"Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 231 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 17 қазандағы № 143 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 2 қарашада № 15961 болып тіркелді

      "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" 2015 жылғы 9 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 231 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11185 болып тіркелген, 2015 жылғы 12 маусымдағы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ереже осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қазақ және орыс тілдерінде қағаз және электрондық түрде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға жолдауды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімдік баспа басылымдарына ресми жариялауға жолдауды;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      5) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметті Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрілігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Дін істері және
азаматтық қоғам министрі
Н. Ермекбаев

  Қазақстан Республикасы
Дін істері және азаматтық қоғам
министрінің
2017 жылғы 17 қазандағы
№ 143 бұйрығына қосымша
  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2015 жылғы 23 сәуірдегі
№ 231 бұйрығымен бекітілген

Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ереже 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер (бұдан әрі – Кеңес) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылатын облыстық, республикалық маңызы бар қала мен астана, аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органдар болып табылады.

      2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасының заңын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі актілерін, мемлекеттік жастар саясаты саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін және осы ережені басшылыққа алады.

      3. Кеңестер мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру және ведомствоаралық өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдарды әзірлеу мақсатында өз қызметін жүзеге асырады.

2-тарау. Кеңестің міндеттері, функциялары және құрылымы

1-параграф. Кеңестің міндеттері

      4. Кеңестің міндеттері:

      1) мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлеу;

      2) мемлекеттік жастар саясатының міндеттерін іске асыру тиімділігін талдау;

      3) мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын іске асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      4) мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қатысты мәселелерді талқылау болып табылады.

2-параграф. Кеңестің функциялары

      5. Кеңес өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілер жобаларын қарайды және талқылайды;

      2) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелерін талқылауға мемлекеттік органдардың, қоғам, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жұмылдырады;

      3) мемлекеттік жастар саясаты саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдем көрсетеді;

      4) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысы туралы жергілікті атқарушы органдар басшыларының есептерін тыңдайды.

3-параграф. Кеңес құрылымы

      6. Кеңес құрамы Кеңес төрағасынан және мүшелерінен тұрады. Хатшы Кеңес мүшесі болып табылмайды.

      7. Кеңес төрағасы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі болып табылады, ол:

      1) осы Үлгілік ереженің негізінде Кеңес туралы ережені бекітеді және қажеттілігін есепке ала отырып, Кеңесте жастар ұйымдарының Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде 30% өкілдік етуін қамтасыз етіп, оның құрамын қалыптастырады;

      2) Кеңес отырыстарының күні мен уақытын белгілейді, кезекті және кезектен тыс отырыстарын шақырады және оған төрағалық етеді;

      3) Кеңес мүшелерінің жалпы санынан кемінде үштен екі бөлігінің бастамасымен Кеңестің кезектен тыс отырыстарын шақырып, оған төрағалық етеді;

      4) Кеңес жұмысын жоспарлайды және жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      5) Кеңес мүшелерінің арасындағы міндеттер мен жұмыс бағыттарын бөледі;

      6) Кеңестің жұмыс жоспары мен отырысының күн тәртібін бекітеді.

      8. Кеңес хатшысы:

      1) Кеңестің жұмыс жоспарының жобасын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

      2) Кеңес отырыстарындағы күн тәртібінің жобасын қалыптастырады;

      3) Кеңес отырысына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдер жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

      4) Кеңес мүшелеріне Кеңестің кезекті отырысының орны, өткізілетін уақыты және күн тәртібі туралы хабарлайды, оларды уақытында қажетті материалдармен қамтамасыз етеді;

      5) Кеңес мүшелерінен отырыстың күн тәртібіне қатысты ұсыныстарын қабылдайды және оларды төрағаның қарауына шығарады;

      6) хаттамалық тапсырмалар шешімдерінің орындалуына бақылауды жүзеге асырады, әрбір кейінгі отырыстарда Кеңес мүшелеріне бұрын қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы хабарлайды.

      9. Кеңес құрамы:

      1) Кеңес мүшелері жергілікті атқарушы және өкілдік органдар, жастар ұйымдары, сондай-ақ, жұмыс органының (облыс, республикалық маңызы бар қала мен астана, аудан (облыстық маңызы бар қалалар) аумағында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру саласында басшылықты іске асыратын бөлім, басқарма) ұсынуымен және Кеңес төрағасының шешімімен өзге де ұйымдардың өкілдері болып табылады;

      2) Кеңес мүшелерінің саны тақ болуы тиіс.

      10. Жұмыс органы:

      1) Кеңес жұмысының жалпы ұйымдастырылуын жүзеге асырады;

      2) Кеңес жұмысын ақпараттық-талдамалық және құжаттамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;

      3) ақпаратты жинауды, өңдеуді, Кеңестің өткізген отырыстарын, қаралған мәселелерді, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша қабылданған шешімдерді талдауды жүзеге асырады, осы саладағы жұмысты жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлейді;

      4) сараптамалық топтардың қызметін қамтамасыз етеді;

      5) Кеңестің құзыретіне жататын мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен хат алысуды жүргізеді;

      6) Кеңестің жұмысын жариялау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

      11. Облыстық, республикалық маңызы бар қала мен астана, аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) деңгейдегі жұмыс органдары жарты жылда бір рет мемлекеттік жастар саясаты саласындағы уәкілетті органға қабылданған шешімдердің орындалуы бойынша жинақталған талдамалық ақпаратты жолдайды.

4-параграф. Кеңес жұмысын ұйымдастыру

      12. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, сондай-ақ Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екі бөлігінің бастамасымен, бірақ жарты жылда бір реттен сиретпей өткізіледі және Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екі бөлігі қатысқан кезде өкілетті болып есептеледі.

      13. Кезекті және кезектен тыс отырыс күнін, өткізу уақытын, күн тәртібін Кеңес мүшелерінің ұсыныстарын есепке ала отырып, Кеңес төрағасы айқындайды.

      14. Кезекті отырыстың күн тәртібі Кеңес мүшелеріне отырыс жұмысының басталуына дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірмей жолданады.

      15. Кеңес отырысқа қатысушы Кеңес мүшелерінің жай көпшілік дауыстарымен шешім қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      16. Кеңес шешімдері Кеңес төрағасы қол қойған хаттамамен ресімделеді.

      17. Кеңес шешімдері ұсынымдық сипатқа ие.

5-параграф. Кеңес қызметін тоқтату тәртібі

      18. Кеңес қызметі облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімінің шешімі бойынша тоқтатылады.

6-параграф. Кеңес қызметін қамтамасыз ету

      19. Кеңестің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық, ақпараттық қамтамасыз ету, соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурсында жариялау Кеңестің жұмыс органына жүктеледі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады