Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы мәслихатының 2016 жылғы 31 наурыздағы № 14 шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2016 жылғы 25 сәуірде № 4517 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық мәслихатының 2018 жылғы 28 наурыздағы № 183 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық мәслихатының 28.03.2018 № 183 шешімімен (алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес Ұлан ауданының мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары" бекітілсін.
      2. Ұлан аудандық мәслихатының 2014 жылғы 30 маусымдағы № 195 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешімінің күші жойылды деп танылсын (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 3415 нөмірімен тіркелген, "Ұлан таңы" газетінің 2014 жылы 05 тамызда № 63 санында жарияланған).
      3. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы А. Бережной
      Аудандық
      мәслихаттың хатшысы О. Сыдыков

  Ұлан аудандық мәслихатының
2016 жылғы 31 наурыздағы
№ 14 шешімімен бекітілді

Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - Шығыс Қазақстан облысы Ұлан аудандық мәслихатының 30.03.2017 № 88 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi).

1. Жалпы қағидалар

      1. Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларында (бұдан әрі – Қағидалар) пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани және мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ұлан ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистикалық органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесi;

      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Ұлан ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы – "Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы" Департаментінің Ұлан аудандық бөлімшесі;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін ауылдық, кент округтері әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      2) Осы Қағидалардың мақсаттары үшiн әлеуметтiк көмек ретiнде Ұлан ауданының жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрi – алушылар) өмiрлiк қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндерiне ақшалай нысанда көрсететiн көмек түсiнiледi.

      3. Осы Қағидалар ауданның аумағында тіркелген тұлғаларға таралады.

      4. Адамға (отбасына) әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

      5. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітетін қағидалардың негізінде жүзеге асырады.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау, әлеуметтік көмектің мөлшерлерін және жан басына шаққандағы орташа табыстың шегін белгілеу тәртібі

      6. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдерін Ұлан ауданының әкімдігімен белгіленеді және Ұлан аудандық мәслихатының шешімімен бекітіледі.

      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру, не әлеуметтік мәні бар аурудың болуы;

      3) Ұлан аудандық мәслихатымен белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы негіздеме болып табылады.

      7. Әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесі:

      1) жетімдік;

      2) ата-ананың қамқорлығынсыз қалу;

      3) кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девианттық мінез-құлық;

      3-1) кәмелетке толмағандардың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы;

      4) үш жасқа дейінгі балалардың туғаннан бастапқы психофизикалық дамуы мүмкіндіктерінің шектелуі;

      5) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктеріне байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы;

      6) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі;

      7) жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      8) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соқтырған қатыгездік;

      9) баспанасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босау;

      11) пробация қызметінің есебінде болу негіздері бойынша өмірлік қиын жағдайда деп танылуы мүмкін.

      8. Адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табыстың шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселік мөлшерінде белгіленсін.

      9. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      10. Табыстарын есептеусіз ай сайынғы әлеуметтік көмек туберкулездің белсенді түрімен ауыратын және амбулаториялық емделуде тұрған азаматтарға, жол жүрулеріне және қосымша азықтарына – 6 АЕК (алты айлық есептік көрсеткіш) мөлшерінде берілсін.

      Атаулы күндер мен мереке күндеріне бір реттік әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:

      1) 15 ақпан - Ауғанстан аумағынан әскерлерді шығару күні, интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні, жеңілдіктер мен кепілдіктер жағынан Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және мүгедектеріне теңестірілген тұлғаларға:

      басқа мемлекеттердiң аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар, атап айтқанда: бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес, басқа мемлекеттер аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан - Совет Армиясының, Әскери-Теңiз флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң қатардағы және басқарушы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса есептегенде);

      жаттығу жиындарына шақырылып, ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезде Ауғанстанға жiберiлген әскери мiндеттiлер;

      ұрыс қимылдары жүрiп жатқан осы елге жүк жеткiзу үшiн, Ауғанстанға жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмаларды орындау үшiн, ұшулар жасаған ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;

      Ауғанстандағы кеңес әскери құрамына қызмет көрсеткен, жараланған, контузия алған немесе зақымданған, яки ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшiн, бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер – 65000 (алпыс бес мың) теңге;

      2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:

      "Алтын алқа" алқасымен, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көп балалы аналарға; "Күміс алқа" алқасымен марапатталған көп балалы аналарға;

      бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт немесе оданда аса балалары бар көп балалы отбасыларға - 10000 (он мың) теңге;

      3) 26 сәуір - Халықаралық радиациялық авариялар мен апаттар құрбандарын еске алу күні;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электростанциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ, ядролық сынақтар мен жаттығуларға тiкелей қатысқан адамдарға - 65000 (алпыс бес мың) теңге;

      1988-1989 жылдары Чернобль атом электростанциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдарға – 5000 (бес мың) теңге;

      Чернобыль АЭС-ындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық қаруды сынаудың салдарынан мүгедек болған адамдарға, сондай-ақ, ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуы себебiнен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балаларына - 24000 (жиырма төрт мың) теңге;

      4) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына – 100000 (жүз мың) теңге;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезеңiнде жараланудың, контузия алудың, зақымданудың немесе ауруға шалдығудың салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 60000 (алпыс мың) теңге.

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі және мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдерімен наградталғандарға – 15000 (он бес мың):

3. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша жергілікті атқарушы органдар бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      12. Туберкулездің белсенді түрімен ауыратын және амбулаториялық емделуде тұрған азаматтарға ай сайынғы әлеуметтік көмек туберкулезге қарсы диспансердің бірінші басшысымен бекітілген, диспансердің тізімі бойынша көрсетіледі.

      13. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін, өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округтың әкіміне өтінішке қоса мынадай құжаттарды:

      1) жеке басын куәландыратын құжатты;

      2) тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын құжатты;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Үлгілік Қағидаларының 1 қосымшасына сәйкес, адамның (отбасының) құрамы туралы мәліметтерді;

      4) адамның (отбасы мүшелерінің) табыстары туралы мәліметтерді;

      5) өмірлік қиын жағдайдың туындағанын растайтын актіні және/немесе құжатты ұсынады.

      Табиғи зiлзаланың немесе өрттiң салдарынан өмiрлiк қиын жағдайға түскен адамдар (отбасылар) өтінішті оқиға болған күннен бастап үш ай ішінде береді.

      14. Құжаттар салыстырып тексеру үшін, түпнұсқаларда және көшірмелерде ұсынылады, содан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      15. Өмірлік қиын жағдай туындап, әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде, уәкілетті орган бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша осы Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Кент, ауыл, ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      17. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда, уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн, қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      18. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда, уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      20. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсетудің қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсетудің қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде, әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 17 және 18-тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе кент, ауыл, ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      22. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтiнiш берушiлер ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн жергілікті өкілді органдар белгiлеген шектен артқан жағдайларда жүзеге асырылады.

      24. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер

      25. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы Ұлан ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткенде;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жібергенде;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      26. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіпте қайтаруға жатады.

5. Қорытынды қағида

      27. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингін және есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады