Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қостанай облысы Рудный қаласы мәслихатының 2016 жылғы 6 маусымдағы № 29 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 5 шілдеде № 6524 болып тіркелді. Күші жойылды - Қостанай облысы Рудный қаласы мәслихатының 2016 жылғы 29 тамыздағы № 49 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Рудный қаласы мәслихатының 29.08.2016 № 49 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабына сәйкес мәслихат ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.
      2. Қосымшаға сәйкес Рудный қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Қалалық мәслихатының
      кезектен тыс сессиясының
      төрағасы Ю. Каралаш
      Қалалық
      мәслихаттың хатшысы В. Лощинин

      "Рудный қалалық жұмыспен қамту
      және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі"
      мемлекеттік мекемесінің басшысы
      ________________________ С. Костина

  Мәслихаттың
2016 жылғы 6 маусымдағы
№ 29 шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтік көмек көрсетудің, өның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Рудный қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
      3) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани және мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасының тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;
      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – Қостанай облысындағы статистикалық орган есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
      6) адамның (отбасының) жиынтық табысы – адамның (отбасының) ақшалай да, заттай түрде де алынған табысының жалпы сомасы;
      7) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
      8) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
      9) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын облыстық маңызы бар қаланың халықты әлеуметтік қорғау саласындағы атқарушы органы (бұдан әрі – жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі);
      10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушы) ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.
      5. Жеңіс күні – 9 Мамыр мереке күні болып табылады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табыстарын есептемегенде:
      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;
      2) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан теңестірілген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен теңестірілген адамдардың басқа санаттарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде көрсетіледі.
      7. Біржолғы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтарға, сондай-ақ мереке күніне азаматтардың жекелеген санаттарына:
      1) барлық санаттағы мүгедектерге, жедел емделуге, табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
      2) барлық санаттағы мүгедектерге, олардың санаторийлерге және оңалту орталықтарына жол жүруі мен кері қайтуына байланысты шығындарын өтеу үшін, табыстарын есепке алмай, 3 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
      3) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға, қосымша тамақтануға, табыстарын есепке алмай, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
      4) жастарға:
      жүгінгенге дейінгі соңғы он екі айда жан басына шаққандағы орташа табысы Қостанай облысы бойынша белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен (бұдан әрі – ең төменгі күнкөріс деңгейі) төмен отбасылардағы жастарға;
      білім беру гранттарының иелері болып табылатын адамдарды, білім беру ұйымында оқуды төлеуге бағытталған мемлекеттік бюджеттен өзге төлемдерді алушыларды қоспағанда, білім беру ұйымына оқуды төлеуге арналған нақты шығындар бойынша, табыстарын есептемегенде, алғашқы ортадан кейінгі және жоғары білімді алуға байланысты шығындарды өтеу үшін әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын (балалар үйлерінің түлектері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жиырма тоғыз жасқа дейiнгi балалар, көп балалы және толық емес отбасылар) және жергілікті бюджет қаражаты есебінен оқуды жалғастыратын жастарға.
      Әлеуметтік көмек оқу жылы ішінде екі бөлініп аударылатын 400 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерінде төленеді.
      Әлеуметтік көмек оқу үшін төлемі оқудың нақты құны мөлшерінде өз қаражаты есебінен жүргізілген жағдайда көрсетіледі.
      Өтініш берушілер әлеуметтік көмекке білімі туралы құжатты алғанға дейін, бірақ тиісті күнтізбелік жылына бір реттен артық емес рет жүгіне алады.
      5) жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына қайтыс болған күні халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ табысы аз отбасылардың кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;
      6) жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 7 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
      7) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына), табыстарын есепке алмай, 50 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;
      8) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай, табыстарын есепке алмай, 150000 теңге мөлшерде;
      9) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан теңестірілген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңілдіктер мен кепілдіктер жөнінен теңестірілген адамдардың басқа санаттарына, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусымнан бастап - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде көрсетіледі.
      8. Азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:
      1) "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" 2008 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен көзделген негіздемелер;
      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;
      3) жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөрiс деңгейiне еселiк қатынаста белгiлейтiн шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.
      9. Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі Қостанай облысы бойынша бір еселік ең төмен күнкөрiс деңгейi мөлшерде белгіленсін.
      10. Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетілген жағдайлар туындаған күнінен бастап үш айдан кешіктірмей көрсетіледі.
      11. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Мереке күніне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы орган бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.
      13. Ай сайынғы әлеуметтік көмек осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетілген, осы Қағидалардың күшіне енгеніне дейін алған адамдарға алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі. Қайта жүгінген адамдар өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты;
      3) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты ұсынады.
      Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде біржолғы әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе кент, ауыл әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:
      1) жеке басын куәландыратын құжатты;
      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;
      3) Үлгілік қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;
      4) осы Қағидалардың 7-тармағының 4), 5), 6)-тармақшаларында көрсетілген, адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;
      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.
      Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      Оқу төлеміне арналған әлеуметтік көмек үшін халықтың әлеуметтік жағынан осал жіктеріне жататының растайтын құжат.
      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.
      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жібереді.
      17. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.
      18. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдайды.
      19. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі учаскелік комиссиядан құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық топтамасын арнайы комиссияның қарауына ұсынады.
      20. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.
      21. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде төмендегілер негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды:
      табысы есепке алынбай ай сайынғы әлеуметтік көмек тағайындау жағдайында қабылданған құжаттар;
      өмірлік қиын жағдай туындағанда біржолғы әлеуметтік көмекті тағайындау жағдайда қабылданған құжаттар және арнайы комиссияның қорытындысы.
      Осы Қағидалардың 17 және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өтініш берушіден құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      22. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:
      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;
      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;
      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы мөлшерінің ең төмен күнкөріс деңгейінен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.
      24. Әлеуметтік көмек төлемі алушының таңдауы бойынша ол таңдаған екінші деңгейдегі банктің жеке шоттарының деректемелері көрсетілген өтініші негізінде, екінші деңгейдегі банктер арқылы немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
      25. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Рудный қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      26. Әлеуметтік көмек:
      1) алушы қайтыс болған;
      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірлігі шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;
      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;
      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.
      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.
      27. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      28. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерек қорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Мәслихаттың
2016 жылғы 6 маусымдағы
№ 29 шешіміне қосымша

Рудный қалалық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Мәслихаттың "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 25 қыркүйектегі № 198 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 4276 нөмірімен тіркелген, 2013 жылғы 8 қарашада "Рудненский рабочий" қалалық газетінде жарияланған).
      2. Мәслихаттың "Мәслихаттың 2013 жылғы 25 қыркүйектегі № 198 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2014 жылғы 29 сәуірдегі № 272 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 4741 нөмірімен тіркелген, 2014 жылғы 27 мамырда "Рудненский рабочий" қалалық газетінде жарияланған).
      3. Мәслихаттың "Мәслихаттың 2013 жылғы 25 қыркүйектегі № 198 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2015 жылғы 16 қаңтардағы № 349 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 5347 нөмірімен тіркелген, 2015 жылғы 10 ақпанда "Рудненский рабочий" қалалық газетінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады