Тараз қаласы әкімдігінің Регламентін бекіту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы Тараз қаласы әкімдігінің 2016 жылғы 19 сәуірдегі № 274 қаулысы. Жамбыл облысы Әділет департаментінде 2016 жылғы 11 мамырда № 3060 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы Тараз қалалық әкімдігінің 2016 жылғы 28 желтоқсандағы № 892 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – Жамбыл облысы Тараз қалалық әкімдігінің 28.12.20116 № 892 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күніне кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Тараз қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Тараз қаласы әкімдігінің Регламенті бекітілсін.
      2. Тараз қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлімшесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.
      3. Тараз қаласы әкімі аппаратының кеңсе бөлімшесі:
      1) осы қаулының мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жіберуді;
      2) осы қаулының Тараз қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
      3) осы қаулыдан туындайтын басқа да шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
      4. Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкімі аппаратының басшысы Жандос Сарсенбайұлы Өмірзақовқа жүктелсін.
      5. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Қала әкімі Н. Календеров

  Тараз қаласы әкімдігінің
2016 жылғы 19 сәуірдегі
№ 274 қаулысымен бекітілген

Тараз қаласы әкімдігінің Регламенті

1. Жалпы ережелер

      1. Тараз қаласының әкімдігі (бұдан әрі – әкімдік) Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының біртұтас жүйесіне кіреді, атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын тиісті аумақты дамыту мүдделерімен және қажеттілігімен үйлестіре жүргізуді қамтамасыз етеді.
      2. Әкім әкімдік құрамын әкім орынбасарларынан, әкім аппаратының басшысынан, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың бірінші басшыларынан құрады.
      Әкім әкімдік мүшелерінің санын айқындайды.
      Әкім әкімдіктің дербес құрамын айқындайды және қалалық мәслихат сессиясының шемімімен келісіледі.
      3. Әкімдік қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңымен, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен және осы Регламентпен реттеледі.
      4. Әкімдіктің қызметін ақпараттық-талдау тұрғысынан, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етуді қала әкімінің аппараты (бұдан әрі – аппарат) жүзеге асырады.
      5. Әкімдік іс қағаздарын жүргізу және әкімдікке түсетін хат-хабарларды өңдеу аппаратқа жүктеледі және "Әкімшілік рәсімдер туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкес әзірленетін әрі қала әкімі (бұдан әрі – әкім) бекітетін тәртіппен жүзеге асырылады.
      6. Мемлекеттік органдарға жіберілетін шығыс хат-хабарлар (оның ішінде электрондық құжат форматында) елтаңбалық бланкіде мемлекеттік тілде ресімделеді (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі).
      7. Әкімнің орынбасарлары мен аппарат басшысы әкімдіктің және әкімнің қарауына енгізілетін актілер жобалары өтуінің осы Регламентпен белгіленген тәртібінің сақталуын қамтамасыз етеді.

2. Жұмысты жоспарлау

      8. Аппарат әкімдік мүшелерінің және қалалық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар (бұдан әрі – атқарушы органдар) басшыларының ұсыныстары бойынша әкімдік мәжілістерінде қаралатын мәселелердің тоқсан сайынғы тізбесін жасайды.
      Әкімдіктің мәжілістерінде қарауға жоспарланатын мәселелердің тізбесін әкім бекітеді.
      Бекітілген тізбе әкімдік мүшелеріне, сондай-ақ, қажет болған жағдайда, атқарушы органдардың басшыларына және басқа да лауазымды адамдарға таратылады.
      Әкім тиісті атқарушы органның бірінші басшысы не аппарат басшысы ұсынатын анықтама негізінде тізбеден жоспарланған мәселені алып тастау немесе оны қарауды басқа да мерзімге ауыстыру туралы шешім қабылдайды.

3. Әкімдік мәжілістерін дайындау және өткізу тәртібі

      9. Әкімдік мәжілістері айына кемінде екі рет өткізіледі және оны әкім шақырады.
      10. Әкімдік мәжілістерінде әкім, ал ол болмаған кезде – әкімнің міндетін атқарушы орынбасары төрағалық етеді.
      11. Әкімдік мәжілістері, әдетте, ашық болады және мемлекеттік тілде және (немесе) орыс тілінде жүргізіледі.
      Қажет болған ретте, жекелеген мәселелер жабық мәжілістерде қаралуы мүмкін.
      12. Әкімдік мәжілісі, егер оған әкімдік мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, заңды болып есептеледі.
      Әкімдіктің мәжілісінде мәселені қараудың нәтижелері бойынша қаулы қабылданады.
      Қаулы әкімдіктің қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады.
      13. Әкімдіктің мәжілістерінде қалалық мәслихаттың депутаттары, сондай-ақ әкім бекіткен тізбе бойынша кеңесші дауыс құқығымен аумақтық бөлімшелерінің басшылары және өзге де лауазымды адамдар қатыса алады.
      14. Аппараттың және атқарушы органдардың әкімдік мәжілістерінде қарауға мәселелер дайындауы мынадай талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады:
      әкімдік мәжілісіне енгізілетін анықтамаларға, талдау материалдарына, қаулылардың жобаларына құжатты енгізетін органның бірінші басшысы не оны алмастыратын адам (бұдан әрі – бірінші басшы) алдын ала бұрыштама қояды, оның қолы осы органның ресми көзқарасын растау болып табылады;
      жоба мен анықтама, әдетте, аралығы екі жол арқылы басылған 5 бет мәтіннен аспауы тиіс;
      әрбір мәселе бойынша жобаның және анықтаманың тақырыптары бірдей болуы тиіс;
      әкімдіктің мәжілісіне енгізілетін материалдарға, қажет болған ретте, қосымша ақпараттық мәліметтер қоса беріледі;
      мәселе енгізетін орган немесе аппараттың құрылымдық бөлімшесі талқыланатын мәселелер бойынша мәжіліске шақырылғандардың тізімін айқындайды және нақтылайды. Аппарат шақырылғандардың келуін қамтамасыз етеді.
      15. Аппарат мәжіліс күн тәртібінің жобасын жасайды және әкіммен не оны алмастыратын адаммен келісілгеннен кейін, оны және тиісті материалдарды аппарат басшысы бекіткен жіберілім көрсеткішіне сай, мәжіліске дейінгі үш күнде әкімдік мүшелеріне және шақырылғандарға, ал қажет болған ретте, басқа да лауазымды адамдарға таратады.
      Тиісті органдар материалдары уақытылы ұсынбаған жағдайда аппарат басшысы бұл туралы әкімге немесе оны алмастыратын адамға баяндайды. Материалдардың уақытылы ұсынылмауына жауапкершілік тиісті органдардың бірінші басшыларына жүктеледі.
      Әкімнің тапсырмасы бойынша шұғыл түрде әкімдік мәжілісін өткізген кезде қаралатын мәселелер бойынша материалдар аппаратқа ол өткізілетін күні енгізілуі мүмкін.
      16. Әкімдік мәжілісінде хаттама жүргізіліп, онда қатысқан лауазымды адамдар, талқыланатын мәселелердің аты және мән-жайы, талқылау кегіндегі баяндамашылар мен сөз сөйлеушілер, олардың сөйлеген сөздерінің негізгі мазмұны, ескертулер және әкімдік мүшелері қабылдаған қаулы көрсетіледі. Әдетте, мәжілістің стенографиясы жүргізіледі, мәжілістерде қаралатын мәселелер ақпараттың электронды көздеріне жазылады.
      Әкімдік мәжілісінде қабылданған шешімдерді аппараттың тиісті бөлімі мәжіліс аяқталған күннен бастап үш күн мерзімде хаттамамен елтаңбалық бланкіде мемлекеттік тілде ресімдейді (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі), оған аппарат басшысы бұрыштама қояды және мәжілісте төрағалық етуші қол қояды.
      Әкімдік мәжілістерінің хаттамаларына күнтізбелік жылға арналған реттік нөмірлер беріледі. Хаттамалар немесе олардың үзінділері оларға қол қойылған күні әкімдік мүшелеріне, ал қажет болған ретте, мәжілістерде тиісті тапсырмалар берілген басқа органдарға және лауазымды адамдарға таратылады. Жіберілім тізбесін аппарат басшысы бекітеді.
      Әкімдік мәжілістерінің хаттамалары (түпнұсқалары), сондай-ақ олардың құжаттары аппаратта сақталады.
      Әкімдік мәжілістерінің хаттамалары және олардың құжаттары уақытша сақтау мерзімдері өткеннейн кейін мұрағатқа өткізіледі.

4. Әкімдік және әкім актілерінің жобаларын дайындау мен рәсімдеу тәртібі

      17. Атқарушы органдар әкімдік тиісті шешім қабылдауы үшін оның атына мынадай жағдайларда ұсыныстар енгізеді:
      1) мәселені шешу әкімдіктің құзыретіне кіргенде;
      2) жергілікті атқарушы органдар арасында келіспеушілік туындаған кезде;
      3) мәселенің шешілуі жергілікті атқарушы органдардың және аумақтық бөлімшелерінің қызметін үйлестіруді талап еткенде.
      18. Аппарат және атқарушы және басқа мүдделі аргандар (әзірлеушілер) әкімдік қаулыларының, әкім шешімдері мен өкімдерінің жобаларын (бұдан әрі-жобалар) дайындауды "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңына, "Әкімшілік рәсімдер туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 27 қарашадағы Заңына және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырады.
      Мүдделі органдармен келісілген, бірінші басшылары немесе оларды алмастыратын адамдар қол қойған жобалар мемлекеттік тілде және қажет болған жағдайда орыс тілінде, ал мемлекеттік тіркеуге ұсынылатын нормативтік құқықтық актілерге қойылатын талаптарды сақтай отырып, әкімдік мәжілісінің жария етілген күнінен 7 жұмыс күн, ал кезектен тыс әкімдік мәжілісінің жария етілген күнінен 3 жұмыс күн бұрын ұсынылады.
      Жобаға "ескертулермен" келісу болған кезде келіспеушіліктер туралы бірінші басшылары немесе оларды алмастыратын адамдар қол қойған, қажетті түсіндірмелер берілген анықтама тіркеледі.
      Жобаны әзірлеуге қатысушы органдар арасында келіспеушіліктер туындаған кезде, қаралып отырған мәелелердің мән-жайы құзыретіне кіретін әкімнің орынбасары, аппарат басшысы кеңес шақыра алады, оның нәтижелері хаттамалармен рәсімделеді.
      Келіспеушіліктер жойылған кезде тиісті орган белгіленген мерзімде жобаны пысықтайды және оны қол қоюға ұсынады. Талқыланған мәселе бойынша келісімге қол жетпеген жағдайда, әкімнің орынбасары, аппарат басшысы бұл туралы түпкілікті шешім қабылдау үшін әкімге не оны алмастыратын адамға ақпарат береді.
      19. Жобалардың заңдылығына, сондай-ақ уақытылы, сапалы әзірленуіне және әкімдікке белгіленген мерзімдерде ұсынылуына, жобаның мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі мәтіндерінің түпнұсқалылығына оны әзірлеуді жүзеге асырушы атқарушы органның бірінші басшысы дербес жауапты болады.
      20. Жобалар міндетті түрде мыналармен келісіледі:
      1) құзыретіне орай мүдделі атқарушы органдармен, бұл ретте жобаны келісуге мұндай мүдделілік қаралатын мәселелердің мән-жайы ескеріле отырып, белгіленеді; 
      2) қаржы саласындағы тиісті атқарушы органмен – жобаның қаржылық орындылығы және қаржыландырумен қамтамасыз етілуі мәселелері бойынша;
      3) экономика саласындағы тиісті атқарушы органмен – экономикалық орындылығы және қаланың экономикалық және әлеуметтік даму жоспарлары мен бағдарламаларына сәйкестігі мәселелері бойынша.
      21. Жобаны әзірлеуші жобаның көшірмелерін бір мезгілде барлық мүдделі атқарушы органдарға жібереді.
      Бұл ретте атқарушы органдарда келісу мерзімі бір мезгілде есептеледі және жобалардың түскен әрі тіркелген кезінен бастап 3 жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      Әкім, әкімнің орынбасарлары және аппарат басшысы келісудің өзге мерзімдерін белгілей алады.
      Әкімнің, әкім орынбасарларының тапсырмалары бойынша шешімдерді неғұрлым жедел қабылдау мақсатында атқарушы органдардың басшылары немесе лауазымды адамдар (лауазым бойынша басшының орынбасарларынан төмен емес) жобаға бұрыштаманы кеңесте (мәжілісте) қоюы мүмкін. Бұл ретте, көрсетілген лауазымды адамдар жобаның жасалуы немесе өздерінің бұрыштама қойғандығы туралы тиісті атқарушы органның бірінші басшысына баяндайды.
      Жобаның көшірмесін келісуге алған кезде атқарушы органдар жобаға басқа мүдделі органдардың алдын ала бұрыштама қоюларын талап етуге, сондай-ақ басқа желеу белгілермен келісуден бас тартуға тиісті емес.
      22. Келісуші орган жобаны қараудың нәтижелері бойынша бірінші басшының не оны алмастыратын адамның қолы қойылған жауаптың мынадай нұсқаларының бірін әзірлеушіге ұсынуы тиіс:
      1) жоба ескертулерсіз келісілді (жобада бұрыштама болады);
      2) жоба ескертулермен келісілді (жобада ескертулермен бұрыштама болады және ол қоса берілуі тиіс);
      3) жобаға келісуден бас тартылды (дәлелді бас тарту қоса беріледі).
      23. Келісу мерзімдері аяқталғаннан кейін жобаны әзірлеуші мүдделі органдардың барлық ұсынысын жобаның түпкілікті нұсқасына жинақтайды (ескертулерді жояды). Бұл ретте, түпкілікті нұсқаны дайындау процесінде әзірлеуші өзі келіскен атқарушы органдардың ескертулерін міндетті түрде жояды.
      Жобаны әзірлеуші жобаны аппаратқа енгізу кезінде осы жобада қозғалып отырған орган бұрыштамасының болмау себептерін (мұндай факт болған жағдайда) түсіндірме жазбада міндетті түрде көрсетеді, бұл ретте, енгізілген материалдарға тиісті органға келісу үшін енгізілгенін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі. Мұндай растау болмаған жағдайда, жоба мүдделі органға келісуге жіберілмеген болып есептеледі.
      Қажет болған ретте, әкімнің, әкім орынбасарының немесе аппарат басшысының нұсқауы бойынша жоба қосымша келісуге жіберілуі мүмкін.
      24. Әзірлеуші осы жобаны қабылдау қажеттілігін, ол қабылданған жағдайда, әлеуметтік-экономикалық салдарын, оны іске асырумен байланысты болжанып отырған қаржы шығыстары негізделген түсіндірме жазбаны, сондай-ақ бұл мәселе бойынша бұрын әкімдіктің және әкімнің қандай актілері қабылданғаны және олардың қалай орындалғаны туралы мәліметтерді, ал нормативтік құқықтық актілер жобалары бойынша сонымен бірге "Норма шығармашылығы қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 30 мамырдағы № 598 қаулысымен бекітілген Ғылыми сараптама жүргізу ережесіне сәйкес нормативтік құқықтық актіге сараптамалық қорытынды көшірмесін; жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актіге оның жобасы интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанын (таратылғанын) растайтын құжаттың және сараптамалық қорытынды көшірмесін; жүргізілуі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тиісті сараптамалық қорытындылар көшірмесін міндетті түрде жобаға қоса береді.
      Егер актілердің жобалары нормативтік сипатта болса және (немесе) әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қозғаса, әзірлеуші түсіндірме жазбада нақты мақсаттарды, күтіліп отырған нәтижелердің мерзімдерін және енгізіліп отырған ұсыныстардың болжанып отырған тиімділігін көрсетуге міндетті. Бұл актілерді әкімдік немесе әкім қабылдаған жағдайда, оларды іске асыру қорытындылары бойынша, әзірлеуші, актілерде белгіленген мерзімдерге сәйкес олардың қолданылуының нәтижелері туралы қысқаша есеп тапсыруы тиіс.
      Жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы екі парақтан аса көлемдегі жобалардың және жобаларға қосымшалардың әр парағына қол қоюы тиіс.
      25. Жобаны әзірлеуші жобада бір мезгілде әкімдік қаулыларын және (немесе) әкім шешімдері мен өкімдерін қабылданатын актілерге сәйкес келтіру жөнінде норма көздейді және (немесе) нақты мерзімдер белгілей отырып, оларды сәйкес келтіру туралы тапсырманы көздейді.
      26. Әзірленген (пысықталған) жоба (оған тиісті материалдармен бірге) жоба бойынша сараптама жүргізу және қорытынды дайындау үшін (бұдан әрі - сараптама) аппаратқа енгізіледі.
      Аппаратта тіркелер алдында жобаның іс қағаздарын жүргізу талаптарына сәйкестігі тексеріледі.
      Жобаның іс қағаздарын жүргізу талаптарына сәйкес еместігі туралы ескертулер болған ретте, аппарат жобаны тіркеуге дейін әзірлеушіге қайтаруға құқылы.
      Жоба аппаратта тіркелгеннен кейін оның мәтіндерінің мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі түпнұсқалылығы тексеріледі және сараптамадан өтеді. Жобаға сараптама жүргізу мерзімі жобаның аппаратта тіркелген күнінен бастап 3 жұмыс күнінен аспауы тиіс.
      Аппарат оның мәтіндерінің түпнұсқалылығын тексеру, сараптама жүргізу барысында немесе оның нәтижелері бойынша жобаны мынадай негіздер бойынша әзірлеушіге пысықтауға құқылы:
      1) жоба мәтіндерінің мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі мәтіндердің түпнұсқалы еместігі;
      2) оның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмейтіндігі;
      3) осы Регламенттің талаптары бұзыла отырып ұсынылуы.
      Басқа желеулер бойынша теріс сараптамалық қорытынды жобаны қайтару үшін негіз бола алмайды.
      27. Жобаларды әкімнің орынбасарларында келісу міндеттердің бөлінуіне сәйкес жүзеге асырылады. Әкімнің орынбасарларында мазмұндық сипатта ескертулер туындаған жағдайда, олар қажет болған ретте нәтижелері хаттамамен ресімделетін кеңес шақырады.
      Жоба аппаратта сараптамадан өткеннен кейін аппарат басшысы ол бойынша шешім қабылдау үшін әкімге не оны алмастыратын адамға баяндайды.
      28. Әкімдіктің қаулыларына, әкімнің шешімдері мен өкімдеріне қол қояды. Актілерге қол қойғаннан кейін олардың түпнұсқаларына түзетулер енгізілмейді.
      29. Аппарат әкімдік қаулыларының, әкім шешімдері мен өкімдерінің куәландырылған көшірмелерін аппарат басшысы бекіткен жіберілімге сәйкес таратады.
      Әділет органдарында тіркелуге жататын әкімдіктің және әкімнің актілері алушыларға тіркелгеннен кейін таратылады.
      Әкімдік қаулыларының, әкім шешімдері мен өкімдерінің түпнұсқалары аппаратта сақталады.
      Құжаттардың уақытылы шағарылуы және жөнелтілетін алушыларға таратылуы үшін жауапкершілік аппаратқа жүктеледі.
      30. Техникалық қателер болған ретте әкімдік қаулыларының, әкім шешімдері мен өкімдерінің бұрын таратылған даналарын тек аппарат басшысының рұқсатымен ғана ауыстырылуы мүмкін. Бұл жағдайда, бастапқы таратылған құжат аппаратқа қайтарылып алынуы тиіс.
      31. Аппарат әкімдік және әкім қабылдаған нормативтік құқықтық актілердің есебін, жүйеленуін және бақылау даналарын жүргізуді, оларға ағымдағы өзгерістер мен тек толықтыруларды енгізуді жүзеге асырады.
      32. Мемлекеттік құпиялардан немесе заңмен қорғалатын құпиядан тұратындарынан басқа, әкімдік және әкім қабылдаған нормативтік құқықтық актілермен танысу үшін мүдделі адамдарға рұқсат беру міндетті болып табылады және оны аппарат басшысы айқындайтын тәртіппен аппарат жүзеге асырады.

5. Заң актілерін, Қазақстан Республикасының Президентінің, Үкіметінің, Премьер-Министрінің, әкімдіктің және әкімнің актілері мен тапсырмаларын орындауды ұйымдастыру тәртібі

      33. Заң актілерін, Қазақстан Республикасының Президенті, Үкіметі, Премьер-министрі, әкімдік және әкім актілерін орындауды ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауының жобасын дайындау, келісу, және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдің № 976 Жарлығына, осы регламентке және Қазақстан Республикасының өзге заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      34. Заң актілері, Заң актілерін, Республика Президентінің, Республика Үкіметінің, Премьер-Министрінің, әкімдіктің және әкімнің актілері мен тапсырмалары және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өз құзыреттері шегіндегі өзге де тапсырмалары бақылауға алынады.
      35. Заң актілерінің, Республика Президентінің, Республика Үкіметінің, Премьер-Министрінің, әкімдіктің және әкімнің актілері мен тапсырмаларының уақытылы әрі сапалы орындалуына жауапкершілік осылар орындауға жіберілген атқарушы органдардың бірінші басшыларына жүктеледі.
      36. Әкімнің және оның орынбасарларының тапсырмаларында құжаттарды орындаудың мерзімдері белгіленеді. Мерзімдер белгіленбеген жағдайда, құжаттың түскен күнінен есептелетін орындаудың бір айлық мерзімі, ал шұғыл деген белгілі болған жағдайда – он күндік мерзім белгіленеді.
      37. Егер тапсырманың белгіленген мерзімінде орындалуы мүмкін болмаса, онда тапсырманың орындалуына жауапты органның бірінші басшысы (не оның міндетін атқарушы адам) кідірудің себептері туралы хабарлауға және оны орындау мерзімін ұзарту туралы белгіленген тәртіппен өтініш беруі тиіс. Тапсырманы орындау мерзімін ұзартуға екі реттен артық жол берілмейді.
      38. Заң актілерін, Республика Президентінің, Республика Үкіметінің, Премьер-Министрінің, әкімдіктің және әкімнің актілері мен тапсырмаларының орындалу мерзімдерін бақылау жөніндегі қызметті қамтамасыз етуді аппарат әкім айқындаған тәртіппен жүзеге асырады.
      39. Аппарат заң актілерінің, Республика Президентінің, Республика Үкіметінің, Премьер-Министрінің, әкімдіктің және әкімнің актілері мен тапсырмаларының орындалу барысы туралы әкімді жүйелі хабардар ете отырып, әкімнің олардың орындалуын бақылау жөніндегі қызметін қамтамасыз етеді.
      Әкімнің орынбасарлары, аппарат басшысы заң актілерін, Республика Президентінің, Республика Үкіметінің, Премьер-Министрінің, әкімдіктің және әкімнің актілері мен тапсырмаларын орындаудың белгіленген тәртібінің өрескел бұзылу фактілері бойынша кінәлі адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде ұсыныстар енгізе алады.

6. Құқықтық мониторинг жүргізу кезіндегі өзара іс-қимыл жасау тәртібі

      40. Әкімдіктің (әкімнің) өзі қабылдаған және (немесе) өзі әзірлеушісі болып табылатын нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ әкімдіктің құзыретіне жататын актілерге қатысты құқықтық мониторинг жүргізуі "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі Заңына және "Нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингін жүргізу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 тамыздағы № 964 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
      41. Нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін, ескірген және сыбайлас жемқорлықты тудыратын құқық нормаларын анықтау, олардың іске асырылуының тиімділігін бағалау мақсатында Қазақстан Республикасы заңнамасының жай-күйі туралы ақпаратты жинау, бағалау, талдау, сондай-ақ оның даму серпінін және қолданылу практикасын болжау бойынша тұрақты негізде жүргізіледі.
      42. Нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингін тиісті мемлекеттік органдармен (олардың барлық бөлімшелерімен), қала әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелерімен (оның ішінде іске асыруды мемлекеттік орган жүзеге асыратын бұрын қабылданған актілер бойынша) әзірлеген құқықтық нормативтік актілерге қатысты мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері жүргізеді (бұдан әрі – жауапты мемлекеттік органдар).
      43. Жауапты мемлекеттік органдарда нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі бойынша бөлімшелердің қызметін үйлестіруді заң қызметтері (заңгерлері), олар болмаған жағдайда – мемлекеттік органның басшысы айқындайтын құрылымдық бөлімшелер/жауапты қызметкерлер) жүзеге асырады.
      Жауапты мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі бойынша қызметін үйлестіруді қала әкімі аппаратының мемлекеттік –құқықтық бөлімшесі жүзеге асырады.
      44. Жоғары деңгейдегі жаңа нормативтік құқықтық актілер қабылданған жағдайда, жауапты мемлекеттік органдармен (қала әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелерімен) үш жұмыс күні ішінде жоғары деңгейдегі жаңа нормативтік құқықтық актілердің реттеу мәнімен байланысты заңға тәуелді актілерді талдайды.
      Заңға тәуелді актілердің жоғары деңгейдегі жаңа нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, жоғары деңгейдегі жаңа нормативтік құқықтық актілер күшіне енген күнінен бастап бір ай ішінде мемлекеттік органдармен (қала әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелерімен), Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіппен өзгерістер мен (немесе) толықтырулар не олардың күшін жою бойынша шаралар қабылдайды.
      Нормалары жоғары деңгейдегі жаңа нормативтік құқықтық актілерге қайшы келетін заңға тәуелді актілерге өзгерістер мен (немесе) толықтырулар енгізуді немесе олардың күшін жоюды көздейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдау бойынша мемлекеттік органдармен (қала әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелерімен) бұл актілер қабылданғаннан кейін бір апта мерзімде қабылданған шаралары туралы ақпарат әділет органдарына ұсынылады.
      45. Мемлекеттік орган басшысының (оның міндетін атқарушының) бұйрығымен ағымдағы күнтізбелік жылдың 20 желтоқсанынан кешіктірмей, тиісті қала әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелердің өзінің уәкілетті органының бөлімшелерімен бірлесіп, Нормативтік құқықтық актілер тіркеліміне енгізілген, оларға қатысты құқықтық мониторинг жүргізілетін нормативтік құқықтық актілерді (өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу туралы актілерді есептемегенде) әр айға бөліп және оларды күнтізбесін көрсете отырып, алдағы күнтізбелік жылға арналған нормативтік құқықтық актілердің мониторингін жүргізу кестесі (бұдан әрі- кесте) бекітіледі.
      Кесте Нормативтік құқықтық актілер тіркеліміне енгізілген нормативтік құқықтық актілердің (өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу туралы актілерді есептемегенде) мониторингін жүргізудің іс-шаралары мен нақты мерзімдерін, сондай-ақ мерзімді түрде мониторинг жүргізілген нормативтік құқықтық актілерге қайта оралуды (әрбір жарты жыл сайын, осы жарты жылдықта қабылданған актілерді қоспағанда) көздейді.
      46. Жарты жылдықтың соңғы айының бірінші күніне дейін (1 маусымға және 1 желтоқсанға дейін) бөлімшелер заң қызметтеріне немесе тиісті уәкілетті органының тиісті құрылымдық бөлімшелеріне (жауапты қызметкерге) жүргізілген мониторинг туралы ақпаратты және қажет болған жағдайда қолданыстағы заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді.
      47. Заң қызметтері немесе тиісті құрылымдық бөлімшелер (жауапты қызметкерлер) алынған ақпарат пен ұсыныстарды талдайды және тиісті бөлімшелермен бірлесіп, олардың түскен сәтінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу бойынша шаралар қабылдайды.
      48. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар (қала әкімі аппаратының құрылымдық бөлімшелерімен) Қағидаға 4-қосымшаға сәйкес нормативтік құқықтық актілердің нысандары бойынша жеке-жеке жылына екі рет, жартыжылдықтың соңғы айының 20-күніне дейін тіркелімге сәйкес өздеріне қатысты мониторинг жүргізілетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесін қоса бере отырып, оларды қабылдаудың хронологиялық тәртібімен талдау анықтамаларын, сондай-ақ Қағиданың 11-кестенің көшірмесін Қазақстан Республикасының әділет органдарына ұсыну үшін қала әкімі аппаратының мемлекеттік–құқықтық бөлімшісіне ұсынады.
      49. Жауапты мемлекеттік органдар ай сайын бекітілген кестеге сәйкес нормативтік құқықтық актілердің құықытық мониторинг қорытындыларын толтырады және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі корпоративтік порталының "Нормативтік құқықтық актілердің құқықтық мониторингі" кіші жүйесінде орналастырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады