Тараз қаласы бойынша табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсету Қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының 2016 жылғы 28 қарашадағы № 11-4 шешімі. Жамбыл облысы Әділет департаментінде 2016 жылғы 12 желтоқсанда № 3252 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының 2020 жылғы 27 наурыздағы № 55-6 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды – Жамбыл облысы Тараз қалалық мәслихатының 27.03.2020 № 55-6 (алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңының 97-бабына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қантардағы Заңының 6-бабына сәйкес, Тараз қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса берiлiп отырған Тараз қаласы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсету Қағидалары бекiтiлсiн.

      2. "Тараз қаласы бойынша аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсету Ережелерiн бекiту туралы" Тараз қалалық мәслихатының 2012 жылғы 27 маусымдағы № 5-6 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6-1-150 болып тіркелген, 2012 жылғы 8 шілдеде № 32 "Жамбыл-Тараз" газетінде жарияланған) күшi жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Тараз қалалық мәслихатының білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, жастар саясаты және әлеуметтік орта жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешiм Әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және алғаш ресми жарияланғаннан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Тараз қалалық Тараз қалалық
      мәслихаты сессиясының мәслихаты хатшысының
      төрағасы С.Мырзалиев міндетін атқарушы Ғ.Мадимаров

  Тараз қалалық мәслихатының
2016 жылғы 28 қарашадағы
№11-4 шешімімен бекітілген

Тараз қаласы бойынша табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсету Қағидалары
1. Жалпы ережелері

      1. Осы Тараз қаласы бойынша табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегiн көрсету Қағидалары (әрi қарай - Қағидалар) "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуiрдегi Қазақстан Республикасы Заңының 97-бабына сәйкес әзiрленген.

      2. Осы Қағидаларда келесi негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      коммуналдық қызметтер - тұрғын үйде (тұрғын ғимаратта) көрсетiлетiн және сумен жабдықтауды, кәрізді, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқысты әкету мен лифт қызметiн көрсетудi қамтитын қызметтер;

      қызмет көрсетуші - коммуналдық қызметтерді көрсетумен айналысатын заңды немесе жеке тұлға;

      өтiнiш иесi (жеке тұлға) - жеке өзiнiң немесе отбасының атынан тұрғын үй көмегiн тағайындауға өтiнiш берген тұлға;

      уәкiлеттi орган – "Тараз қаласы әкiмдiгiнiң жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк коммуналдық мекемесi.

      аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – жиынтық табысы ең төменгі күн- көріс деңгейінен төмен еңбекке жарамды адамдар.

      3. Отбасының (азаматтың) шектi ұйғарынды шығындардың үлесi отбасының (азаматтың) жиынтық табысының 5 пайыз мөлшерiнде белгiленедi.

      4. Ресми расталмаған табыс отбасының (азаматтың) жұмысқа жарамды әрбiр мүшесіне ең төменгі жалақыдан кем емес мөлшерде есепке алынады.

      Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республиксы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібі Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шарушылық істері агенттігі Төрағасының 2011 жылғы 5 желтоқсандағы № 471 бұйрығымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін алуға, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді алуға үміткер отбасының (азаматтың) жиынтық табысын есептеу қағидасына" (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылғы 6 ақпанда №7412 болып тіркелген) сәйкес анықталады.

      5. Белгiленген нормадан жоғары тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстар төлемін, коммуналдық қызметтердi және телекоммуникацияның желiсiне қосылған телефонға абоненттiк ақының өсуi бөлiгiнде байланыс қызметтерiн тұтыну төлемiн, тұрғын жайды пайдаланғаны үшiн ақы төлеу жалпы негiздерде жүргiзiледi.

      Тұрғын үй көмегін көрсетуге өтініш қабылдау ағымдағы тоқсанның ішінде жүргізіледі және тоқсанға толығымен тағайындалады.

      6. Жеке меншiгiнде бiреуден артық тұрғын жайы (үйi, пәтерi) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға тапсыратын табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегi тағайындалмайды.

      Мүгедектердi, жалғыз тұратын зейнеткерлерді, магистратураны қоса алғандағы күндiзгi оқыту нысанында оқитын оқушылар мен студенттердi, тыңдаушылар мен курсанттарды, сондай-ақ, I және II топтағы мүгедектерді, он алты жасқа дейінгі бала кезінен мүгедек-балаларды, сексен жастан асқан адамдарды, үш жасқа дейiнгi балаларды бағып-күтумен айналысатын азаматтарды қоспағанда, жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органдарда тiркелмеген, еңбек iстеуге қабiлетi болса да жұмыс iстемейтiн адамдары бар табысы аз отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегi тағайындалмайды.

      Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларына (азаматтарға) беріледі.

2. Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң тәртiбi мен мөлшерi

      7. Тұрғын үй көмегiн тағайындау үшiн өтініш иесі (жеке тұлға) уәкiлеттi органға өтiнiш бередi және "Тұрғын үй көмегiн көрсету ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 Қаулысымен бекiтілген Ережеде көрсетілген құжаттарды ұсынады.

      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін қажетті құжаттар салыстыру үшін көшірме және түпнұсқада ұсынылады, одан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      8. Тұрғын үй көмегiнiң мөлшерi тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстар төлемін, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникацияның желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну ақысын, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысын төлеуге кеткен нақты шығындардың сомасынан аса алмайды.

      Жеке тұтыну есептеуіш бойынша пайдаланған коммуналдық қызметтердің нақты сомасы қызметтің сол түрі бойынша бекітілген нормадан аспауы қажет.

      9. Отбасының (азаматтың) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстар төлемін, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникацияның желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну ақысын, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысын төлеуге шектi ұйғарынды шығындардың үлесi өзгерген кезде уәкiлеттi орган бұрын тағайындалған тұрғын үй көмегiн қайта санауды жүргiзедi.

      10. Тұрғын үй көмегiн алушылар он күн iшiнде қандай да болсын тұрғын үй меншiгi нысандарының, отбасы құрамының, жиынтық табысының өзгергендерi туралы және тұрғын үй көмегi мөлшерiне әсер ететiн басқа да факторлар туралы, сондай-ақ, тұрғын үй көмегiн дұрыс емес есептеген жағдайда уәкiлеттi органға хабарлайды.

      11. Тұрғын үй көмегiнің заңсыз алынған сомалары алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда – сот тәртiбiмен қайтарылуға жатады.

      12. Тұрғын үй көмегiн тағайындау кезiнде келесi өтемақы шараларымен қамтамасыз етiлетiн тұрғын үй алаңының және коммуналдық қызметтердi тұтынудың нормалары ескерiледi:

      1) өтемақы шараларымен қамтамасыз етiлетiн тұрғын үй алаңының нормалары:

      жеке басты азаматтар үшiн – 30 шаршы метр, бiрақ нақты алып жатқан алаңынан артық емес;

      екi және одан да көп адамды отбасына – отбасының әр мүшесiне 18 шаршы метр, бiрақ нақты алып жатқан алаңынан артық емес;

      2) электр қуатын тұтыну нормалары (айына):

      бiрден үш адамға дейiнгi отбасына – отбасының әрбiр мүшесiне 80 киловатт;

      төрт және одан да көп мүшелi отбасына – 300 киловатт;

      3) газ шығындарының нормасы (айына):

      газ пешінің, орталық жылу беру және ыстық су болған жағдайда айына бір адамға – 10 текше метр;

      газ пешінің болған, орталық жылу беру және ыстық су болмаған жағдайда бір адамға – 14,6 текше метр;

      Коммуналдық қызмет тұтыну нормалары табиғи монополияларды (монополистiк қызметтi) реттеу бойынша аумақтық уәкiлеттi орган қолданатын, көрсетiлетiн қызметтерге тарифтердi (бағаларды) бекiткен кездегi коммуналдық қызметтердi босату нормаларына баламалы.

3. Тұрғын үй көмегiн төлеу тәртiбі

      13. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстар төлемін, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникацияның желісіне қосылған телефонға абоненттік ақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтыну ақысын, жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысын төлеуге шығындарды өтеу өтемақы соммалары уәкілетті органмен екiншi деңгейдегi банктер арқылы, алушылардың өтiнiштерi бойынша тиiстi қызмет көрсетушiлердiң есеп шотына, ал телефон үшiн абоненттiк ақы тарифтерiнiң арттырылу өтемақысын абоненттердiң жеке есеп шотына аударылуы мүмкін.

      14. Тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстар төлемі "Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.

4. Қорытынды қағидалар

      15. Осы қағидалармен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады