Сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 30 наурыздағы № 326 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 31 наурызда № 14966 болып тіркелді.

      "Сот-сараптама қызметi туралы" 2017 жылғы 10 ақпандағы Казақстан Республикасы Заңының 12-бабының 24) тармақшасын және "Әділет органдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 3) тармақшасын басшылыққа ала отырып БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілсін.

      2. "Сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссия қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 1200 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14653 болып тіркелген, 2017 жылғы 13 қаңтарда Қазақстан Республикасының Нормативтiк құқықтық актiлерiнiң эталондық бақылау банкiнде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Сараптама қызметін ұйымдастыру департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде орналастыру үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев

  Қазақстан Республикасы
  Әділет Министрінің
2017 жылғы 30 наурыздағы
№ 326 бұйрығымен
бекітілген

Сот-сараптама қызметiн лицензиялау жөнiндегi комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссияның ережесі (бұдан әрі – Комиссия) "Сот-сараптама қызметi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 24-тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. Осы ереже сот-сараптама қызметін лицензиялау жөніндегі комиссиясының қызметін реттейді.

      3. Комиссия және оның құрамы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің (әрі қарай – Министрлік) жанында құрылады.

      4. Комиссия өз жұмысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңын және Қазақстан Республикасының лицензиялау және сот сараптама қызметі саласындағы өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

      5. Комиссияның құрамы тақ саннан тұрады (кемінде бес адам). Комиссия төрағасы Сараптама қызметін ұйымдастыру департаментінің директоры немесе оның міндетін атқарушы тұлға болып табылады.

      Комиссия құрамына Сараптама қызметін ұйымдастыру департаментінің, сондай-ақ арнайы ғылыми білімі, ғылыми дәрежесі немесе осы салада кемінде бес жыл ғылыми-сараптамалық жұмыс тәжірибесі бар Министрліктің сот-сараптама органдарының өкілдері кіреді.

      Біліктілік талаптарына сәйкес келмегені үшін немесе заңнама талаптарын бұзғаны үшін сот-сараптама қызметімен айналысу лицензиясының қолданылуы тоқтатыла тұратын, тоқтатылатын жағдайда, Комиссия құрамына қосымша Сот сарапшылары палатасының Төрағасы, сондай-ақ қызметтің көрсетілген түрі бойынша сәйкес мамандығы бар сот сарапшысы қосылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің м.а. 05.03.2020 № 88 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Комиссияның негізгі міндеттері өтініш иесінің лицензиятқа қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін анықтау, сондай-ақ Әділет министрлігінің бұйрығында көзделген өзге де міндеттерді орындау болып табылады.

      7. Комиссия өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес келесі функцияларды жүзеге асырады:

      1) ұсынылған материалдардың негізінде жеке адамға сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензияны беру, әрекетін тоқтата тұру, сондай-ақ қайта жалғастыру және тоқтату туралы шешім қабылдайды;

      2) заңның 14-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда, сот-сараптама қызметімен айналысуға арналған лицензиядан айыру Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің талап-арызы бойынша сот тәртібінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Лицензиялау бойынша комиссияның өкілеттілігі

      8. Комиссияның төрағасы:

      1) отырысты шақырады;

      2) Комиссияның қызметіне жалпы басшылық жасайды;

      3) Комиссияның отырыстарында төрағалық етеді.

      Комиссия төрағасы болмаған жағдайда (іссапар, еңбекке уақытша жарамсыз, демалыс) оның міндетін Комиссия құрамының бекітілген тізімі бойынша бірінші тұрған Комиссия төрағасының орынбасарларының бірі, ол болмаған жағдайда тізім бойынша келесісі атқарады.

      9. Комиссия мүшелері:

      1) лицензияны алуға ұсынылғанған материалдармен танысады;

      2) лицензияны беруге, тоқтатуға, жалғастыруға немесе тоқтатуға шешім шығарады;

      3) Комиссия отырысында шешілуге тиіс сұрақтарды қарайды және тиісті шешім қабылдайды.

      10. Егер Комиссия мүшесі:

      1) лицензиар туысқаны болса;

      2) үмiткерге лицензия беру нәтижесiне жеке, тiкелей немесе жанама мүдделi немесе оның риясыздығына негiздi күмән туғызатын өзге де мән-жайлар болса қарсылық білдіруге жатады.

      11. Осы ереженің 10-тармағында аталған мән-жайлар болған жағдайда Комиссия мүшесi өзіне-өзі қарсылық білдіреді.

      Өзіне-өзі қарсылық білдірмеген жағдайда, отырысқа қатысушы Комиссия мүшелері не үміткер қарсылық білдіреді.

      12. Бас тарту және қарсылық ұсынылған құжаттарды қарағанға дейiн де, ұсынылған құжаттарды қарау барысында да жариялауға болады.

      13. Комиссия мүшесiнiң өзіне-өзі қарсылық бiлдiру туралы шешiмді Комиссия отырысқа қатысатын оның мүшелерiнiң көпшілiк дауысымен жазбаша нысанда қабылдайды және Комиссия мүшесi болған кезде жариялайды.

      14. Қарсылық білдіруді қанағаттандыру немесе одан бас тарту туралы шешiм шағымдануға жатпайды.

      15. Комиссия мүшелерiнің қатысу жөнiндегi өз өкiлеттiктерiн басқа адамдарға беруге құқығы жоқ.

      16. Комиссияның хатшысы:

      1) Комиссия отырысының күні мен өтетін орны жайында комиссияның мүшелеріне хабарлайды;

      2) қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды қамтамасыз етеді, хаттама жүргізеді және Комиссия отырысының шешімдерін оны өткізгеннен кейін ресімдейді.

      Комиссия хатшысы Комиссия мүшесі болып табылмайды.

      17. Комиссия шешімі лицензиялауға ұсынылған құжаттардың, Комиссия мүшелерінің қатысып отырған санының қарапайым басым көпшілігінің ашық дауыс беру арқылы қорытынды беруінің негізінде қабылданады және оны төрағалық етуші хабарлайды.

      Дауыстардың саны тең болған жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      18. Комиссия отырысы хаттамаланады, отырысты өткізу нәтижесі бойынша Комиссия отырысының хаттамасына Комиссия төрағасы, Комиссия төрағасының орынбасары, Комиссия мүшелері және Комиссия хатшысы қол қояды.

      19. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда Комиссия мүшесі өз пікірін жазбаша түрде баяндауға құқылы, ол отырыс хаттамасына тіркеледі.

      20. Комиссия отырысы қажеттілігіне қарай өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің кемінде бес мүшесі қатысқан жағдайда заңды деп есептеледі.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Әділет министрінің 05.06.2018 № 891 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес ұсынылған құжаттардың толық болмауы және/немесе Біліктілік талаптарына сәйкес келмеуі фактісі анықталған жағдайда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сараптама қызметін ұйымдастыру департаменті екі жұмыс күні ішінде өтінішті одан әрі қараудан уәжді түрде бас тартады.

      22. Комиссия шешіміне уәкілетті органға, сондай-ақ сотқа шағымдана алады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады