Тимирязев ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 2016 жылғы 27 сәуірдегі № 2/4 шешімі. Солтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 26 мамырда N 3768 болып тіркелді. Күші жойылды - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 50/3 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 23.12.2020 № 50/3 (алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) шешімімен

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 2-3-тармағына сәйкес, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысын басшылыққа ала отырып, Тимирязев аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Тимирязев ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. "Тимирязев ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" Тимирязев аудандық мәслихатының 2015 жылғы 29 мамырдағы № 37/1 (2015 жылғы 30 маусымда нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3289 болып тіркелді, 2015 жылғы 11 шілдеде "Көтерілген тың" аудандық газетінде, 2015 жылғы 11 шілдеде "Нива" аудандық газетінде жарияланды) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихаттың
ІІ сессиясының төрағасы
Ж. Жантоқов
      Аудандық мәслихаттың
хатшысы
С. Мұстафин

      "КЕЛІСІЛДІ"
Солтүстік Қазақстан
облысының әкімі      Е. Сұлтанов
2016 жылғы 05 мамыр

  Аудандық мәслихаттың 2016 жылғы 27 сәуірдегі № 2/4 шешімімен бекітілген

Тимирязев ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына (бұдан әрі – Үлгілік қағидалары) сәйкес әзірленді және өмірлік қиын жағдай туындаған кезде Тимирязев ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындау тәртібін анықтайды.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – облыстағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      7) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      8) уәкілетті орган – "Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі";

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін ауылдық округ әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы мәслихатының 06.03.2017 № 11/4 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.04.2018 № 23/6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.10.2019 № 39/2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      3. Осы Қағидалар Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының аумағында тұрақты тұратын тұлғаларға қолданылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 27.04.2018 № 23/6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде, "Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі арқылы Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкімдігімен берілетін, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы мәслихатының 06.03.2017 № 11/4 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңының 17-бабында және Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 13 сәуірдегі "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Заңының 16-бабында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 17.09.2020 № 48/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      6. Атаулы күндердің, мереке күндерінің тізбесі, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі және мөлшері осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес белгіленеді.

      Атаулы күндер мен мереке күндерге әлеуметтік көмек мөлшері Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің келісуі бойынша бір жолғы мөлшерде белгіленеді.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 23.10.2019 № 39/2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 05.03.2020 № 43/1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      7. Учаскелік және арнайы комиссия өз қызметтерін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бекітілетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмек мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      8. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдерін ауданның жергілікті атқарушы органы белгілейді және осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес бекітіледі.

      9. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу және адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу үшін негіздемелердің түпкілікті тізбесі осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес бекітіледі.

      Арнайы комиссия әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарған кезде азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін негіздемелер тізбесін басшылыққа алады.

      10. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

      11. Әлеуметтік көмек азаматтарға осы Қағидаларға 3-қосымшаның 1)-13) тармақшаларында көрсетілген негіздемелер бойынша адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысын ескере отыра, 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жылына бір рет көрсетіледі.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 21.04.2020 № 45/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      12. Әлеуметтік көмек азаматтарға (отбасына) осы Қағидаларға 3-қосымшаның 14) тармақшасында көрсетілген негіздеме бойынша кірістер есебінсіз, адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын ескере отыра 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көрсетіледі.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 05.03.2020 № 43/1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 21.04.2020 № 45/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

      13. Әлеуметтік көмек осы Қағидаларға 3-қосымшаның 15) тармақшасында көрсетілген негіздеме бойынша кірістер есебінсіз, кезектілік ретімен ұсынылған шот-фактураға сәйкес тіс протездеу құны мөлшерінде (бағалы металлдар мен металл керамикадан, металл акрилден жасалған протездерден басқа) 3 жылда бір рет көрсетіледі.

      14. Әлеуметтік көмек осы Қағидаларға 3-қосымшаның 16) тармақшасында көрсетілген негіздеме бойынша кірістер есебінсіз, кезектілік ретімен санаторлық-курорттық емделу құны мөлшерінде, бірақ 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштен аспайтындай, жылына бір рет көрсетіледі.

      15. 15. Әлеуметтік көмек осы Қағидаларға 3-қосымшаның 17) тармақшасында көрсетілген негіздеме бойынша кірістер есебінсіз, 6 (алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайын көрсетіледі.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 21.04.2020 № 45/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      16. Әлеуметтік көмек осы Қағидаларға 3-қосымшаның 18) тармақшасында көрсетілген негіздеме бойынша кірістер есебінсіз, 6 (алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ай сайын көрсетіледі.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 15.06.2017 № 13/6 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      16-1. Алып тасталды - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 17.09.2020 № 48/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      16-2. Осы Қағидалардың 3-қосымшасының 20) тармақшасында көрсетілген негіздеме бойынша әлеуметтік көмек кезектілік тәртібімен, кірістерді ескерусіз, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жөнелту станциясынан емдеуге жатқызу орнына дейін баруға және кейін темір жол (плацкартты вагон), автомобиль жолаушылар көлігімен қайтуға (таксиден басқа) жол жүру құны мөлшерінде жылына бір рет ұсынылады.

      Ескерту. Қағида 16-2-тармақпен толықтырылды - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 20.06.2019 № 35/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      16-3. Әлеуметтік көмек осы Қағидаларға 3-қосымшаның 20) тармақшасында көрсетілген негіздеме бойынша кірістер есебінсіз, екі еселік ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде ай сайын көрсетіледі.

      Ескерту. Қағида 16-3-тармақпен толықтырылды - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 21.04.2020 № 45/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 17.09.2020 № 48/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      17. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкімдігімен бекітілетін тізім бойынша көрсетіледі.

      18. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауыл, ауылдық округтің әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты

      2) Үлгілік қағидаларының 1-қосымшасына сәйкес адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;

      3) адамның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтерді;

      4) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 17.09.2020 № 48/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      19. Құжаттар салыстырып тексеру үшін түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      20. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      21. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларының 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      22. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда уәкілетті орган әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарауға қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      23. Өтініш берушінің қажетті құжаттарды олардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда уәкілетті орган тиісті мәліметтерді қамтитын өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың деректері негізінде әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім қабылдайды.

      24. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарастыруына ұсынады.

      25. Арнайы комиссия құжаттар келіп түскен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      26. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 22 және 23-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      27. Уәкілетті орган шешім қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      28. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдай туындаған күннен бастап алты айдан кешіктірмей ұсынылады.

      29. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) өтініш беруші адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      30. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмек төлемі екінші деңгейдегі банктер арқылы өтініш берушілердің дербес шоттарына сомаларды уәкілетті органдардың аударуы жолымен жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      31. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Тимирязев ауданының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      32. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

5. Қорытынды ереже

      33. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Тимирязев ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларына 1-қосымша

Атаулы күндердің, мереке күндерінің тізбесі, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі және мөлшері

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 23.10.2019 № 39/2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 05.03.2020 № 43/1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 21.04.2020 № 45/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

р/б

Әлеуметтік көмектің атаулы күндерінің, мереке күндерінің және алушылар санаттарының атауы

Әлеуметтік көмек көрсетудің еселігі және мөлшері

1

2

3

15 ақпан – "Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні"

1

Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы үкімет органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан – Совет Армиясының, Әскери-Теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілері, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Ішкі істер министрлігінің қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса есептегенде); жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүріп жатқан кезде Ауғанстанға жіберілген әскери міндеттілер; ұрыс қимылдары жүріп жатқан осы елге жүк жеткізу үшін Ауғанстанға жіберілген автомобиль батальондарының әскери қызметшілері; бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшілері; Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яғни ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдерімен марапатталған жұмысшылар мен қызметшілер

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

2

Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау кезінде, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа уақытта орындау кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери міндетін өтеу кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

3

Басқа елдерде қимыл жасаған әскер құрамдарына қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргiзу кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан мүгедек болған тиiстi санаттағы жұмысшылар мен қызметшiлер

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

4

Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

5

1979 жылдың 1 желтоқсаны мен 1989 жылдың желтоқсаны аралығында Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүріп жатқан басқа да мемлекеттерге жұмысқа жіберілген жұмысшылар мен қызметшілер

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

6

Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Мемлекет қауiпсiздiгi комитетiнiң Ауғанстанда уақытша болған және совет әскерлерiнiң шектелген құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерi 

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

8 наурыз – "Халықаралық әйелдер күні"

1

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен, I, II дәрежелі "Ана Даңқы" ордендерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналар

Жылына 1 (бір) рет – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш

2

Құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы отбасылары

Жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш

26 сәуір – "Чернобыль атом электрстанциясындағы апатты еске алу күні"

1

1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдар

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

2

Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдар, сондай-ақ ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуы себебiнен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балалары

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

3

Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

4

Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынаулардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың, немесе өлiмi белгiленген тәртiппен солардың ықпалына байланысты болған мүгедектердiң, сондай-ақ азаматтардың отбасылары

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

5

1988-1989 жылдардағы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысқан, қоныс аудартқан күнi анасының құрсағындағы балаларды қоса алғанда оқшаулау аймағынан Қазақстан Республикасына қоныс аудартқан (өз еркiмен көшкен) адамдар

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

7 мамыр – "Отан қорғаушы күні"

1

Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Қорғаныс министрлiгiне, iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарына әскери мiндетiн өтеу жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi сақтау жөнiндегi тапсырмаларды орындау барысында қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасылары

Жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш

2

Бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасылары

Жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш

9 мамыр – "Жеңіс күні"

1

Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 1 000 000 (бір миллион) теңге

2

Қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептелген қалаларда Ұлы Отан соғысы кезiнде қызмет атқарған әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 100 000 (жүз мың) теңге

3

Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық қызмет атқарған Совет Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының ерiктi жалдама құрамаларының адамдары, яғни сол кездерде қорғанысына қатысу майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерi үшiн белгiленген жеңiлдiк шарттарымен зейнетақы тағайындау үшiн еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн есептелетiн қалаларда болған адамдар

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 100 000 (жүз мың) теңге

4

Ұлы Отан соғысы кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк баласы (тәрбиеленушiсi) және теңiзшi бала ретiнде болған адамдар

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 100 000 (жүз мың) теңге

5

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шетелдердің аумағында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да антифашистiк құрамалар құрамында қатысқан адамдар

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 100 000 (жүз мың) теңге

6

Қатынас жолдары халық комиссариаты, Байланыс халық комиссариаты арнайы құрамаларының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтеру құрамының, бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, Теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы Бас басқармасының ұшу-көтеру құрамының Ұлы Отан соғысы кезiнде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шептерi, флоттардың оперативтік аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерiне орай мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында тұтқындалған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелері

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 100 000 (жүз мың) теңге

7

Қоршаудағы кезеңiнде Ленинград қаласының кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен әрi "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен марапатталған азаматтар

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 60 000 (алпыс мың) теңге

8

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер және олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 100 000 (жүз мың) теңге

9

Әскери мiндетiн орындау кезiнде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан, яғни майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде әскери мiндетiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамындағы адамдар

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 100 000 (жүз мың) теңге

10

1944 жылдың 1 қаңтарынан 1951 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде Украин Кеңестік Социалистік Республикасы, Белорусь Кеңестік Социалистік Республикасы, Литва Кеңестік Социалистік Республикасы, Латыш Кеңестік Социалистік Республикасы, Эстон Кеңестік Социалистік Республикасы аумақтарында қимыл жасаған халықты қорғаушы истребительдік батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлері мен командалық құрамы қатарында болған, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызмет міндетін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе зақымдануы салдарынан мүгедек болған адамдар

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 60 000 (алпыс мың) теңге

11

Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе қорғанысының объектiлердi өзiн-өзi қорғау топтары мен авариялық командаларының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдерi мен ауруханаларында қаза тапқан қызметкерлердiң отбасылары

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 30 000 (отыз мың) теңге

12

Екiншi рет некеге тұрмаған, қайтыс болған соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген мүгедектердiң әйелдерi (күйеулерi), сондай-ақ қайтыс болған соғысқа қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізушілердің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен марапатталған, жалпы ауруға шалдығу, еңбекте мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндерiн қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған азаматтардың әйелдерi (күйеулерi)

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 30 000 (отыз мың) теңге

13

Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдерімен марапатталған адамдар

2020 жылғы 9 мамырды қоспағанда, жылына 1 (бір) рет – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2020 жылғы 9 мамырға 30 000 (отыз мың) теңге

14

1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс істеген (әскери қызмет өткерген), соғыс жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi және мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерiмен және медальдерiмен марапатталмаған және Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілмеген адамдар

2020 жылғы 9 мамырға 30 000 (отыз мың) теңге

31 мамыр – "Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын
еске алу күні"

1

Бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы аумағында саяси қуғын-сүргіндерге тікелей ұшыраған және қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын адамдар

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

2

Қазақстан Республикасының қазiргi аумағында өздерiне қуғын-сүргiндер қолданылғанға дейiн тұрақты өмiр сүрген адамдар мына төмендегi:
а) бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағынан тысқары жерлерде қуғын-сүргiндердi кеңес соттары мен басқа да органдардың қолдануы;
б) екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезiнде (жай адамдар мен әскери қызметшiлердi) тұрақты армия әскери трибуналдарының айыптауы;
в) Қазақстаннан тысқары жерлерде әскери қызмет атқару үшiн шақырылғаннан кейiн қуғын-сүргiндердiң қолдануы;
г) қуғын-сүргiндердi орталық одақтық органдар: Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Жоғарғы Соты мен оның сот алқаларының, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Айрықша бас саяси Басқарма алқасының, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Iшкi iстер халық комиссариаты – Мемлекет Қауiпсiздiгi министрлiгi – Iшкi iстер министрлiгi жанындағы айрықша кеңестiң, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы Прокуратурасы мен Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы iшкi iстер халық комиссариатының Тергеу Iстерi жөнiндегi комиссиясының және басқа органдар шешiмдерi бойынша қолдануы;
д) Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндердің қолданылуы жағдайларында танылады

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

3

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы мемлекеттiк өкiметтiң жоғары органдарының құжаттары негiзiнде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуға ұшыраған адамдар

Жылына 1 (бір) рет – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш

4

Ата-аналармен немесе олардың орнындағы адамдармен бiрге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары, сондай-ақ қуғын-сүргiн кезiнде он сегiз жасқа толмаған және оның қолданылуы нәтижесiнде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргiндер құрбандарының балалары

Жылына 1 (бір) рет – 7 (жеті) айлық есептік көрсеткіш

30 тамыз – "Қазақстан Республикасының Конституциясы күні"

1

Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдар, облыстық маңызы бар дербес зейнеткер мәртебесіне ие зейнеткерлер, облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматтары

Жылына 1 (бір) рет – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш


  Тимирязев ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларына 2-қосымша

Алушылар санатының тізбесі, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері, оның еселігі, табиғи зілзала немесе өрт салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдері

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 27.04.2018 № 23/6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мəслихатының 21.04.2020 № 45/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімдерімен.

р/б

Табиғи зілзала немесе өрт салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алушылар санаттары

Әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлері және оның еселігі

Табиғи зілзала немесе өрт салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдері

1

Табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен немесе мүліктік залал тартқан азаматтар (отбасылар)

100 ең төменгі есептік көрсеткішке дейін, біржолғы

Өмірлік қиын жағдай туындаған күннен 6 айдан кешіктірмей


  Тимирязев ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларына 3-қосымша

Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу және адамның (отбасының) материалдық-тұрмыстық жағдайына тексеру жүргізу үшін негіздемелердің түпкілікті тізбесі

      Ескерту. 3-қосымша жаңа редакцияда - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 17.09.2020 № 48/5 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1) жетiмдiк;

      2) ата-ана қамқорлығының болмауы;

      3) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның iшiнде девиантты мiнез-құлық;

      4) туғанынан бастап үш жасқа дейiнгi балалардың ерте психофизикалық даму мүмкiндiктерiнiң шектелуi;

      5) дене бітімі және (немесе) ақыл-ой мүмкiндiктерiне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы;

      6) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауiп төндiретiн аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінiң шектелуі;

      7) жасының егде тартуына байланысты, бұрынғы ауруы және (немесе) мүгедектiгi салдарынан өзiне-өзi күтiм жасай алмауы;

      8) әлеуметтiк бейiмсiздiкке және әлеуметтiк депривацияға алып келген қатыгездікпен қарауы;

      9) баспанасыздық (белгiлi бiр тұрғылықты жерi жоқ адамдар)

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы;

      11) пробация қызметінің есебінде болуы;

      12) кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;

      13) адамның (отбасының) ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысының болуы;

      14) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне залал келуі;

      15) Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңының 4, 5 және 6-баптарында көрсетілген Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, сондай-ақ жеңiлдiктер жағынан Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестiрiлген адамдардың тіс протездеуге мұқтаждығы;

      16) Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңының 4, 5 және 6 баптарында көрсетілген Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, сондай-ақ жеңiлдiктер жағынан Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестiрiлген адамдардың Қазақстан Республикасының санаторийлерінде және профилакторийлерінде санаторлық-курорттық емделуге мұқтаждығы;

      17) Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңының 4-бабында көрсетілген Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу үшін шығынның орнын толтыруға мұқтаждығы;

      18) амбулаторлық емделуде жатқан азаматтарда туберкулездің белсенді түрінің болуы;

      19) Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы "Ардагерлер туралы" Заңының 4, 5 және 6 баптарында көрсетілген Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне жеңілдіктер жағынан теңестірілген адамдардың, Семей ядролық полигоны аймағында зардап шеккен адамдардың, жалпы аурулардың 1, 2, 3 топтағы мүгедектерінің, мүгедек балалардың және мүгедек балаларды ертіп жүретін азаматтардың, теміржол көлігімен, автомобиль жолаушылар көлігімен (таксиден басқа) осы көлік құралдарының біреуінің шығу станциясынан Қазақстан Республикасының аумағы бойынша госпитализация орнына дейін баруға және кейін қайтып келуге мұқтаждығы;

      20) денсаулық сақтау мекемесінен анықтама ұсынуымен, адамның иммун тапшылығы вирусымен (АИТВ) ауру-сырқаты бар балалардың үнемі күтім және қосымша күшейтілген тамақтануға мұқтаждығы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады