"Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану және авиация қызметi туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 15-бабының 28-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.10.2024 № 1167 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын), қону алаңдарын, ұшуды қамтамасыз ету және басқару құралдарын бірлесіп пайдалану туралы нұсқаулық бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министірлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықтың көшірмесін мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;
3) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
4) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник |
С. Жасұзақов |
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік
комитетінің Төрағасы
__________ К. Мәсімов
20__ ж. "___"________
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
полиция генерал-полковнигi
______________Қ. Қасымов
20__ ж. "____"__________
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 19 тамыздағы № 462 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуеайлақтарын (тікұшақ
айлақтарын), қону алаңдарын, ұшуды қамтамасыз ету және басқару құралдарын
бірлесіп пайдалану туралы нұсқаулық
1. Осы Қазақстан Республикасы мемлекеттік авиациясының әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын), қону алаңдарын, ұшуды қамтамасыз ету және басқару құралдарын бірлесіп пайдалану туралы нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік авиация әуеайлақтарын (тікұшақ айлақтарын), қону алаңдарын (бұдан әрі – әуеайлақ), ұшуды қамтамасыз ету және басқару құралдарын бірлесіп пайдалануын нақтылайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.10.2024 № 1167 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Осы Нұсқаулықта мынадай анықтамалар пайдаланылады:
1) әуеайлақтың авиациялық аға бастығы әуеайлақта авиация ұшуларын қамтамасыз етудің барлық түрлерін ұйымдастыратын, әуеайлақта орналасқан мемлекеттік авиация құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатарынан лауазымды адам;
2) әуе кемесін пайдаланушы – мемлекеттік авиацияның әуе кемелерін пайдаланумен айналысатын мемлекеттік авиацияны басқару органының құрылымдық бөлімшесі;
3) әуейлақты пайдалану – олардың ұшуларға ұдайы әзірлігін қамтамасыз ету мақсатында ұшу алаңын, қызметтік-техникалық құрылысын, инженерлік желілері мен жабдығын, әуеайлақішілік жолдарды пайдалануға бағытталған және оларды пайдаланып ұстау, ағымдағы жөндеу және жай-күйін жүйелі түрде бақылау жөніндегі жұмыстарды үнемі жүргізуді қамтитын іс-шаралар кешені;
4) әуеайлақты пайдаланушы мемлекеттік авиация әуеайлағын пайдалануды жүзеге асыратын мемлекеттік авиацияны басқару органының құрылымдық бөлімшесі;
5) әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету – әуеайлақтарды ұшуларға дайындау, әуе кемелеріне сығымдалған және сұйылтылған газдарды құю, әртүрлі энергия түрлерін беру, оларды жанармаймен, майлармен және басқа да материалдық құралдармен қамтамасыз ету, аварияға ұшыраған немесе қонуға мәжбүр болған әуе кемелерін эвакуациялау жөніндегі іс-шаралар кешені;
6) бірлесіп пайдалану әуеайлағы мемлекеттік авиацияның басқа басқару органдарына тиесілі әуе кемелерінің ұшуын, қонуын, оларды басқаруды және тұрағын жүзеге асыратын мемлекеттік авиацияны басқару органының әуеайлағы;
7) инженерлік-авиациялық қамтамасыз ету – авиациялық техниканы, оны пайдалану құралдарын ұдайы ақаусыз және жауынгерлік міндеттерді орындауға әзірлікте ұстауға, істен шықпауына және қолданудың жоғары тиімділігіне қол жеткізуге бағытталған іс-шаралар кешені;
8) мемлекеттік авиацияны басқару органы:
мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті органның авиациясында – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының басқармасы;
ішкі істер органдарының авиациясында – ішкі істер органы басшысының шешімімен;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациясында – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Авиация қызметі;
9) метеорологиялық қамтамасыз ету – пайдаланушыларға, ұшқыштар экипажының мүшелеріне, ӘҚҚ органдарына, іздеу-құтқару қызметтеріне және аэронавигацияны жүзеге асырумен байланысты басқа да органдарға олардың функцияларын орындауы үшін қажетті сапалы метеорологиялық ақпаратты ұсынуға бағытталған іс-шаралар кешені;
10) орнитологиялық қамтамасыз ету – әуе кемелерінің құстармен қақтығысуларын болдырмауға бағытталған іс-шаралар кешені;
11) өртке қарсы қамтамасыз ету – адамдарды құтқару үшін жағдайлар жасау мақсатында әуеайлақ аумағындағы авиациялық немесе төтенше жағдайлар салдарынан туындаған өртті сөндіруге бағытталған іс-шаралар кешені;
12) радиотехникалық қамтамасыз ету (бұдан әрі – РТҚ) – әуе кемелерінің болатын жері (жерде және әуеде) және олардың мемлекеттік тиесілілігі туралы ақпаратты уақтылы алуға бағытталған іс-шаралар кешені;
13) ұшуға басшылық жасау тобы – өз жауапкершілігі аймақтарында ұшуға басшылық жасау (басқару, бақылау) үшін ұшуды (ұшып өтуді) жүргізу кезеңіне мемлекеттік авиация авиациялық бөлімінің командирі авиациялық бөлімнің лауазымды адамдары қатарынан тағайындайтын адамдар тобы;
14) іздеу-құтқаруды қамтамасыз ету – зілзалаға ұшыраған (апатқа ұшыраған) әуе кемелерінің жолаушылары мен экипаждарын іздеу, құтқару мақсатында жүргізілетін іс-шаралар кешені.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қорғаныс министрінің 16.06.2021 № 391 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.3. Бірлесіп пайдаланылатын әуеайлақтарды мемлекеттік авиацияны басқару органдары тағайындау, аралық, қосалқы әуеайлақтар ретінде қолданады.
4. Бірлесіп пайдалану әуеайлағында тек әуеайлақты пайдаланушыға тиесілі әуе кемелері ұдайы орналасуы мүмкін.
5. Әуе кеңістігін және бірлесіп орналасу әуеайлағын пайдалану, сондай-ақ мемлекеттік авиацияны басқару органының ұшуды орындауы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 12 мамырдағы № 506 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану қағидасына сәйкес (бұдан әрі – Қағида) жүзеге асырылады.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.10.2024 № 1167 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.6. Бірлесіп пайдалану әуеайлақтары аудандарының шекаралары мен олардың әуе кеңістігі құрылымының элементтері географиялық координаталар бойынша белгіленеді және аэронавигациялық ақпарат жинақтарында жарияланады.
7. Әуе кемелерінің бірлесіп пайдалану әуеайлағына ұшып келуі мен (немесе) ұшып шығуы Қағидада белгіленген 6-қосымшаның нысаны бойынша ұшу кестесі мен (немесе) жоспары негізінде орындалады.
Бірлесіп пайдалану әуеайлағындағы мемлекеттік авиация әуе кемелерінің әуеайлақтық ұшуы мен ұшып өтуі кестесін (жоспарын) мемлекеттік авиацияны басқару органы алдын ала кемінде бір тәулік бұрын келіседі және диспетчерлік қызмет арқылы лауазымды адамдарға жеткізіледі.
Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.10.2024 № 1167 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.8. Әуе кемелерінің экипаждарына бірлесіп пайдалану әуеайлағына ұшып келуге және (немесе) одан ұшып шығуға рұқсатты оның авиациялық аға бастығы жеке өзі немесе техникалық байланыс құралдары бойынша ауызша нысанда береді.
9. Бірлесіп пайдалану әуеайлағында мемлекеттік авиацияның әртүрлі басқару органдарының әуе кемелері бір уақытта ұшқан кезде әуе қозғалысын басқаруды әуеайлақты пайдаланушының ұшуларға басшылық жасау тобы жүзеге асырады.
10. Әрбір бірлесіп пайдалану әуеайлағы үшін әуеайлақтың ҰОН-да ұшуларға басшылық жасау тобының құрамы, сондай-ақ өз міндеттерін орындау кезінде лауазымды адамдардың өзара іс-қимылы айқындалады.
11. Бірлесіп пайдалану әуеайлақтарында әуе кемелерінің ұшуларын инженерлік-авиациялық қамтамасыз етуді әуе кемесін пайдаланушы жүзеге асырады.
Бірлесіп пайдалану әуеайлағында әуеайлақты пайдаланушының инженерлік-авиациялық қызметтері мен әуе кемесін пайдаланушы арасындағы өзара іс-қимыл мемлекеттік авиацияның басқару органдары арасында оларды алдын ала келісу бойынша жүзеге асырылады.
12. Бірлесіп пайдалану әуеайлақтарындағы байланыс құралдары мен ұшуларды РТҚ ұшулар кестесіне сәйкес және (немесе) басқару органдарының (әуе кемелері экипаждарының) өтінімдері бойынша орталықтандырылған тәсілмен қолданылады.
13. Байланысты және ұшуларды РТҚ-ны жабдық балансында тұрған мемлекеттік авиацияны басқару органы құрылымдық бөлімшесінің басшысы ұйымдастырады.
14. Жерүсті байланыс және ұшуларды РТҚ құралдары әуеайлақтарда мемлекеттік авиацияда қабылданған схемалар бойынша орналастырылады. Байланыс және РТҚ құралдары жұмысының деректері мемлекеттік авиация органдарымен келісіледі және аэронавигациялық ақпарат жинақтарында жарияланады.
15. Байланыс және ұшуларды РТҚ құралдарының профилактикалық және жоспарлы регламенттік жұмыстары, сондай-ақ оларды ауыстыру және жөндеу мемлекеттік авиацияны басқару органдарының жоспарлары бойынша жүргізіледі. Радиотехникалық құралдарды пайдаланудан алу немесе пайдалануға беру туралы ақпаратты жұмыстарды жүргізуді жоспарлаған мемлекеттік авиацияны басқару органы орталықтандырып таратады.
16. Бірлесіп пайдалану әуеайлақтарында байланыс және РТҚ құралдары техникалық қызмет көрсетуден және ұшуда тексеруден уақтылы өткізіледі.
Байланыс және РТҚ құралдарын ұшуларда тексерулерді уақтылы және толық жүргізуді әуеайлақта авиациялық аға бастық, олардың ұшуда тексерулерге әзірлігін – байланыс және РТҚ бөлімшесінің бастығы қамтамасыз етеді. Оларға қажетті қосымшалармен тексерулер актілерін байланыс және ұшуларды РТҚ құралдары тиесілі әуеайлақты пайдаланушы бекітеді.
Ақаулы байланыс және РТҚ құралдары резервтегілермен ауыстырылады немесе регламенттік жұмыстардан алып тасталады.
17. Мемлекеттік авиация органдары келіскеннен кейін бірлесіп пайдалану әуеайлақтары ұшуларды орындау үшін әуеайлаққа келген тараптың жылжымалы (мобильді) байланыс және РТҚ құралдарымен толық жабдықталады. Толық жабдықтау барлық радиотехникалық құралдардың электр-магниттік үйлесімділігін сақтауды ескере отырып жүзеге асырылады.
18. Бірлесіп пайдалану әуеайлақтарында ұшуларды әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етуді әуеайлақты пайдаланушының күштері мен құралдары жүзеге асырады. Әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз ету үшін (құралдар бар болған кезде):
1) жылжымалы жанармай, майлар мен арнайы сұйықтықтар құю құралдары;
2) әуе кемелерін сүйреу құралдары;
3) әуе кемелерін сығылған және сұйылтылған газбен зарядтау құралдары;
4) қозғалтқыштарды іске қосу және электр- және радио-жабдықты тексеру үшін әуе кемелерін электр энергиясымен қамтамасыз ету құралдары;
5) ауа баптағыштар мен жылыту машиналары;
6) траптар бөлінеді.
19. Әуе кемелеріне жанар-жағармай материалдарын және арнайы сұйықтықтарды құюды әуе кемесін пайдаланушы жүзеге асырады (мемлекеттік авиация органдары – әуеайлақты пайдаланушы келіскеннен кейін).
20. Әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етудің штаттық құрамы мен құралдары болмаған кезде мемлекеттік авиацияны басқару органдары тараптар келіскеннен кейін бірлесіп пайдалану әуеайлақтарына әуеайлақтық-техникалық қамтамасыз етудің қосымша құрамы мен құралдарын бөлінеді.
21. Ұшу-қону жолағында, бұру жолдары мен қауіпсіздік жолақтарында жұмыстарды орындайтын күштер мен құралдарды басқару радиотелефондық байланыс көмегімен жүзеге асырылады. Сөйлесулер дыбыстық жазу құралдарымен жазылады. Радиобайланысты бақылап тексеру әрбір 15 минут сайын жүргізіледі. Радиобайланыс жоғалған кезде ұшу-қону жолағын (бұру жолдарын, қауіпсіздік жолағын) босатуға сигналдар жарықтарды үш рет қосу мен сөндіру және (немесе) техника мен персонал жұмыс істеп жатқан жаққа екі қызыл түсті зымыранды жіберу болып табылады.
22. Бiрлесiп пайдалану әуеайлақтарында әуе кемелерінің ұшуларын метеорологиялық және орнитологиялық қамтамасыз етуді ведомстволық тиесілігіне қарамастан, барлық ұшуларға дайындалу және оны орындау кезеңдерінде әуеайлақтарды пайдаланушылардың штаттық метеорологиялық бөлiмшелерi жүзеге асырады.
Әуеайлақта штаттық метеорологиялық бөлімше болмаған кезде метеорологиялық қамтамасыз етуді осы әуеайлақта ұшуларды орындайтын әуе кемесін пайдаланушы ұйымдастырады және жүзеге асырады.
23. Бірлесіп пайдалану әуеайлақтарында іздеу-құтқару және өрт сөндіру жұмыстарын жүргізу үшін штаттық қызметтер құрылады. Іздеу-құтқару және өртке қарсы қызметтер арнайы техникамен және авариялық жарақпен, өрт сөндіру құралдарымен жабдықталады және шұғыл міндеттерді орындауға ұдайы әзірлікте тұрады.
Бірлесіп пайдалану әуеайлақтарындағы іздеу-құтқару және өртке қарсы қызметтердің күштері мен құралдарының кезекшілігі мемлекеттік авиацияны басқару органдарымен келісіледі.
24. Бірлесіп пайдалану әуеайлақтарында өртке қарсы қызмет:
1) шығарылатын техникамен – қарулануында негізгі және арнайы өрт сөндіру автомобилдері бар өрт сөндіру бөлімшелері;
2) шығарылмайтын техникамен – өрттен сақтандыру (профилактикасы) жөніндегі жұмыстар жүзеге асырылатын объектілерде өрт бекеттері құрылады. Объектілердің жеке құрамы осы мақсаттар үшін стационарлық, ұтқыр немесе қолда бар өрт сөндіру құралдарын пайдаланумен өрттің бастапқы өршу сатысында оны сөндіруге қатысады.
25. Күштерді, құралдарды жедел басқару және мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелерімен өзара іс-қимыл үшін бірлесіп пайдалану әуеайлағының өртке қарсы қызметі мыналар үшін байланыс құралдарымен қамтамасыз етіледі:
1) өрт, авария туралы хабарламаны қабылдау;
2) өрт болған жерге өрт сөндіру автомобильдеріндегі есептоптарды шақырту;
3) өкімдер беру, өрт болған жерден ақпарат алу және өрт сөндіруге тартылатын қызметтермен өзара іс-қимыл.
26. Бірлесіп пайдалану әуеайлағының ангарын, қоймасын, тұрақтағы әуе кемесін және басқа да объектісін күзету әуеайлақты пайдаланушы тәуліктік нарядының (қарауылының) күшімен жүзеге асырылады.
Жеке жүктің (қарудың, құпия бұйымның) сақталуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік авиацияны басқару органының алдын ала келісімі бойынша әуе кемесін пайдаланушыдан әуе кемесін күзетуге наряд (қарауыл) тағайындалады.
Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 11.10.2024 № 1167 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.27. Әуе кемелерін күзетке тапсыруды (қабылдауды), экипаждар мен қызмет көрсететін персоналды әуе кемелерінің тұрағы, оның ішінде әуайлақта, бірлесіп орналасу әуеайлағында тәуліктік нарядтың (қарауылдың) күзетуінде уақытша тұрған орындарына жіберуді әуеайлақтың авиациялық аға бастығы ұйымдастырады.
28. Авиациялық техникада жұмыс істеу кезінде тұрақтарда орналастырылған әуе кемелерінің, жабдық пен мүліктің сақталуын әуе кемесін пайдаланушының инженерлік-техникалық құрамы қамтамасыз етеді.
29. Экипаж мүшелері және (немесе) жолаушылар болып табылмайтын адамдарға әуеайлақтың авиациялық аға бастығының рұқсатынсыз әуе кемелерінің тұрақтарында болуына жол берілмейді.