстық, құрылыс және басқа да қалдықтармен қоқыстауға, іргелес аумақтарды ластаудың алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды уақытылы жүзеге асыруы тиіс.
      17. Ортақ су пайдаланудың су объектілерін пайдалану кезінде:
      1) су объектісін ластауға және қоқыстауға;
      2) шомылуға арналған орындарда киім жууға және жануарларды шомылдыруға;
      3) ескерту немесе тыйым салу жазулары бар арнайы ақпараттық белгілер қойылмаған орындарда шомылуға;
      4) арнайы ақпараттық белгілерді өз еркімен алып тастауға, бұзуға және жоюға;
      5) аумақта жанар-жағармай материалдарын сақтауға;
      6) көлікке жанар май құюды, жууды және жөндеуді жүзеге асыруға; 
      7) су объектілерінде және оларға тікелей жақын жерде кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз тастауға жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады