Ақтау қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2016 жылғы 21 қазандағы № 5/57 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2016 жылғы 22 қарашада № 3191 болып тіркелді. Күші жойылды-Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2021 жылғы 14 сәуірдегі № 2/16 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 14.04.2021 № 2/16 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңдарына сәйкес Ақтау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ақтау қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібі 1 қосымшаға сәйкес айқындалсын.

      2. Қалалық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күші 2 қосымшаға сәйкес жойылды деп танылсын.

      3. Ақтау қалалық мәслихатының аппарат басшысы (Д.Телегенова) осы шешім Маңғыстау облысының әділет департаментінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін, оның "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде және бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешімнің орындалуын бақылау қалалық мәслихаттың әлеуметтік мәселелері және заңдылық пен құқық тәртібі мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына (Ы. Көшербай) жүктелсін.

      5. Осы шешім Маңғыстау облысының әділет департаментінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрайымы Б.Түркпенбаева
      Қалалық мәслихат хатшысы М.Молдағұлов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Ақтау қалалық жұмыспен қамту және

      әлеуметтік бағдарламалар бөлімі"

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      Г. Хайрлиева

      "3" қараша 2016 жылы

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Ақтау қалалық экономика және бюджеттік

      жоспарлау бөлімі" мемлекеттік

      мекемесінің басшысы

      А. Ким

      "3" қараша 2016 жылы

  Ақтау қалалық мәслихатының
  2016 жылғы 21 қазандағы № 5/57 шешіміне 1 қосымша

Ақтау қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі

      Осы Ақтау қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі №512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы", 2009 жылғы 30 желтоқсандағы №2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулыларына және Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №226 "Тұрғын үй көмегін алуға үміткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртібін бекіту туралы" бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №20498 болып тіркелген) сәйкес әзірленген.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 15.06.2020 № 32/371(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

1. Жалпы ережелер

      1. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) шекті жол берілетін шығыстар үлесі – телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;

      2) отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;

      3) кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін басқару жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      4) уәкілетті орган – "Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Уәкілетті орган);

      5) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп - ұстауға жұмсалатын шығыстар - кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға және жөндеуге, жер учаскесін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтерді тұтынуды есептеудің үйге ортақ құралдарын сатып алуға, орнатуға, пайдалануға және тексеруге, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп - ұстауға тұтынылған коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалатын, жалпы жиналыстың шешімімен белгіленген ай сайынғы жарналар арқылы үй-жайлардың (пәтерлердің) меншік иелері шығыстарының міндетті сомасы, сондай-ақ болашақта кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін немесе оның жекелеген түрлерін күрделі жөндеуге жинақталатын ақша;

      6) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) – Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;

      7) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі -Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      8) www.egov.kz "Қазақстан Республикасы Электрондық үкіметінің" веб-порталы (бұдан әрі – Веб-портал).

      Ескерту. 1 - тармаққа өзгерістер енгізілді – Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 19/211(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.12.2019 № 29/313(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      2. Тұрғын үй көмегі қалалық бюджет қаражаты есебінен Ақтау қаласында тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):

      1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;

      2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;

      3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге беріледі.

      Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.

      Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға арналған шығыстарға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Ескерту. 2 – тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 12.12.2019 № 29/313(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3. Тұрғын үй көмегі Ақтау қаласында тұрақты тұратын адамдарға кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстар сметасына сәйкес жеткізушілер ұсынған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу шоттары мен ай сайынғы жарналардың шоттары бойынша бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      Ескерту. 3 – тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 12.12.2019 № 29/313(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3-1. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.

      Ескерту. Шешім 3-1-тармақпен толықтырылды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 19/211 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      3-2. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.

      Ескерту. Шешім 3-2-тармақпен толықтырылды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 19/211 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифтерінің көтерілуіне өтемақы төлеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 4 – тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 12.12.2019 № 29/313(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      5. Коммуналдық қызметтерді тұтыну сомасының құрамына: сумен жабдықтау, газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, жылумен жабдықтау, қоқыс шығару, лифт және канализация бойынша қызмет көрсету кіреді.

      6. Телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалатын шекті жол берілетін шығыстар үлесінің отбасының (азаматтың) жиынтық кірісінің жеті пайызы мөлшерінде белгіленеді.

      Ескерту. 6 – тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 12.12.2019 № 29/313(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

2. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      7. Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш береді және мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы беріледі);

      2) отбасының табысын растайтын құжаттар. Тұрғын үй көмегін алуға үмiткер отбасының (Қазақстан Республикасы азаматының) жиынтық табысын есептеу тәртiбiн тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті орган айқындайды;

      3) Алынып тасталды- Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 15.06.2020 № 32/371(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      4) жылжымайтын мүлiктiң болуы (болмауы) туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      5) зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);

      6) жұмыс орнынан немесе жұмыссыз адам ретінде тіркелуі туралы анықтама;

      7) балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;

      8) банктік шоты;

      9) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы жарналар туралы шоттар;

      10) коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;

      11) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;

      12) жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.

      Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді.

      Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) қайта өтініш берген кезде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысымен бекітілген Тұрғын үй көмегін көрсету ережесінің (әрі қарай - Ереже) 4-5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстарға арналған шоттарын ғана ұсынады.

      Ескерту. 7 – тармақ жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 19/211 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 12.12.2019 № 29/313(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 15.06.2020 № 32/371(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      7-1. Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.

      Ескерту. Шешім 7-1-тармақпен толықтырылды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 19/211 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7-2. Ереженің 4-тармағында көзделген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.

      Ескерту. Шешім 7-2-тармақпен толықтырылды- Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 19/211 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 12.12.2019 № 29/313(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      7-3. "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш жасаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, хабарлама жіберіледі.

      Ескерту. Шешім 7-3-тармақпен толықтырылды- Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 19/211 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7-4. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.

      Ескерту. Шешім 7-4-тармақпен толықтырылды- Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 19/211 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7-5. Уәкілетті орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге "электрондық үкімет" веб-порталы не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.

      Ескерту. Шешім 7-5-тармақпен толықтырылды- Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 19/211 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      7-6. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді уәкілетті орган қабылдайды. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.

      Ескерту. Шешім 7-6-тармақпен толықтырылды- Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 17.09.2018 № 19/211 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      8. Тұрғын үй көмегі өтініш берген айдан бастап, табыстар және осы тұрғын үйде отбасы құрамының тіркелуі жөніндегі мәліметтерді тоқсан сайын ұсынумен бір жылдық мерзімге тағайындалады.

      9. Тұрғын үй көмегін тағайындағанға дейінгі коммуналдық қызметтер бойынша берешектер есепке алынбайды.

      10. Тұрғын үй көмегін көрсетуде азаматтардың келесі санаттары үшін өтемақы шараларымен коммуналдық қызметтерді тұтынуға және телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне қамтамасыз етілетін тұрғын жай алаңының нормалары, пайдаланып отырған тұрғын жайдың бір бірлігінің нақты аумағына тең, бірақ алпыс екі шаршы метрден аспайтын болып: зейнеткерлер, ауру себептеріне қарамастан мүгедектер және оларға күтім жасайтын азаматтар, тұл жетім балалар, ата-анасыз қалған балалармен бірге тұратын қамқоршылар күндізгі оқу нысанындағы жалпы орта, техникалық және кәсіптік оқу орнын бітіргенге дейін, кәмелетке толмаған балаларымен немесе үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған баласымен бірге тұратын зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы, күндізгі оқу нысанындағы жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім жүйесіндегі оқу орындарында оқитын тұлғалармен бірге тұратын зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы және басқа санаттағы азаматтар үшін тұрғын үй заңнамасымен көзделген тұрғын жай алаңының нормасы шегінде белгіленеді.

      Тұрғын үй көмегін көрсетуде өтемақы шараларымен қамтамасыз етілетін тұрғын жай алаңының нормалары кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысы тұрғын жайдың бір бірлігінің нақты аумағына тең, бірақ елу шаршы метрден аспайтын болып белгіленеді.

      Тұрғын үй көмегін көрсетуде электрэнергиясын тұтынудың нормасы бір адамға айына тоқсан киловатт/сағат белгіленеді және электр плиталарымен жабдықталған үйде тұратындарға электроэнергиясын тұтынудың нормасы бір адамға айына жүз он бес киловатт/сағатты құрайды.

      11. Жеке меншігінде бір тұрғын жай бірлігінен артық тұрғын жайы бар немесе үй-жайын жалға (жалдама) немесе жартылай жалға берген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.

      Үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырғандарды, күтімге мұқтаж мүгедектерді күтуді жүзеге асырып отырған тұлғаларды, сонымен қатар емдеу мекемелерінде есепте тұрған психикалық аурулармен ауыратындар және уақытша жұмысқа жарамсыздығы жөнінде дәрігерлік - кеңестік комиссияның қорытындысы барларды қоспағанда, егер оның ішінде еңбекке жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскери қызмет атқармайтын және жұмыспен қамту қызметінде жұмыссыз ретінде тіркелмеген мүшелері бар отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегі берілмейді.

      12. Тұрғын үй көмегін алушылар тұрғын үй көмегін тағайындауға қатысы бар қандай да болмасын (отбасы құрамы, оның бюджеті, жылжымайтын мүлік сатып алуы және тағы басқа) өзгерістер жөнінде, сонымен қатар көмекті қате есептеу жәйттары жөнінде, он күн мерзім ішінде Уәкілетті органға хабарлайды.

      Уәкілетті органға қасақана қате мәліметтер бергендігі салдарынан көтермеленген немесе заңсыз өтемақы тағайындалған жағдайда, меншік иесі (жалға беруші) заңсыз алынған тұрғын үй көмегін ерікті түрде, ал бас тартқан жағдайда – сот тәртібімен қайтарады. Келесі мерзімге арналған тұрғын үй көмегі заңсыз алынған тұрғын үй көмегі бюджетке қайтарылған соң тағайындалады.

      13. Тапсырылған құжаттардың растығына көз жеткізу қажет болған жағдайларда, Уәкілетті орган арыз иесінің тұрып жатқан үйінің материалдық-тұрмыстық жағдайына тексеріс жүргізуге құқылы.

3. Тұрғын үй көмегін төлеу

      14. Аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін төлеу жергілікті бюджет қаражаты есебінен екінші деңгейлі банктер арқылы уәкілетті органмен жүзеге асырылады.

      15. алынып тасталды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 12.12.2019 № 29/313(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      16. алынып тасталды - Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 12.12.2019 № 29/313(алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

  Ақтау қалалық мәслихатының
2016 жылғы 21 қазандағы №5/57 шешіміне 2 қосымша

Қалалық мәслихаттың күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Қалалық мәслихаттың 2012 жылғы 12 қыркүйектегі № 6/62 "Ақтау қаласында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2159 болып тіркелген, 2012 жылғы 6 қазандағы № 169 "Манғыстау" газетінде жарияланған).

      2. Қалалық мәслихаттың 2013 жылғы 26 наурыздағы № 10/112 "Қалалық мәслихаттың 2012 жылғы 12 қыркүйектегі № 6/62 "Ақтау қаласында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2240 болып тіркелген, 2013 жылғы 20 сәуірдегі № 67 "Манғыстау" газетінде жарияланған).

      3. Қалалық мәслихаттың 2014 жылғы 17 наурыздағы № 18/177 "Қалалық мәслихаттың 2012 жылғы 12 қыркүйектегі № 6/62 "Ақтау қаласында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2385 болып тіркелген, 2014 жылғы 18 сәуірдегі "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      4. Қалалық мәслихаттың 2014 жылғы 24 қарашадағы № 25/236 "Қалалық мәслихаттың 2012 жылғы 12 қыркүйектегі № 6/62 "Ақтау қаласында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 2569 болып тіркелген, 2015 жылғы 10 қаңтардағы №5-6 "Манғыстау" газетінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады