Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия туралы ережені бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 12 қаңтардағы № 23 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 29 қаңтарда № 16289 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 09.04.2021 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 480-бабы 1-тармағына және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 182-бабы 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 29.09.2021 № 995 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия туралы ереже бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 09.04.2021 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. "Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия туралы ережені айқындау туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 19 мамырдағы № 322 бұйрығының (Нормативті құқықтық актілердің мемлекеттік тізбесінде № 15220 болып тіркелген Қазақстан Республикасының нормативті құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкінде 2017 жылғы 27 маусымда жарияланған) күші жойылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Апелляция департаменті (Қ.И. Миятов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесін баспа және электронды түрде, қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы министрі Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 12 қаңтардағы
№ 23 бұйрығымен
бекітілген

Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия туралы ережені бекіту туралы

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 09.04.2021 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кедендік реттеу туралы кодекс) 480-бабы 1-тармағына және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 182-бабы 1-тармағына сәйкес әзірленген және Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарды қарау бойынша апелляциялық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) қызметін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 29.09.2021 № 995 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Комиссия өз қызметінде 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясын, 2009 жылғы 27 қарашадағы Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты, Кедендік реттеу туралы кодексті, Салық кодексін, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің актілерін және өзге де құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 29.09.2021 № 995 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Осы Ереженің мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) жұмыс органы – Комиссия жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі;

      2) өтініш беруші – шағым берген салық төлеуші (салық агенті) және (немесе) декларант не кеден ісі саласында қызметін жүзеге асыратын адам;

      3) уәкілетті орган – салықтардың, кеден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      4) уәкілетті органның ведомствосы – салықтардың, кеден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық және уақтылы түсуінқамтамасыз ететін уәкілетті органың ведомствосы;

      5) шағым – уәкілетті органға өтініш берушімен берген тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағым, сондай-ақ оған қосымша (қосымшалар).

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 09.04.2021 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Комиссия құрамына Комиссия Төрағасы, сондай-ақ сегіз адамнан тұратын Комиссия мүшелері кіреді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 29.09.2021 № 995 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен. 

2-тарау. Комиссия жұмысын ұйымдастыру

      5. Уәкілетті органға келіп түскен шағым жұмыс органына жіберіледі.

      6. Жұмыс органы шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Комиссия мүшелеріне:

      шағымның;

      салықтық тексеру актісінің және (немесе) көшпелі кедендік тексеру актісінің және (немесе) камералдық кедендік тексеру актісінің;

      тексеру нәтижелері туралы хабарламаның көшірмелерін жібереді.

      Құжаттардың көрсетілген көшірмелері Комиссия мүшелерінің:

      мемлекеттік органдар қызметкерлері болып табылатындарға – мемлекеттік органдардың Интранет-порталындағы бірыңғай электронды пошта жүйесінде;

      мемлекеттік органдар қызметкерлері болып табылмайтындарға - олармен жұмыс органдарына ұсынылған электронды пошта мекен-жайларына жіберіледі.

      Өтініш беруші шағымға қосымша материалдарды қоса берген жағдайда Комиссия мүшелері қажет болған кезде мұндай құжаттармен жұмыс органында таныса алады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 09.04.2021 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6-1. Жұмыс органы өтініш берушінің жазбаша қарсылығының және (немесе) алдын ала шешімге тыңдау хаттамасының көшірмесін өтініш берушіні тыңдау рәсімі аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссия мүшелеріне жібереді.

      Ескерту. Ереже 6-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы министрінің 29.09.2021 № 995 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Комиссия мүшелері оларға жіберілген материалдарды қарайды және жұмыс органына шағымдалып отырған мәселелер бойынша негіздемелерді қоса өз ұсынымдарын, оның ішінде тақырыптық тексеру жүргізу бойынша ұсыныстарын:

      мониторингке жататын ірі салық төлеушілер болып табылатын өтініш берушілер шағымдары бойынша, – жұмыс органы материалдарды жіберген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей;

      салық төлеушілердің басқа санаттарына жататын өтініш берушілер шағымдары бойынша,– жұмыс органы материалдарды жіберген күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады;

      шағымға толықтыру (толықтырулар) бойынша, – жұмыс органы материалдарды жіберген күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.

      Комиссия мүшелерінің сұранымдары бойынша жұмыс органы осындай Комиссия мүшелеріне шағым қарау, шағым ұсынған тұлғаға қатысты, оның ішінде заңмен қорғалатын құпияға жататын, мәліметтер және (немесе) ақпарат ұсынылады.

      7-1. Өтініш берушінің жазбаша қарсылығында және (немесе) алдын ала шешімге тыңдау хаттамасында бұдан бұрын шағымда көрсетілмеген негізді дәлелдер болған кезде, Комиссия мүшелері жұмыс органына өз ұстанымдарын жұмыс органы материалдарды жіберген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынады.

      Ескерту. Ереже 7-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы министрінің 29.09.2021 № 995 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Жұмыс органы шағымдалатын мәселелерді зерделейді, сондай-ақ Комиссия мүшелері ұсынған ұстанымдарды талдайды.

      Қажет болғанда жұмыс органы уәкілетті органның ведомствосына туындаған мәселелер бойынша жазбаша нысанда түсініктеме және (немесе) ұстаным беру туралы сұрау салу жібереді.

      Осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген сұрау салуға жауапты уәкілетті органның ведомствосы жұмыс органына осындай сұрау салуды алған күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде береді.

      9. Жұмыс органы шағымдалып отырған мәселелерді, Комиссия мүшелерінің ұстанымдарын және уәкілетті орган ведомствосының жауаптарын зерделеу негізінде Комиссия отырысына шығару үшін материалдар дайындайды.

      10. Осы ереженің 9-тармағында көрсетілген материалдар Комиссия отырысы өткізілгенге дейін Комиссия Төрағасына 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей танысу үшін ұсынылады.

      11. Комиссия Төрағасының келісімі бойынша жұмыс органы кезекті Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады.

      12. Комиссия отырыстары апта сайын әр бейсенбіде өткізіледі.

      Егер отырысты өткізу күні мереке күніне келетін болса, онда отырыс одан кейінгі жұмыс күніне ауыстырылады.

      Комиссия Төрағасы қажет болған жағдайда бейнеконференцбайланыс арқылы онлайн режимінде отырыс тағайындайды, сондай-ақ отырысты өткізу күнін ауыстырады.

      Бұл ретте жұмыс органы Комиссия мүшелерін отырыс күнінің ауыстырылғаны туралы хабарландырады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 04.08.2020 № 709 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Қосымша түсіндірмелер қажет ететін сұрақтар туындаған кезде, отырысқа уәкілетті орган ведомствосының, сондай-ақ нәтижелері шағымдалып жатқан тексеруді жүзеге асырған мемлекеттік кірістер органының бейінді құрылымдық бөлімшелердің өкілдері шақырылады.

      14. Отырысқа жұмыс органының өкілдері қатысады.

      15. Егер отырысқа Комиссия мүшелерінің барлығы қатыспаған жағдайда, мұндай отырыс кворум болған кезде және уәкілетті орган ведомствосы өкілінің міндетті қатысуы шартында заңды деп есептеледі.

      Комиссия отырысын өткізу мақсатында кворум Комиссия Төрағасын қоса алғанда, дауыс беру құқығы бар Комиссия мүшелері санының жартысынан кем болмау қажет.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 04.08.2020 № 709 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Комиссия салықтық, сол сияқты кедендік тексерулер бойынша шағымдарды қараған кезде, мүшенің - уәкілетті орган ведомствосы өкілінің қатысуы міндетті шарт болып табылады.

      Аталған Комиссия мүшесінің болмауы шағымдарды келесі Комиссия отырысына қарау үшін шығаруға негіз болып табылады.

      Комиссия салықтық, сол сияқты кедендік тексерулер бойынша шағымдарды қараған кезде "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан тиісті бағытқа тәлімгерлік ететін өкілдер қатысады.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 01.06.2020 № 551 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Шағым мәселелері бойынша Комиссияның шешімі отырысқа қатысушылардың қарапайым көпшілік дауысымен ашық дауыс берумен қабылданады.

      "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері өзінің құзыретіне енетін мәселер бойынша (тәлімгерлік ететін бағыт бойынша) ғана дауыс береді.

      Дауыс санау кезінде "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан 1 (бір) дауыс есептеледі.

      Дауыс беру Комиссия отырысында осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес нысанда Апелляциялық комиссия мүшелерінің дауыс беру парағын толтыру арқылы жүргізіледі.

      Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия Төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 01.06.2020 № 551 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17-1. Егер шағым берген салық төлеуші (салық агенті) және (немесе) сыртқы экономикалық қызметке қатысушы Комиссияның осындай мүшесіне жақын туысы (ата-анасы, балалары, асырап алушылар, асырап алынғандар, бірге туған және бірге тумаған аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), атасы, әжесі, немерелері), жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты (ерлі-зайыптылардың аға-інілері, апа-сіңлілері, ата-аналары мен балалары) болып табылса, сондай-ақ егер тікелей немесе жанама мүдделілік (мүдделер қақтығысы) бар болса, онда Комиссия мүшесі шағымды қарамайды және өз ұстанымын білдірмейді, сондай-ақ дауыс беруге қатыспайды.

      Комиссия мүшесі туындаған мүдделер немесе оның туындау мүмкіндігі туралы өзіне белгілі болғаннан дереу Комиссия төрағасын еркін жазбаша нысанда хабардар етеді.

      Ескерту. 17-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы министрінің 04.08.2020 № 709 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Шағымдалған мәселелерді қарау нәтижелері бойынша Комиссия мынадай шешім түрлерін қабылдайды:

      шағым жасалып отырған тексеру нәтижелері туралы хабарлама өзгеріссіз, ал шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын;

      шағым жасалып отырған тексеру нәтижелері туралы хабарламаның толық немесе бір бөлігінің күші жойылсын.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 09.04.2021 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      19. Шағымды қарау нәтижелері бойынша Комиссия қабылдаған шешімдер осы Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Апелляциялық комиссия отырысының хаттамасында (бұдан әрі – Хаттама) көрсетіледі.

      20. Комиссияның басқа да жұмысын ұйымдастыру мәселелері Комиссия Төрағасы бекітілген ережелерімен анықталады.

3-тарау. Комиссия отырысының нәтижелерін ресімдеу тәртібі

      21. Хаттаманы жұмыс органы өкілдерінің санынан Комиссия хатшысы жүргізеді.

      Хаттамаға Комиссия Төрағасы, Комиссия хатшысы қол қояды.

      22. Хаттамада:

      отырыс орны мен күні;

      қатысқан Комиссия мүшелерінің, шақырылған адамдардың (болған жағдайда), жұмыс органы өкілдерінің тізімі;

      шағым берген өтініш берушінің атауы немесе тегі, аты және әкесінің аты (егер ол тұлғаны куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (бизнес–сәйкестендіру нөмірі) (бұдан әрі – ЖСН (БСН));

      шағымдалған тексеру нәтижелері туралы хабарламаның нөмірі мен күні;

      шағымдалған хабарламаны шығарған мемлекеттік кірістер органының атауы;

      қабылданған шешім қамтылуы тиіс.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 09.04.2021 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      23. Комиссия отырысында екі және одан да көп шағым бойынша мәселелер қаралған жағдайда әрбір шағым бойынша бөлек Хаттама ресімделеді.

      24. Хаттама мен дауыс беру парақтары тиісті шағым материалдарына қосылады.

      25. Егер Комиссия отырысы нәтижелері бойынша күн тәртібіне енгізілген шағымды қарау келесі Комиссия отырысына ауыстыру шешімі қаблданған жағдайда аталған шағым бойынша дауыс беру парақтары және Хаттама толтырылмайды.

4-тарау.Қорытынды ережелер

      26. Кедендік реттеу туралы кодекстің 478-бабында және Салық кодексінің 180-бабында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган көрсетілген нормаларда көзделген мерзімдерде шағымдарды қараудан бас тартады.

      Бұл ретте, егер Кедендік реттеу туралы кодекс пен Салық кодексінің жоғарыда көрсетілген баптарында көзделген жағдайлар Комиссия мүшелеріне шағым бойынша материалдар берілгеннен кейін болған кезде, жұмыс органы Комиссия мүшелерін жүргізілген бас тарту туралы жазбаша хабарлайды.

      27. Бұрын шағымдалған және шешім шығарылған тексеру нәтижелері туралы хабарламаға қайта шағым түскен кезде уәкілетті орган мұндай шағымды қараусыз, сондай-ақ Комиссия отырысына шығармай қалдырады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 09.04.2021 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      28. Егер өтініш беруші Кедендік реттеу туралы кодекстің 476-бабы 5-тармағына және Салық кодексінің 178-бабы 5-тармағына сәйкес шағымын Комиссия мүшелерінің қарауы барысында кері қайтарған жағдайда уәкілетті орган мұндай шағымды Комиссия мүшелерін жазбаша хабарландыра отырып, қараусыз қалдырады.

      29. Комиссия мүшелері өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алған коммерциялық құпияны, қызметтік және өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын ақпарат жариялауға жатпайды.

      30. Комиссияның шағымдарды қарау бойынша өз уәкілеттігін жүзеге асыруы кезінде оның қызметіне араласуға және Комиссия мүшелеріне қандай да бір ықпал жасауға тыйым салынады.

  Тексеру нәтижелері туралы
хабарламаға шағымдарды
қарау бойынша апелляциялық
комиссия туралы ережеге
1–қосымша
нысан

Апелляциялық комиссия мүшелерінің ДАУЫС БЕРУ ПАРАҒЫ

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 09.04.2021 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      __________________________________________________________________________
      Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы
      ___________________ шағымы бойынша
      жеке сәйкестендіру нөмірі (бизнес-сәйкестендіру нөмірі) ___________________
      Күні____________

Мәселе №

Мәселе мазмұны

Апелляциялық комиссия мүшесінің шешімі

Қолдаймын

Қолдамаймын









      __________________ Қолы

      Ескертпе: тікелей Апелляциялық комиссия отырысында толтырылады және дауыс беру нәтижелерін есепке алу үшін жұмыс органының қызметкерлеріне беріледі.

      "Қолдаймын", "Қолдамаймын" деген бағандарда қабылдаған шешімін негізге ала отырып, қол қойылады.

  Тексеру нәтижелері туралы
хабарламаға шағымдарды
қарау бойынша апелляциялық
комиссия туралы ережеге
2–қосымша
нысан

Апелляциялық комиссия отырысының № ___ ХАТТАМАСЫ

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 09.04.2021 № 319 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

________________

_______________

(орын)

(күн)

      Апелляциялық комиссия төрағасы: (көрсетіледі) Апелляциялық комиссия мүшелері: (көрсетіледі) Апелляциялық комиссия хатшысы: (көрсетіледі) ҚАТЫСҚАНДАР: шақырылған адамдар (болған кезде): (көрсетіледі) жұмыс органының өкілдері: (көрсетіледі) _______________________________________________________________________шағымы (шағым берген тұлғаның атауы, жеке сәйкестендіру нөмірі (бизнес–сәйкестендіру нөмірі), шағымдалып отырған тексеру нәтижелері туралы хабарламаның нөмірі мен күні, шағымдалып отырған хабарламаны шығарған мемлекеттік кірістер органының атауы көрсетіледі) ШЕШІМ:____________________________________________________________________________ (қабылданған шешім көрсетіледі) Апелляциялық комиссия төрағасы: ______________________________________________________________________________________________________________ (қолы) Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

      Апелляциялық комиссия хатшысы: ______________________________________________________________________________________________________________ (қолы) Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады