Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау қағидаларын бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 14 қарашадағы № 494 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 21 қарашада № 9892 тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексi 26-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 05.03.2022 № 249 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау қағидалары бекiтiлсiн.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа реакцияда - ҚР Қаржы министрінің 17.07.2024 № 456 (01.09.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау және Қаржы министрлерінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы министрінің 17.07.2024 № 456 (01.09.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Осы бұйрық мемлекеттік тiркелген күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

Министр

Б.Сұлтанов


  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрiнiң
2014 жылғы 14 қарашадағы
№ 494 бұйрығына
1-қосымша

Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 17.07.2024 № 456 (01.09.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Бюджет кодексі) 26-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасын жасау тәртібін айқындайды.

      Қазақстан Республикасының Бiрыңғай бюджеттiк сыныптамасы (бұдан әрi – Бюджеттiк сыныптама) сыныптама объектiлерiне топтамалық кодтар бере отырып, функционалдық, ведомстволық және экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет түсімдерін және шығыстарын топтастыру болып табылады және бюджеттiк сыныптама Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнiң, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының, Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулыларының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның және облыстық маңызы бар қаланың шешімдері негiзiнде жасалады.

      Бюджет кодексінің 27-бабына сәйкес Бюджеттiк сыныптама мыналарды:

      бюджет түсiмдерінің сыныптамасын;

      бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасын;

      бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын қамтиды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) ақпараттық жүйе (бұдан әрі - Жүйе) - бюджет түсімдері мен шығыстарының жаңа түрлерін енгізу, қолданыстағы түрлерін алып тастау немесе өзгерту процестері автоматтандырылатын электрондық түрдегі Бюджеттік сыныптаманы жүргізуге арналған ақпараттық жүйе;

      2) сыныптамалық код - түсiмдердiң, бюджет шығыстарының әрбiр түрi және бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi бойынша, олардың белгiлi бiр сипаттамалары бойынша, түсiмдер сыныптамасының, шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамасының деңгейлерi бойынша жеке бекiтiлетiн цифрлық белгi (топтамалық код).

      3. Бюджеттік сыныптама Жүйеде жүргізіледі.

2-тарау. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы

      4. Барлық деңгейдегi бюджеттер түсiмдерiнiң белгiлi бiр сипаттамалар бойынша осы Қағидалардың 2-тармағының 2) тармақшамен салықтарды, төлемдердi және бюджетке түсетiн басқа да түсiмдердi белгiлейтiн Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен көзделген топтамасы бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы болып табылады.

      Бюджет түсiмдерi сыныптамасының топтамасы мыналардан тұрады:

      түсiмдердiң экономикалық белгiлерi бойынша топтамасын бiлдiретiн санаттар. Санаттың сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады;

      түсiмдердi олардың көздерi мен түрлерi бойынша топтайтын сыныптар. Сыныптың сыныптамалық код 2 белгiден тұрады;

      түсiмдердi олардың көздерi мен түрлерi бойынша неғұрлым егжей-тегжейлi топтайтын кіші сыныптар. Кіші сыныптың сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады;

      төлем түрiн немесе бюджетке түсетiн түсiмдерді айқындайтын ерекшелiктер. Ерекшеліктің сыныптамалық коды 2 белгiден тұрады.

      5. Түсiмдердiң әрбiр түрiнiң түсiмдер сыныптамасының барлық деңгейлерiнiң кодтарынан қалыптасатын алты таңбалы коды болады.

      Бюджет түсімдерінің алуан түрлерi үшiн бiрдей алты таңбалы кодтарды белгiлеуге жол берiлмейдi.

      6. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы мынадай негiзгi санаттарды қамтиды:

      1) 1 "Салықтық түсiмдер";

      2) 2 "Салықтық емес түсiмдер";

      3) 3 "Негiзгi капиталды сатудан түсетiн түсiмдер";

      4) 4 "Трансферттердің түсiмдері";

      5) 5 "Бюджеттiк кредиттердi өтеу";

      6) 6 "Мемлекеттiң қаржы активтерiн сатудан түсетiн түсiмдер";

      7) 7 "Қарыздар түсiмi";

      8) 8 "Бюджет қаражатының пайдаланылатын қалдықтары".

      7. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес құрылым бойынша жасалады.

3-тарау. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы

      8. Бюджет кодексінің 29-бабына сәйкес функционалдық және ведомстволық белгілер бойынша бюджеттік қаражаттың жұмсалу бағыттарын айқындайтын, мемлекет функцияларының орындалуын, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыруды көрсететін барлық деңгейлердегі бюджеттер шығыстарының топтамасы бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы болып табылады.

      Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының топтамасы мынадай деңгейлерден тұрады:

      функционалдық топтар;

      функционалдық кіші топтар;

      бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi;

      бюджеттiк бағдарламалар (кiшi бағдарламалар).

      9. Функционалдық топ елдiң стратегиялық даму басымдықтарына сәйкес келетiн және олардың әрқайсысының айқын мақсатын көрсететiн елдiң негiзгi даму бағыттарын көрсетедi. Функционалдық топтың сыныптамалық коды 2 белгiден тұрады.

      Мемлекеттiк басқару органдары орындайтын функцияларға байланысты бюджет шығыстары мынадай функционалдық топтар бойынша сыныпталады:

      1) 01 "Жалпы сипаттағы мемлекеттiк қызметтер";

      2) 02 "Қорғаныс";

      3) 03 "Қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметі";

      4) 04 "Бiлiм беру";

      5) 05 "Денсаулық сақтау";

      6) 06 "Әлеуметтiк көмек және әлеуметтiк қамсыздандыру";

      7) 07 "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық";

      8) 08 "Мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңiстiк";

      9) 09 "Отын-энергетика кешені және жер қойнауын пайдалану";

      10) 10 "Ауыл, cу, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесiн қорғау, жер қатынастары";

      11) 11 "Өнеркәсiп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi";

      12) 12 "Көлiк және коммуникация";

      13) 13 "Басқалар";

      14) 14 "Борышқа қызмет көрсету";

      15) 15 "Трансферттер";

      16) 16 "Қарыздарды өтеу".

      10. Функционалдық кіші топ функционалдық топ ішіндегі ел дамуының әрбір стратегиялық басымдығы бойынша міндеттер топтарын нақтылайды. Функционалдық кіші топтың сыныптамалық коды 1 белгіден тұрады.

      11. Бюджет кодексінің 31-бабына сәйкес бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi жүктелген функциялар мен өкiлеттiктерге сай айқындалады.

      Орталық атқарушы және өзге орталық мемлекеттік органдар республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері болып табылады, ал жергiлiктi бюджеттiк бағдарламалардың әкiмшiлерi Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың базалық құрылымына және тиісті мәслихат бекітетін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасына сүйене отырып, айқындалады.

      Бюджеттiк бағдарламалардың әрбiр әкiмшiсiне жеке сыныптамалық коды берiледi, ол 3 белгiден тұрады.

      12. Мемлекеттік органның даму жоспарын әзірлейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламасы мемлекеттік органның даму жоспарында айқындалған мақсаттармен өзара байланысқан республикалық бюджет шығыстарының бағытын айқындайды.

      Мемлекеттік органның даму жоспарын әзірлемейтін республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламасы мемлекеттік орган туралы ережеде айқындалған өкілеттіктермен өзара байланысқан республикалық бюджет шығыстарының бағытын айқындайды.

      Жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тиісті даму жоспарында айқындалған мақсаттармен, нысаналы индикаторлармен не мемлекеттік орган туралы ережеде айқындалған өкілеттіктермен өзара байланысқан жергілікті бюджет шығыстарының бағытын айқындайды.

      Бюджеттік бағдарлама сыныптамалық коды 3 белгiден тұрады.

      13. Атаулары бiрдей, оның iшiнде бөлiнетiн бюджеттiк бағдарламаларды орындау кезiнде пайдаланылатын және бiрнеше бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiлерiне бекiтiлген бюджеттiк бағдарламалардың да кодтары бiр және 100-ден бастап 199-ға дейiнгi кодтар бойынша сыныпталады.

      14. Бюджеттік кіші бағдарлама мемлекеттік органның даму жоспарының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсатына және (немесе) бюджеттік бағдарламаның түпкілікті нәтижесіне қол жеткізуге бағытталған бюджет қаражатын жұмсаудың нақты бағыттарын ашады және бюджеттік бағдарламаның функционалдық тобында, функционалдық кіші тобында бекітіледі.

      Әртүрлі көздер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламалар үшін бюджеттік кіші бағдарлама қаржыландыру көздерінің әрқайсысы үшін бөлінеді.

      Бюджеттiк кiшi бағдарламалардың 001-ден 999-ғa дейiнгi сыныптамалық коды болады. Бiрнеше әкiмшiлерге бекiтiлген аттас бюджеттiк кiшi бағдарламалар 001-ден 099 аралығындағы кодтар бойынша жiктеледi.

      Кiшi бағдарлама болмаған жағдайда, 000 сыныптамалық коды көрсетiледi.

      Бюджеттік бағдарламаның (кіші бағдарламаның) 3 (үш) жылдан аз уақыт жабық коды пайдаланылмайды.

      15. Функционалдық топ, функционалдық кiшi топ, бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсi, бюджеттiк бағдарлама және кiшi бағдарлама кодтарынан тұратын әрбiр он екi таңбалы код бюджет шығыстарының барлық функционалдық сыныптамасының бiрегейі болып табылады.

      16. Бюджет кодексінің 33-бабына сәйкес бюджеттiк бағдарламалар мыналарға бөлiнеді:

      1) мазмұнына байланысты мыналарға:

      мемлекеттiк функцияларды, өкiлеттiктердi жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттiк қызметтердi көрсету;

      трансферттер мен бюджеттiк субсидиялар беру;

      бюджеттік кредиттерді беру;

      бюджеттiк инвестицияларды жүзеге асыру;

      күрделi шығыстарды жүзеге асыру;

      мемлекет мiндеттемелерiн орындау;

      нысаналы салым салу;

      нысаналы аударым;

      нысаналы жарна.

      Мемлекеттік органның даму жоспарының немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсатына, бірыңғай түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыру және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсету, күрделі шығыстарды жүзеге асыру, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыру, трансферттер мен бюджеттік субсидиялар беру бойынша шығындар, көрсетілген шығындарды жекелеген кіші бағдарламаларға бөле отырып, бір бюджеттік бағдарламаға біріктірілуі мүмкін;

      2) мемлекеттiк басқару деңгейiне қарай мыналарға:

      республикалық бюджет құрамында бекітілетін республикалық;

      облыстық бюджет, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері құрамында бекітілетін облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана;

      аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет құрамында бекітілетін аудандық (қалалық);

      республикалық маңызы бар қалалар, астана, облыстық маңызы бар қала бюджеттері құрамында бекітілетін қаладағы ауданның бюджеттік бағдарламалары;

      аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер бюджеттері құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары болып бөлінеді;

      аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджеті немесе аудандық (облыстық маңызы бар қала) бюджет құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің бюджеттері құрамында бекітілетін аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары болып бөлінеді.

      Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық (қалалық) бюджеттік бағдарламалар, сондай-ақ қаладағы ауданның бюджеттік бағдарламалары және аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің бюджеттік бағдарламалары жергілікті бюджеттік бағдарламалар болып табылады.

      3) iске асыру тәсiлiне қарай мыналарға:

      бiр әкiмшi iске асыратын жеке бюджеттiк бағдарламалар;

      белгiлi бiр бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бюджеттiк бағдарламаларының құрамында бекiтiлетiн және бюджеттiк бағдарламалардың түрлi әкiмшiлерi арасында ағымдағы қаржы жылы iшiнде бөлiнуге тиiс бөлiнетiн бюджеттiк бағдарламалар болып бөлiнедi.

      Бұдан басқа, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бірыңғай бюджеттік сыныптаманың құрамында тиісті белгі (код) беріле отырып, ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) және бюджеттік даму бағдарламаларына (кіші бағдарламаларға) бөлінеді.

      Бюджеттік инвестицияларды жүзеге асыруға бағытталған бюджет шығыстары бюджеттік даму бағдарламаларына (кіші бағдарламаларға) жатады. Бюджеттің қалған шығыстары ағымдағы бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) жатады.

      17. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес құрылым бойынша жасалады.

4-тарау. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы

      18. Бюджет кодексінің 30-бабына сәйкес бюджеттiк бағдарламаларды iске асыру үшiн мемлекеттiк мекемелер жүзеге асыратын операцияларды көрсететін экономикалық сипаттамалар бойынша бюджет шығыстарын топтастыру бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы болып табылады.

      Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын топтастыру мыналардан тұрады:

      шығыстарды экономикалық белгiлерi бойынша топтастыратын санаттар. Сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады;

      шығыстарды мемлекеттiк мекемелер жүргiзетiн операциялардың негiзгi түрлерi бойынша топтастыратын сыныптар. Сыныптамалық коды 1 белгiден тұрады;

      шығыстарды мемлекеттiк мекемелер жүргiзетiн операциялардың негiзгi түрлерi бойынша барынша егжей-тегжейлi топтастыратын кіші сыныптар. Сыныптамалық коды 3 белгiден тұрады.

      19. Ерекшелiктердiң сыныптамалық кодтары шығыстардың экономикалық сыныптамасының жоғары тұрған деңгейлерiнiң сыныптамалық кодтарынан бөлек қолдануға рұқсат етіледі және әртүрлi санаттарда, сыныптарда, кіші сыныптарда қайталанбауға тиiс.

      20. Экономикалық сыныптама мынадай санаттардан тұрады:

      1) 1 "Ағымдағы шығындар" мемлекеттiк мекемелердiң өз функцияларын жүзеге асыруына байланысты шығындары;

      2) 2 "Күрделi шығындар" негiзгi капиталды құруға, қалпына келтiруге немесе сатып алуға байланысты шығындарды көрсетуге арналған;

      3) 3 "Бюджеттiк кредиттер" қайтарымды, мерзiмдi және ақылы негiзде бюджеттен бөлiнетiн ақшаны көрсетуге арналған;

      4) 4 "Қаржы активтерiн сатып алу" мемлекеттiк меншiкке заңды тұлғалардың, оның iшiнде, халықаралық ұйымдардың қатысу үлестерiн, бағалы қағаздарын сатып алу жөнiндегi операциялармен байланысты шығыстарды көрсетуге арналған;

      5) 5 "Қарыздарды өтеу" қарыздар бойынша негiзгi борышты өтеуге жұмсалатын шығыстарды көрсетуге арналған;

      6) 6 "Мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді орындау" мемлекеттік концессиялық міндеттемелерді орындауға арналған шығыстарды көрсетуге арналған.

      21. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес құрылым бойынша жасалады.

      22. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының негiзiнде бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес ерекшелiктердiң анықтамасы мен ерекшелiктер бойынша шығындардың тiзбесi көрсетiлетiн Қазақстан Республикасының бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшелiгiнiң құрылымын жасайды және бекiтедi.

5-тарау. Бюджеттiк сыныптаманы жасау, бекiту және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу

      23. Мемлекеттiк басқару органдарының Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер мен (немесе) толықтырулар енгiзу жөнiндегi тиiстi нормативтiк негiзделген ұсыныстары бюджеттi жоспарлау процесiнде, сондай-ақ Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер мен (немесе) толықтырулар енгiзудi болжайтын нормативтiк құқықтық акт қабылданған жағдайда бюджеттi атқару барысында бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға енгiзiледi.

      24. Бюджеттiк сыныптаманың жобасына алдағы қаржы жылына арналған бюджет жобасын жоспарлау үшiн қажеттi өзгерiстер мен (немесе) толықтырулар енгiзу туралы ұсыныстар ағымдағы жылдың 15 сәуiрiне дейiн енгiзiледi.

      25. Алдағы қаржы жылына арналған Бюджеттiк сыныптама жобасын бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган ағымдағы жылдың 15 мамырына дейiн республикалық және жергiлiктi бюджеттердi қалыптастыру үшiн орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға жiбередi.

      26. Бюджеттiк сыныптама жоспарланатын кезеңнің алдындағы жылдың 10 желтоқсанына дейiн алдағы жоспарлы кезеңге арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңы қабылданғаннан кейiн бекiтiледi.

6-тарау. Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасын жасау және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу

      27. Бюджеттiк сыныптамада бюджет түсiмдерінiң жаңа түрлерiн енгiзудi, қолданыстағы түрлерiн алып тастауды немесе өзгертудi тиiстi нормативтiк құқықтық актi негiзiнде бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган жүргiзедi.

      28. Мемлекеттiк басқару органдарының бюджет түсiмдерiнiң жаңа түрлерiн енгiзу, қолданыстағы түрлерін алып тастау немесе өзгерту туралы тиiстi ұсыныстарын бюджеттiк атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларына, сондай-ақ осы Қағидаларда көрсетiлген талаптарға сәйкестiгіне 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарайды.

      Қарау нәтижелерi негiзiнде бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы бұйрық жобасын әзiрлейдi не ұсыныстарды қабылдамайды.

7-тарау. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасын жасау және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу

      29. Бюджеттік сыныптамаға жаңа бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту бюджет шығыстарының тиісті түрлерін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер негізінде жүргізіледі.

      30. Дебиторлық және (немесе) кредиторлық берешегi бар қолданыстағы бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) алып тастау берешек толық өтелгеннен (есептен шығарылғаннан) кейін немесе осы берешектiң құқықтық мирасқоры айқындаған бюджеттiк бағдарламалар әкiмшiсiнiң бюджеттiк бағдарламасына көшiрiлгеннен кейiн жүзеге асырылады.

      31. Ағымдағы қаржы жылы бюджетiнiң атқарылуы барысында жаңа бюджеттiк бағдарламаларды (кiшi бағдарламаларды) енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту бюджетті нақтылау немесе түзету кезінде ғана жүзеге асырылады.

      32. Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасында бюджеттiк бағдарламаға (кiшi бағдарламаға) код беру республикалық бюджет туралы заңнамаға, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына немесе жергілікті бюджет туралы мәслихаттың шешіміне сәйкес жүзеге асырылады.

      33. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың жаңа әкімшілерін енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту орталық мемлекеттік органдар құрылған, таратылған, қайта ұйымдастырылған жағдайда, сондай-ақ функцияларын өзгерту кезінде жүзеге асырылады.

      34. Республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің жаңа республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту туралы ұсыныстарын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган олардың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкестігіне, нормативтік құқықтық негіздеменің болуына, сондай-ақ осы Қағидалардың 29, 30, 31 және 32-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкестігіне қарайды.

      Бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган қарау нәтижелерi негiзiнде Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы бұйрық жобасын әзiрлейдi не ұсыныстарды қабылдамайды.

      35. Жаңа жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерін енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту жергілікті мемлекеттік басқарудың базалық құрылымы өзгерген және (немесе) тиісті аумақтарда орналасқан және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың жаңасының құрылуына не жұмыс істеп тұрғандарының бірігуіне, қосылуына, бөлінуіне байланысты тиісті мәслихат бекіткен әкімшілік-аумақтық бірлікті басқару схемасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жағдайда жүзеге асырылады.

      Жаңа жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерін және бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган арқылы мемлекеттік функцияларды, өкілеттіктерді жүзеге асыруға және олардан туындайтын мемлекеттік қызметтерді көрсетуге бағытталған бюджеттік бағдарламамен және аттас бюджеттік бағдарламалармен, оның ішінде бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды орындау кезінде пайдаланылатын және бірнеше бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне бекітілген жергілікті бюджеттік бағдарламалардың жаңа әкімшілерін енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту туралы ұсыныстарды бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға жібереді, олар осы ұсыныстарды қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

      Бюджет заңнамасының нормаларына сәйкес келмеген жағдайда бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдарға негізделген бас тартуды қалыптастырады.

      Бюджет заңнамасының нормаларына сәйкес болған жағдайда бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган Бюджеттік сыныптамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы бұйрықтың жобасын әзірлейді;

      2) жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті орган арқылы республикалық бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшілеріне жаңа бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) енгiзу, қолданыстағыларын алып тастау немесе өзгерту туралы ұсыныстар жібереді, олар осы ұсыныстарды 2 (екі) жұмыс күні ішінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі, өкілеттіктерді мемлекеттік басқару деңгейлері арасында бөлу тұрғысынан қарайды.

      Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жергілікті атқарушы органдарға негізделген бас тартуды қалыптастырады.

      Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес болған жағдайда республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік бағдарламаларын (кіші бағдарламаларын) келіседі және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бекітуге жібереді.

      Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган осы ұсыныстарды қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

      Бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган қарау нәтижелерi негiзiнде Бюджеттiк сыныптамаға өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы жоба бұйрығын әзiрлейдi не ұсыныстарды қабылдамайды.

8-тарау. Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасын жасау және оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу

      36. Шығыстардың экономикалық сыныптамасының жаңа ерекшелiгiн енгiзудi, қолданыстағысын алып тастауды немесе өзгертудi бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мемлекеттiк органдардың ұсыныстарын ескере отырып жүргiзедi.

      37. Шығыстардың экономикалық сыныптамасының жаңа ерекшелiгiн енгiзу, қолданыстағысын алып тастау немесе өзгерту туралы мемлекеттiк органдардың тиiстi ұсыныстарын бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган қолданыстағы нормативтiк құқықтық актiлердiң нормаларына, сондай-ақ осы Қағидаларда көрсетiлген талаптарға сәйкестiгiне қарайды.

      38. Бюджеттік жоспарлау жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы негiзiнде бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшелiгiнiң құрылымын жасайды және бекiтедi.

  Қазақстан Республикасының
Бiрыңғай бюджеттiк
сыныптамасын жасау
қағидаларына
1-қосымша

Бюджет түсiмдерiнiң сыныптамасы

Санаты


Сыныбы



Кіші сыныбы




Ерекшелiгi





Атауы

0






00






0






00


  Қазақстан Республикасының
Бiрыңғай бюджеттiк
сыныптамасын жасау
қағидаларына
2-қосымша

Бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасы

Функционалдық топ


Функционалдық кіші топ



Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiсi




Бюджеттік бағдарлама





Кiшi бағдарлама






Атауы

00







0







000







000







000


  Қазақстан Республикасының
Бiрыңғай бюджеттiк
сыныптамасын жасау
қағидаларына
3-қосымша

Бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы

Санаты


Сыныбы



Кіші сыныбы




Ерекшелiгi





Атауы

0






0






000






000


  Қазақстан Республикасының
Бiрыңғай бюджеттiк
сыныптамасын жасау
қағидаларына
4-қосымша

Қазақстан Республикасы бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасы ерекшелiгiнiң құрылымы

Кiшi сыныбы

Ерекшелiгi

Атауы

Анықтамасы

Шығындар тiзбесi






  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2014 жылғы 14 қарашадағы
№ 494 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау және Қаржы министрлерінің күшiн жойған кейбiр бұйрықтарының тiзбесi

      1) "Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2013 жылғы 13 наурыздағы № 72 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8398 тіркелген);

      2) "Қазақстан Республикасының Бірыңғай бюджеттік сыныптамасын жасау ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2013 жылғы 13 наурыздағы № 72 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2013 жылғы 27 маусымдағы № 196 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8561 тіркелген);

      3) "Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2014 жылғы 31 қаңтардағы № 34 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9179 тіркелген);

      4) "Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 10 қыркүйектегі № 392 бұйрығы (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 9765 тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады