Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 2016 жылғы 11 тамыздағы № 51 шешімі. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 5 қыркүйекте № 6610 болып тіркелді. Күші жойылды - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 2020 жылғы 13 сәуірдегі № 511 шешімімен.

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 13.04.2020 № 511 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, Қостанай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 5 мамырдан бастап туындаған қатынастарға таратылады.

      Қостанай аудандық мәслихатының
кезектен тыс сессиясының төрағасы
Б. Утебекова
      Қостанай аудандық мәслихаты
хатшысының міндетін атқарушы
А. Аксаутова

      Қостанай ауданы әкімдігінің "Жұмыспен

      қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі"

      мемлекеттік мекемесінің басшысы

      ___________________ В. Панин

      11 тамыз 2016 жыл

      Қостанай ауданы әкімдігінің "Экономика және

      қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің басшысы

      ___________________ З. Кенжегарина

      11 тамыз 2016 жыл

  Мәслихаттың
2016 жылғы 11 тамыздағы
№ 51 шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына, "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекiту туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысына (бұдан әрi - Үлгілік қағидалар) сәйкес әзiрлендi және әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия - өмiрлiк қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтiк көмек көрсетуге үмiткер адамның (отбасының) өтiнiшiн қарау бойынша Қостанай ауданы әкiмiнiң шешiмiмен құрылатын комиссия;

      3) алынып тасталды - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 30.12.2019 № 461 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4) ең төменгі күнкөрiс деңгейi - Қостанай облысындағы статистикалық органдар есептейтiн мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс;

      5) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы - отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмiрлiк қиын жағдай - азаматтың тыныс-тiршiлiгiн объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетiнше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкiлеттi орган - жергiлiктi бюджет есебiнен қаржыландырылатын, әлеуметтiк көмек көрсетудi жүзеге асыратын ауданның халықты әлеуметтiк қорғау саласындағы атқарушы органы;

      9) учаскелік комиссия - әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) халықты жұмыспен қамту орталығы - ауданның жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және "Халықты жұмыспен қамту туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын коммуналдық мемлекеттік мекеме;

      11) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 05.12.2016 № 70 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 01.01.2017 туындаған қатынастарға таратылады); 21.02.2017 № 102 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.04.2019 № 377 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 15.02.2019 бастап туындаған қатынастарға таратылады); 30.12.2019 № 461 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.03.2020 № 495 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органның мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күніне ақшалай нысанда көрсететін көмегі түсініледі.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 30.12.2019 № 461 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 02.03.2020 № 495 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Жеңiс күнi - 9 мамыр мереке күнi болып табылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 30.12.2019 № 461 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Ай сайынғы әлеуметтiк көмек табыстарын есептемегенде:

      1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары және мүгедектеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;

      2) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан теңестiрiлген адамдарға, соғыс қатысушыларына жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жөнінде теңестiрiлген адамдардың басқа санаттарына, тұрмыстық қажеттiлiктеріне, 3 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерде көрсетiледi.

      7. Біржолғы әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайға тап болған келесі азаматтарға, сондай-ақ мереке күніне азаматтардың жекелеген санаттарына:

      1) барлық санаттағы мүгедектерге, табыстарын есепке алмай, жедел емделуге, 50 айлық есептiк көрсеткiштен артық емес мөлшерде;

      1-1) алып тасталды - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 21.02.2017 № 102 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      2) Қазақстан Республикасы оқу орындарында білім алумен байланысты, нақты құны бойынша оқуға ақы төлеу үшін, алғашқы техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі немесе жоғары білім (бұдан әрі - білім), алған тұлғалар санынан, оқу жылы ағымында екі бөлікпен аударылатын 400 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде, мемлекеттік бюджеттен өзге төлемдердің түрлерін алушыларды, білім беру гранттарының иелері болып табылатын адамдарды есептемегенде:

      өтiнiш жасаудың алдындағы соңғы он екi айда жан басына шаққандағы орташа табысы Қостанай облысы бойынша белгiленген ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен (бұдан әрi - ең төменгi күнкөрiс деңгейi) төмен табыстары бар отбасылардың жастарына, сондай-ақ табыстарын есепке алмай, жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен оқуын жалғастыратын халықтың әлеуметтiк жағынан әлсiз топтарына жататын жастарға;

      табыстарын есепке алмай, мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасында ұсынымы бар, барлық санаттағы мүгедектерге;

      3) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға, қосымша тамақтануға, табыстарын есепке алмай, 15 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      4) жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанда, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасынан төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, қайтыс болған күні халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген, қайтыс болған туыстарын, жұбайларын жерлеуге, сондай-ақ табысы аз отбасылардың кәмелетке толмаған балаларын жерлеуге, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерде;

      5) жүгінген тоқсанның алдындағы тоқсанда, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейі шамасынан төмен табыстары бар отбасылардың адамдарына, тұрмыстық қажеттіліктеріне, 7 айлық есептік көрсеткіштен артық емес мөлшерде;

      6) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан зардап шеккен азаматқа (отбасына), табыстарын есепке алмай, 30 айлық есептiк көрсеткiштен артық емес мөлшерде;

      7) Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, табыстарын есепке алмай, 300000 (үш жүз мың) теңге мөлшерде;

      8) жеңiлдiктер мен кепiлдiктер жағынан Ұлы Отан соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне теңестiрiлген адамдарға Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күніне орай, табыстарын есепке алмай:

      қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептелген қалаларда Ұлы Отан соғысы кезiнде қызмет атқарған әскери қызметшiлерге, сондай-ақ бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Совет Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының ерiктi жалдама құрамаларының адамдарына, яки сол кездерде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептелген қалаларда болған адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк баласы (тәрбиеленушiсi) және теңiзшi бала ретiнде болған адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шетелдердiң аумағында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да антифашистiк құрамалар құрамында қатысқан адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Қатынас жолдары халық комиссариаты, Байланыс халық комиссариаты арнайы құрамаларының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтеру құрамының, бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағы Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, Теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз және жолы Бас басқармасының ұшу-көтеру құрамының Ұлы Отан соғысы кезiнде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шептерi, флоттардың оперативтiк аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерiне орай мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында тұтқындалған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      әскери мiндетiн орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан, яки майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдарға 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердiң, геттолардың және басқа да ерiксiз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 100000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен әрi "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылдың 1 қаңтарынан 1951 жылдың 31 желтоқсанына дейiнгi кезеңде Украин Совет Социалистік Республикасы, Беларусь Совет Социалистік Республикасы, Литва Совет Социалистік Республикасы, Латыш Совет Социалистік Республикасы, Эстон Совет Социалистік Республикасы аумақтарында қимыл жасаған халықты қорғаушы истребительдiк батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарында болған, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызмет мiндетiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе зақымдануы салдарынан мүгедек болған адамдарға 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) әскери қызметшiлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жұбайларына 60000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      екiншi рет некеге тұрмаған, қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң әйелдерiне (күйеулерiне), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізушілердің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған, жалпы ауруға шалдығу, еңбекте мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндерiн қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған азаматтардың әйелдерiне (күйеулерiне) 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (әскери қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес Социалистік Республикалар Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға 30000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан теңестірілген басқа да санаттағы адамдарға 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      9) алынып тасталды - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 30.12.2019 № 461 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 7 - тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 05.12.2016 № 70 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 01.01.2017 туындаған қатынастарға таратылады); 21.02.2017 № 102 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.04.2019 № 377 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 15.02.2019 бастап туындаған қатынастарға таратылады); 07.06.2019 № 409 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 09.05.2019 бастап туындаған қатынастарға өз әрекетін таратады); 30.12.2019 № 461 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.03.2020 № 495 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      8. Азаматтарды өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшiн мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздемелер;

      2) табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкiне зиян келтiру не әлеуметтiк мәнi бар аурулардың болуы;

      3) жергілікті өкілді органдар ең төменгі күнкөрiс деңгейiне еселiк қатынаста белгiлейтiн шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.

      9. Жан басына шаққандағы орташа табыстың шегi Қостанай облысы бойынша бiр еселiк ең төмен күнкөрiс деңгейi мөлшерiнде белгіленсін.

      10. Табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан өмiрлiк қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтiк көмек көрсетiлген жағдайлар туындаған күнінен бастап үш айдан кешiктiрiлмей көрсетiледi.

      11. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi.

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Мереке күнiне әлеуметтiк көмек алушылардан өтiнiштер талап етiлмей уәкiлеттi ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергiлiктi атқарушы орган бекiтетін тiзiм бойынша көрсетiледi.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 30.12.2019 № 461 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      13. Ай сайынғы әлеуметтiк көмек осы Қағидалардың 6-тармағында көрсетiлген, осы Қағидалардың күшіне енгеніне дейін алған адамдарға алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі. Қайта жүгінген адамдар өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесін растайтын құжатты;

      3) алынып тасталды -. Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 02.03.2020 № 495 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 02.03.2020 № 495 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      14. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) алынып тасталды -. Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 02.03.2020 № 495 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);

      3) Үлгiлiк қағидалардағы 1-қосымшасына сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәлiметтердi;

      4) осы Қағидалардың 7-тармағының 2), 4), 5)-тармақшаларында көрсетілген адамдардың (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмiрлiк қиын жағдайдың туындағанын растайтын актiнi және/немесе құжатты ұсынады.

      Ескерту. 14-тармаққа өзгерістер енгізілді - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 21.02.2017 № 102 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2019 № 461 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.03.2020 № 495 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      15. Құжаттар салыстырып тексеру үшiн түпнұсқаларда және көшiрмелерде ұсынылады, содан кейiн құжаттардың түпнұсқалары өтiнiш берушiге қайтарылады.

      16. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 30.12.2019 № 461 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      17. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округі әкіміне жібереді.

      Ауылдық округі әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 30.12.2019 № 461 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      18. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетіспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      19. Өтiнiш берушiнің қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету туралы шешiм қабылдайды.

      20. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 30.12.2019 № 461 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      21. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      22. Уәкiлеттi орган өтiнiш берушiнiң әлеуметтiк көмек алуға қажеттi құжаттарын тiркеген күннен бастап сегiз жұмыс күнi iшiнде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындысының негiзiнде әлеуметтiк көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 18 және 19-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - Қостанай облысы Қостанай ауданы мәслихатының 30.12.2019 № 461 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      23. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда - негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.

      24. Әлеуметтiк көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтiнiш берушi ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы мөлшерінің ең төмен күнкөріс деңгейінен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      25. Әлеуметтік көмек төлемі алушының таңдауы бойынша ол таңдаған екінші деңгейдегі банктің жеке шоттарының деректемелері көрсетілген өтініші негізінде, екінші деңгейдегі банктер арқылы немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы бар ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.

      26. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Қостанай ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      27. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      28. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      29. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректер қорын пайдалана отырып жүргізеді.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады