"Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 14 қарашадағы № 494 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 1 тамыздағы № 469 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 7 қыркүйекте № 15617 болып тіркелді

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау қағидаларын бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 14 қарашадағы № 494 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9892 болып тіркелген, 2015 жылғы 19 мамырдағы "Егемен Қазақстан" газетінде № 91 (28569) жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау қағидаларында:

      15-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) мемлекеттiк басқару деңгейiне қарай мыналарға:

      республикалық бюджет құрамында бекітілетін республикалық;

      облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері құрамында бекітілетін облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана;

      аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет құрамында бекітілетін аудандық (қалалық);

      республикалық маңызы бар қалалар, астана, облыстық маңызы бар қала бюджеттері құрамында бекітілетін қаладағы ауданның бюджеттік бағдарламалары;

      аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттері құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары болып бөлінеді;

      аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті немесе аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттері құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары болып бөлінеді.

      Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалар, сондай-ақ қаладағы ауданның бюджеттік бағдарламалары және аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары жергілікті бюджеттік бағдарламалар болып табылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті (З.А. Ерназарова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына жіберуді;

      4) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық тұрғындар саны екі мың адамнан асатын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, тұрғындар саны екі мың және одан кем аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының тоғызыншы абзацын қоспағанда, мемлекеттік тіркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Бұл ретте осы бұйрықтың 1-тармағының оныншы абзацы тұрғындар саны екі мыңнан асатын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін, тұрғындар саны екі мың және одан кем аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер үшін 2020 жылғы 1 қаңтарға дейін әрекет етеді.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады