Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия туралы ережені айқындау туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 19 мамырдағы № 322 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 15 маусымда № 15220 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 12 қаңтардағы № 23 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы министрінің 12.01.2018 № 23 (алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2017 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы" 2010 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 179-бабы 1-тармағына және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 671-бабы 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық және кеден заңнамасы департаменті (Ж.Д. Іңкәрбаев) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін баспа және электронды түрде, қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына ресми жариялауға жіберілуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2017 жылғы 19 мамырдағы
№ 322 бұйрығымен
бекітілген

Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы ереже "Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы" 2010 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кеден ісі туралы кодекс) 179-бабы 1-тармағына және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 671-бабы 1-тармағына сәйкес әзірленген және Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) қызметін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Комиссия өз қызметінде Конституцияны, Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы келісімшартпен, Кеден ісі туралы кодексті, Салық кодексін және Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілерін және өзге де құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.

      3. Осы ереженің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:

      жұмыс органы – тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдарды қарауды жүзеге асыратын және Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі;

      уәкілетті орган – салықтардың, кеден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      уәкілетті органның ведомствосы - салықтардың, кеден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақтылы түсуін қамтамасыз ететін уәкілетті органның ведомствосы;

      шағым – уәкілетті органға салық төлеуші (салық агенті) және (немесе) декларант не кеден ісі саласында қызметін жүзеге асыратын адам берген тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағым, сондай-ақ оған қосымша (қосымшалар).

      4. Комиссия құрамына Комиссия Төрағасы, сондай-ақ алты адамнан тұратын Комиссия мүшелері кіреді.

2-тарау. Комиссия жұмысын ұйымдастыру

      5. Уәкілетті органға келіп түскен шағым жұмыс органына қарау үшін жіберіледі.

      6. Жұмыс органы шағым осындай органға келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Комиссия мүшелеріне:

      шағымның;

      салықтық тексеру актісінің және (немесе) көшпелі кедендік тексеру актісінің және (немесе) камералдық кедендік тексеру актісінің;

      тексеру нәтижелері туралы хабарламаның және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның көшірмелерін жібереді.

      Салық төлеуші (салық агенті) және (немесе) декларант не кеден ісі саласында қызметін жүзеге асыратын адам шағымға қосымша материалдарды қоса берген жағдайда Комиссия мүшелері қажет болған кезде мұндай құжаттармен жұмыс органында таныса алады.

      7. Комиссия мүшелері оларға жіберілген материалдарды қарайды және жұмыс органына шағымдалып отырған мәселелер бойынша негіздемелерді қоса өз ұсынымдарын:

      мониторингке жататын ірі салық төлеушілер болып табылатын тұлғалардың шағымдары бойынша, - жұмыс органы материалдарды жіберген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей;

      салық төлеушілердің басқа санаттарына жататын тұлғалардың шағымдары бойынша, - жұмыс органы материалдарды жіберген күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.

      Комиссия мүшелерінің сұранымдары бойынша жұмыс органы осындай Комиссия мүшелеріне шағым қарау үшін қажет, шағым ұсынған тұлғаға қатысты, оның ішінде заңмен қорғалатын құпияға жататын, мәліметтер және (немесе) ақпарат ұсынылады.

      8. Жұмыс органы шағымдалатын мәселелерді зерделейді, сондай-ақ Комиссия мүшелері ұсынған ұстанымдарды талдайды.

      Қажет болғанда жұмыс органы уәкілетті органның ведомствосына туындаған мәселелер бойынша жазбаша нысанда түсініктеме және (немесе) ұстаным беру туралы сұрау салу жібереді.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген сұрау салуға жауапты уәкілетті органның ведомствосы жұмыс органына осындай сұрау салуды алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде береді.

      9. Жұмыс органы шағымдалып отырған мәселелерді, Комиссия мүшелерінің ұстанымдарын және уәкілетті орган ведомствосының жауаптарын зерделеу негізінде Комиссия отырысына шығару үшін материалдар дайындайды.

      10. Осы ереженің 9-тармағында көрсетілген материалдар Комиссия отырысы өткізілгенге дейін Комиссия Төрағасына 1 жұмыс күнінен кешіктірмей танысу үшін ұсынылады.

      11. Комиссия Төрағасының келісімі бойынша жұмыс органы кезекті Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады.

      12. Комиссия отырыстары апта сайын әр бейсенбіде өткізіледі.

      Егер отырысты өткізу күні мереке күніне келетін болса, онда отырыс одан кейінгі жұмыс күніне ауыстырылады.

      Комиссия Төрағасы қажет болған жағдайда отырысты өткізу күнін ауыстыруға құқылы.

      Бұл ретте жұмыс органы Комиссия мүшелерін отырыс күнінің ауыстырылғаны туралы хабарландырады.

      13. Қосымша түсіндірмелер қажет ететін сұрақтар туындаған кезде, отырысқа уәкілетті орган ведомствосының, сондай-ақ нәтижелері шағымдалып жатқан тексеруді жүзеге асырған мемлекеттік кірістер органының бейінді құрылымдық бөлімшелердің өкілдері шақырылады.

      14. Отырысқа жұмыс органының өкілдері қатысады.

      15. Егер отырысқа Комиссия қатысушыларының барлығы келмеген жағдайда, мұндай отырыс кворум болған кезде және уәкілетті орган ведомствосы өкілінің міндетті қатысуы шартында заңды деп есептеледі.

      Комиссия отырысын өткізу мақсатында кворум Комиссия Төрағасын қоса алғанда, дауыс беру құқығы бар Комиссия мүшелері санының жартысынан кем болмау қажет.

      16. Комиссия салықтық, сол сияқты кедендік тексерулер бойынша шағымдарды қараған кезде мүшенің - тиісті бағытқа жетекшілік ететін уәкілетті орган ведомствосы өкілінің қатысуы міндетті шарт болып табылады.

      Аталған Комиссия мүшесінің болмауы тиісті шағымдарды келесі Комиссия отырысына қарау үшін шығаруға негіз болып табылады.

      17. Шағым мәселелері бойынша Комиссияның шешімі отырысқа қатысушылардың (дауыс беру құқығы жоқ, "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі - Комиссия мүшесінен басқа) қарапайым көпшілік дауысымен ашық дауыс берумен қабылданады.

      Дауыс беру Комиссия отырысында осы ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысанда дауыс беру парағын толтыру арқылы жүргізіледі.

      Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия Төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      18. Шағымдалған мәселелерді қарау нәтижелері бойынша Комиссия мынадай шешім түрлерін қабылдайды:

      шағымдалып отырған тексеру нәтижелері туралы хабарламаны және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңды деп тану;

      шағымдалып отырған тексеру нәтижелері туралы хабарламаны және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны толығымен немесе бөлігінде заңсыз деп тану.

      19. Шағымды қарау нәтижелері бойынша Комиссия қабылдаған шешімдер осы ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Апелляциялық комиссия отырысының хаттамасында (бұдан әрі - Хаттама) көрсетіледі.

      20. Комиссия жұмысын ұйымдастырудың басқа мәселелері, Комиссия Төрағасымен бекітілетін, регламентпен айқындалады.

3-тарау. Комиссия отырысының нәтижелерін ресімдеу тәртібі

      21. Хаттаманы жұмыс органы өкілдерінің санынан Комиссия хатшысы жүргізеді.

      Хаттамаға Комиссия Төрағасы, Комиссия хатшысы қол қояды.

      22. Хаттамада:

      отырыс орны мен күні;

      қатысқан Комиссия мүшелерінің, шақырылған адамдардың (болған жағдайда), жұмыс органы өкілдерінің тізімі;

      шағым берген тұлғаның атауы, ЖСН (БСН);

      шағымдалған тексеру нәтижелері туралы хабарламаның және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның нөмірі мен күні;

      шағымдалған хабарламаны шығарған мемлекеттік кірістер органының атауы;

      қабылданған шешім қамтылуы тиіс.

      23. Комиссия отырысында екі және одан да көп шағым бойынша мәселелер қаралған жағдайда әрбір шағым бойынша бөлек хаттама ресімделеді.

      24. Хаттама мен дауыс беру парақтары тиісті шағым материалдарына қосылады.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      25. Кеден ісі туралы кодекстің 177-бабында және Салық кодексінің 669-бабында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган көрсетілген нормаларда көзделген мерзімдерде шағымдарды қараудан бас тартады.

      Бұл ретте, егер Кеден ісі туралы кодекс пен Салық кодексінің жоғарыда көрсетілген баптарында көзделген жағдайлар Комиссия мүшелеріне шағым бойынша материалдар берілгеннен кейін болған жағдайда, жұмыс органы Комиссия мүшелерін жүргізілген бас тарту туралы жазбаша хабарлайды.

      26. Бұрын шағымдалған және шешім шығарылған тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға қайта шағым түскен кезде уәкілетті орган мұндай шағымды қараусыз, Комиссия отырысына шығармай қалдырады.

      27. Егер салық төлеуші (салық агенті) және (немесе) декларант не кеден ісі саласында қызметін жүзеге асыратын адам Кеден ісі туралы кодекстің 175-бабы 5-тармағына және Салық кодексінің 667-бабы 5-тармағына сәйкес шағымын Комиссия мүшелерінің қарауы барысында кері қайтарған жағдайда уәкілетті орган мұндай шағымды Комиссия мүшелерін жазбаша хабарландыра отырып, қараусыз қалдырады.

      28. Комиссия мүшелері өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алған коммерциялық құпияны, қызметтік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпарат жариялауға жатпайды.

      29. Комиссияның шағымдарды қарау бойынша өз уәкілеттігін жүзеге асыруы кезінде оның қызметіне араласуға және Комиссия мүшелеріне қандай да бір ықпал жасауға тыйым салынады.

  Тексеру нәтижелері туралы
хабарламаға және (немесе)
бұзушылықтарды жою туралы
хабарламаға шағымдарды қарау
бойынша апелляциялық
комиссия туралы ережеге
1-қосымша
  нысан

Апелляциялық комиссия мүшелерінің ДАУЫС БЕРУ ПАРАҒЫ

      ___________________________________________

      аты-жөні, лауазымы

      _____________________________ЖСН (БСН) ___________________ шағымы бойынша

      Күні____________

Мәселе №

Мәселе мазмұны

Апелляциялық комиссия мүшесінің шешімі

Қолдаймын

Қолдамаймын









      ____________________

      Қолы

      Ескертпе: тікелей Апелляциялық комиссия отырысында толтырылады және дауыс беру нәтижелерін есепке алу үшін жұмыс органының қызметкерлеріне беріледі.

      "Қолдаймын", "Қолдамаймын" деген бағандарда қабылдаған шешімін негізге ала отырып, қол қойылады.

  Тексеру нәтижелері туралы
хабарламаға және (немесе)
бұзушылықтарды жою туралы
хабарламаға шағымдарды қарау
бойынша апелляциялық
комиссия туралы ережеге
2-қосымша
  нысан

Апелляциялық комиссия отырысының
№ ___ ХАТТАМАСЫ

      ________________                                                      _______________

      (орын)                                                                        (күн)

      Апелляциялық комиссия төрағасы: (көрсетіледі)

      Апелляциялық комиссия мүшелері: (көрсетіледі)

      Апелляциялық комиссия хатшысы: (көрсетіледі)

      ҚАТЫСҚАНДАР:

      шақырылған адамдар(болған кезде): (көрсетіледі)

      жұмыс органының өкілдері: (көрсетіледі)

      _______________________________________________________________________ шағымы

      (шағым берген тұлғаның атауы, ЖСН (БСН), шағымдалып отырған тексеру нәтижелері

      туралы хабарламаның және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаның

      нөмірі мен күні, шағымдалып отырған хабарламаны шығарған мемлекеттік

      кірістер органының атауы көрсетіледі)

      ШЕШІМ:

      ________________________________________________________________________________

      (қабылданған шешім көрсетіледі)

      Апелляциялық комиссия төрағасы: ____________ _____________________________________

      (қолы)                        (аты-жөні)

      Апелляциялық комиссия хатшысы: ____________ _____________________________________

      (қолы)                        (аты-жөні)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады