Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 17 сәуірдегі № 173-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 18 сәуірде № 35998 болып тіркелді

      "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 13-2) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ереже осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 231 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11185 болып тіркелген);

      2) "Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 231 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 17 қазандағы № 143 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15961 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрі
А. Балаева

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Мәдениет және
ақпарат министрі
2025 жылғы 17 сәуірдегі
№ 173-НҚ бұйрығына
қосымша

Әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әкімдіктер жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестер туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 13-2) тармақшасына және "Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 866 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 113) тармақшасына сәйкес әзірленді және әкімдіктер жанындағы жастар ісі жөніндегі кеңестердің (бұдан әрі – Кеңес) мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайды.

      2. Кеңестер облыс, республикалық маңызы бар қала және Астана, аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдіктері жанындағы консультативтік-кеңесші органдар болып табылады.

      3. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, сондай-ақ осы Үлгілік ережені басшылыққа алады.

      4. Кеңестер өз қызметін мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар әзірлеу мақсатында жүзеге асырады.

      5. Кеңесті құруды және оның қызметін ұйымдастыруды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

2-тарау. Кеңестің міндеттері мен функциялары

      6. Кеңестің міндеттері:

      1) мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      2) мемлекеттік жастар саясатының міндеттерін іске асырудың тиімділігін талдау;

      3) мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын іске асыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      4) мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға қатысты мәселелерді талқылау.

      7. Өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін Кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын қарайды және талқылайды;

      2) мемлекеттік жастар саясатын іске асыру жөніндегі мәселелерді талқылауға мемлекеттік органдардың, жұртшылықтың, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, масс-медианың өкілдерін тартады;

      3) мемлекеттік жастар саясаты саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал көрсетеді;

      4) Жергілікті атқарушы органдар басшыларының мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысы туралы есептерін тыңдайды.

3-тарау. Кеңес жұмысының құрылымы мен ұйымдастырылуы

      8. Кеңес төрағадан, төрағаның орынбасарынан және оның жұмысына қоғамдық негізде қатысатын Кеңес мүшелерінен тұрады.

      9. Кеңес төрағасының орынбасары жастар ұйымының өкілі болып табылады, ол Кеңес мүшелерінің арасынан қатысып отырған Кеңес мүшелерінің жай көпшілік даусымен сайланады.

      10. Кеңестің төрағасы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі болып табылады, ол:

      1) осы Үлгілік ереже негізінде Кеңес туралы ережені бекітеді және кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде 30% - ы мөлшерінде кеңестегі жастар ұйымдарының өкілдігін қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, оның құрамын қалыптастырады;

      2) отырыстардың күні мен уақытын белгілейді, кеңестің кезекті және кезектен тыс отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;

      3) Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің бастамасы бойынша Кеңестің кезектен тыс отырыстарын шақырады және оларға төрағалық етеді;

      4) жұмысты жоспарлайды және кеңесті жалпы басқаруды жүзеге асырады;

      5) кеңестің мүшелері арасында жұмыстың міндеттері мен бағыттарын бөледі;

      6) жұмыс жоспарын және Кеңес отырыстарының күн тәртібін бекітеді.

      11. Хатшы Кеңес мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.

      Кеңес хатшысы:

      1) Кеңестің жұмыс жоспарларының жобаларын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

      2) Кеңес отырыстарының күн тәртібінің жобаларын қалыптастырады;

      3) Кеңес отырыстарына материалдарды, сондай-ақ хаттамалық шешімдердің жобаларын дайындауды ұйымдастырады;

      4) Кеңес мүшелерін кеңестің кезекті отырыстарының өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы хабардар етеді, оларды қажетті материалдармен уақтылы қамтамасыз етеді;

      5) Кеңес мүшелерінен отырыстардың күн тәртібіне қатысты ұсыныстар қабылдайды және оларды төрағаның қарауына шығарады;

      6) хаттамалық тапсырмалар шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады, әрбір келесі отырыста бұрын қабылданған шешімдердің орындалу барысы туралы кеңес мүшелерін хабардар етеді.

      12. Кеңес құрамы:

      1) Жергілікті атқарушы және өкілді органдардың, жастар ұйымдарының өкілдері кеңес мүшелері болып табылады;

      2) Кеңес мүшелері тақ санынан тұрады.

      13. Кеңестің жұмыс органы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімдіктері жанындағы жастар саясаты мәселелері жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.

      Жұмыс органы:

      1) кеңес жұмысын жалпы ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      2) кеңес қызметін ақпараттық-талдамалық және құжаттамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді;

      3) кеңестің өткізілген отырыстарын, қаралған мәселелерді, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша қабылданған шешімдерді жинауды, өңдеуді, талдауды жүзеге асырады, осы саладағы жұмысты жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

      4) кеңестің құзыретіне кіретін мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен хат алмасуды жүргізеді;

      5) кеңес жұмысының қызметін жариялау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

      14. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай, сондай-ақ Кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісінің бастамасы бойынша, бірақ жартыжылдықта кемінде бір рет өткізіледі және оларға кеңес мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан кезде өкілетті болып есептеледі.

      15. Кезекті және кезектен тыс отырыстардың өткізілетін күнін, уақытын, күн тәртібін Кеңес мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, кеңес төрағасы айқындайды.

      16. Кезекті отырыстың күн тәртібі Кеңес мүшелеріне отырыс басталғанға дейін күнтізбелік бес күннен кешіктірілмей жіберіледі.

      17. Кеңес отырысқа қатысып отырған Кеңес мүшелері санының жай көпшілік даусымен шешім қабылдайды. Дауыстар тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      18. Кеңестің шешімдері хаттамалармен ресімделеді, оларға кеңес төрағасы қол қояды.

      19. Кеңестің шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады